Қостанай облысында аралас мектепте қазақ тіліне қарсы арандатушылар шықты (ВИДЕО)

Қостанай қаласының іргесіндегі Мичурин ауылындағы аралас мектепте қазақ тіліне қарсы арандатушылар шықты. Олар бір топ адам болып, оқу орнын бірнеше жыл басқарып, білім ордасын үлкен жетістікке жетелеген Айнаш Даданованың үстінен арыз жазып, жала жауып, оның директорлық қызметінен кетуіне себепші болып отыр. Бұл туралы журналист, «Қазақ тілі» қоғамының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай айтты, деп хабарлады tobyl-torgai.kz halyq-uni.kz сайтына сілтеме жасап.

Қала іргесіндегі Мичурин мектебін бірнеше жыл басқарып,білім ордасын үлкен жетістікке жетелеген Айнаш Даданованың директорлық қызметтен кетіп қалғанын естіп, көңілім құлазып отыр.

Айнаш Молдақышқызы басшылық еткен білім ордасы 2021 жылы «Ең үздік мектеп» деген атақ алып, 34 миллион теңге грант еншілеген.

Мұғалімдер жікке бөлініп, білікті басшының атына шағым-арыз түсіргенін жергілікті басылым жерден жеті қоян тапқандай жазды… Аралас мектеп болғандықтан ұжымның ауызбіршілігін сақтау да қиын ғой. Ал ақиқатында мектеп ұжымының 90 проценті Айнаш Молдақышқызын қолдап, видеоүндеу жариялапты. Облыстық білім басқармасының басшылығы осыны ескерер деген үміттемін. Жала жапқандар жазасын алсын… –  деп жазды ол.

Заңғар Санайдың айтуынша, былтыр қыркүйек айында «Қазақ тілі» қоғамының атынан осы аралас білім ордасына барып, ата-аналармен кездесу ұйымдастырылған. Бұл мектепте талай қазақтың қаракөздері орысша оқып жүр.

Балаңызды қазақша оқытыңыз. Кемел ұрпақтың келешегі қазақ тілінде, деп бір ауыз сөз айтқанымыз рас. Мен де, мектеп директоры да. Енді оларды ешкім мәжбүрлеп, желкелеп қазақ сыныбына апармасы анық. Бірақ осы жиынға қатысқан кейбір ата-ана мен ұстаздар бөтен ой, бөгде пиғыл білдіріп жатса керек. Тиісті мекеме, құзырлы орган өкілдері солармен жұмыс істеу керек шығар, –  деді ол.

Ал мектептің бұрынғы директоры Айнаш Даданованың қызметтен кетуіне келіспеген оқытушылар құрамы құзырлы органдарға мынадай үндеу жолдады.

Біз, Қостанай ауданының жалпы білім беретін Мичурин ауылының педагогикалық ұжымы 2023 жылғы 11 қаңтар күні мектептің медбикесі Выскрибенцова, мектептің педагогтері Липанова, Әлмағанбетова, Маденова, Нургалиева, Исмухамбетова, Байменова, Крутина, Комиссарова және Соловей жазған жала-хатты педагогиклық ұжым атынан жоққа шығарамыз! Жоғарыда аталған топ Instagram, Telegram каналдарында мектеп ұжымының атынан жала жабылып, жалған ақпараттарды тарата бастаған және ол ақпарат тексерілмеген. Сонымен қатар шындыққа жанаспайтын ақпараттарды, нақты аты-жөні жазылған мұғалімдерді олардың рұқсатынсыз әлеуметтік желіге жазып жіберген. Олардың ұжым атынан олай жазуға ешқандай қақылары жоқ. Біз осы арызға объективті түрде зерттеу жүргізуді талап етеміз! Өтінішімізді жерге тастамайсыздар деп сенеміз. Біз әділ шешімнің болғанын қалаймыз. Мектептегі педагогикалық ұжымының абыройы төгілді. Әділдікті талап етеміз! Шындық жасасын!, – делінген үндеуде.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері қызметтерінен кетті

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері өз өтініштері бойынша қызметтерінен кетті, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Қостанай облысының ...