БІЛГІШБЕК

1 (2)

Мына әңгіме қазақтың төл әдебиетіне үлес қосатын тамаша дүние! Біз оқушы болған кезде «Батыр бала Болатбек» деген әңгіме болған. Барлық оқушы әлгіні жаттап айтатын едік. Өйтпесең «2» деген баға дайын еді. Қазір жадымызда қалмапты. Мына «Білгішбек» — өзіміздің батырымыз.

Ғанибет тамаша жазыпты. Сюжет құрылымы, тілі, бәрі тамаша. Бұндай шығарма тәуелсіз елдің балаларына өте керек. Шынайы әрі ұқыпты жазылған. Ғанибет бауырымыздың талантына ризамын.
Жақсы дүниелер қаламыңнан ақ қағазға төгіле берсін! Тілектеспін.

Талғат КЕҢЕСБАЙ, жазушы

(әңгіме)

Ерәділ әр нәрсені білмекке ұмтылатын сондай зерек те ақылды бала. Сабағын үздік оқып, сынып жетекшісінің үйге берген тапсырмаларын бұлжытпай орындау оның қашаннан бергі әдеті. 6 жастағы бұл жиеніме «Білгішбек» деп өзімізше ат қойып алғанбыз. Қашан көрсең де «анау неге олай, неге былай емес?!» деп сұрақтың астына алады да жүреді. Жағымды жаңалыққа жаны құмар. Арманшыл. Өзіне ұнаған деректерді жаттап алуға тырысады. Әлі кішкентай болғанымен, талабы таудай. Бұған ата-анасы да іштей дән риза. Тек «тіл-көзден сақтаса екен» деп тілейді. Ол атасын қатты жақсы көреді. Қайда жүрсе де жанынан бір елі қалмайды. Айтқан әңгімелерін, аңыз-ертегілерін құлағына әбден құйып алған. Тіпті үтір-нүктесіне дейін жатқа айтып бере алады. Тек атасының қатты ауырып, ауруханаға түсіпқалғанынан ба, әйтеуір, соңғы кездері көңіл күйі мүлдем болмай жүр…

Бүгін де ұлым Сұлтанды бесікте тербетіп отырған ол кенет маған қарай жүгіріп келді. «Тағы не сұрауға келдің?» дедім оны әдейі сөйлетпек болып. Өзіме қажетті мақала іздеп жаттым-ау деймін, сірә, әйтеуір, газет-журнал тігінділерін ақтарып отырғанмын. Ол әдеттегідей аузын бұртитқан күйі маған жақындап:

– Мамам айтты, атам жатқан аурухана алыс екен. Егер велигім болса бар ғой, тура 10 минутта-ақ (он саусағын шошайтып) жетіп барар едім… Сен маған қашан велосипед алып бересің?! – деп сұрақты төтесінен қойды. Қапелімде не деп жауап берерімді білмей абдырап қалыппын. «Анасының өткенде айтқан сөзін дереу қағып ала қойғанын қарашы, ә…»

– Айтшы, қашан алып бере-сің?! – деді сұрағын қайталап. – Егер сатып алып бермесең, онда Сұлтанды ойнатпаймын да бақпаймын!

«Мәссаған, безгелдек! Бүгінгінің балалары-ай…»

– Сол велосипедті жуырда сатып алып беремін, шын сө-зім! Өйткені, сен сабағыңды жақсы оқисың әрі Сұлтан ініңді ойнатасың ғой… Ал, «Білгішбек», – дедім оның ойын басқаға бөлгім келгендей. – Қандай тақпақ жатқа білесің, айта қойшы?

Ол бұ жолы бұлданған жоқ, сәл ойланып тұрды да:

– Ата, айтшы, ал енді,

Тәуелсіздік деген не?

Тамсандырар әлемді

Ән бе, әлде өлең бе?

Тәуелсіздік?

Бұл – бақыт,

Сарқылмайтын шаттық қой.

Келген бізге бақыт қой, – деп тақ-тақ етті.

– Бұл өлеңді қайдан жаттадың, кім жазған екен? – деп сұрадым.

– Бұл өлең «Тәуелсіздік деген не?» деп аталады. Сұлтан Қалиұлы атамыз бізге арнап жазған ғой.

– Ой, бәрекелді! Ал, кім үйретті?

– Атам үйретті…

Осымен екеуара әңгімеміз тәмам болып, ол өз жөнімен ойнап кеткен…

Сүт пісірім уақыт өтті ме, өтпеді ме, әйтеуір, салған жерден жиенім үйге әдеттегідей даусын көтере сөйлеп кірді. Мен «маңызды бірдеңе айтуға келіп тұрсың-ау» деп ойлап үлгергенімше болғанша жоқ, ол:

– Нағашы аға, сен адамды жәндіктер шағып алса, қандай көмек көрсету керек екенің білесің бе? – деп сұрады. Шыны керек, ортаға дәл осындай сауал тастар деп еш ойламаған едім. Уақытымның жоқтығын айтуға оқталдым да, ол райымнан тез қайтып:

– Шын білмейді екенмін, білсең, айта қойшы, қане? – дедім.

– Ал мен білемін! – деді ол маған маңғаздана қарап қойып. – Кеше оны мамам айтты, әрдайым есіңде сақтап жүр деді.

– Бәрекелді! Әрине, сен білесің! Өйткені, сенің мамаң үлкен дәрігер ғой! – деп мақтап қойдым. Ол арқаланып кетті-ау деймін, маған қарап жымың-жымың етіп, іле-шала тамағын кернеп алды да:

– Көптеген жәндіктің шағуы адамдар үшін аса қауіпті емес, – деді көзәйнегін тәмпіш мұрнынан сәл түсіріп қойып. – Аз ғана емдікті қажет етуі мүмкін. Ал жылан, өрмекші немесе шаян секілді улы жәндіктер шақса, онда адам өміріне өте қауіп төндіруі ықтимал…

– Солай ма? – дедім оған таңырқай қарап. Ол мұқият жаттап ал дегендей сәл-пәл үнсіз тұрды да, әлдене есіне түскендей маған қарай ұмсына түсті:

– Улы жылан шаққанда бірнеше минуттың ішінде ауру, ісік пайда болып, адамның түсі бозара бастайды. Терінің асты қанауы мүмкін.

– Білгішбек десе, білгішбексің-ау! Осының бәрін қалай миыңа құя бересің? – деп алғашқыда шын таңғалып, кейін көз тимесін дегендей «тіфә, тіфә, тіфә!» деп түкіріп қойдым. Кенет Ерәділ:

– Улы жәндік шаққан балаға алғаш қандай көмек көрсете аласың?! – деген сұрағын ортаға лақ еткізді. Мен иығымды қиқаң еткіздім.

– Дененің іс-қимылы қан айналу жүйесін арттыратын-дықтан, улы жәндік шаққан баланы дереу көлеңкелі, салқын жерге жатқызып тыныштандыру керек, – деді ол. Бұдан соң ойланғандай кейіп танытып, екі қолын артына аяқастырып, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүрді.

– Әсіресе, – деді кіп-кіш-кентай сұқ саусағын шошайтып. – Улы жылан шаққанда жедел ауруханаға жеткізу мүмкін бол-маған жағдайда, алғашқы көмек бір сағаттың ішінде жасалуы керек! Жараланған жердің тіс іздерін көлемі бойынша кесіп, қанын сорып, қанату керек.

Оның кішкентайлығына қарамастан үлкендердің өзі біле бермейтін мағлұматтарды құдды мамандарша сайрап айтып отырғанына риза болғаным сондай, аузым ашылып қалыпты.

– Бірақ қанды сорған адам-ның аузында жара болмауы керек, – деп сөзін ары қарай жалғады. – Ауруханаға жеткенше жараланған жерге суық су немесе мұз қою удың қанға араласуын баяулатады…

Таң-тамаша қалғанымды сезіп отыр-ау деймін, даусын үсті-үстіне көтеріп қояды.

– Ара шаққанда инесі қа-лып кетсе, – дейді бұдан әрі. – Қанатпастан, зақымдамастан инені суырып алу керек. Ара шаққан жерге мұз немесе суық суға батырылған мата қойылады.

– Ал кене шаққанда қалай болады? – дедім әдейі оны сынап көргім келіп. Ерәділдің де айтар жауабы дайын екен:

– Кене шаққанда ол жәндікті қолмен суырып алмау керек. Себебі, кененің басы терінің астында қалып кетіп, аллергияға ұшыратып немесе қабынуларға себепші болуы мүмкін. Кененің үстіне темекі секілді отты нәрсе қойылады. Немесе үстіне спирт, иіс су (әтір) себілген мақта қойы-лып, кененің өздігінен шығуын қамтамасыз ету керек.

– Бәрекелді! Өркенің өссін! Осы білетіндеріңді оянғанда Сұлтанға және оның мамасына да қайталап айтып берші, жарай ма! – дедім.

Осы сәтте оның көзі қолым-дағы газетке түсті.

– «Өздігінен тербелетін бесік»! Мәссаған! Қалайша?! – деп әдетінше жаныма малдас құрып отыра кетті. Екі көзінен ұшқын атады. Егер сіз тап осы сәтте «Білгішбектің» жанында отырсаңыз, сөзсіз, соны білмекке құмартып отырғанын бет-жүзінен-ақ анық аңғарар едіңіз.

– Иә, – дедім сенімді үнмен. – Өздігінен тербелетін электронды бесікті ойлап тапқан Астанадағы Еуразия университетінің студенті Серікбол Шаймардан деген ағаң!

«Енді неге тұрсың, оқып бермейсің бе» дегендей, ол тіпті менің жаныма шынтақтап жатып алыпты. Содан, амал жоқ:

– Бала жылай бастаса, бесік тербеле бастайды, – деп газеттегі мақаладан үзінді оқи бастадым. – Оның тағы бір ерекшелігі, мұнда сүт жылытатын құрылғы, бала бұтына дәрет жіберіп қойғанда белгі беретін қоңырау және ана әлдиін есіне сақтап, сәбиге қайталап айтып беріп отыратын қондырғы бар…

Ол «ары қарай жалғастырып оқи бер» дегендей, басын изеп қояды. Кенет:

– Мәссаған! Фантастика! – деді (өзі орыс тіліне судай, ал ағылшын тілін үйреніп жүр).

– Көрдің бе, Серікбол ағаңның ойлап тапқан бесігін «ақылды бесік» деп атасақ, қателеспейміз. Солай ма?

– Әрине! – деп ол қуанып кетті.

– Өйткені, өзіңнің мамаң сияқты аналардың қолын ұзар-тады ғой. Мінекей, ол осы жобасымен түрлі жарыстарға қатысқан. Сынақтардан сүрінбей өткен.

– Қазір ол бесік қайда? – деп сұрады қарап отырмай.

– Ол әзірге шыққан жоқ, жақында шығарады, сосын сен Сұлтанды бүгінгідей отырып алып тербетпейсің, – деп күлдім.

– Тағы қандай заттар жасапты? – деп қызығушылық танытты жиенім.

– Айтпақшы, кәдімгі өзің күнде сабаққа апарып жүрген циркуль бар емес пе?

– Иә!

– Сен білесің бе, ол циркуль-дің жаңа түрін Қытайда 6-сы-ныпта оқып жүргенінде ойлап тауыпты. – Ол «рас айтып отыр-сың ба?» дегендей маған барлай қарады.

– Рас айтамын, бірде Қытай телеарналары өнертапқыш ұйғыр балаларын көрсетіп, оларды жер-көкке сыйғызбай мақтапты. Сонда Серікболдың санасына «Ұйғыр баласының менен қай жері артық?! Ол тапқан өнерді мен неге таппаймын?!» деген ой келеді. Бір күні сабаққа қалам алып баруды ұмытып кетіпті. Мұғалім «қалам тап та, жаз!» депті. Сөмкесін ақтарған оның қолына кәдімгі циркуль түседі. Соның басындағы қарындашпен ұстазының айтқанын жазып отырып: «Осы циркульді жетіл-дірсе, оның мүмкіндіктерін арттырса қалай болар екен?» деп қиялдапты. Сөйтіп жүріп, 2 ай уақыт өткенде шеңбер сызуға арналған қарапайым құралды күрделендіріп, оған қалам, қарындаш, сызғыш, штрих, өшіргіш, транспортер, үлкейткіш линза, ұштағыш, орнықтырғыш, сағат және қалам мен қарындаштың қабын қосқан екен. Міне, осылайша, қарапайым циркуль әмбебап циркульге айналып шыға келген.

Айтқан әңгімелерімді ұйып тыңдаған Ерәділ:

– Ендеше, сондай циркуль алып бер маған! – деп қолқа салды.

– Ерәдөш, – дедім. – Бірақ ол циркуль де әлі дүкенге түскен жоқ қой?! – Ол маған сенбегендей сынай танытты. Амал қанша…

Осылай дедім де, оның кекілінен сипап, сыртқа шықтым. Ол сол күйі өз ойымен әуре болып отырып қалған.

Түс мезгілі еді. Айнала күн нұрына малынған. Солтүстік жақтан самал жел баяу еседі. Әне, жер бетінде бір топ құмырсқа қыбыр-қыбыр етіп, өз жөндерімен кетіп барады.

Осы сәтте бұрынырақта бір кітаптан оқыған мына бір мәліметтер есіме сап ете қалды. Ұмытпасам, құмырсқа өзінен 80 есе ауыр салмақты көтереді екен. Олардың ұжымдасып, өздерінен әлдеқайда үлкен затты сүйреп бара жатқаны міне, ал тыныштығын бұзған жанға бірнешеуінің жабыла қарсы шыққанының талай куәсі болғанымыз бар. Құмырсқа илеуі, былайша айтқанда, топтасқан құмырсқалар ұясын әдетте топырақтан, қылқан жапырақтан жасайды екен. Ол құмырсқалардың тамақ қалдықтарымен шымдалады. Оның құрамында сілекейлі у көп. Бір-біріне жабысып, жымдасқан құмырсқа илеуін кез келген долы жел, қар суыратын дауыл да ұшыра алмайтынға ұқсайды. Ол ол ма, ертеректе аңшылар жаңбырлы күз бен қақаған қыста құрған қақпандарының шаппай қалмауы үшін айналасын құмырсқаның илеуімен көмкеріп тастайтын болған. Өйткені, илеу қандай суықта да қатпайды, қақпанның қандауызын қатырмай-ды. Оны айтасың, ол аң атаулыға темірдің иісін де сездірмейді екен. Құмырсқаның илеуі халық емінде де жан-жақты қолданылады.

Осылайша ойланып отырғанымда өз тобынан ажырап қалған ба, әйтеуір, бір құмырсқаның тістеген жүгін көтере алмай мықшыңдап жатқанын көзім шалып қалды. Мен оны дереу еппен көтеріп алдым да, ұясының тура кірер көзіне тасып бара жатқан дәнімен бірге қойдым. «Еңбекпен тапқан тамағын балаларына апарып берсінші…»

Осы көріністі, бұдан соң құмырсқалар туралы есіме түскендерді тезірек Ерәділге айтуға асығып, үйге кірдім. Ол бесіктің түбінде етпетінен жатып алып, кітап ақтару үстінде екен. Кенет ол маған қарап жымың-жымың етті. Сөйтсем, ол бесіктің белағашына жіп байлап қойып, сол жіптен мықтап ұстап алып Сұлтанды баяу тербетіп жатыр.

Ерәділге аяғымның ұшымен басып бардым да:

– Сен білесің бе, Жер ша-рында құмырсқаның 9 мың түрі бар екен… – дедім. Ол бұ жолғы айтқан әңгімеме селт ете қоймады. Қайта бесіктегі баланы тербетудің әдісін ойлап тапқанына қуанышты сияқты. Кенет ақырын құлағыма сыбырлап:

– Нағашы аға, – деді. – Мен ертең дәрігер болғанда адамды еш ауыртпайтын, өлтірмейтін дәрі ойлап табамын!

Атасының ауырып жатқаны жанына батып жүргенін бұрын-нан сезетінмін.

– Әрине, табасың! – дедім күбірлеп. – Тек аман болшы…

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

 

Мынаны да қараңыз

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. Ахаң мен Жахаң салған азаттық жолы (жалғасы)

Байтұрсынұлының Орынборға жер аударылуы   1910 жылдың сәуірі. Семей қалалық түрмесінің алдына бір топ адам жиналған. ...

3 пікір

  1. Балаларға нағыз керек дүние екен. Осындай шығармалар көп жарияланса екен сайттарыңызда. Балама оқып бердім әңгімеңізді. Жазарыңыз көбейсін, авторға рахмет!

  2. Алаштанушы жігіт.

    Әңгіме бірсыдырғы жазылған сияқты ма?)

  3. Мұқибек.

    Ей, Алаштанушы! Сының болса, жазғын, көрейік біліміңді, әлде әркімнен көшіріп жүрген алаштанушысың ба?

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *