Крупская, Фурманов, Макаренколардан қашан құтыламыз

немесе тағы да мектеп жайы туралы
1 млн қандасымыз тұратын Ресейде ел билігі соңғы қазақ мектебін жауып тынды, Тәжікстанда кезінде үш қазақ мектебі бар еді, олар енді жоқ, 100 000 қазақ ұлты өкілі тұратын Қырғызстанда қазақ мектебі атымен жоқ, Қытай болса бұрынғы қазақ мектептерінің бәрін біртіндеп қытайшаға көшіріп жатыр. Өзбекстандағы 522 қазақ мектебінен 2017 жылы 164, 2018 жылы 100 (кей деректерде 234) шақтысы ғана қалды. Бірақ, шынын айту керек, Өзбекстанда қандастардың көшіп кетуі, жоғары білім өзге тілде болған соң амалсыз қазақ тілді мектептер жабылу үстінде. Түркіменстаннан хабарым жоқ.
Өзге елдегі қазақ мектептері туралы бірдеңе деу үшін әуелі еліміздегі мектептер жайына тоқталайықшы.
Мәселен, біздің Қостанай облысында ана тіліміздегі мектептер саны 30 процент көлемінде ғана және оның көбі шағын комплектілі.
Әрине, облыстың Амангелді және Жанкелдин аудандарында қазақ мектебі проблемасы жоқ. Дегенмен, екі аудан орталығында әрбірінде әрі кетсе 10 шақты өзге ұлт өкілдері тұрады, солар үшін қос қостан орыс мектебін ұстап отырудың қандай қажеті бар. Түсінсем бұйырмасын!
Ал, біздің Арқалық қаласы әуелден салыстырмалы түрде (солтүстік Қазақстан қалаларының ішінде) қазақы қала болды (шамамен 50 процент болды десем қате айтпаған шығармын, әрине, Торғай облысының кезінде жергілікті халық 33 процент болған еді). Дегенмен, сол заманның ағымына байланысты қалада мектеп-интернат пен Новый кентінде тек бір сыныбы қазақша мектеп болды.
Қазіргі күні аталған қаладағы мектептердің, ана тіліміздегі мектептердің саны әлі де жеткіліксіз деп санаймын.
Мәселен, Арқалық қаласындағы № 2 мектеп – таза орыс тілді мектеп.
Алайда, қалалық білім бөлімі қала халқының санына, оның ішінде жергілікті ұлт өкілдерінің басым екеніне назар аудармайды ма? Мысалы, Арқалық қаласы тұрғындарының 80 проценттен астамы қазақ жұрты өкілдері.
Айналып келгенде, сол аудандағы қазақ балалары мысалы, базар жақ беттегі № 1 Ш.Уәлиханов мектебіне неге баруы керек не болмаса өзге аудандардағы мектептерге неліктен баруға тиіс?!
Бала үшін ең басты құндылық, мектеп өз ауданында болуы қажет, ата-аналары оларды алысқа тасымай, жақын маңда болуы шарт.
Айналып келгенде, қаладағы № 2 мектеп кем дегенде аралас мектеп болуы қажет қой.
Бұны тәуелсіздіміздің 30 жылдығында айтудың өзі ұят. Бірақ, айтпасаң «сөздің атасы өледі», әрине, Арқалық қалалық білім бөлімі мен Қостанай облыстық білім басқармасы және Арқалық шаһарының осы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары құлағдар деп ойлаймын!
Айтқандай, кеше Білім министрінің сұхбатын көрдім. Ол: «Қазақстанда әрине, қазақ мектебі көп болуы керек, тіпті басым болуы қажет» деді. Және өз балаларын ана тілінде білім алатын мектепке береді екен, разы болып қалдым. Яғни, қазақ тілі мен ана тіліміздегі мектептердің болашағы зор деген сөз!
Келесі мәселе – Арқалық қаласы мен оның іргесінде орналасқан ауылдардағы мектептердің атауларына қатысты толықтыра кетсем.
Қаладағы (оған бағынысты ауылдардағы) кейбір мектептердің атаулары Фурманов, Макаренко және Родина, Целинный деп аталып кете береді. Ал, енді, ойлап отырсақ биыл тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы, жарайды, кезіндегі қалалық білім бөлімінің басшылары білмеген шығар, дегенмен, қазіргі басшысы Маметеков Есламбек мырзаның хабардар болмауы мүмкін емес.
Мектептердің де тарихи, ұлттық атауларын қайтаратын кез келген жоқ па?!
Ал, енді, Фурманов (тіпті Арқалық қаласы іргесіндегі ауыл мен астық элеваторы да әлі Фурманов атында) туралы айта отырайық.
Әуелден бірде анархист, бірде эсер болған ол, уақыттың ыңғайына қарай кейін қызылдар жағына өтеді. Қазақстанға қатысты айтатын болсақ, Алматыда ата-бабамызды қырып (өз естелігінде, яғни, кітабында жазып кеткен), Түркістан майданында жергілікті халықты қанға бөктіреді. Өзі аш жергілікті халықтың, яғни, қазақтардың қолындағы азын-аулақ астығы мен малын тартып алған.
Біз осындай жауыздарды ауыл-мектеп атауларынан аластаудың орнына Таразда ол тоқтаған үйге ескерткіш тақта орнатып қойғанбыз.
Оны айтасыз-ау, Алматыда тағы бір емес, бірнеше бюстін әспеттеп қоямыз.
Не деген бейғам халықпыз?
Әспеттеп, төбемізге көтерген Фурмановымыз біздің бабаларымызды қырған, жауызға «бауырымыз жабысып қалып», әлі «ұмыта алмай» жүрміз.
Келесі білім ордасы Арқалық қаласында, дұрысы шаһарға бағынысты Ашутасты ауылындағы орналасқан Макаренко атындағы мектеп туралы.
Белгілі педагог, қоғам қайраткері Өмір Шыныбекұлы жазғандай: «Қазақстан мектептерінен есімін алып тастай алмай отырған кеңес педагогы Антон Макаренко НКВД жүйесінде қызмет атқарып, КСРО-да балалар ГУЛАГ-ның негізін қалағанын көп адам біле бермейді. Тек 1938 жылдың өзінде ғана ата-аналары репрессияға ұшыраған 17355 бала колонияларға қамалған…». Одан басқа не айтуға болады?!
Ал, өткен жылы Қостанай облысы Аманкелді ауданының Қабырға ауылындағы орта мектептің атауы әлі Надежда Крупская атында екені туралы жазған едік.
Қостанай облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова ханым:
«2020 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында ономастикалық жұмыстарды жүргізу тоқтатылды.
Алдағы уақытта аталған шектеулер алынып тасталғаннан кейін, Сіз көтерген мәселе бойынша Крупская атындағы мектепті ұлттық танымға жақын атаумен өзгерту жұмыстары жүргізілетін болады» деген болатын, міне бір жыл да өтті, қажет болса, тағы сұрау салу жібереміз.
Мен айта беретін декоммунизация, деколонизация, десоветизация осыдан басталады емес пе?!
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Қазақ халқын маймылға теңеген Божко «кешіріммен» құтылып кете ме? 174-баптың күші қандай?

«Қазақстан Ресейге қосылуы керек, орыстілді қауым шетқақпай көріп жатыр» деп жұртты шулатып жүретін Ермек Тайшыбековтің ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *