Өткен жылдың бірінші жартысында Қостанай облыстық прокуратурасына тергеушілердің азаптағаны туралы 28 арыз түссе, екінші жартысында 4 арыз түскен, ол да тергеу нәтижелері бойынша расталмаған. Бұл туралы облыстық прокуратураның жыл қорытындысы бойынша өткен алқа мәжілісінде айтылды.
Мұндай нәтижеге облыстық прокуратура «Азаптауға жол бермейміз» жобасын жүзеге асыру арқылы қол жеткізген. 2012-2014 жылдары БҰҰ комитетінің шешімдері бойынша облыстың екі тұрғыны 2007-2008 жылдары жасалған азаптау құрбандары болып танылған еді. Сондай-ақ азаптауға байланысты арыздар саны 2015 жылы 63-ке дейін жеткен болатын.
Облыстық прокуратура «Азаптауға жол бермейміз» атты жобасын өткен жылдың екінші жартысында жүзеге асыра бастады. Жоба аясында тергеу орындарында 337 бейнекамера орнатылды, Ішкі істер басқармасында 83 бейнеқұрылғы прокурорлармен онлайн қарау қызметіне қосылды. Жеткізілген адамдармен сауалнама толтыру тәжірибеге енгізілді, учаскелік инспекторлар бекеттерінде прокуратура жәшіктері қойылды. Түзеу мекемелерінде этаптарды қабылдағанда прокурордың міндетті түрде қатысуы, бейнежазба жүргізу қамтамасыз етілді және әрбір сотталған адам кем дегенде тоқсанына бір рет жеке қабылдауда болады.Осындай шаралар арқылы прокурорлық бақылауды нығайту мүмкін болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
egemen.kz