Үндістандағы қазақтар

тажд махал

Жалпы, Үндістанға қазақтардың келуін Ұлы Моғолдар империясының негізін қалаған Бабырмен және сол Үндістанның Кашмир аймағын билеген Мұхамед Хайдар Дулатимен байланыстыруға болады. Ал шындығында, біздің арғы ата-бабаларымыз, яғни далалықтар есте жоқ ерте дәуірден бері Үндістанмен тығыз қарым-қатынас жасап, көп уақытта сол жерді бағындырып, өз билігіне де алып отырған. Оған өз заманындағы қуатты империя болған ежелгі Кушан мемлекеті мен эфталиттердің (ақ ғұндардың) Үндістан тарихындағы орнын еске алсақ, көп жайтқа қанық боламыз. Үндістанда пайда болған буддизм діні сол алыс-беріс, сауда-саттық, қарым-қатынас арқылы Қытайға Тибет немесе Үндіқытай арқылы емес, Ұлы Жібек жолын бойлай отырып, қазіргі қазақ жері арқылы Қытайға жеткен болатын. Буддизм неліктен Тибет немесе Үндіқытай арқылы жетпеді, әрине оған табиғи тосқауыл — асқар таулар мен шексіз шөлдер кедергі жасаған еді.

Төл тарихымызда Мұхтар Әуезов, Тахауи Ахтанов сияқты жазушыларымыз Үндістанды жол жазбаларында суреттеген болатын.

Ал біздің бүгінгі айтпағымыз, 20 ғасырдың басында Қытайдың қыспағынан қашқан қандастарымыздың Үндістандағы тарихы туралы болмақ.

Қытайдағы ұлттық езгіден қашқан қазақтардың алдыңғы толқынын (саны 5000 адам) Бөке батыр бастаған болатын. Ол 1903 жылы Тибет арқылы Үндістанға жетуге тырысты, бірақ өкінішке орай жол бойында бәрі де қырғынға ұшырады, қазіргі күні, Қытайдың Тибетінде сол алғашқы толқыннан қалған қазақтар әлі де бар деген ақпарат бар.

1930-1940 жылдары Шығыс Түркістандағы қазақтардың жерлері елдің ішкі аумақтарынан келген қытайлықтарға тартып алынып берілді, әрине ата-бабасының қонысы үшін қазақтар жан алысып жан берісті. Шыңжаңдағы қазақтардың бір бөлігі Баркөлге, енді бірі Цинхайға, тағы бір бөлігі Гансю мен Монғолияға қашуға мәжбүр болды. Қайда қашса да қазақтарды «Қорқыттың көрі күтіп тұрды». Діндестеріміз деп сағалап барған қазақтарды дұнғандардың әскер басшысы Ма Бофан қойшы қырып салды, мыңдаған қазақтан тірі қалғаны 34 қана қазақ отбасысы болды. Міне осындай жағдайдан кейін Қытай қазақтары ел аумағынан сыртқа кету керек деген тоқтамға келді.

Қытай Үкіметіне қарсы көтеріліске шыққан қазақтардың бес мыңдық бір бөлігі Тибет арқылы өтіп Үндістанда орнығуға бел буды. 1940 жылдың қыркүйегінде олар бес мың шақырымдық жол жүріп, Лобнор және Тақламақан шөлдері мен Әлемдегі ең биік таулар – Тибет пен Гималайдан асып, жолда жабайы Тибет тайпаларымен соғыса жүріп, арып-аршып Үндістанға да жетті. Аштықтан, суықтан, қар көшкіндерінен, Тибеттіктердің шабуылынан жолға шыққан 5 000 қазақтың 2 000 қырылып қалды. 1941 жылдың қыркүйегінде Елісхан тайшы бастаған 3039 қазақ Үндістанның шекарасына келді. Ол уақытта Үндістан Британия империясының отары, қазіргі Үндістан, Пәкістан, Непал, Бангладеш, Шри-ланка Ұлыбританияның қол астындағы бір ел.

Қазақтарды ішкі кіргізбейді, сыртта қуғыншы Қытай әскерлері тағы бар. Британ әскерінің құрамындағы мұсылмандар шекарадан өтпекші болған қазақты атып өлтіреді, өлген адам кім екенін зерттегенде, мойнына салып жүрген тұмарынан мұсылман екені білінеді. Сырттағылар мен іштегілер ұзақ келіссөз жүргізеді. Британ Үкіметі ұзақ келіссөздерден кейін қазақтарға шекарадан өтуге рұқсат етеді, алайда, қазақтардың барлық қару-жарағын тартып алып, өздеріне тізім жасайды да Кашмирде Британ әскерінің қоршауында, Мұзафар Абад деген босқындар лагерінде орналастырады.

Ай, тағдыр-ай десеңізші, бес ғасыр бұрын ата-бабасы Мұхамед Хайдар Дулати билеген Кашмирде қазақтар мүсәпірдің күнін кешіп, екі көзі жасқа толады.

Емін еркін жүріп қалған қыр қазағын ешқайда аттап бастырмайды, жұмыс тіптен бермейді, жерлері ыстық, оның үстіне ағылшын тілін білмеген Мұзафар Абадтағы қазақтардың күніне 10-15-і әртүрлі індеттерден қайтыс болып жатады. Жем-шөпсіз мал тағы қырылады. 1942 жылдың сәуірінде Британ Үкіметі Равалпинди маңындағы Тернава деген ауылға қазақтарды жүк машиналарына тиеп алып келеді. Тернаваға келген олардың жағдайы одан сайын нашарлап, енді күніне 15-20 адам әртүрлі аурулардан қайтыс болып жатты. Бір жылдың ішінде 3000 қазақтан 1200 адам ғана қалады.

1943 жылдың наурызында қазақтарға Тернаваны тастауға рұқсат беріледі. 450 қазақ Орталық Үндістандағы Бхопал деген қалаға кетеді. Оның жартысы қаланың өзінде қалады да, тағы бір жартысы Матар деген жерге орналасады, жергілікті билік олар үшін 1943 жылдың шілдесінде арнайы ауыл да салып береді. Байғұс қазақ мұнда да тағы қойша қырылады, шамалы уақытта 100 қазақ тағы да өледі. Одан өзге, елдің солтүстігіне орналаспақшы болған қазақтардың да басына осындай күн туады. Мұнда да бірнеше жүз қазақ қайтыс болады.

Бхопалда қазақтар Қазақабад деген ауданда шамамен 2 жыл тұрады, енді қазақтар біртіндеп киім-кешек пен бас киім тігумен айналыса бастайды. Бхопалдағы қазақтарға «Қазақ орталығын» құруға рұқсат беріледі, қазақ мектебі ашылып, онда қазақ, урду және араб тілдері оқытыла бастайды. 1944 жылдан бастап қазақтар Бхопалды тастап Лахор, Дели мен Калькуттаға көшіп келе бастайды. Үндістан екі мемлекетке бөлінген кезде Делидегі, Калькуттадағы қазақтар орныққан жерлерін тастап жаңа мемлекетке – Пәкістанға кетуге мәжбүр болды. Аздаған бөлігі Үндістанда қалып қойды. Пәкістанға келген қазақтар шашырай орналасты. Қазақтар әртүрлі кәсіпшіліктермен айналысты, негізінен, теріден бас киім мен киім тікті, кейбіреулері тігін машиналарын сатып алып, өз істерін жолға қоя бастады, өз дүкендерін ашты. Қазақтар Пәкістан Үкіметінен азаматтық берулерін өтінеді, алайда, тілектері қанағаттандырылған жоқ. Сондықтан балалардың болашағын ойлағандықтан басқа елге кетуді ойлай бастайды.

Ал бұл уақытта, Шығыс Түркістанда қалған қазақтардың жағдайы да оңып тұрған жоқ еді. Одан сайын күшейген езгіге қарсы 50 жылдары қазақтардың тағы бір бөлігі атамекенін тастап кетуге мәжбүр болды. 1943 жылдың шілдесінде Алтай қазақтарын күштеп Шыңжаңның оңтүстігіне көшіру туралы шешім шығады. Қытай әскері қуған байғұс қазақ Монғолия жеріне қашады. Елім деген еңіреген көтерілісшілерді Оспан батыр бастайды. Міне, осы кезеңде тағы да 20 отбасы Тұңғышбай, Қобдабайлардың бастауымен Тибет арқылы Үндістанға кетеді.

1944 жылым Іле көтерілісі мен Шығыс Түркістан Республикасын (ШТР) құруға қатысқан қазақтар жаппай қуғын-сүргінге ұшырағандықтан, 1950 жылдары қазақтардың тағы бір бөлігі Пәкістанға қашуға мәжбүр болды. 1944-1945 жылдары қазақтардың табысты жүргізген көтерілістерінің нәтижесінде Алтайдағы, Тарбағатайдағы, Құлжадағы, Тянь-Шаньның солтүстік жағындағы қазақ жерлері отаршылдардан толық тазартылып, қытай әскерлерінен азат етілді. 1945 жылы Шығыс Түркістан Республикасының армиясы құрылып, оны Оспан батыр басқарды. Бұл армия Іле-Тарбағатай-Алтай аудандарының қазақ әскерлерінен тұрды. Басында Қытай қазақтарын қолдаған Совет Үкіметі жаңа пайда болған мемлекеттің өз құрамындағы қазақтарға, жалпы Орта Азия, яғни Түркістанға таралуынан қорқып, Қытай Үкіметімен бірге Шығыс Түркістан Республикасының тарих сахнасынан кетуіне көп күш салды және ақырында, дегендеріне де жетті.

1949 жылдың 27 тамызында Шығыс Түркістан Республикасының Үкіметі мүшелері әуе апатынан қайғылы жағдайда опат болды. Ал, 1949 жылдың 1 қазанында Қытайдың Халықтық-Саяси Консультативтік Кеңесі Қытай Халық Республикасының құрылғанын жариялады, осы кезеңде Қытай Халық Азаттық Армиясы 1949 жылдың 20 қазанында Үрімшіге кіріп, ҚКП режимін орнатады.

1950 жылдың сәуірінде Оспан батыр мен Жанымхан қожа бастаған қазақтар келіссөздерден кейін Қытай коммунистерінің ұсыныстарынан бас тартты, қазақтарға қарсы танкілерді, авиацияны және артиллерияны қоса, қалың әскер жіберілді. Қатты қырғын соғыстан кейін 1950 жылдың 15 желтоқсанында шамамен 200-300 қазақ отбасы Тибет арқылы Үндістанға бет алды, 234 адамнан тұратын тағы бір топ та Үндістанға жол тартты. Қыс-көктем кезіндегі Тибеттің қарлы шыңдарынан өте отырып, екі топ та өз адамдарының жартысынан айырылды.

Әлібек Хәкім бастаған бірінші топ алты айдан кейін 1951 жылдың 18 тамызында Кашмир шекарасына жетеді. Пәкістан шекарасына тақап келген оларды ішкері жаққа өткізбейді, сондықтан шекара бойына топтасып тұйықталып тұрып қалады. Одан кейінгі апталар ішінде артта қалған басқа да қазақтар алдыңғы топқа қосылады. 1951 жылдың қыркүйегінде Пәкістан шекарасына Құсайын тайшының, Сұлтаншәріп тайшының және Дәлелхан Жаналтайдың тобы келеді. Пәкістан аумағына тек 1951 жылдың 10 қазанында өтуге мүмкіндік алады, осы 52 күн ішінде шекараның Тибет жағында қытай әскерлерінің шабуылдарына тойтарыс беріп отырды.

Пәкістан мен Үндістандағы жергілікті биліктің азаматтық беруге деген қарсылығына тап болған қазақ ақсақалдары Сринагар қаласында басқа мемлекетке кету мүмкіндіктерін талқыға салады:

1) халқы ислам дінін ұстанатын Сауд Арабиясына кету;

2) кейбір қазақ басшылары бірге жұмыс істеген Чан Кайши орналасқан Тайваньға кету;

3) Калифорния мен Техасқа көшуге ұсыныс берген АҚШ-қа кету;

4) Үндістан мен Пәкістанда қалу;

5) және соңғысы Түркияға кету.

Ақсақалдар ақылдаса келе алдыңғы төрт ұсыныстан бас тартады. Түрік тілі мен қазақ тілінің жақындығы, мәдени-тарихи ұқсастығы мен дін бірлігі де ескерілді.

Сөйтіп, 1951 жылғы 17 қазанда Пешаварда Түркияға Елісхан батырдың тобындағы қазақтардың көші-қонын ұйымдастырған «Қазақ босқындарының Шығыс Түркістан қауымдастығы» құрылды. Қауымдастық қызметінің арқасында 1400 қазақ есепке алынды, оның ішінде 1150 ересек және 12 жыл бойы Үндістан мен Пәкістанда өмір сүрген уақытта тірі қалған 400-дей бала да болды.

1952 жылдың 13 наурызында Түркияның Министрлер Кабинеті Үндістаннан, Пәкістаннан және Сауд Арабиясынан Шығыс Түркістан және қазақ босқындарының Түркияға қоныс аударуына рұқсат беру туралы          № 3/14595 шешімін қабылдайды. Түркияның Президенті Жәлел Баяр және Премьер-Министрі Аднан Мендерес бастаған Түрік Үкіметінің 16 министрі арнайы құжатқа қол қояды. 1952 жылғы 24 қыркүйекте ресми қоныс аударушы ретінде Түркияға тұрақты орнығу үшін Түрік Үкіметінің шақыруымен 102 қазақ босқынының алғашқы тізімі жасалды.

«Еуропадағы қазақ түркілері бюллетенің» мәліметтері бойынша 1953 жылы Үндістан мен Пәкістаннан 1941 жылы Елісхан батырдың басшылығымен Үндістанға келген және 1951 жылдың қыркүйегінде Құсайын тайшы, Сұлтаншәріп тайшы және Әлібек Хәкімнің басшылығымен Пәкістанға келген топтардан 1450 қазақ Түркияға көшіп келді.

Public Records Office Британ мұрағатының құжаттарына және Нью-Йорктегі БҰҰ-ның қорларынан алынған материалдарға сәйкес Пәкістаннан қазақ босқындарын көшіру кезіндегі іс-шараларды қаржыландыруда Кашмир және Үндістан Үкіметтері, мынадай бірнеше халықаралық ұйымдар қатысты: Америка филантроп қоғамы, АҚШ-тағы Христос Шіркеулері Ұлттық Кеңесін білдіретін Дүниежүзілік шіркеулер қызметі және БҰҰ. Өз кезегінде Түрік Үкіметі мұсылман «мұхаджирлері», яғни босқындары болып табылатын қазақ саяси босқындарын өз елінде орнықтыру жөніндегі барлық шығыстарды өз мойнына алды. Қазақтардың одан кейінгі Түркиядағы тарихы бәрімізге мәлім.

Ал, қазіргі уақыттағы Үндістандағы қазақтардың саны – 300-500 адам төңірегінде. Үндістанда Қазақстанға, қазақтарға деген қызығушылық әлі де күшеймесе бір де кеміген жоқ. Оған айқын дәлел – Делидегі Джамий Миллий Исламия Университетінде Қазақ тілі және зерттеулер орталығының ашылуы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

    1. Захир ад-дин Мұхамедммед Бабыр, Бабырнаме. Ташкент, 1992 жыл.
    2. Г.М. Меңдіқұлова, «Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие». Алматы, Fылым, 1997 жыл.
    3. Г.М. Меңдіқұлова, «Казахская диаспора и ирредента: история и современность».
    4. Мұрат Лаумулин. «Вдали от Родины», «Континент» журналы.
    5. «Википедия» интернет энцикопедиясы.
    6. «Кругосвет» интернет энцикопедиясы.
    7. www.kyrgyz.ru сайты.
    8. www.kazakh.ru сайты.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек. Облыс халқының саны – 864 500 адамды құрайды, бұл ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *