2020 жылы Жанкелдин ауданы Шилі ауылының сыртындағы бөгетке күрделі жөндеу жүргізілген еді. Оған қазынадан 194 миллионға жуық қаржы бөлінді. Бірақ салынғанына көп уақыт өтпеген сол тоған келесі көктемдегі қарғын суға шыдас берген жоқ. Ел арасында, әсіресе, ғаламторда, әлеуметтік желіде бөгеттің сапасыз салынғаны туралы ақпарат кең тарап кетті, деп хабарлады tobyl-torgai.kz kostanaytany.kz сайтына сілтеме жасап.
Былтыр құзырлы органдар осы мәселеге қатысты тергеу жұмыстарын бастаған болатын. Қылмыстық материалдар өткен желтоқсан айының соңында сотқа келіп түсті. Қазір Қостанай қалалық №2 сотында жауап алу процесі жүріп жатыр. Бұл іске күдікті ретінде үш адам сот алдында жауап беруде – Жанкелдин аудандық ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы Талғат Әміров, «Energy Constrution-2020» ЖШС басшысы Берік Дүйсембаев және «Құрылыста Экспертиза» ЖШС сарапшысы Ғабит Алин. Дүйсембаев үй қамағында, Алин ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр, Әміров уақытша ұстау изоляторында. Олар ҚР ҚК 189 бабы, 4 тармағының 2 тармақшасы бойынша күдікке ілінген. Мемлекеттік айыптаушы Диас Нұрғалиевтің материалдарына сүйенсек, 2020 жылдың ақпан айының басында Дүйсембаев пен Алин Астана қаласында «Energy Constrution-2020» серіктестігіне ие болады. Сол күні ЖШС Дүйсембаевтың атына мемлекеттік қайта тіркеуден өткізіп, Торғай селосына есепке тіркеледі. Серіктестіктің негізгі атқаратын қызметі – екінші деңгейлі құрылыс-жөндеу жұмыстары.
– «Energy Constrution-2020» серіктестігі Жанкелдин ауданындағы «Шилі» бөгетін күрделі жөндеуге мемлекеттік сатып алу байқауына өтінім берді. Бастапқыда құрылыс жұмыстары 173 млн теңге деп көрсетілді. 2020 жылғы мамырдың 20 күні «Energy Constrution-2020» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Серіктестік пен Жанкелдин ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ арасында келісім-шарт жасалды. Бір апта өткеннен кейін құрылыс жұмыстарының сомасы өсіп, 193,8 млн теңге болды. Ғабит Алин техникалық қадағалау жұмыстарымен айналыса жүріп, Талғат Әміров және Берік Дүйсембаев үшеуі сөз байласа отырып, бюджет қаражатын иемденген. Жобалық-сметалық құжаттарға сай келмесе де, соны біле тұра Әміров бөгет жұмыстарының қабылдау актісіне қол қойып жіберген. Айыпталушылар мемлекетке 81 419 932 теңге материалдық залал келтірді, – деді облыстық прокуратураның аға прокуроры Диас Нұрғалиев.
Прокурордың сөзінен кейін судья айыпталушылардан кінәларын мойындайтын-мойындамайтындарын сұрады.
Әміров пен Алин тағылған айыппен мүлдем келіспейміз десе, Дүйсембаев кінасын толық мойындайтынын айтты. Сұрақ-жауап кезінде Талғат Әміровтің қорғаушысы айыптау актісінің түсініксіз екенін жеткізіп, прокурорға мынандай сауал қойды: бағдарлама бойынша мемлекеттік сатып алу барысында ТКШ бөлімі қаражаттың жұмсалуына әкімші болып саналады. Сонда Әміров кімдермен ұйымдасқан қылмысқа барып отыр? Бөлім ішінде ұйымдасқан қылмыс орын алды делік, бірақ Алин мен Дүйсембаевтың мемлекеттік мекемеге қандай қатысы бар? Олар онда жұмыс істемейді. ҚР ҚК 189 бабы (ұйымдасқан қылмыс) бойынша олар бір жерде жұмыс істеуі керек әрі қаржыны бірге талан-таражға салуы керек. Міне, осы сауалдарды прокурор бұдан кейінгі сот отырыстарында бүге-шігесіне дейін талдаймыз деді. Келесі сот отырысы 30 қаңтарға белгіленіп отыр.
Осы жерде әттеген-ай дейтін бір жайт бар. Шилі бөгетінің күрделі жөндеуіне қатысты мемлекеттік сатып алу процесі 2020 жылы мамыр айында басталады. Ал Әміров сол жылы қазан айында ТКШ басшысы болып тағайындалады да, арада екі ай өткеннен кейін, 15 желтоқсанда құрылыстың аяқталуы жайында актіге қол қойып отыр. Ол қазан айына дейінгі былықтың «құрбаны» болып кетті ме, келесі отырыстарда белгілі болмақ. Себебі, прокурор осы істе Әміров, Алин, Дүйсембаев үштігінен бөлек, тағы да белгісіз тұлғалардың болғанын айтып қалды.
Фото: дереккөз