Қостанайлықтар неге қуат үнемдегісі келмейді?

22_02_2016.Still020

 Қазір әлем қуат көздерін үнемдеуге көшті. Бұл үрдістен біздің ел де шет қалып жатқан жоқ. Әр аймақта осы бағытта түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Мысалы, Қостанай облысында қуат көздерін үнемдеуге бағытталған кешенді бағдарлама екі жыл бұрын қабылданған. Содан бері көшелерді жарықтандыратын құрылғылардың 28 проценті қуат үнемдегіш шамдарға ауыстырылыпты. Бұл үшін қажетті құрылғылардың жергілікті жерде шығарлығаны екі есе пайдалы екеніне ешкім дау айта қоймас. Қостанайлық кәсіпкер Райымбек Есетов осындай игі бастаманы қолға алғандардың бірі.

Ол қуат үнемдегіш шамдарды 2013 жылы құрастыра бастады. Әрине, қажетті бөлшектер шетелдерден әкелінеді. Бірақ бұл дайын өнімді сатып алғаннан арзанға түседі және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Оның қаншалықты үнемді екенін мынадан аңғаруға болады: жай шамдар сағатына 270-300 ватт жұмсаса, үнемдегіш құрылғы сағатына 115 ватт қана тұтынады. Климаттық жағдайға, соққыға төзімді, тот баспайды, шірімейді.

2014 жылы облыс орталығындағы көшелерге кәсіпорында құрастырылған 506 осындай шам орнатылды. Бірақ сол 2014 жылдан бері жергілікті өндірушінің өнімдерін ешкім алмайтын болған. Сала мамандарының айтуынша, тауардың өтпеуіне оның қымбаттығы себеп. Өйткені кәсіпкер өз өнімдерін тікелей мемлекеттік сатып алу арқылы саудалай алмайды, оны шамдарды ауыстырумен айналысатын мердігерлерге сатады. Ал мұндай мердігерлер қазір экономикалық қиындықтарды желеу етіп, қатаң үнемдеуге көшкен. Яғни, олар үшін  сапалы тауардан гөрі Қытайдан шыққан арзан шамдарды алған тиімді. Бірақ арзан шамдар мердігердің ақшасын үнемдегенмен, бюджетке шығын келтіреді. Себебі тез істен шығады, жөндеуге келмейді. Жергілікті кәсіпкер болса өз өнімінің анағұрлым ұзақ қызмет ететінін және бұзылса өздері тегін қайта жөндеп беретіндерін айтады.

Бірақ кәсіпкердің бұл уәжін ауызша қолдаушылар көп болғанымен, іс жүзінде әзір оның тауарына сұраныс болмай тұр. Осыдан екі жыл бұрын дайындалған 500 дана қуат үнемдегіш шам қала шетіндегі қоймалардың бірінде шаң басып жатыр. Райымбек Есетов енді тығырықтан шығу үшін «Отандық өндіруші» мәртебесін алуды көздеп отыр. Олай болса тендерге қатысып, өнімді тікелей мемлекет қаржысына саудалауға мүмкіндік туады.

 Дәуренбек ӘБДІБЕК,

Қостанай қаласы

Мынаны да қараңыз

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдері халықпен жүздесті

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігі қор жұмысын насихаттау, өз жақтастарына түсіндіру ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *