Кенжеғали Сағадиев – ғұлама, кемеңгер, мемлекетшіл

Қазақта оқымысты, ойшыл дейтін қасиетті ұғымдар бар. Көне тарихтың көмбесіне үңілсек, әл-Фарабиден басталатын зерделілер керуені бүгінгі замандастарымыздың көшіне ұласатыны мәлім.

Бекет ата, Қожа Ахмет Йассауи, Бұхар жырау, Абай Құнанбаев дәстүрі бертін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхаметжан Тынышбаев, Міржақып Дулатовтардың парасаттылығы мен зиялық болмысымен лайықты жалғасын тапқаны ақиқат.

Әңгіме осы тұрғыдан өрбігенде, қазақ ғұламаларының ортасынан өзінің орнын ойып тұрып алған кемел тұлғалы азамат — академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев.

Былтыр осы күндері адамзаттың басына түскен індеттен қазақтың асыл азаматы Кенжеғали Әбенұлының дүниеден өтті.

Ол кісінің мәнді де белсенді өмірі мен қызметінің елеулі оқиғаларын еске алуды жөн көрдім.

Көне Торғай даласындағы Жыланшық өзенінің арғы-бергі жағалауы, Құмарал мен Сартүбекті айнала көмкерген жасыл шалғынды нулы көлі азамат, қайраткер, тұлға Кенжеғали Әбенұлының қалыптасуының ең бастау көзі болғаны сөзсіз.

Адам баласына жақсы қасиеттер ананың сүтімен, әкенің қанымен даритындығы анық.

Өмірінің бас бапкері болған әкесі Сағади өмірден ерте озып кетеді. Әкесінің жоқтығын білдіртпей тәрбиелеп өсірген Сағади ақсақалдың Әбен інісі құрметіне Әбенұлы деп жаздыртып, ал әкесі Сағадидің есімін фамилиясына алды.

Өмірінің барлық кезеңдерінде Кенжеғали Сағадиев айтарлықтай нәтижелерге жетіп, еліміздің жоғары оқу орны мен ғылымының реформаторы ретінде қалыптасты. 4 жоғары оқу орнын (Қазақ мемлекеттік экономикалық университеті, Целиноград ауылшаруашылық институты, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, Халықаралық бизнес университеті) басқарып, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті қызметінде болғанда өзін талантты ұйымдастырушы, ойшыл тұлға , мемлекетшіл азамат, өз саласының ірі үйымдастырушы ретінде көрсете білді .

Кенжеғали Әбенұлы білім беру сапасын жоғары стандарттарға жетілдіруге, ғылыми ізденістерді жұмылдыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, ғылыми кадрларды, әсіресе жас мамандарды қолдауға барынша еңбек етті.

Ал Ұлттық ғылым академиясын басқару кезінде академик К.Сағадиев үшін ғылымда үлкен немесе кіші мәселе болған жоқ, ол тәуелсіздік тұсындағы қиындықтардың бәріне мән беріп, бірдей шешіп отырғанын атап өткен жөн.

Кенжеғали Әбенұлының терең экономикалық білімі мен аналитикалық қабілеті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің III және IV шақырылымдарының депутаты ретінде ерекше байқалды. Бюджеттік бағдарлама және бюджеттік жоспарлау қызметінің заңнамалық және нормативтік құқықтық негіздерін жетілдіруде, бәсекеге қабілетті орта мен экономиканы индустрияландыруды дамытуда, Қазақстанның экономикалық дамуының ынталандырушы факторы ретіндегі салық салу жүйесін қайта жасауда, мемлекеттік реттеу институттарын жетілдіруде, оның ішінде шетелдік инвестициялар тартуда, қазба байлықтарды пайдалануда, елімізде нарық қоры мен кластерлі экономиканы қалыптастыру мәселелері бойыша терең ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Академик К.Ә.Сағадиев тәжірибелі экономист-ғалым және еліміздің депутаттық корпусының аға буынының өкілі ретінде талай рет дағдарыс зардабын бәсеңдетуге байланысты ұсыныстар жасап, одан арғы құлдырау салдарын төмендетуге байланысты ұсыныстар жасады.

Атап айтқанда, дағдарыс жылдары ол биік Парламент мінбесінен орта және шағын кәсіпкерлікке Үкімет белгілеген шаралардан көбірек қолдау көрсетуді ұсынды, теңге деңгейін төмендетпеу мақсатында еліміздің валюталық қорын жұмсап қою қаупінен сақтандырды, ұлттық валютаның құнсыздана бастауына байланысты девальвацияны уақытылы жүргізуді ұсынды, дағдарыс кезінде еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндіктерін кең пайдаланып, оған жан-жақты қолдау көрсету қажеттілігін баса көрсетті.

Бүгінде К.Сағадиевтің «қазақстандық экономика ғылымының корифейі» екендігінде ешкімнің күмәні жоқ. Академик К.Сағадиевтің қазақстандық экономика ғылымына қосқан үлесі шексіз.

Ғалым салған жол бар, сомдаған мектеп бар. Ол экономика саласында мамандарды, ғалымдарды тәрбиелеу мектебін қалыптастырды. Кенжеғали Сағадиевтен тәлім-тәрбие алған, сөзін тыңдап, оның басшылығымен ғылыми зерттеулер жүргізген азаматтар мемлекет, қоғам қайраткері, белгілі ғалым ретінде елімізге танымал тұлғаларға айналды.

Академик Кенжеғали Сағадиев — 500-ден астам ғылыми және ғылыми көпшілікке арналған еңбектің, 30-дан аса монография, брошюра, кітаптың, әлемнің көптеген елдерінде жарияланған мақалалардың авторы. Олар жоғары білікті ғалымдар мен мамандардың корпусын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосты. К.Ә.Сағадиевтің жетекшілігімен 22 докторлық, 46 кандидаттық, 20 магистрлік диссертация дайындалып және сәтті қорғалды.

Академик К.Сағадиев экономика және аграрлық сала мамандарының бірнеше буынын дайындап, өзінің экономикалық ғылыми мектебін қалыптастырды.

Ғалымның ғылыми еңбектері қазіргі экономиканың өзекті мәселелері мен басымдықтарына арналған.

Академиктің ғылыми бағыттары өте кең — экономиканы реформалаудың теориясы мен практикасы, нарықтық экономикаға көшу, экономиканы мемлекеттік реттеу, қаржылық-несие, салық, ақшабюджет саясаты. 2017 жылы Кембриджде «Орталық Азия бойынша Кембридж жарияланымдары» сериясында академик К.Сағадиевтің Reforms n Kazakhstan: An Analytcal vew монографиясының жарық көруі еліміздің ғылыми әлеміндегі ең маңызды оқиғаларына жатады. Бұдан бес жыл бұрын, 2016 жылы Кенжеғали Әбенұлының «Жаңару көшінде — реформы: аналитический взгляд» атты авторлық жұмыстарының он томдығы жарияланды. Мұндай циклды аналитикалық жұмыстар академик Кенжеғали Сағадиевтің Қазақстанның экономикасын дамытуға қосқан құндылығы жоғары үлесі.

Жалпы айтқанда, академик К.Сағадиевтің жүргізген ғылыми зерттеулері еліміздің ғылыми ортасында, сондай-ақ шетелдік ғылыми орталықтарда кеңінен таралып және оң пікірге ие болды.

Ғалымның көптеген тұжырымдары мен нәтижелері Қазақстан жоғары оқу орындарында экономика мамандарының білім бағдарламаларына енді.

Ғылымның тылсым иірімдерін игеру — күрделі әрі жауапты іс. Ұстаздарының берген білімі мен тағылымды тәрбиесі Кенжекеңді адамзаттың өмір жолын анықтайтын экономика ғылымының қайнаған ортасына түсірді.

Кенжеғали Сағадиев — достыққа адал, болмысы бөлек, ірі тұлға. Оның бұл қасиеттерін академиктер Өмірзақ Сұлтанғазин, Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Төрегелді Шарманов, Евней Букетовтер туралы жазған портреттік очерктерінен тануға болды. Кенжеғали аға туралы оның замандастарының толғана сөз айтпағаны кемде-кем. Әріптестері мерзімді басылымдар беттерінде мақалалар жазды, жаңашыл ғалымның ізденістері туралы ой толғады.

Еліміздің заңғар тұлғасы С.Зиманов айтқандай: «Ол Ахмет пен Міржақып сынды рухани күш иелерін өмірге әкелген қасиетті кең-байтақ қазақ даласының ұрпағы екенін ешқашан ұмытқан емес. …К.Ә.Сағадиев — сирек эрудициялы, үлкен әкімшілік-ұйымдастырушылық және ғылыми-педагогикалық тәжірибесі бар, саф алтындай интеллект иесі. …Ол — еліміздің интеллектуалдары алдында да, студенттердің арасында да өзін еркін сезінетін сирек те батыл шешен. Бұл кісі – әрбір адамның жүрегіне жол таба білетін адам». Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов былай деп жазады: «Қазақ халқының санасында академик — аса ғұлама, білгір, білімпаз, көреген, жаңашыл, жасампаз, жол бастаушы, табиғат, қоғам, қоршаған орта құпияларының кілтін тауып, көріп, сезініп, солардың сырын ашушы ерекше жаралған тұлға». Олай болса, көрнекті ғалым, кемел азамат К.Ә.Сағадиев — әманда осындай өлшемнен көрінген тұлға. Ал академик Төрегелді Шарманов былай деп жазады: «Сағадиев — өзін әлем ғылымында үйіндегідей, ал үйінде әлем ғылымындағыдай сезінетін ғалым».

Кенжеғали Әбенұлы соңғы жылдары еліміздің беделді басылымдарына мемлекет пен халық тарихында айрықша орын алып жатқан құбылыстарға қатысты өзінің ғылыми зерделенген, болашақ кескіні бар ірі ой-пікірлері мен түйінді тұжырымдарын және шынайы азаматтық позициясын білдіретін сұхбаттарын беруде. Кейбір келелі мәселелер жөнінде тарқата жазған мақалалары да республикалық басылымдарда үнемі жарық көруде. Мәселен, Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында комиссия мүшелерінің бірі ретінде Кенжеғали Әбенұлы: «Бірінші отырыста қабағымыз қатулы болып, келіспейтіндей пікірлерді арқалап келіп едік. Ал бүгін көпшілігіміз ортақ шешімге келіп отырмыз. Бұл, өз кезегінде, елдігіміздің, саяси мәдениетіміздің жақсы көрінісі. Осы үшін баршаңызға үлкен рақметімді айтамын, ағайын! Расында да, біздің басқосуымыз маңызды әрі нәтижелі болды. …Ешкімнің пікірі қараусыз қалған жоқ. Осы айтылған ұсыныстар барлық басқару мекемелерінің, салаға жауапты азаматтардың баршасының қаперіне ілінді. Сондықтан мораторий дұрыс болар. Бүгінгі істеген шаруаларымызға, тапқан кемшіліктерді жөндеуге уақытымыз болады, сондай-ақ келесі шешімдер қабылдауға жақсылап дайындалуға мүмкіндік жасалады» деп өзінің азаматтық пікірін білдірді (2016 жылғы 13 тамыз). Одан бөлек, жиналған қауымның назарын ауыл шаруашылығына деген мемлекеттік жәрдемді арттыру керектігіне, бұл дамыған елдердің тәжірибесі екенін атап өтті.

К.Ә.Сағадиевтің ғылыми және саяси-қоғамдық белсенді қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Көрнекті ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Парасат», II дәрежелі «Барыс», ТМД парламентаралық ассамблеясының «Достастық», «Отан» ордендерінің, Кембридж халықаралық биографиялық орталығының «Жыл адамы» атағының иегері, Америка ғалымдары ассоциациясының, АҚШ-тың НьюЙорк академиясының мүшесі, Халықаралық жоғарғы мектеп академиясының, Пәкістан Ғылым академиясының академигі.

Ардақты тұлға тәуелсіздік жылдарында Отанымыздың өркендеуіне салмақты үлесін қосып, ұлт зиялыларының ортасында көптеген игі істерге ұйытқы болып, өнегесімен халықтың жадында сақталады.

Кенжеғали ағамыздың жатқан жері жайлы, иманы жолдас, жаны жәннатта болғай.

Ерлан АРЫН,

профессор,

экономика ғылымдарының докторы

 фото: ашық дереккөз

tengrinews.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *