Пушкинді «пір тұтқан» Қостанай Абайды неге алалайды?

Еліміз егемендік алғаннан бері аттарын атауға тыйым салынған хандарымыз, билеріміз бен батырларымыздың қасиетті есімдері қайта оралып, тарихтағы өз орнына сай лайықты бағасын алып жатқандығы бәріміздің рухымызды бір көтеріп тастағандығы рас. Осыған орай жер-жерде еңселі екерткіштер бой көтеріп, қаламыздың сәнін келтірумен қатар, өскелең ұрпақ ғибырат алатын орындарға айналды. Мұның, әрине, құптарлық жайт екендігіне ешкім де күмән келтіре қоймас.

Алайда, мұның өзі де кезекті науқанға айналып, бара-бара асырасілтеушілік секілді сырқатқа бой алдырып кеткен сыңайлы. Қазіргі таңда кім-кімнің халық алдында сіңірген өлшеусіз еңбегіне емес, биік лауазымды қызметі мен байлығына қарай оңды-солды ескерткіш қою бәсекесі басталып кетті ме деп қаласың. Тіпті, ондай жандардың осылайша атын шығару сәнге айналғандай. Әрине, ескерткіш қоюға лайықты ерекше іс тындырса, ондай бастамаға кім қарсы?.. Калайда, бұл мәселеге көзқарас кейінгі кездері тым ұсақталып, тіпті, бақылаусыз кеткендей әсер қалдырады. Мұндайда әр нәрсенің реті болатындығы, қандай да белгілі жанға берілетін бағаның әділетті болуы керектігі мүлдем естен шығып кеткен сыңайлы. Бүгіндері не өздері, не баласы министр болғандығы үшін ғана зәулім ескерткіш қойылатындығына ешкім де таң қалмайтын болды. Ортаң қол жазушылар мен ақындарды да осылайша дәріптеу, тіпті, қалыпты жағдайға айналды. Мұндайдағы басты критерий — артыңдағы ұрпақтарың үлкен лауазымды қызмет атқаруы немесе қалталары қалың болып, ескерткіш орнату мен сол жердегі көшенің атын өзгертуге байланысты шығындарды өз қалталарынан көтерсе болғаны. Өзгеше ешбір талап жоқ. Мұндай жөнсіздікті жөнге салатын ресми органдардың «Сен тимесең, мен тиме» деген саясатын мүлдем түсіну қиын. Әлде мықтылардың алдында олдар да дәрменсіз бе? Болмаса, оның астарында өзгеше бір сыр бар ма екен?

Тіпті сол лайықты адамдарға қойылатын ескеткіштердің өзіндік орны болатындығы, оларды жасағанда ұзаққа шыдайтындай етіп, мұқият істеудің орнына жалған бәсекелестікке бой ұрып, ондай бастама көтергендердің өздері ақыр аяғында ыңғайсыз жағдайға ұшырайтындығы бар. Мәселен, Ақтобе облысындағы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылының тұрғындары осыдан екі жыл бұрын ақындар мен жазушылар аллеясын жасап, онда есімдері бүкіл елге белгілі өз жерлестері — Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Сәбит Баймолдин мен Өтежан Нұрғалиевтерге ескерткіш орнатқан. Оған жұрт болып 12 миллион теңге жинаған. Алайда асығыс-үсігіс жасай салған мүсіндердің көп ұзамай сиқы кетіп, адам қарай алмайтын күйге жеткен. Біреуінің сол қолы жоқ, екіншісінің басына зақым түскен, үшіншісінің сыры кеткен. Ауыл тұрғындарының еңбектерінің зая кеткендеріне жаны ашып, жергілікті әкімдіктен көмек сұраған. Олар, обалы не, қолдан келген көмектерін аямай, ескерткіштерді бұрынғы қалпына келтіріп баққан. Алайда, олардың ғұмырларының қаншалыққа ұзаққа созыларын бір Алла біледі.

Осы орайда, мұндай ескерткіштердің шағын ауылда, елеусіз жерде тұрғаннан гөрі, облыс орталығында немесе еліміздің астанасында орнатылса, әлдеқайда қисынды да әділетті емес пе еді деген сауал ешкімді де алаңдатпағаны қалай? Қазақтың осындайда айтатын «Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды» деген мақалы еске түседі. Әрине, «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» жерде мұнан да басқа сорақылықтарды кездестірсеңіз, таң қала қоймассыз.

Жалпы, мұндай «өзім білемін» деген өлермендікке салынып, өзгелерге күлкі болуда біздің Қостанайға ешкім жетпейді. Бұл жерде еліміздің тарихына да, мәдениетіне де, әдебиетіне де еш қатысы жоқ адамдардың ескерткіштері қаптап кетті. Мұнда кім жоқ дейсің, тәлтиген Бонапарт та, найзасын шошаңдатқан Жанна д.Арк та, сайқымазақ  Чаплин де бар. Және бұлардың барлығы да қаланың дәл ортасында, «сендер бізге не істей аласыңдар» дегендей француз-қазақ орталығы деген үлкен ғимараттың алдында қасқайып қарап тұр. Тіпті, басқа орын жетпегендей орыстардың ақыны Пушкинге деген есекерткішті қаланың дәл ортасында, қалалық әкімдіктің қарсы алдына әкеліп қондырдық. Ол пақырың «Сендердің бас ақындарың мына менмін» дегендей өзгелерге шалқақтай қарайды. Алайда өзгеге көлдей болған көңіліміз өзімізге келгенде шөлдей бола қалатындығын қайтерсіз. Басқасы-басқа, осы Қостанай жерінде еліміздің бас ақыны Абай хәкімге бір еңселі ескерткіш орнату ешкімнің де ойына келер емес. Мұндағы жұрттың оған намыстанатын да түрі байқалмайды. Әлде ұлы ақынның Қостанайда мүлдем ескерілмеуінің астарында басқаша бір сыр жатқан шығар. Әлде оған Құнанбайұлының бұл өңірде қалтасы қалың бір туысқаны немесе үлкен бір бастық ұрпақтары жоқтығы қол байлау болып тұр ма екен?

Айтпақшы, «Елбасына қаланың орталығынан жақсы көше беру керек» деген науқанмен кезінде өзге жұртпен таласа-тармаса есімі әзер дегенде берілген Абайдың даңғылынан де айырылып қала жаздағанымыз бар. Ал біз болсақ, «Абайға неге ескерткіш жоқ» деп қызыл кеңірдек болып жатырмыз. Мұндай көзқарастағы жерде ондай бастаманың көтерлуі де, оның жүзеге асукы да екіталай.

Жайберген БОЛАТОВ

Abai.kz

фото: дереккөз

Түпнұсқадағы тақырып: «Пушкинді ұлықтаған Қостанай Абайды неге алалайды?»

Мынаны да қараңыз

Қостанайлық спортшылар Әлем чемпионатына қатысу үшін ақша таппай жүр

Қостанайлық спортшылардың әлем чемпионатына баруға ақшасы жоқ. Мұндай келеңсіз жағдайға кір тасын көтерушілер қалып отыр. ...

Бір пікір

  1. Жайбарген Болатын, дұрыс айттыңыз!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *