ТАРИХҚА ҚИЯНАТ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ

1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІНІҢ БАС САРДАРЫ, ҰЛТ БАТЫРЫ АМАНГЕЛДІ ИМАНОВТЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА.

ҚОРҒАН ӘМІРХАМЗИН

ТАРИХҚА ҚИЯНАТ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ

 

Есті ел ерлерін даттамайды

 

                                                Ардагер  Амангелді ердің ері,

Кең байтақ жалпақ дала туған жері.

Халқымен елдігінің қамын ойлап,

Қан майдан арпалыста аққан тері.

                                                     Жамбыл Жабаев

 

Еліміз егемендік алып, Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейінгі аз уақытта орасан игілікті істер атқарылды. Тіліміз, дініміз, мәдени салт дәстүріміз өзімізге қайтарылды. 1937-38 жылдардағы сталиндік зұлматтың кезінде атылып-асылған жазықсыз арыстарымыз ақталды. Олардың еңбектері жарық көрді. Бұл қуанарлық жағдай. Бұл Кеңес үкіметі тек Алаш қайраткерлерін атумен шектелген жоқ. Сол үкіметті орнатуға бар күш жігерін, білімін, ақыл-ойын аямаған қызылдарды да құртты. Сол жолда қызмет істеген аяулыларымыз Сәкен, Ілияс, Бейімбетттер соның құрбаны болды. Бір айта кететін шындық, алаштықтар да, қызылдарда өз халқына ешқандай опасыздық жасаған жоқ.

Алаштың Әлиханы мен Ахметі де, қызылдардың Әліби мен Амангелдісі де тек өз елінің халқының бостандығын жеке ел болуын армандады. Бәрі де өздері мақсат еткен жолда мерт болды. Қазір Кеңес үкіметі құлап еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алаш қайраткерлерін жаппай ақтап, енді ауызды бірыңғай қызылдарға сала бастадық. Алаштардың да қызылдардың да тарих алдындағы кінәсі мен жақсылығын байыппен бағаламадық. Бар күш жігерімізді, қарым-қабілетімен білімімізді Кеңес үкіметін құруға атсалысқан қызыл комунистерді бірыңғай қаралауға бағыштадық. Мен бұл жерде келмеске кеткен Кеңес үкіметін аңсап, емешегім езіліп отырған жоқпын.

Сол үкіметтің қолдан жасаған зобалаңы – 1931-32 жылдардың аштығынан тек қана біздің бір әулеттің 35-40 шақты адамынан еркек кіндікті үш жан ғана тірі қалды. Бұл қасірет пе? Әрине, қасірет… Енді осыған бола 70 жыл өмір сүрген Кеңес үкіметін саясатын түгелдей жамандап, сол үкіметті орнатуға аянбай еңбек еткен, халықының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін сол жолда опат болған Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің батыры Амангелді Имановты, сол күреске саяси бағыт-бағдар берген Әліби Жангелдинді тарих сахнасынан шығарып тастап жатырмыз.

Ендігі әңгіме халық батыры, халықтың жүрегінде мәңгілік орын алған ақын-жазушылардың өлеңдерімен шығармаларына арқау болған Амангелді Иманов жайлы болмақ. Біздің жаңа тарихшыларымыз мәңгілік тыныштықта жатқан Амангелдінің аруағына дамыл бермей оны ұры, қарақшы, баукеспе, қандыбалақ, надан деп, тіпті айтуға ұят әдепсіз сөздермен балағаттап, Амангелді туралы кезінде жазылған тарихи романдар мен дастандарды Амангелді туралы фильмді құртуға бар күштерін салып жатыр. Енді мен Амангелдіге орынсыз тағылған осындай әділетсіздіктерге жеке-жеке тоқталып өтпекпін. Менің жасым қазір 84-те. Мен жазушы да, ақын да, тарихшы да емеспін. Бірақ осы ұзақ өмірімде Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан сол оқиғаны көзімен көрген кісілердің әңгімесін көп естідім. Кейбірін өз ауыздарынан жазып та алдым. Мақтанғаным емес, Амангелді Иманов, Әліби Жанкелдин туралы шығармалар мен әдебиеттерді көп оқыдым. Сөйтіп, өмірімнің отыз-қырық жылын осы жолға арнадым. Біріншіден, Амангелдінің өскен ортасына білім дәрежесіне тоқталайық. Амангелді 1873 жылы сәуір айында Торғай уезінің Қайдауыл болысында туды. Сегіз жасынан он екіге келгенше ауыл молдасынан арабша оқыды. Он екі жасынан он алты жасқа дейін Дулыға өзенінің бойындағы Әбдірахман Ишанның медресесінде оқиды. Он алты жастан кейін байларға жалданып жұмыс істейді. Амангелдінің немере ағасы Көшімбек орысша-қазақша екі жылдық мектеп ашып, сол мектепте Амангелді екі жыл оқып орысша сауатын ашады. Шынын айтқанда Амангелдінің нан сұрап жейтіндей орысшасы болған. Оның сыртында байлардың барымташы деп көрсетуімен бірнеше рет түрмеге де түскен, әділдік жеңіп бәрінен де құтылып отырған. Амангелдінің сауаты жөнінде кезінде заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов те растаған. Оның «Батырдың биік тұлғасы» деген кітабында 1914 жылы Торғайда патша шенеуніктеріне қарсы шығып, түрмеге қамалған шаруалардың ісімен Амангелді Санкт-Петербургке барып, қазақтың жиені атақты адвокат Плевакомен танысады. Ол Санкт-Петербург сапарында күнделік жазып отырады. Егер Амангелді сауатсыз болса, күнделікті қайдан жазады.

Енді Амангелдінің сол күнделігінен бір үзінді келтірейік. «Патшаның жалақысы бір айға 20 мың сом екен. 12 айға 240 мын сом екен. Патшаның өз үйінен басқа әкесінен қалған 100 шақты үйі бар екен». Әрине, Амангелдіге бұл мәліметтерді тиісті орындар бермеген шығар, ол орысша газет-журналдарды оқып, халықтан естігендерін қағазға түсірген тәрізді. Енді Амангелдінің орысша сауаты бар, қол қоя білетініне бір дәлел. 1918 жылы Амангелдіге қазақ өлкесінің төтенше комисары Ә.Жанкелдин Орынбор қаласында Қызыл армия құруға және оған ат сатып алуға, 10 мың сом ақша береді. Қол хатқа А.Иманов деп қол қойған, қолдың Амангелдінікі екенін кезінде тарихшылар растаған. Екінші, Амангелдінің ата-бабалары және тектілігі туралы. Қазақта текті және тексіз деген екі ұғым бар. Қазақ біреуді мақтағанда «ой, шіркін, тектінің тұқымы екен ғой» деп отырады. Ал тексізді көргенсізді «сол тексіз немені қойшы» — деп жатады. Мұның сыртында «жақсы-жаман болса да тартпай қоймас негізге» деген бір қасиетті сөз бар. Амангелді қара сирақ көн шалбары көтіне қатқан кедей емес. Ол текті тұқымның ұрпағы, атасы Иман Дулатұлы 1780 жылы Батпаққара өңіріндегі Дулаттың Қызыл жары деген жерде туған. Шамамен 1848 жылы қайтыс болған. Иман батыр Кенесары қозғалысына бастан аяқ қатысқан. Отаршылдармен соғыста асқан ерлік көрсетіп, жауға білдірместен қамалдың ішкі жағынан өтіп, Кенесары әскерлерінің Қараөткелге кіруіне жол ашады. Иманның ерлігіне батырлығына риза болған Кенесары хан:  — Менің қасымда жолбарыстай жүректі, түлкідей айлалы, Айекеңнің болғанына өте ризамын, — депті. Хан Кене Иман батырды «Айеке» деп атап, хан кеңесінің мүшелігіне сайлап, әр уақыт ақыл кеңесін тыңдаған екен. Міне Амангелдінің туған атасы Иман осындай адам болған. Қазақта тектілік тұқым қуалайды деген бар, ендеше осындай текті атадан туған Амангелдіні кім осал деп айтар?! 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Амангелдінің бітім-бейнесін, батырлығын, тектілігін ақындар былай деп өлеңге қосыпты:

Патшаға қарсы тұрды Амангелді,

Таршылық бозбалаға заман келді.

Ту ұстап тұлпар мінген атаң Иман,

Қалыбы бұлжымастай саған келді.

Үшінші Амангелді ұры ма? Жоқ, ұры емес. Амангелдінің түрін көріп, есінде қалған жақын туыстарының бірі, 1990 жылдардың басында қайтыс болған, руы Бегімбет Ғазиз Әмірхамзин деген қарт қаламгер Амангелдінің кескін-келбетін:

Атамыз Амангелді жеке басы,

Жадында сақталыпты өр тұлғасы

Кеуделі орта бойлы төртпақ дене,

Батырдың болса керек түр нұсқасы… – деп еске алады, яғни, Амангелді өлгенінде Ғазиз қарт 16-18 жастағы балаң жігіт болыпты.

      Амангелді қазіргінің ұрыларындай біреудің қорасындағы қойын, өрістегі жылқысын, сүтін сауып күнін көріп отырған жалғыз сиырын ұрламаған. Амангелді кезінде әділетсіздікке қарсы күресіп, кедей кепшіктердің намысын қорғаған. Атақты бай шонжар, алпауыт, Шашанбайдың Рахметінің ағайындарына жасаған озбырлығына әділетсіздігіне шыдамай бірнеше рет Рахметтің жылқыларын қудырып алады. Міне, осыдан кейін Амангелдінің жаулары би-болыстар, байлар Амангелдіні ұры-барымташы атандырады. Осы оқиғадан кейін Амангелді жалған көрсетумен бірнеше рет түрмеге қамалады. Көкшетау уезінің Саумалкөл сотына тартылып, одан өзін-өзі ақтап шығады. Төртінші, Амангелді сіңірі шыққан кедей емес, орташа байлығы болған адам. Енді бұған дәлелді тағы Ғабит Мүсіреповтің «Батырдың биік тұлғасы» кітабынан іздейік. Ғабит ағамыз Амангелді туралы сол кітабында былай дейді: «Тап сол 1914-15 жылдары тұсында Амангелді кедей емес, Торғай елінің тұрмысында орта шаруалы адам болды», – деп жазады. Енді батырдың өз қолжазбасына зер салып қарайық. «1915 жылы 13 мартта 80 ірі қой, 39 бойдақ, жамғысы төлден басқа 140-тай болды, оның 89 саулық, 1 қошқар, 7 еркек бойдақ, 32 ұрғашы қозы бастап сойылды 11 майда». Амангелді Имановтың күнделігінен. Енді Амангелдінің тақыр кедей болмағанына тағы бір мысал келтірейін. Батырдың бірінші әйелі қайтыс болып, Рамазан, Шәріп деген екі баласымен қалады. Батырдың бұл бойдақ кезі. Ел аралап жүрген бір жолы Найман елінде сол кезде он бе жастан он алты жасқа қараған Балым деген қызға көзі түседі. Енді Амангелдінің Балымға қалай үйленгені туралы тарихи шындықты, Балымның немере-шөбере інілерінің бірі, белгілі қаржыгер Сәндібек Қорғанбеков деген кісі 2007 жылы шыққан «Уәйіс би, Уәйіс болыс, Уәйіс батыр» деген кітабында былай деп суреттейді. Балымды батырға қосуға Әбдіхалық Есіргепов деген жездеміз себепші болған. 1917 жылдың күзінде Амангелді Әбдіхалыққа жолығып Балымға деген өзінің сезімін жеткізген. Ал Әбдіхалық өз атасы Бірімжанға қолқа салған. Бірімжан елге сыйлы, әрі Сәдуақаспен немере туыс болып келетін. Сонымен Бірекең Сәдуақасты көндіруге Амангелдінің атасы Иманмен өз аталары Уәйістің достығын алға тартады. Бір соғыста (Кенесары көтерілісі кезінде) Уәйіс пен Иман батырлар жаудың қоршауында қалып, бірін-бірі қорғап екеуі де аман шығады. Сонда Иман батыр: «Әй, Уәйіс екеумізде өліп қала жаздадық қой,  енді өмірлік дос болайық депті», екеуі де қылыштарын ауыстырып, жалаңаш денелеріне қылыштың жүзін қаратып, құшақтасып, өмірлік дос болған екен. Осы оқиғаны білетін, бұрын естіген сұңғыла Бірімжан атам Садуақас әкемізге атаң Уәйістің жан досы Иман келіп немересі Амангелдіге Балымды сұраса бермеспе едің» — депті. Аталы сөзден аса алмаған Садуақас жылап отыра қалыпты. «Батыр бір оқтық — деген қызым жесір қалама деп қорқамын — деген екен». Орынды сөзге тоқтаған Сәдуақас ағасы Бірімжанға келісімін береді. Сол 1917 жылдың желтоқсан айында батыр жалғыз өзі Бірімжан ақсақалдың үйіне түседі. Бірекең өз туыстары Байқожаны, Садуақасты және Баржақсыны шақырып алады. Сонда Амангелді сөзді бастап: «Ата қыздың қалың малы өздеріңізге белгілі ғой. Қашаннан қырық қара малы сексен қара болсын, осыған баталарыңызды сұраймын» — десе керек. Сонда Бірекең өз туыстарының атынан былай депті: «Амангелді сен бердің, біз алдық, осылай деп есепте қырық қараңның да бізге қажеті жоқ. Сол қырық қараға татыйтын жиырма қара берсең болады» — деп осыған бәтуаласады. 15-16 жасқа қараған Балымды 1918 жылы жаздың бас кезінде «Жоса» деген жерде Амангелдіге ұзатады. Батыр төрт шұбар ат жеккен күймемен келеді. Күйеу жолдастарының қатарында Тілепберген Ержанов, Әлмағамбет, Смайыл Көпжасаров есімді жігіттер болады. Батыр қару-жарақсыз қазақи тәртіппен келіп түседі. Балымды ұзату тойы үш күнге созылып палуандар күш сынасып, ат бәйгесі өтеді. «Ұзатқан қызды шығарып салуға ергендердің ішінде менің шешем Айгүл де болған. Шешем Балыммен жасты екен. Айшагүл есімді немере сіңілісімен Балымның туған сіңілісі Зүбайра да барған. Құдалар жағы бұл үш қыздың үшеуіне де жорға мінгізіп қайтарған». («Батырдың зайыбы Балым туралы шындық» деген Нұрым Сейітұлының естелігінен, «Уәйіс би, Уәйіс болыс, Уәйіс батыр» кітабы, Алматы, 2007 жыл. 87-94 беттер, авторы Сәттібек Қорғанбеков).

Ал Балым сұлу Амангелдіге тұрмысқа шыққаннан соң аз ғана ғұмырында Амангелді мен Балымның арасында біршама жас алшақтығы бола тұра, текті жердің атақты найман Уәйіс бидің ұрпағы Балымның Амангелдіге деген махаббаты берік болды. Сүйкімді жар бола білді. Әттең, тағдырға не шара? Әкесі Садуақастың қауіпі расқа айналды. Балым тұрмысқа шыққаннан кейін бір жылға толар толмаста Амангелді қапыда қаза тапты. Батырдың жары Балым 18-ге толмай аңырап жесір қалды. Балымның бұл аянышты қалін «Торғайдың топжарғаны», суырып салма, дүлдүл ақын Нұрхан Ахметбеков өзінің «Амангелді» поэмасында Балымның жоқтауын былай деп суреттейді.

«Адасқан қаздай аңырап,

Артыңда қалдау Балымың.

Ашылмаған тояты,

Жетілмеген қанаты,

Ұяда қалды-ау жаутаңдап,

Рамазан мен Шәрібің».

Не деген құдіретті жан сезімін тербететін сөз. Міне, осындай Торғайдың «Жауыр торысы» атанған төкпе ақын, бір кездері «Амангелді» поэмасы үшін Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығын алған ақын Нұрхан Ахметбековтың осы поэмасында Амангелдімен бірге тарихтан өшіріп «жаназасын» қайта шығарып жатырмыз. Тіпті Кеңес үкіметнің кезінде Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин туралы жазылған тарихи шығармалармен өлеңдер кітапханалар қорынан алынып, не жойылып қалғанын келешекте шықпастай етіп,  мықтап құлыптап әйгілі Лефортова түрмесінің жер төлесіне тығып жатқандай көрінеді маған. Амангелдінің атасы Иманнан атадан балаға оның үрім-бұтағына жалғасқан тектілік, батырлық Амангелдінің балаларына да дарыған. Амангелдінің Балымнан бұрынғы бірінші әйелінен Рамазан, Шәріп деген екі ұлы болғанын бұрын айтып кеттік. 1941-45 жылғы соғыс кезінде Амангелдінің үлкен ұлы Рамазан өзі сұранып, соғысқа барып ерлікпен қаза табады. Кезінде соғысқа қатысқан әскери журналист Жекен Жұмаханов деген кісі «Қаһарлы жылдардағы қазақ офицерлері» деген мақаласында Рамазан туралы былай дейді. «Қазақ халқының батыры Амангелді Имановтың баласы Рамазан Амангелдин Псков облысы, Воронина деревнясының түбіндегі шайқаста бетпе-бет ұрыста 13 фашисті өлтіріп, ерлік өлімімен опат болды». («Түркістан» газеті, 23 мамыр, 2010 жыл).

Ойды ой қозғайды осындайда ертеде дүниеден өткен, еліне сыйлы, халқына қадірлі, әділетті би, 1917 жылы Торғай уезінен Алаш съезіне делегат болып қатысқан, 1926 жылы 46 жасында бүкіл «Торы қыпшақты» күңірентіп, елі аза тұтқан Көтібардың Тоймағанбеті деген кісіге бір ақынның жоқтауынан бір шумақ өлеңін келтіре кетейін:

Тұлпарсың тулап туған құлыныңнан,

Сілкінсең от шығатын жұлыныңнан.

Жеңісі дос-дұшпанның басылған жоқ,

46 жасқа келген ғұмырыңнан.

Сол сияқты атақты Иманның немересі Амангелдінің бел баласы Рамазанның осы ерлігінің өзі келешек ұрпаққа тағылым емес пе?! Ал оның әкесі Амангелдіге тиісіп, «Ұры-қары, баукеспе, барымташы» деп мәңгілік тыныштықта жатқан батырдың аруағына тиісуіміздің жөні қалай болар екен, ағайын! «Құдай атқан оңалар, аруақ атқан оңалмас» деген екен бұрынғылар. Сондай-ақ, ана дүниедегі аруақтар ғайбат сөзге назаланады, оны кешіре де алмайды. Ал Алланың пендесіне кешірімі мол. Сол себепті аруақты ренжітпегеніміз дұрыс шығар.  Аян Нұрхановтың «Халық батыры» 1962 жылы шыққан. Тимофеев, Брайниннің «А.Иманов – вождь восстания» 1939 жылы шыққан. З.Мұхамеджанов «Торғай комисарлары», Ғабит Мүсірепов «Батырдың биік тұлғасы» 1973 жылы шыққан. Жұмағұлов «Орлы гибнут в вышине» Әліби Жангелдин «Дос туралы (Амангелді)». А.Елагин «Торғай қыраны». Шәріп Иманов «Атаның асыл мұрасы», А.Нұрқасымов «Амангелді Имановтың көтерілісшілер тобындағы әкімшілік және әскери басқару істері». Нұрхан Ахметбеков «Амангелді» поэмасы. К.Харламович «Восстания Тургайских казах-киргиз. 1916-1917 гг», Қызылорда, 1926 жылы шыққан. Байқадам Қаралдин «Торғай қазақтарының көтерілісіне 10 жыл». Міне, бұлар өзім кезінде оқыған Амангелді жайлы жазылған кітаптардың жүзден бірі болатын. Осы кітаптарды іздеп орталық кітапханаларға  екі үш рет бардым. Амал не ол кітаптарды ешкімде білмейді, атын да естімепті. Біздің өткен тарихқа деген көзқарасымыздың сиқы осындай. Неге біз өткен тарихымыз туралы жазылған шығармаларды түб-түқиянына дейін құртуға тиіспіз. Бұл мақаламда Амангелдінің Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі асқан ерлігін батырлығын, қолбасшылығын Торғай қаласына шабуыл жасаған кезде 50 мың  сарбазды басқарғаны, одан кейін Татыр, Үрпек, Құмкөшу соғыстарына басшылық еткенін жазбадым. Амангелдінің ол ерліктерін халық кезінде бағалаған. Бұл жолғы айтарым –құр ауыз өзімдікі, демократияның түрі осындай деп ойымызға келгеннен тыйылайық-деген пікір. Қанша жамандаса да Амангелді Иманов, Әліби Жангелдиндер-қазақ халықының тарихында өшпес орын алған ұлы тұлғалар. Олар халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Оларды тарихтан өшіріп тастау-ақымақтың ісі. Осыны бір ойлап қойғанымыз дұрыс шығар. Амангелді – ұры-қары, барымташы емес. Ол — өз халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін шейіт болған айбынды ұлдарының бірі.

(Тарих.Тағдыр.Тағылым кітабынан үзінді Астана 2013 жыл, 87-95 беттер)

 

1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІНІҢ БАС САРДАРЫ, ҰЛТ БАТЫРЫ АМАНГЕЛДІ ИМАНОВТЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА.

 

Ғабит Әмірхамзин

Әкем Қорған  айтқан әңгімелерден:

Амангелді мен Рахмет бай

Бірде қыпшақтың Тілеулі батырдан тарайтын ұрпақтарының бірі Шашамбай деген кісіні Сайдалы Алтай елі өлтіріп, құн бермепті. Шашамбай тарихта болған, өз заманының аса ауқатты әрі беделді адамдарының бірі екен. Нұрхан Ахметбековтың Торғай, Қостанай атырабына кең танымал «Есім Сері» дастанында осы Шашамбай туралы да айтылады. Дастанда:

            

             Тәуекел етіп жүрдім әрбір жайда,

Көрген күн ұмытылмастай жүреді ойда.

Дәулетті кең бір адам дегеннен соң,

Мен бардым руы Қыпшақ Шашамбайға.

Жарасып жаным жағып, жақын болып,

Сүйікті Шашамбайға болдым бала… – деген жыр жолдары бар дейтін.

Шашамбайдың құнын жоқтап, «Қыпшаққа аға болған би Балғожа», Қарабалық қыпшақ Наурызбай би, Мұқан правитель, одан өзге Алтай Арғын тайпалас алыс ағайыны болса да, Торғайдан Абылайхан мен тізе қосып, иық тіресіп, екінші қолымен Әбілхайыр ханды қолтығынан демеп, елін қорғаған, ханы мен халқына қатар сыйлы Шақшақ Жәнібектің ұрпағы, Шеген бидің үлкен ұлы Қазыбек би де барған екен. Қарсы жақтан келгендер Шыңғыс төре, Алтай Сайдалы Аққошқар би болыпты. Сөйтіп, екі елдің бетке шығарлары мәжіліс құрып, үлкен дау болады. Билік айтуға ортаға қарсы тараптардан Наурызбай би мен Сайдалы Аққошқар шығып, Наурызбай «сөз бастап, орыстың заңы бойынша ма, құранға сүйенеміз бе, әлде ата-баба жолымен жүреміз бе» деген екен. Аққошқар Наурызбайға жолын беріп, құндауына бір қалмақ қызымен 40 жылқы беріпті дейді.

Мәжіліс тарап, кейін өздері оңаша қалған соң «Неге айтыспай құн төледің», — деп наразы болған туыстарына Аққошқар: «орыс жолымен айт десем, азаматтардың біреусін таңдап алып, итжеккенге айдатпақ ойы болды, ал құран сүрелерінің бірінде «өлген адамның орнына адам өлтіруге болады деп жазылған, демек, біреуімізді Шашамбайға теңеп, жазым қылмақ ойы да болды, амалсыз бізге тимдісі ата-баба жолын таңдауға мәжбүр болдым», – деген екен. Кейін Шашамбайдың баласы Рахмет ержетіп, өте адуынды, бірбеткей, қайсар кісі болып, Жыланшық (кейінгі Қайдауыл) болысын биледі. Рахметтің есімі тарихи құжаттарда да сақталып қалыпты.

1882 жылы Ы.Алтынсарин Торғайдан ашпақшы болған қолөнер мектебінің жобасын жасайды. Қолөнер училищесінің барлық шығынын қазақ қауымы өз мойынына алатынын ескеріп, Ы.Алтынсарин бұл жобаны талқылаумен дайындауға жергілікті басшылармен беделді ақсақалдарды қатыстырып, қолдарын қойдырып, мөрлерін бастырады. Олардың ішінде өзгелермен бірге Жыланшық болысының билеушісі Рахмет Шашамбаев та бар. Бертін келе Рахмет дәйекті дәлелі болмаса да қоңсы жылқышысы, Жаппас руының жігітін, етбауыр жақындарының бірінің жас тоқалымен әуей болды деп, тірідей ат құйрығына байлатып, өлтіртіпті. Осы жылқышы жігіттің немере ағасының өтінішімен оны қасына ертіп, Амангелді Рахметке құн сұрай барады. Рахмет Қыпшақтың «кебеже қарын, кең құрсақ» бірсыпыра ел билеген жуандарын шақыртып, олардың алдында Амангелдіге қарсы қатты, ауыр сөздер айтқан көрінеді. Рахметтің Амангелдіге қойған негізгі кінәсі, ру намысын қорғамай, сатып кеткендігі болса керек (Тілеулі мен Бегімбеттің әкелері бір туған). Сонда, Амангелді: «Оу Рахмет, кеше сенің  әкең Сайдалы Аққошқар елінің жігітінен мерт болғанда, Торғайдың Арғын-Қыпшағы бөлінген жоқ. Басы Шегеннің Қазыбегі болып дауласып, әкеңнің құнын алып берді. Ал бүгін сенің қолыңнан жазым болған жігіттің дауында, неге бөлініп, көп қыпшақ бір жақ, екі үйлі жаппас бір жақ болуы керек?! Ата-бабаларымыз тек әділдік жолмен жүрген. Олай болса, біз әділдіктен шет болып, сенің сөзіңді сөйлеп, сойылынды соға алмаймыз?! Жазықсыз жазым болған ердің құнын төлейсің деген екен. Сөйтіп, Рахмет қаншалық аюдай ақырып, күндей күркірегенімен жиналған көпшілік Амангелдінің сөзіне тоқтап, жазықсыз өлтірілген жігіттің құны толық төленіпті.

Міне, кешегі 1916 жылғы дүрбелеңде атойлап атқа мініп, 50 мың көтерілісшілердің алдында жүрген, ешкімді руға, тайпаға, ұлтқа бөлмеген, Торғайдың «сен тұр, мен атайындары» Кәкімбек Токин, Әбдірахман Иманқұлов, Дәуренбек Сандыбаев, Карбоз Қабақовтардың  қанды көйлек жолдасы, өз елінің ел билеген жуан қарын би болыстары, Әбдіғапар, Рахмет, Бірәлілермен «бірде тату, бірде қату» терезесі тең болған, халық батыры Амангелді Имановты қалайша аузымыз қиып «көн шалбары көтіне қатқан кедей, ұры, сорлы» болды деп айта аламыз деп отыратын.

«Елдің Қорғаны» кітабынан үзінділер

153-155 беттер.

 

Ғабит Әмірхамзин

Әкем Қорған айтқан әңгімелерден,

Әбәйділдә Бекжанов және тағы басқалар

 

Айтпақшы елдегі қарт «нағашының» айтқандарының бәрі осы кезге дейін, қаз қалпында, көз алдымда, құлағымда жаңғырып тұрғандай. Әлқиса қарттың айтуынша, әкем Қорғанның Міржақып Дулатов туралы жұмсартып айтқанда, жақсы пікірде болмауы, Міржақып атамыздың қыпшақ Амангелді өліміне қатысты болуы көрінеді. Осылай әкеме жазықсыз жаза жабылып, оған 19-ғасырдағы рушыл қазақтардың шекпенін жауып, байпақ етігін кигізіп жатқанда, үнсіз отырғанды өзімізге мін көрдік. Рас, әкем қазақтың тарихы мен әдебиетін, шежірені өте жақсы білді, оның ішінде Қыпшақ тайпасынікін де… Бірақ өз ата-бабасын құрмет тұтып, олардың ерлік ісіне сүйсініп, жақсы білген адамды рушыл деп айтуға болады ма? Осы орайда әкемнен естіген, кейбір әңгімелерді ортаға салуды жөн көріп отырмын.

1916 жылы ұлы дүрбелең халық көтерілісі кезінде, бұрынғы қазақылықтың қаймағы бұзылмай, рулық тайпалық жүйені сақтап келген Торғай елінде, Қыпшақ және Арғын екі хандығы құрылды. Қыпшақтардың ханы болып, қарадан шығып, хан атанған Нияз бидің ұрпағы Әбдіғапар сайланады. Ал Арғын тайпасы тік көтеріліп, алғаш Татыр көлі түбінде болған шайқасқа Торы Қыпшақтармен бірге қатысады. Кейін, Тосын болысының халқы қобалжып, болыс Дәуренбеков Жақыптың киіз үйін қоршап алып, болыстан соғысқа жіберілмекші жастардың тізімін беруді талап етеді. Болыс болса, «тізімнің даяр екенін, әрі қызмет бабы бойынша оязға апаруға міндетті екенін, бірақ өздігінен тізімді халықтың қолына бере алмайтындығын, ал тізімнің алдарында қазақы столдың үстінде тұрғанын» айтады. Жиналған қыруар жұртты біршама уақыт үнсіздік басып, болыстың алдындағы тізімді өздігінен барып алуға, ешкімнің батылы бармай, іркіліп қалған екен. Сонда жиылған жұрттың ішінен елуді еңсеріп қалған кісі болса керек, Шақшақ Жәнібек ұрпақтарының бірі Жауқашар Оспан Шолақұлы атынан қарғып түсіп, «қидым жанымды жастар үшін»,- деп, тізімді алып жинастырып, шапанының етегіне орап, сыртқа алып шығыпты дейді. Осы Оспан Шолақұлын Арғын тайпасы хан көтеріп, Торғайды қоршап алған соғысқа қатысады. Дегенмен, кейін Ақтөбе, Ырғыз жақтан жылжып келген патша әскері Ақшығанақты басып алып, елде жазалау жұмыстарын жүргізіп, біраз жастарды тыл жұмыстарына жіберіп үлгереді. Оспан Шолақовтың өзі қудалауға ұшырап, амалсыз Торғайға барып, патшаның жергілікті әкімдеріне өз еркімен тұтқынға беріледі. Өз түсініктемелерінде, «мен тек өз шаруашылығын күйттеген шаруа адам едім, Әбдіғапардай халықты соңымнан ерте алмадым», — деп жауап беріпті.

Дегенмен, Арғын тайпасының негізгі бөлігі, Амангелді мен Әбдіғапар бастаған көтерілісшілерге қосылып, Ақпан төңкерісіне дейін, өз күрестерін жалғастыра береді. Әсіресе Амангелді жағында болғандардан Мерген Төке әулетін, руы жылқыайдар болыс, қажы Иманқұлов Әбдірахманның туыстарын айтуға болады. Көтерілісшілер қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, Амангелді мен Әбдіғапар бейбіт елді жазалаушылардың қанды шеңгелі қоршаудан алып шыққан соңғы соғыс Доғал, Үрпек түбінде болады. Осы жолы Батпаққараға бағыт алып келе жатқан патша әскері, жолай Құмкөшуге тоқтап, «сендердің жастарың түгел көтерілісшілердің жағында жүр»,- деп ауылда қамсыз отырған Арғын тайпасы Қырықмылтық руының үлкен қарт адамдарын қырып кетеді.

Жекелеген Қыпшақ жағынан шыққан беделді адамдар Мырза ишан, Қозғанның Мырқалиы үкіметтен қорқып, Бірәлі бай, Сейіткерей болыс шын ықыласымен патшаның жағында болып, осы дүрбелең кезінде оған қызмет етті. Ал алдарына айқын мақсат ұлт тәуелсіздігін қойып, осы шырғалаңы көп ұзақ жолда, талай айла-тәсілге барған алаш қайраткерлері, «жарлық қатты, жан тәтті», патшаның айтқанына көнгеннен басқа шара жоқ деп, халыққа үндеу таратып жатты. Енді  Алашорда көсемдерінің бірі, Міржақып Дулатовтың туыстары «Мадияр» руына келсек… 1916 жылы Сарықопа болысының халқы екі жарылып, бірі патшаға әскер беруге құлықты болып, екінші топ оған қарсы шығады. Нәтижесінде Мадияр руы екіге бөлініп, Бекжан бастаған топ  тыл жұмыстарына алу үшін оязға көмектесіп, тізім бердің деп кінәлап, болыс Мадияр Қабақтың Сейілін найзаға шаншып өлтіреді. Расын айтқанда осындай қарама-қайшылықтар әр шағын рулардың ішінде болып жатты. Кейін, 1919 жылы ақ пен қызыл арпалысып, Алаш абдырап, сең соққан балықтай адасып, басын тауға да тасқа да соғып, қатыгездікке барған уақытта Бекжан бірнеше балаларымен қолға түсіп жазаланады. Әбәйділдә Бекжанов атуға бұйырылған 20 шақты адаммен жазалау орнына келе жатып, екі бауырымен қашып суға секіріп кетеді. Өзенді жалдап қашып бара жатқан бір бауырына оқ тиіп, су түбіне батып, ал Әбәйділдә екінші жараланған інісіне көмектесіп, жауған оқтың астынан өзеннің екінші бетіне жүзіп шығады. Кейбіреулер 1916 жылғы көтерілістен кейін Арғындар түгел алашорда, ал Қыпшақтар қызылдар жағында болды деген  әңгімелер айтып жүр. Мұның бәрі әке-балаға, аға-ініге қарсы шығып жатқан азамат соғысында бір тайпа қаздай тізіліп, өзеннің оң жағалауында, ал екінші тайпа түгелдей оған қарсы сол жағалауда тұрды деуі мүлде шындыққа жанаспайды.

Негізінде, 1919 жылы мамыр айында «жүргені үшін большевиктің жолында» атылып, қыршын кеткен Амангелді Имановтың жақтастары 17 адамның бәрі арғын тайпасының өкілдері болды. Оның ішінде жоғарыда айтылған мадияр Бекжан әулетінен өзге, Кәкімбек Токин бастаған бесеуі мерген руынан, ал Шарафиден Әбдірахмановтың жанындағы бес жігіт жылқыайдар руынан деп отыратын. Бұл біздің жоғарыда айтылған қарттың сөзіне жауабымыз.

Ал, Әбәйділдә Бекжанов Кеңес үкіметін құруға атсалысып,  біраз уақыт Наурызым аудандық милиция бастығы  қызметін де атқарады. Кейін, 1929 жылы қызылдардың қолдан жасаған конфискация, қудалау, асу, ату саясатына наразы болып, Сейітбек Қалиевпен бірге Батпаққара көтерілісін басқарады. Бірақ, бұл басқа әңгіменің тақырыбы деуші еді.

«Елдің Қорғаны» кітабынан үзінділер.2018 жыл, Астана қаласы. 156-158 беттер.

 

Фотода: плакат «Амангелді Иманов» деп аталады, авторы — Н. Крутильников, 1956 жылы Алматыда басылған, картина Қостанай облыстық тарихи өлкетану музейінің архивінен табылған!

 

 

 

 

Мынаны да қараңыз

Ресейдің атақты заңгері Фёдор Плеваконың анасы Алма (Өлмесек) Алдарқызы туралы

Ресейдің атақты заңгері Фёдор Плеваконың анасы Алма (Өлмесек) Алдарқызы туралы Ресейдің белгілі заңгері Фёдор Плевако ...