Торғайдың болашағы – туризмде

Қостанай облысының Жанкелдин ауданы өңір аймағының 19 процентін құрайды. Жеріміздің үлкендегі оның ланшафтының әралуандылығына, жануарлар мен құстар әлемінің көптүрлілігіне алып келеді. Бұл ретте, аймақты дамытудың драйверлерінің бірі туризм десек артық айтқандық емес.

Туризм демекші, Торғай туризміне түреннен жол салған ағайынды Амандық, Талғат және Жәнібек Әмірхамзиндер екенін бәрі біледі. Олардың «Тылсым Торғайға туры» жыл сайын өзге аймақ тұрғындары тарапынан қызығушылық тудырып, былтыр өңірде алғаш рет этноауыл да өз есігін айқара ашқан еді.

Әрине, соңғы жылдары өңірдің туристік әлеуетінің дамуына байланысты сырттан келуші қонақтардың саны артқан. Мәселен, ауданның шалғай ауылында орналасқанына қарамастан Ахмет Байтұрсынұлы және Ақкөл ауылдарының іргесіндегі Айғожа Қаратұзына бес мыңға тақау турист (Жанкелдин аудандық Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің деректері) келген. Олардың санының артуына бір жағынан пандемия да әсер кеткені түсінікті, сырттан келушілер саны молайғанын байқаймыз, сәйкесінше ол туристердің жергілікті сауда орындарынан өздеріне қажетті заттарды сатып алады, ауыл халқына да ыңғайлы, туристер үшін де тиімді болып отыр. Аталған ауылдардағы дүкендерде тауарлар ассортименті де көбейіп жатыр.

Туристердің өз беттерімен келіп, әсіресе тұзға түсу үшін сонда қонатын жағдайлары белгілі. Бұл ретте, қону орындары мол болғаны жөн.

Биылғы жылы Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО деңгейіндегі мерейтойы шеңберінде Қазақстандық туристермен қатар, шетелдік туристер келеді деп болжап отырмыз.

Олай дейтін себебіміз, 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары үшін туризм саласындағы инвестициялардың көлемі 182 млн. теңгені құрап отыр, ол 2019 жылдың осындай кезеңімен (26,7 млн. теңге) салыстырғанда 7 есе өскен.

Бұл ретте, қазір аудан бойынша туризмге қатысты айтатын болсақ, Нұрман Емберген мырза Тентексайда қаражат құйып, үлкен арнайы кешен салуды жоспарлап отыр.

Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы және Ақкөл ауылдары туризмді дамытуға айрықша сұранып тұр.

Қысқаша айтқанда, кішкене ғана екі ауыл сырттан келетін туристерге мына нысандарды ұсына алар еді:

— Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған Сарытүбек осында орналасқан;

— Ахаң талай шомылған, аумағы 60 шақырымдық Ақкөл көлі Торғай қазақтарының балықшылық кәсібінің бір көрінісі десе болғандай, әсіресе көктемгі-жаз мезгілдерінде балықшылардың уақытша жатақтарда тұруы, этнографтар үшін қызық болар деп ойлаймын;

— ауыл халқы әсіресе қыс мезгілінде балық шаруашылығының арқасында күн көреді, бірақ, мал шаруашылығы негізгі табыс көзі, ауыл жылқылары мысалы, жыл 12 ай тебіндеп шығады, Торғай қымызының дәмі де ерекше;

— ұлттық тағамдар, әсіресе, балықтан жасалған, асатын, қуыратын, кептіретін тағамдар өзге өңір халықтарына қызық болар деп санаймын;

— Ахаң ауылы маңындағы Қаратұз (ауылдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан) Қазақстанның Өлі теңізі десек те болар, жол жоқтығына қарамастан тек осы көлді көру үшін жоғарыда айтқанымдай жылына 5000 тақау адам келеді, туризмге сұранып тұрған нысандардың бірі, дәл осында өндірілген тұз кезінде патша заманында олардың дастархан мәзірінде болған деген дерек бар, жалпы, тұз өндіру ол басқа мәселе;

— ауылдан шамамен 12 шақырым қашықтықта жер астынан ыстық су шығып жатыр, өкінішке орай, онда ешқандай кешен жоқ, кісілер өз бетімен келіп, суын пайдаланып жатыр;

— ауыл аумағында Оғыз-Дешті Қыпшақ заманының ескерткіші Сырлытам орналасқан, кезінде Әлкей Марғұлан зерттеп кеткен, тек оның астындағы құнды заттарды алып кеткенін ауылдың көне көз қариялары айтып отырады;

— ауыл «Алтын дала» резерватының «Ұлы Жыланшық» учаскесіне тақау орналасқан, жақын болашақта мұнда даланың еркін аң-құсын көру үшін сафари ұйымдастыруға болар еді.

Меніңше, Торғай туризмін айтқанда біз оны бірнеше бағыт бойынша қарастыруымыз керек:

Бірінші, ол Торғай кентіндегі 6 музейдің жұмыс істеп тұруы. Мұны Қазақстандағы ерекше құбылыс деп бағалауға болады. Қазақтаннан шыққан ең алғашқы саяхатшы Әліби Жанкелдиннің музейі Торғайда орналасқан. Одан кейін ағартушылықтың, білімнің қайнар басында тұрған, алғашқы қазақ мектебін ашқан – Ыбыбай Алтынсариннің музейі де Торғай кентінде. Абылай ханның бас батыры Шақшақ Жәнібек бабамыздың де музейі Торғай кентінде қоныс тепкен. Сондай-ақ, Алаш арыстары – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы музейлері де келушілерге өз есігін айқара ашып отыр. Айтқандай, Ахаң музейі биыл жөндеу көріп жатыр. Сонымен бірге, «Оспанқожа Әулие» мешіті жанындағы Ғазез Әмірханов музейі мен Торғайдың «Топжарғаны» атанған Нұрхан Ахметбеков музейі де келушілер үшін қызықты болар деп санаймын.

Осы ретте, атақты Партизан сайы мен кезіндегі Ағаш көпір ұмытылып жатқандай көрінеді. Сонымен бірге, Торғай кентінің іргесіндегі Шақшақ Жәнібек ұрпақтарының қорымы – Дәуітпай сайына сырттан келушілердің соқпай кетпейтіні сирек. Егер, жол түсіп жатса, Торғай кентінен 80 шақырым қашықтықта «Хан моласына» баруға болады. Онда, шаһид болған Әбілқайыр мен оның сарбаздары жерленген, үлкен кешен салынған.

Қостанай облысындағы киелі жерлердің республикалық тізіміне сондай-ақ, Бидайық ауылындағы қазақтың асыл азаматы – Міржақып Дулатовтың кесенесі енгізілген.

Ал, облыстық деңгейдегі киелі жерлер тізіміне (28 нысан) ауданның 7 объектісі енгізілген. Әсіресе, әскери ұрыс даңқы, мысалы, 1916 жылғы Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілістері өткен – Татыр шайқасы, Торғай шайқасы сияқты орындар сырттан келетін туристеріміз үшін қызықты болады деп ойлаймын.

Өңір, сонымен қатар, өзінің балық, аң-құс шаруашылығымен қатар, киіктердің мекені «Алтын Дала» резерватымен де құнды.  «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы 3 кластрлі учаскеге бөлінген болса, сол үшеуінің басым бөлігі Жанкелдин ауданы аумағында орналасқан (1. Сарықопа – 52 115 га (Сарықопа көлдер жүйесі). 2. Тосынқұм – 95 881 га (Тосынқұм құмы, Торғай өзенінің сол жағалауы). 3. Ұлы Жыланшық – 341 670 га (шөлейттенген далалы алқап, Ұлы Жыланшық өзенінің жағалауы).

Ал, енді аумағына бір Бельгия сыйып кететін Торғай жері қандай үлкен болса, оның ішіндегі «Алтын Дала» резерватының көлемін көзбен елестете беріңіз!

Жалпы, болашақта, өңірде аң-құстарға, шөптерге яғни жергілікті флора мен фаунаға арналған музей ашса құба құп болар еді, содан кейін «Алтын Дала» аумағында үстіде жазғанымдай сафари ұйымдастыруға да болар еді!

Биыл айтқандай, алтын даламыздағы құлан саны беске жетті.

Жалпы, Қостанай облысы Жанкелдин ауданының туризмі туралы айтқанда, Торғай геоглифтері де еске түседі, Қостанай облысының оңтүстік аудандарында геоглифтердің саны 300 шамасында, оның едәуір бөлігі Жанкелдин ауданы аумағында орналасқан. Сондықтан, болашақта, геоглифтер мәселесін де қолға алу керек.

Қысқаша айтқанда, Торғайдың туризміне сенемін, өйткені, тек, Торғай геоглифтері арқылы жылына ширек миллиард доллар қаражат табуға болады. Қалай десек те Торғай туризмі еліміздің болашағы деп санаймын. Ал, болашақ бар жерде, елдің ертеңге сенімі де бар!

Салтанат МАҚСҰТҚЫЗЫ

фото: ашық дереккөз

 

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов ертең Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Сапар барысында ...