Еркеғали Бейсенов: КӨКЕСІНІҢ АРҚАСЫНДА КӨТЕРІЛЕТІНДЕРДІҢ ҚАТАРЫНАН ЕМЕСПІН

%d0%b5%d1%80%d0%ba%d0%b51

– Еркеғали, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйымдастырған биылғы «Алтын тобылғы» байқауының поэзия номинациясы бойынша топ жардың. Құтты болсын!

– Әумин! Рахмет, Зәке!

– «Алтын тобылғы» қандай байқау? Бәсі жоғары додаға қалай қатыстың? Үкілеп қосқан шығармаң қалай аталады?

– 2016 жылы «Алла жар, Алаш!» атты дастан жаздым. Сонау Сақ, Ғұн, Көктүріктер қағанаты, Алтын орда, Ақ орда, Көк орда, Қазақ хандығы, Алашорда, Желтоқсан кезеңдерінен Тәуелсіздікке дейінгі жүріп өткен даңғылдарымыз бен соқпақтарымызға өзімше поэзия тілімен бір шолу жасап көруге талпынғаным ғой бұл. Жүлде үшін жазған дүние емес, әрине. Бар мақсатым – бұған дейін жазған алты ірі туындымның қатарын толықтырып, «Жеті жыр» атты жинақ құрастыру болды. Атап айтқанда, «Аллажар, Алаштың» алдында 25-тен 32 жасыма дейін «Қайран, құндылық!..» деректі поэмасын, «Азалы тағдыр» балладасын, «Мұң» атты толғауды, «Шах-шаһар», «Екі Дің», «Нар тұлға» поэмаларын жазғанмын. Шүкір, бәрі де оқырман тарапынан жылы қабылданып, жақсы бағаланды.

Ал, «Алтын тобылғы» байқауына қалай қатысқаныма келсек, дастанды аяқтаған күні «Осы мен неге жұрт қатарлы жыр мүшәйраларына қатысып көрмеймін?..» деген пәндәуи ой келе қалды. Сөйтіп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай осы байқаудың ұйымдастырылып жатқанын естіп білдім. Өзге сайыстардан ерекшелігі – мұнда келіп түскен шығармалар қазылар алқасының алдына автордың аты-жөні көрсетілмей түседі екен. Яғни, ағайынгершілікке жол жоқ. Өзім де тасадағы таныстың арқасында танылып, көлеңкедегі көкенің арқасында көтеріліп жүргендер қатарынан емеспін. Сондықтан ешқайда жарияланбаған тың шығармамды қуана-қуана тапсырдым.

– Ауыл туралы үнемі жазып жүретін авторлардың бірі екеніңді білетінбіз. Туған жері туралы шығармалар жазуға орта жолдан кеп қосылған кейбір ақындардың жүлде алуына қатысты ой білдірген екенсің. Сені қынжылтқан не жағдай?

– Ол қынжылыс – жеке басымның реніші емес. Қай жанр бойынша кімдердің қайсы қатардан көрінуі тиіс екендігін сол бәйгеде бағын сынап көргендердің бәрі де білді. Бірақ, ешқайсысы үндемеді. Тек біреуінің ғана монитордың артына жасырынып алып: «Сүйген құлдарыңа беріп жатырсыңдар ма?» деп күңкілдеп қоюға шамасы жетті. Ол түгіл, қатардағы оқырмандардың өзі қағылездік танытып отырған-тұғын.

Бірден айтсам, менің жалаулатқан жарнамам жоқ. Өз-өзін дәріптеп, екі өлеңімен елдің ықыласына бөленгісі келіп, жылпостанып жүретіндерді түсінбеймін. Сол себепті, таяуда ауыл туралы жазылған шығармалар байқауына түскен «Ауыл суреттері» – туған жер туралы жазған көп өлеңдерімнің бірі ғана екенін қазылар алқасы білмей қалғанға ұқсайды. Қадыр Мырза Әлі ағамыз: «Екі жыр жазсам, соның бірі – дала» деп еді ғой. Өзің айтқандай, мен де сол кісі сияқты ауыл жыршысымын. Ал, әлгі «Ауыл суреттерімен» салыстырғанда, «бір қайнауы ішінде» екені көрер көзге ұрып тұрған өлеңдердің «үздік» деп танылғаны дұрыс болмады, әрине. Жайшылықта «тағдырым қиын», «өмірім быт-шыт», «сүйдім-күйдім» деп жылаңқы өлеңдер жазып жүргендердің дені жүлде үшін аяқ астынан ауылын жырлағыш болып шыға келді. Бір партияның тиын-тебеніне ешкім байып кетпейді. Алайда, сондай «ауылшылдардың» жасандылығын санатқа алған да дұрыс еді ғой.

– «Поэма жанры қазіргі қазақ әдебиетінде кейіндеп қалды» деген пікірлер айтылады. Эпикалық кең тынысты шығарма жазуға не итермелейді? Қожыратып аламын деп ойламайсың ба?

– Қазіргі қазақ әдебиетіне поэма жанры бойынша олжа салып жүрген аға буын ақындар баршылық. Ал өз қатарластарыма келсем, бұл бағытта әзірге оқ бойы озық тұрғаным – бос мақтан емес, шындық. Соны қожыратып алмау жағын да ойладым. Енді публицистикалық поэма жазудағы миссиямды толық орындап болған сияқтымын. Тарихи-танымдық тақырыптарға тыңнан түрен салу керек-ақ…

Жеті жылда жеті поэма жазуыма ауылда туып-өскен таза қазақы болмыс, ұлттық дүниетанымның кеңдігі итермеледі деп білемін. Басқа ештеңе де емес. Не жазсам да, ол ұлттың ұнжырғасын көтерсе екен деген рухта боламын.

– Қазылар құрамы сенің поэмаңды өте жоғары бағалағанын естіп жатырмыз. Енді осыны өз аузыңнан естісек…

«Алтын тобылғы» байқауының нәтижесінде «Аллажар, Алаш!» дастаны білдей бір Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, оның қос орынбасары Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан бастаған өңкей «сен тұр, мен атайын» қазылардың қырағы көздеріне менмұндалап шалынғанына марқайдым. «Жылдың үздік поэзиясы» аталды. Марапаттау рәсімінен кейін де байқауға қазылық еткен ағалар менің есімім мен поэмамды қайта-қайта ауызға алғанда, «демек, бұл туындымның тым осал болмағаны да» деп ойладым.

– Алда қандай шығармашылық жоспарларың бар?

– Алла жазса, 2017 жылдың күзіне дейін «Жеті жыр» поэмалар жинағы мен «Өлеңімде сен барсың…» атты өлеңдер топтамасын шығарсам деген ниеттемін. Өлеңге ұзақ уақыт дайындықпен, талай сыннан өтіп барып келдім ғой. Бұған дейін «Қайран, құндылық!..» атты кітапша жобасын жасап көргенмін. Ол өте әлсіз болды, мен үшін. Сондықтан оны санатқа алу – әбестік. Демек, тырнақалды туындыларым – осы аталған кейінгі екі кітабым болады, бұйырса!

Әңгімеңе рахмет. Кітаптарыңның қуанышында кезігейік!

Сұхбаттасқан Заңғар КӘРІМХАН

adebiportal.kz

Мынаны да қараңыз

«Біз үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз»: Екатерина Смолякова, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат

Respublica партиясы өкілдерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Атырау тұрғындарымен өткен кездесу барысында ҚР Парламенті ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *