«Қолмен жұмыс жасайтындардың олимпиадасы» немесе қазақ балалары арасынан әйдік аспаз шықса, айып па?

%d1%88%d0%b0%d1%88%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b71

Кеше елордадағы Оқушылар сарайында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен World Skills Kazakhstan Ұлттық чемпионатының ашылу салтанаты болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында техникалық мамандықтардың әлеуетін арттыру және жалпы ұлттық еңбек қоғамын қалыптастыруға қатысты берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қолға алынған шараның өз ерекшелігімен есте қалатыны анық.

Еліміздің 16 аймағынан елорда төріне жиналған 140 байғау қатысушысы чемпионатта 15 құзырет бойынша шеберлік сынасты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шәкірттер — шетінен әйдік мықтылар секілді. Осы кезге дейін өздері меңгеріп жатқан кәсіптерін тәжірибе жүзінде ортаға салғанда, көпшілік таңғалыстарын жасыра алмады. Екі оқушы, сірә, астана мектептерінің бірінің шәкірттері болса керек, кәсіптік мамандық иелерінің арасында өз ісінің үздігі, шын шеберлер болады екен-ау деген тұрғыда өзара сыбырласып қалды…

Мейрамхана ісі (аспазшы), мейрамханаға қызмет көрсету, кондитерлік, шаштараз, киім дизайнері, кірпіш қалаушы және басқа да мамандықтар бойынша өз шеберліктерін ортаға салған ұл-қыздар арасынан жеңімпаздар болғандар ұлттық құрамаға кіреді, сондай-ақ, Қазақстанның намысын Швецияда өтетін Еуропалық турнирде қорғайтын болады.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева байқауға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, World Skills Kazakhstan-2016 чемпионаты ашылу салтанатының Құрбан айттың алғашқы күніне дөп келуі қуантатынын жеткізді. «Бар болғаны екінші жыл оны мерекелеудеміз, алайда, аз уақыт ішінде біз оны жақсы көріп қалдық. «Кәсіпқор» ұлттық холдингіне, Кәсіпкерлер палатасына және тағы да басқаларына осындай маңызды мерекеге қол ұштарын бергенге алғыс білдіргім келеді. Министр Ерлан Сағадиевтің атынан табыс тілеймін», — деді ол.

%d1%88%d1%8b%d0%b8%d1%8f

Ал енді World Skills дегеніміз не, соған қысқаша тоқтала кетсек. World Skills International (WSI) — халықаралық коммерциялық емес қауымдастық, оның мақсаты кәсіби дайындық пен біліктілік мәртебесін және стандарттарын арттыру, әлем бойынша халықаралық сайыстар өткізу арқылы жұмысшы мамандықтарды көбейту.

WSI World Skills Competition кәсіби шеберлік сайыстарын 16-25 жас аралығындағы жастар арасында қауымдастық мүшелері болып табылатын әр түрлі елдерде жылына екі рет ұйымдастырады. Сайыстар аясында әр түрлі елдерден келген адамдардың қабілеттері салыстырылады. World Skills Competition-ды, сондай-ақ, «Қолмен жұмыс жасайтындар арасындағы олимпиада» деп атайды. Қазіргі уақытта World Skills әлемдегі ең ірі кәсіби шеберлік сайысы.

Техникалық мамандарды насихаттап, дүниежүзінде кәсіби мамандар даярлауды, сапасын сынап, біліктілік мәртебесін арттыруды көздейтін халықаралық қауымдастық құрамына бүгінгі таңда 75 мемлекет кіреді. Еліміз WorldSkills қозғалысына 2014 жылы қабылданып, 2015 жылы елімізде алғаш рет WSK ұлттық чемпионаты өткізілген болатын. Оған 14 облыс және Астана, Алматы қалаларынан белгіленген 7 құзіреттілікке 70-ке жуық үміткер қатысқан еді.

«Чемпионат Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру аясында өткізілуде. Бастапқыда облыстық турнирлер өтті, ал бүгінгі жеңімпаздар ұлттық біріншілікке қатысуда. Олардың саны 1200 адам. Жыл сайын құзыреттің саны өседі және біз 2019 жылы олардың санын 47-ге дейін апаруды жоспарлаудамыз», — дейді «Кәсіпқор» Ұлттық холдингі төрағасының міндетін атқарушы Нұрғали Аршабеков.

Ендеше, қазақ балалары арасынан да білікті жұмысшы мамандар шығып жатса, оған ҚР БҒМ мен «Кәсіпқор» Ұлттық холдингінің қосып жатқан үлесі салмақты екенін аңғарамыз.

Екі қолға бір күрек іздеп жүрген немесе техникалық мамандықтарда оқығысы келетін жастар кірпіш қалаушы, сылақшы, гипсокартоншы, маляр, безендіруші, плита қаптаушы, электромонтаждаушы, веб-дизайнер, желілік және жүйелік басқару, мехатроника, дәнекерлеуші, шаштараз, аспаз, мейрамхана қызметкері, кондитер болуды меңгеріп, шеберліктерін шет елдерде шыңдап жатса, жетістік емес пе?!

Әрі бұл кәсіптердің қыр-сырын үйреніп алсаң, өзіңе жақсы, көл-көсір болмаса да, адал табыс табасың. Ол білгеніңді одан ары дамытсаң, тіпті, өз кәсібінің әлемдегі әйдіктерімен де тәжірибе алмасасың. «Әлем» демекші, ОҚО өңірінің шәкірті де танымал дизайнер болуды армандайды екен.

%d0%b4%d0%b8%d0%b7%d0%b0%d0%b9%d0%bd%d0%b5%d1%80

«Барлығы қуыршақтарыма киім тігуімнен басталды. Кейінірек көрпе-жастық тіге бастадым. 5-сыныпта оқып жүргенімде мектеп бағдарламасы бойынша әйелдерге арнап киім пішсем, 9-сыныпқа көшкенде ерлерге, соның ішінде әкеме арнап киімдер тіктім. Сөйтіп жүріп, үйдегілердің барлығын киіндірдім (күледі). Біздің колледжде оқушылардың құрастыруымен жасалған коллекция бар, біз енді оны ЭКСПО-2017 көрмесінде паш еткіміз келеді», — дейді наурыз айында өткен аймақаралық World Skills Kazakhstan-2016 байқауында «Киім дизайнері» аталымында 1-орынды жеңіп алған  Шымкент қаласындағы №5 колледж оқушысы Елдос Мырзахметова.

%d1%88%d0%b0%d1%88%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b7

Айтпақшы, тағы бір қуантарлық жағдай, еліміз EuroSkills халықаралық ұйымына мүшелік етіп, биылғы 30 қараша мен 5 желтоқсан аралығында Швецияның Гетеборг қаласында болатын чемпионатқа шақырту алды. Бұған ұлттық жарыстың жеңімпаздары қатысады деп жоспарланып отыр.

P.S. Ұмытып бара жатыр екенмін, бұл сайыс 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Елордадағы политехникалық колледждерде, BI Group құрылыс компаниясының Оқу-тренерлік орталығында, «Тошкент» мейрамханасында, Сұлулық салондарында… шебер шәкірттер өз білетіндерін көпшілікке көрсетіп, сайыс ұйымдастырып жатыр. Бәлкім, мен де осындай бір кәсіпті меңгеріп алармын? Кім білсін, ә…

 

 Дәулет СЕРІКБАЙ, Астана

 

 

Фотолар www.inform.kz, astana.gov.kz сайттарынан алынды

 

 

 

 

 

Мынаны да қараңыз

Түркияда жаһандық туризм өкілдері бас қосады

Түркия биыл алғаш рет GSTC тұрақты туризм конференциясын өткізуге дайындалуда. Конференция елдің туризм астанасы – ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *