
Қазақ оқығандарының бастарынан өткен құрбандықтар мен жанкешті азаптарының бірден бір себебін нақты ғылыми тұрғыдан дәлелдеген Ахаң: «Қазақ баласын бауырым, ұлтым, жұртым – деп үйреніп қалған қазақтың қалам қайраткерлері Октябрь «1917» өзгерісі болғанда Интернационал (бүкіл адамзатқа ортақ бауырмалдық) болып өзгере алмады. Сондықтан Интренационалдық жолға қызмет етіп, басшылық қыла алмады» — деді.
Қазақ көшбасшылары — қанындағы осы Ұлтшылдығы үшін 1920-40, 1951-53, 1986-89 жылдары қатты сыналып, арнайы бақылауға алынып, жазалау мәшинасының құрбаны болды. Солардың жоғарыда аталып өткендерінің басы да Ахаңның өзі болды. Ауылдастары ғана емес бүкіл Торғай халқының қамы үшін 1921 жылғы қызметінің өтеуін бүкіл өмір бойы сот, қудалаумен өткізген Қазгелді Қарпықов, сол жолда балалары: Әбіл, Қабылымен қоса азапты жол құрбаны болғаны куә. Бұл балалардың бірі — Қазақстан комсомол комитетінде, бірі Ішкі істер бөлімінде істеп жүрген жерлерінен ұсталып, өмірлері немен, қалай аяқталғаны белгісіз болып кеткендер. Ал әкелері Қазгелдінің қашып Іле ауданындағы құрдасы «Уақ», 97 жастағы Мұқанның Смағұлы өзін бірталай уақыт паналағанын 2017 жылы телефон шалып, осы жолдардың авторына айтқан еді. Содан ол кісі әйелі, балаларынан айырылып, жеңгесі Үмітпен (ағасы Бейістің әйелі) екеуі Қырғызстан асып, сондағы Смағұлдың ағасы Сабыр молдамен көрші туысы Зекен Нысанбайұлына кездеседі. Соғыстың соңғы жылы Қызылорда арқылы Жезқазған өтіп, онда бірер жыл аялдап, ауру меңдеген соң, Зекенді отбасымен сонда тастап, жеңгесін ертіп елге оралды.
Мойынты — Шу теміржолында істеп, аз ғана жеңілдікпен елге оралған інісі Ерғалиға жеңгесін табыстап, жалғыз қарындасы Кәленге зиянын тигізбес үшін Қашақбайдың Кенжебайының үйін паналайды. Ұзаққа созылған «өкпе ауруынан» қайтыс болып, 1949 жылы Көбек тамына жерленеді.
Ахаң Торғайдағы өзі оқыған орыс-қазақ мектебіне Қазгелді Қарпықұлын, Досжан Жоңқабайұлын, Әмір Қалиұлын, Тілеуқабыл Тұрғынбекұлын, Темірбек Есмағанбетұлын, Спандияр Ақтас ұлдарын оқуға тартқан. Бұлардан кейінгі толқындардың да бір қатарын Орынбор, Қызылорда қалаларына оқуға жетелеген (бұлар туралы кейінірек әңгімелейміз).
Біздің аймақта 1926 жылдары алғаш ашылған сауаттандыру жөнінде еңбек еткен тұңғыштар қатарында: Гакаша Әбілхайырұлы, Ахметжан Бұхарбайұлы, Хасен Тобатайұлы, кейінірек, 1933 жылдан кейін Сейдеғали Сатайұлы, Сұлтанғали Стамқұлұлы, Закария Ғапбасұлы, Мұсағали Жармағанбетұлдары келді. Олардың алғашқы оқушылары болып 1916-20 жылдары туған 30-ға дейінгі сауатсыздар еді. Олар: Ағытай, Амангелді, Жұманұр, Мағзұм, Ахат, Әбдікәрім, Жұмабай Сарысы, Жақыпбек Шілтені; Ібжардың Сапабегі; Молдахметтің Нұртазасы т.б. еді. Тәркілеу, Ашаршылық бұзған 1,5-2 кластық білімдерімен осылар өткен ХХ ғасырдың 60-70-жылдарына дейін есепші, бригадир, завферма, колхоз басқармасының орынбасары, тіпті, кейбір наны жүргендері колхоз басқармасы болғандары бар.
Тәркілеу бізде басқалардағы сияқты қатаң жүргізілген жоқ. Оған: үлкен байлардың болмауы, құл-күң ұстайтын қанаушылардың болмауы, тап аралық наразылықтың туындамауы себеп болған. Мысалы, Таңбайұлдары Көбек, Кәйдектер қарамағындағыларды мырза-малай етіп ұстап, еңбекақыларын ырзашылықпен келісімді бөліп беріп отырған. 600 бастай жылқы, 50-ге тарта түйе, 500 бастай қой-ешкісі бар Қақылұлы Жаулыбай өзімен кейін іліктес (қыз беріскен) болған Байнияз әулетімен, өз балалары: Жақсылық, Сағындық, Жақсымбектермен, қыздарымен бағып күткен. Осыған орай ма, Жаулыбайдың малдарын «Қыдыр бағады» деген әңгіме тараған ел арасында. Шындығында Жаулыбайдың шанамен 3,5-4 тонна тартатын «Ақбайпақ» атан бастаған бірнеше атаны болыпты. Бұл жүк көліктерін Төлебайдың Тәшмағанбеті Мәйті деген атамызды Керуенбасы етіп жалдап, кіре тартқызады екен. Нұханың Жаппасбайы да өзінің 2,5-3 тонна тартатын «Шөлек» нарына оншақты түйе бастатып кіре тарттырады екен. Жылына бір рет қана шығатын бұл кірешілер елден жиналған мал және мал өнімдерін Бұхара, Троискіге апарып, азық-түлік, тауарға (мата) айырбастап, ел қажетін өтеп отыратын болған. Осындай елге жасаған жақсылықтарынан шығар, Жаулыбай малдарын айдап қана кетіп, өздерін аман қалдырған. Ақжан баласы Байбосын деген атамыз 1912 жылы «Қоскөл (Мырзакөл)» басында бүкіл малын таратып, 12 қанат Ақбоз үйін тігуімен тастап, екінші рет Меккеге анамыз «Жәмеңке Сүгір» Шоя Жансеңгір қызымен екеуі аттаныпты. Тілектері қабыл болып сол сапарда екеуі де қайтып, топырақ «Жаннатул Мұғалладан» бұйырыпты.
Ақкөл аймағындағы «Қырықмылтық» Есқожа, Белқожаларғада онша зорлық жасалмаған. Бізбен шектес, ауыл аралас, қойы қоралас болған Сазанбай, Қарсақбай жақтарын, Жыланшық бойларын мекендейтін Шақшақ-Ақназар, Қыпшақ-Жарбасты байлары Наурызым, Дәмді Тобыл бойларына 1921-ші жылғы жұттан кейін-ақ көшіп кеткен.Соған байланысты олар жөніндегі толық мағлұматты Рахымжан Бектұрғанов ағамыз айтқандай оны білетін қарттардан қара үзіп қалдық. Кезінде талпыныс жасағанмен ол да(Р.Б.) мен де өз әкем Ағытай және оның құрдастары Амангелді, Жұманырлар жарытып «қорғалақтап» ешнәрсе айта алмады.Ұрпақ жүрегін жараламас үшін ол да дұрыс шығар!?..
Анығы, ел қорғаны болған дәулетті аталарымыздың көбі 1928-37 аралында қуғындалып, атылып, асылғаны Ұрпақтарының әбден заразап болғаны. Зорлықпен ықтиярсыз жасалған 1927 жылдан басталған (Ұжымдастыруға бағытталған әулет-әулет болып құрылған бірлестіктер ғұмыры ұзаққа бармады. Мұндайлардың саны біздің аймақта 15 болды) ақыры 1929 жылғы «қарадүрсін» көтеріліске әкелді. «Қарадүрсінділігі» ешқандай жоспар-стратегиясыз, сауатсыз халықты арандатып қырғынға ұшыратқаны. 1921 жылғы «тасмешіннен» жүдеп шығып енді-енді жанданып келе жатқан елді алдымен ірілерін тәркілеу, күштеп серіктестік, Тоздар құру басталды. Бұлардың мәнісін жете түсінбей, бірер малын ортаға салып күштеп біріктірілген қараңғы халықтың бұл өзгерісті қабылдауға өресі жетпеді. Осындай пиғылдан біздің елде «Колхоз тараса қарала өгізім өзіме қайтса» деген тілек туды. Бұл тілек баршаға жайылды. Ақыры ашаршылық болды…
Бұдан бірен-саран аман қалған елге тағы да күшпен сыналаған ұжымдастыру енді. «Орташалау» науқаны басталып, елде тапқа бөлу орын алды. Тапқа бөлінген елде Шолақ белсенділер көбейді. Жастарға комсомолдық әпербақандық желік жұқты, әйел бостандығы деген де ағайын шырқын бұзды. Жалпы бұрынғы қалыпты санасы шайқалмаған ауыл қазақтарымен санасу болмады. Аты-жөні жоқ, түрі көп салық мал-мүлік, дәулеті ескерілмей «сал да ала бер, сал да ала берге» көшті. Бұлар: шаңырақ салық, түтін салық, жүн, ет, май салығы, тіпті, құс өсіріп, егін екпейтін елдерге жұмыртқа, астық салықтары салынды. Шынында қолында да, қорасында да жоқ ел жөн-жосықсыз салық қысымына шыдамай жерінен кетуге мәжбүр болды. Киіз үйін тігуімен қалдырып ауылнайға келіп: «Шаңырағың анау тұр, салығыңды сал да ала бер, сал да ала бер» деп жалғыз сиырына қатын-баласын мінгізіп алып, әуелі Таран ауданына, кейіннен Қарсақбайдың Дәбиін қоныс еткен Тасқара атамыздікі астарлы саяси қарсылық емес пе?..
Осындайда өз әкемнің екі әңгімесі есіме түскені. Бірі — әкем қайтқан жыл, шамасы, Қарақұм бандылары кезі болса керек. «Анам, қарындасым — үшеуміз. Ортамызда әрі сиыр, әрі бие жалғыз көк бие ғана бар. Соны күнде кешкілік үй іргесіне арқандап әрі аяғына кісен салып, арқаннан ұстап жатып жаз бойы күзетіп шықтым. Бұл 1932 жылдың қарсаңы еді. Ақыры күзге салым сойып алдық. Аштықтан аман шығуымызға сол да сеп болды-ау деймін.
Екіншісі, аштықтан кейін бізге көмекке бір көк қой тиді. Белсенді бір ағамыз қайта-қайта ортаға сал дей берген соң әжемнің (шешемді әже деуші едім) айтуымен сойып, етін шөмеленің астына тығып тастадым. Көршілерді шөптен уланып өлгелі жатқан соң бауыздап алдым деп құлақтандырдым. Онымен іс бітпей ауылнай, ауданнан келген өкіл екеулеп жауаптың астына алды. 3 рет жауап алды. Әйтеуір, бақ беріп бір ауыл ақсақалының (куәлік етіп жүрген) райынан қайтып, балалар, айналайын, жетім бала ғой, өтірік айтпайтын шығар деп құтқарғаны ғой».
Ел ішінде сол замандағы мұндай жағдайлар кешегі өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін орын алды деп айтып отырушы еді, кейбір ақсақалдар. Бұлардың барлығы болмағанымен нақты деректерімен кейбіреулерін білсем де атын атап, түстемеуді аға ұрпақ өкілі ретінде өзіме парыз еттім.
Тарихымыздағы ақтаңдақтардың ақиқатының ашылуы бізге ғана емес Республикаға үлкен зәбірмен өте кеш келді. Кезінде әуелі Тосын болысы 5-ауыл, 30-жылдардан 1-ші ауыл атанып келген біздің елден 100 (нақтыланбаған есеппен — 97) адам сотталып, атылды, одан қалғаны азапты жағдайдан өмірден өтті. Осыны желеу етіп, өткен ғасырдың 20-80-жылдары Ақкөл аймағындағы ел «іштей болса да» халық жауының елі атанып, қауіпке ілініп жүрді. Заман зауалы тимеген әулет, отбасы кемде кем болды. Үкімет те, билік басы да көнбегеннің басына әңгір таяқ ойнатып, көнгеніне ғана «шала қабақ» танытып келді. Алайда, талай-талай қырғыннан, алапат аштықтардан шығып жүрген қыран халық Қазақтың бір бөлшегі Ақкөл аймағы жұртшылығының Отанның ортақ шаңырағына қосқан үлесі еселеп өспесе азайған емес.
«Өткен күн көзге — күңгірт, ойға — қанық» демекші, осылайша аштықтан Ақтөбе өлкелік комитетінің өкілі Нишанбековтың келтірген мәліметі бойынша: Батпақара ауданында бар малдың 4,1, Торғай ауданында — 3 пайызы ғана аман қалып, екі ауданда — 2500 адам аштан өліп, 8500 адам аштық қаупінде болған. Бұнымен қоса елді мекендердегі жағдай бойынша да мәліметтер келтірген. Торғай өңірінде 2-ші, 13-ші ауылдар аудан картасынан өшірілген.
«Құдайдың бір аты — халық» деген. Ел 1933 жыл жазынан бастап әупірімдеп еңсе көтере бастады. Ел қатарлы үзілгенді жалғап, жоқты жасауға ұмтыла бастады. Үкімет те ептеп-ептеп есін жыйып, елге көмек қолын соза бастады. Тұқым алып, бұрынғы атпадан аяқ егіске көшті.
***
Атпа демекші, 1929 жылдары болған бұл кәсіп: су ұстарлық жыра, сайларды жазғытұрым бөгеп, жиналған қар суын төменнен жоғарыға шелектеп қолдап жаптарды жалғастыратын арықшалар арқылы атыздарға су шығару. Мұндай кәсіп Қосбидайық, Дәнсары, Шошқакөл, Егінкөл, Жетікөл, Көбен Қарасуының: Ақсай, Жатақайларда көптеп болған. Біздің құлағымызға жеткен Ақкөл басындағы «Ахат сайы». Шәймерден, Міркемелдің әкелері атпалап су шығарған орынның бірі ғана.
1933 жылы Дүйсебектің Қасымы Сыпсыңнан пар өгізбен айжарым жүріп Жармағанбет Жұмабайұлын (Жармақ ұста) көшіріп әкелді Қабақ колхозына. Шығыр салу барлық серіктестіктерде Жыланшық бойындағы Көкталдан бастап Мәшенге дейінгі өзеннің екі бетіне шоғыландырылып, «көшей Жаппас» — Оспан, Жармақ ұсталар Ұстахананы Іскендір қыстауына орналастырды. Оларға: Сағадан — Байқасынұлы Орынбай, Шөмішкөлден — Аманшаұлы Дүйсенқұл, Қабақтан — Медеуұлы Санғали, Збаннан — Жүсіпбектің (Жоңқабай) Жақыпбегі, Жаңақұралдан – Баспақ Темірбекұлы сияқты көмекшілер тағайындалды. Ауданнан өте жеткіліксіз болса да аракідік берілетін қаңылтыр орнына орынағаш, қасенек, кегей, шелек, астау, суалман, қуырылман, тегеріш, тебендірік т.б. шығыр құралдарын жасау үшін арам өлген ірі қара, жылқы терілері қолданылды. Шегелер кептірілген тал шыбықтарынан жасалды. Жеке-дара қамыттар, жетек, арба дөңгелектерінің шыбықтары сияқты еңбек құралдары: тал, жиде, жыңғыл, сексеуілдерден жасалды. Осы кезең (1933-58 ж.ж.) ел адамдарының жанқиярлық еңбегінің куәгерлері болып осы естелікке үлес қосқан. Көзі тірі: Қойшының Ғайыпназары, Бөрібайдың Арғынбай, Кәдіржаны, Сүндетбайдың Рақымжаны, Мырзахметтің Бақытжаны, Нұрғазының Есболаты, Дәулеттің Мирашы, Опабектің Серікбайы, Қасым — Сейдахметтің Қуаныштары, Бәйдебектің Қайдары, Кенжеғұлдың Қасқырбайы, Ералының Сапары, Хайролланың Айдарбегі, Кірқабақтың Темірі және Мен (И.А.) солардың өгізіне мінгесіп, далаға түнеп, шөп шөмелелеп, жер шауып жүрген жесірлердің қойнында жатып өскендерміз. Сонымен қоса өткендеріміздің шет жағасын еміс-еміс естіп, көкірегімізге түйіп өсіп, тірі қалған өкілдерміз. Біз естіп өскен ағайынды ағайын дұшпан тұтып, әке мен бала алакөз болған заманды да еліміз бастан кешірген. «1933 жылы жаз туысымен адымын жаңа аша бастаған ел етегін жаба қоймаған еді. Осының куәсіндей ағайын ішінде 32 жылы туғандар бірен-саран, 33-те туған дегендер еске түсе қоймайды. Бұл бүкіл Қазақ даласына ортақ –Демография» (Мақаш Тәтімов жазбаларынан).
Ибраһим АҒЫТАЙҰЛЫ,
журналист, өлкетанушы, қаламгер
(Жалғасы бар)
Фото: e-history.kz
Тобыл-Торғай tobyl-torgai.kz