Жанкелдин ауданындағы кәсіпкерлік: жетістіктері мен мүмкіндіктері

Қостанай облысының оңтүстік-батысында орналасқан Жанкелдин ауданы жер көлемі бойынша жалпы облыс аумағының бестен бірін құрайды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.

Кейде туған жер деген ұғымға, атамекеніңе қызмет ету туралы айтамыз, әрине, жалаң ұран ретінде қабылдаймыз, алайда сол аймақта тұратын адамдардың, бірінші кезекте, қызмет көрсетіп, жерлестерін жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлерге жеке тоқталғанды жөн көрдік.

Туған жеріміздің гүлденгенін бәріміз де қалаймыз, бұл ретте, аймақтың дамуы үшін жергілікті кәсіпкерлердің еңбегі ерлікпен пара-пар десек, артық айтқандық болмас.

Мәселен, Қостанай облысының Жанкелдин ауданы бойынша биыл 1 мамырдағы жай-күй бойынша 531 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,3%-ға артық. Ал былтыр қызмет істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 466 бірлікті құраған еді. Бұл ретте, жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны артқан, мысалы, 2021 жылы жалпы тіркелген ШОБ нысандарының 89,5%-ы қызметін атқарып, өсім 7,2 процентке жетіп, қазіргі күні (2022 жылдың 1 мамырындағы жай-күй бойынша) 96,7%-ды құрап отыр.

2021 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ саласында жұмыс істеуші азаматтардың саны 757 адамды құрады, бұл сәйкесінше өткен жылмен салыстырғанда 7% өсімді білдіреді (2020 жылы 705 адамды құраған еді).

Жергілікті кәсіпкерлердің шығарған өнімі егер 2020 жылы 4 млрд 094 млн теңгені құраса, қазір өсім 7,7%-ға жетіп, биыл ШОБ өнімі 4 млрд 432 млн теңгеге жетті.

Жалпы, 2019-2021 жылдары Қостанай облысының Жанкелдин ауданы бойынша «Бизнестің жол картасы — 2025» шеңберінде 40 жоба іске асырылды, ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша 187,9 млн теңгеге 56 шағын несие берілді.

Дегенмен, құрғақ сандардан гөрі, нақты істер туралы бірнеше мысал келтіре кетейік.

Жер шалғай дейміз, әрине, біз сияқты торғайлық азаматтар туған жерімізге асығамыз, ал сырттан келген кісілерге жағдай керек, кейде, тіпті, өзге аймақтан келген қонақтарымыз үшін көлік жуу және жөндеу орындарының болмай, ыңғайсызданып қалатынымыз бар.

Қазір ол мәселе де шешілген. Торғай кентінде тұратын Сомтеміров Нұрбол деген азамат «Бизнестің жол картасы – 2025» жобасы аясында көлік жуу орталығын ашты, шина жөндеу орталығы істеп тұр. Көлік жуу кешенінен өзге Нұрболдың үлкен моншасы да халыққа қызмет көрсетіп отыр. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, Торғайда Сомтеміровтей ісін дөңгелетіп отырған азаматтар жетерлік. Айтқандай, Радик Ғизаттулин сияқты темірден түйін түйген, зергерлікпен айналысатын бірнеше ағамыздың үйіне арнайы барып, нағыз Торғай зергерлерінің бұйымдарын көрдік. Шамалы қолдау болса, елге де қызмет, ата-баба өнерін жоғалтпай һәм табыс көзін де табар еді. Дегенмен біз барған Торғай зергерлеріне алдын ала тапсырыс беріп қояды екен, бос отырғаны жоқ. Көңілге медет. Әрі Тобыл-Торғай халқының, мысалы, күміс бұйымдары зор сұранысқа ие, мәселен, Арқалыққа келетін туристердің барлығы дерлік (әйел азаматтар) Торғайдың әдемі құстұмсық және т.б. сақиналарын аса қызығушылықпен сатып алады. Болашақта туризмнің әрі қарай дамуы кезінде зергерлердің бұйымдарына сұраныс бұдан да жоғары болатыны сөзсіз.

Биыл Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО деңгейіндегі мерейтойы шеңберінде көп шаруа атқарылып отыр, ол жөнінде жазылып жатыр, дегенмен, мына жайтқа назар аударғымыз келеді. Қазір Торғайға қазақстандық меймандармен қатар шетелдік туристер де келіп жатыр.

Оны мынадан байқауға болады: бірінші, 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары үшін туризм саласындағы инвестициялардың көлемі 182 млн теңгені құрап отыр, ол 2019 жылдың осындай кезеңімен (26,7 млн теңге) салыстырғанда 7 есе өскен.

Екінші, ол Торғай кентіне келген кез келген қонақ міндетті түрде Торғайдағы алты музейге бас сұқпай кетпейді. Бұл жақсы дәстүр соңғы уақытта қалыптасып қалды. Аталған істе «Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені» КММ басшысы Гүлбану Сәрсекей басқарып отырған ұжымның еңбегі айрықша дер едік.

Бұл ретте, қазір аудан бойынша туризмге қатысты Нұрман Емберген Тентексайда (ыстық су) үлкен арнайы кешен салуды жоспарлап отыр.

Әңгіме өзегі Ахаңның кіші отаны Ақкөл, Ахмет ауылдарына ауғандықтан осындағы кәсіпкерлік туралы да айта кетейік.

Мәселен, Ақкөл ауылында балық шаруашылығымен айналысатын Бөрібаев Жүнісбек деген ағамыз жылына Ақкөлдің 100 тоннаға жуық балығын Нұр-Сұлтан, Қостанай қалаларына жіберіп отырады. Қостанайды білмедік, бас қалада экологиялық таза Ақкөл балығына сұраныс көп. Айтқандай, Жүнісбек ағамыз 10 кісіні жұмыспен қамтып отыр, маусым кезінде тағы 15 шақты ауыл тұрғынын балық аулау кәсібіне алады. Яғни, 25 отбасыны, егер әр отбасыда кем дегенде 5 адамнан бар десек, 125 адамды асырап отыр екен ғой. Бірақ оның ісін, қызметін айтып мақтанғанын көрмеппіз. Оның ендігі жоспары балық шабақтарын Ақкөлге тұрақты жібертіп, балық сапасын жақсарту, әрине, зауыт-фабрикасы жоқ аймақтағы балықтар таза болатыны түсінікті, дегенмен, тұқым жақсарту жұмыстарын жүргізу маңызды. Осыдан 3-4 жыл бұрын жасалған шаруаны тұрақты қолға алса дейді ағамыз.

Ахаң ауылы демекші, тағы бір кейіпкеріміз туралы баяндайық.

Ерназаров Нұрқожа атты азамат та шаруасын дөңгелетіп отыр. Жеке шаруа қожалығы, одан өзге дүкені және 150 адамға арналған дәмханасы да бар. Кейбіреулер сияқты «бер, бер» деп мемлекетке алақан жаймай, қолынан келетін шаруаларын атқарып, ауылдың тұрмысына нәр беріп отыр.

Ахаң мерейтойына қатысты шаруаларға Бөрібаев Жүнісбек пен Ерназаров Нұрқожа ағаларымыз қалталарынан едәуір қаржы шығарғанын, бәлкім, көпшілік біле қоймас.

Әрине, кей жайттар, мысалы, бизнеске қолдау, оны дамыту ауыл әкімдеріне де байланысты. Қызбел ауылының әкімі Нұрғазин Қайсар сияқты Торғай жерінде ауылын гүлдендіріп, елін жұмылдырып отырған әкімдер жеткілікті, дегенмен, мысалы, жастығына қарамастан іскерлігімен танылған Аралбай ауылының әкімі Нысамбаев Әділжан туралы айтпасақ тағы болмас. Әділжан Сламжанұлы ауылдың кәсіпкерлігіне көп жәрдемін жасап, түсіндіру жұмыстарымен қатар шаруалардың бел ортасында жүр. Яғни, өзінің білімін, білгенін ауылдастарынан аяған емес және мысалы, кәсіпкерлікті дамыту үшін несие-кредит қорларымен қалай жұмыс істеуді де көрсетіп береді. Шаруа соңындағы адамның бір қағазы дұрыс болмаса, аудан не облыс орталығына шабыла бермеуі де маңызды. Осыны да ұмытпау керек.

Аудан бойынша, жоғарыда аталғандай, кәсібін дөңгелетіп, несібесін алып отырған кәсіпкерлер көп. Дегенмен, тағы екі кейіпкерімізге тоқталуды жөн көрдік.

Біріншісі, Мырзағалиев Еркебұлан деген азаматтың «Үш жүз» ЖШҚ 2020 жылдан жұмысын бастап, қазірдің өзінде қой басын 3000-ға жеткізді, биыл 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын салмақшы, 12 адамды тұрақты және 8 адамды уақытша жұмыспен қамтып отыр. Болашақта аудан экономикасын дамытуға бұдан да көп инвестиция саламын дейді, бастысы ісі алға бассын деп тілейік.

Екіншісі, аудан орталығында «Барыс» дүкенін ашып, тігін цехын ұйымдастырып, сұлулық салоны жұмыс істеп тұрған, ендігі жоспары Торғайда үлкен тойхана ашуды жоспарлап отырған Елеутова Кәмпит апамыз кезінде талай қиыншылықтан өтті. Қазір екі қабатты ғимаратты жабдықтау үстінде.

Міне, Торғайдың жолымыз түскенде көрген-білген кәсіпкерлеріміз осындай. Бастысы, Торғай елінің болашағы жарқын болсын!

 

Салтанат МАҚСҰТҚЫЗЫ

 

Мынаны да қараңыз

Қостанайлық мүгедек азаматты Шымкентте қайыр сұрауға мәжбүрлеген

Шымкентте екінші топтағы мүгедектігі бар қостанайлық азамат  қайыр сұрауға мәжбүр болған. Еріктілер оны бір күн ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *