Қостанай облысындағы ауыл Ресейдің ұялы байланысына тәуелді (ВИДЕО)

Қостанай облысындағы Приречный ауылы Ресейдің ұялы байланысына тәуелді болып отыр, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Себебі мұнда қазақстандық операторлар қызмет көрсетпейді. Тұрғындар телефондарын ресейлік нөмірді салып қана пайдалана алады. Ал теңгерімді толтыру үшін теңгені рубльге айырбастап, шекара асуға мәжбүр.  Приречный – Өрнек ауылдық округінің орталығы. Әкімшілік аумаққа төрт елді мекен қарайды. Оның бірінде ұялы байланыс атымен жоқ. Қалғаны ресейлік операторлардың қызметіне байланған.

«Тек ауылдың ішінде пайдалана аламыз. Ал Қостанай, Қарабалық жаққа шығуға келмейді. Ақшамыз кетіп қалады, роуминг шығады. Бүкіл ақшамызды шоттан қағып алады, — дейді Приречный ауылының тұрғыны Серік Қостанов.

Тұрғындар телефондағы теңгерімді толтыру үшін теңгені рубльге айырбастап, шекаралас Варна қаласына жиі барады. Аудан орталығынан гөрі көрші қала қатынасқа да қолайлы екен.

«Олардікі асфальт. Теп-тегіс. Ал біздегі жол сын көтермейді. Дұрыс қарамадың ба, доңғалағың жарылып қалады», — дейді ауыл тұрғыны Нұрғали Сафин.

Жалпы Өрнек ауылдық округі тірек ауылдардың қатарына кірмегендіктен, орталық су желісі, табиғи газдан құр қалған. Ал ұялы байланыстың орнатылмауын операторлар бастапқыда абоненттердің аздығымен түсіндірген.

Оразхан Қалдаманов, Өрнек ауылдық округінің әкімі:

«Былтырдан бастап оларға жаңадан 500 адамнан кем болмасын деген тәртіп шықты. Бізде 700 адам. 2020-2021 жылы бұл мәселе шешіледі деп жатыр. Соны күтеміз», — дейді Өрнек ауылдық округінің әкімі Оразхан Қалдаманов.

Әкімнің айтуынша, соңғы бес жылда ауылдағы халықтың саны 50 адамға азайған. Қазір орта мектепте 63 бала оқиды. Жағдай дұрысталмаса, бұл көрсеткіш кеми беруі мүмкін.

фото: aikyn.kz

Мынаны да қараңыз

«Қостанайда екпе алған бала қайтыс болды»: Желідегі ақпарат жұртты шошытты

Қостанай мектептерінің бірінде манту сынамасынан кейін бала қайтыс болды деген хабарлама тарап жатыр деп хабарлайды tobyl-torgai.kz, tengrinews.kz-ке сілтеме ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *