Қостанай облысының көкейкесті он проблемасы

Қостанай облысының қазіргі күнгі шешуді қажет ететін басты он проблемасы:
1) ауыз су мәселесі, Қостанай облысы ауыз сумен қамтамасыз етілу деңгейі бойынша республикамызда ең соңғы орын алатын өңір. Қазіргі қарқынмен сумен қамтамасыз ету әлі созылатын түрі бар. Бәлкім облыс бойынша жеке бағдарлама қабылдау керек;
2) Интернет, ұялы байланыс мәселелері. Облыстың аумағында, әсіресе ауылдық жерлерінде Интернетпен, ұялы байланыспен қамтамасыз етілу өте нашар. Сәйкесінше, ол ауыл халқының амалсыздан қалаға көшуіне алып келеді. Ата-аналар балаларының болашағы үшін қалаларға ағылуға мәжбүр;
3) келесі ауқымды мәселе, ол ауылдардан халықтың үдере көшуі, мысалы, Қостанай облысы бойынша 2023 жылы 25 ауыл жабылды, мәселен, шекара маңындағы Қарабалық ауданында тіпті 9 ауыл жабылды, ол үшін ауылдарды интернетпен, мектеппен, бала бақшамен, мәдениет үйімен, сумен, ауруханамен, жолмен қамтамасыз етсе, проблема өздінінен жойылар еді;
4) тағы бір мәселе, ол шекара маңындағы аумақтардың бос қалуы, бұл өңірімізде көші-қон проблемасының күн тәртібіне шықпай отыруымен байланысты;
5) аса маңызды проблеманың бірі, ішкі көші-қон, облыстың ауылдарынан, әсіресе, оңтүстік аудандарынан халық көші тоқтар емес, сонымен бірге, еліміздің батысы мен оңтүстігінен артық жұмыс күшін Қостанай облысына орналастыру тіптен жүргізілмей отыр. Облыс әкімдігі және тиісті министрлік басшыларының тығыз жұмысы қажет;
6) білім мәселесі. Облыстағы қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны 30 проценттің ар жақ, бер жағында және ол мектептердің көбі шағын комплектілі һәм ауылдық жерлерде орналасқан. Тіпті, кей аудандарда бір ғана қазақ мектебі бар. Бұл тиісті министрліктер мен Білім басқармасының өте тығыз жұмысын талап етеді;
7) туризм саласы. Облыста туризмге қатысты тек Науырзым қорығы мен «Қарағайлы орман» (Сосновый бор) демалыс базасы» белгілі. Өңірдің туристік танымдылығын арттыру жөніндегі жұмыстар нөл деуге болады. Тиісті министрлік бақылауға алу қажет. Әжетхана, жол бойындағы сервис проблемалары өте өткір;
8) жол мәселесі, облыстың 2023 жылға бөлінген 21 млрд теңге сомасындағы қаражатқа арналған 57 нысанның тек 46-сы аяқталған. Яғни, қаржының тиімді жұмсалуында проблема бар. Осы ретте, Орталық-Батыс транзиттік дәлісі күн тәртінен түсіп қалып отыр. Бұл әсіресе облыстың оңтүстік аудандары үшін өте қажет;
9) Қостанай облысының 50 проценті аумағынан көбін құрайтын Амангелді, Жанкелдин, Науырзым, Әулиекөл және Арқалық қаласының проблемаларын кешенді қарастыру керек. Қазіргі Үкімет деңгейінде қабылданған шаралар тізімі ол тек жоспар ғана. Нақты істер жоқ;
10) инфрақұрылым проблемасы. Қостанай қаласындағы жылу мәселесі өте өткір, жылу жүйесі тозған. Ондай жағдай облыстың барлық аудандары мен қалаларына тән. Қалалардағы құрылыс мәселесі де сұрақ туғызады. Жақында еңбек заңнамасын сақтамау салдарынан бір құрылыс орнында апатты жағдай екі рет қайталанды.
Әлі де толықтыруға болар, бірақ, меніңше, басты деген мәселелер осылар!
Материал авторы — Амандық Әмірхамзин, фотоға түсірген — Мақсат Елібай

Мынаны да қараңыз

Маркетплейстер контрафактінің таралу орнына айналып барады

Әділет органдарының қызметіндегі бағыттардың бірі – зияткерлік меншік құқығын сақтау мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты ...