Кер сиыр мені қалай танымал етті?..

%d1%81%d0%b8%d1%8b%d1%80

«Жоқтан бар пайда болмайды, бар нәрсе жоққа айналып кетпейді» деген қанатты сөзді қай данышпанның айтқанын есімнен шығарып алыппын. Білетінім – бізге мектепте соны айдай ақиқат деп үйретті. «Сайт» деген сайтан, «ғаламтор» деген ғаламат қолданысқа енгелі, аталған афоризмнің ақиқаттығы айқындала түскендей. Бұлай деуіме себеп – жақында әңгімесымағым сан-сапалақ сайттардың бірінде жарық көрді.

Қысқаша мазмұны мынадай: Біздің үйде бір желіні сабадай сүтті кер сиыр болып еді. Айыбы құйрығы шолақ, бір мүйізі сынық демесең, малжаңдап күйіс қайырғаны болмаса, кісіге зәредей зияны жоқ жуас еді жануар. Жыл сайын бұзаулап, бір үйлі жанды ғана емес, көрші-көлемді шара-шара майға шылқымай ететін сол сиырды апам жақсы көретін. Кершолақ та апамды жек көрмеген сыңайлы. «Әукім-әукім» деп әукесін қасыса, көзін жұмып, есірткіге елтіген нашақордай мүлги қалатын. Бір күні апам кершолақты екі идіріп сауып отырғанда, көрші үйдің көк иті келіп арс ете қалды. Иттен шошыған кершолақ бауырындағы апамды шелегімен қоса аударып кетті. Көршінің көк итінде иман жоқ екен, сүттің төгілуіне себепкер болғанымен қоймай, маған қарай қабамын деп өршеленсін. Улыған-шулыған болған дауыстан көкем үйден атып шығып, бәріне кінәлі көк итті аттың бауырына алып жүріп сабады. Мен байғұс есім шығып жүріп, сиырдың жапасын басып кетіп, балағымды былғап алдым… Жаздың қоңыр кешіндегі осы бір оқиғаны, араға отыз жыл өткен соң, төгілдіріп тұрып қағазға түсіріп, сайттардың біріне бере салдым текке жатқанша деп. Соңына қолымды қойдым. Құдай ақына, бөтен ойым болған жоқ. Бар қызық сайтқа шыққасын басталды.

“Маладес! Шындықты шыңғыртып тұрып жазған-ақ екенсің! Бастықтарды шолақ, мұжық, керқамшы сиырға теңегенің өте орынды. Ал, көршінің көк иті дегенің көк жағалылалар ғой, олар «арс» еткені болмаса түк істей алмайды біздің сауын сиырларды қақтап сауып, әукесін қасып отырған қақпастарға. Көкең өзі-ақ қуып жібереді ол иттерді. Әдемі, саяси бояуы қанық осындай туындылар көптен жазылса екен. Құрметпен, жерлесің С.».

О, Құдауанда! Мына пікірді оқып, есім кетіп отырғанда, екінші қонақтың жазғанын көріп, көзім ұясынан шықты.

«Сен, жексұрын, бірінші қонақ, жерлестігіңе салып, өйтіп жәдігөйленбе. Автордың айтпағы басқа. Сауын сиыр дегені – қазақтың кең жазира даласы, мыңқ етпейтін момын қазақ. Ал оның мүйізін қаққан – кешегі кеңес үкіметі. Олардың мысықтілеу құйыршықтары әрі ортамызда жүр. Қайран даламыздың құйрығын шұнтитқан – алпауыт олигархтар. Ал, апам дегені – бүгінгі билік. Әукесін қасып, мәукілдетіп қойып, байлығыңды әлі сорып жатыр… Олар бірін-бірі жақсы көреді. Оппозиция оянып, шындықтың көзін ашқан күні, бүгінгі сауын сиыр, яғни қара халық шоршиды. Сонда олардың бар сауғаны айрандай ақтарылып, жапасына былғанары хақ. Міне, астарлы әңгіме осылай жазылуы керек. Пікір білдірген Ақиқат Беткеайтқанұлы».

«Қарап жүрмей қарауылға ілігем бе» деп қорқа бастайын. Қарасан келгір кершолақ сиырда не әкемнің құны бар еді?! Бір орында байыз таппай, сайттағы «саяси сатирамды» қайта аштым. Қатарынан 14 пікір түсіп үлгіріпті. Қорқа-қорқа оқи бастадым.

«Ха-ха-ха, хи-хи-хи… ақыры өз бетпердеңді өзің аштың ба, бетпақ Беткеайтқанұлы. Ия, ит дегені – сендер. Сендер көршінің, бөтен көршінің айтағымен үресіңдер. Сондықтан да автор сендерді «Көршінің көк итінде иман жоқ екен» деп, өкіртіп тұрып сыбапты. Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қылып жүргендерде иман болушы ма еді. Көкең сендерді әлі талай сабайды. «Атып тастамасын» де! Жаужүрек Қорықпасұлы».

«Қалай ойлайсыздар, мына дүниесінде елімізде қаптап кеткен діни секталарды айтпады ма екен? Әлде, ит үрсе дүрліге кететін анау елдерді меңзегендей ме?.. Че-то, өте астарлап жазған. Дүдәмал».

“Тіл, тіл, тіл. Ең басты мәселе тіл проблемасын меңзеген. Мем.тіліміз әлі күнге күйіс қайырып тұр емес пе өйткені».

«Жоқ, мақала (?) авторы бұл өзекті шығармасында қоғамдағы нашақорлық мәселесін көтерген сияқты. Көрмейсің бе, «әукім-әукім деп әукесін қасыса, көзін жұмып, есірткіге елтіген нашақордай мүлги қалатын» деп нашақорларды малға теңеп тұр. Соқырға таяқ ұстатқандай қылып көрсеткен соны түсінбеген өздерің малсыңдар».

Біресе мақала, біресе шығарма деп, бетіне лаққанымен, мынаның пікіріне ішім жылып сала берді. Әйтеуір мені мақтап тұр ғой. Қуанышым ұзаққа бармады: одан кейінгісі жерден алып, көрге тыққан екен.

«Е, албасты, текесақал, бақабист (сақал түгіл мұртым жоқ еді). Жапаға жығылып, боққа былғанып жүретін едің, әлі сол қалпың екен ғой. Сен сорлыға не саясат керек? … қысып тыныш жатпайсың ба?» — деп жұдырығын түйіп, доқ көрсетіпті.

«Өзі жуас, өзі сүтті болса, ол сиырдың неге құйрығы шолақ, неге мүйізі сынық? Вот, мына шалдыр-шатпақты жазған милаудың мал шаруашылығынан түк хабары жоқ. Ал, саясатыңда шаруам шамалы. Құрметпен, Бақташы…»

…«Шара-шара майға көрші көлемді шылқымай ететін» дей ме?! Бұл жерде кеңестік посткеңістіктегі мемлекеттерге майшелпек болып отырған біздің қазақтың проблемасы айқын көрінген. Қысқасы, сиыр да — біз, ит те — біз, көкеңі – Көкең, жапа дегені қандай жиіркенішті, фууу! Тазагүл».

«Мен сендердің қай-қайсыңа да түкіргенім бар. Кер сиыр боласың ба, көк ит боласың ба, өз еркің. «Апам» дегені – аңқау Алашым менің. Шамасы, мына саяси мысқыл «төгілген сүт» деп сендердің абыройларыңды айтып отыр. «Көкең» дегені айтпаса да түсінікті. М.С.».

«МыСы»-ның «мысалы» мысымды басып-ақ жіберді. Ішпей-жемей «істі» боп кетсем қайтем?.. Бұл жазғаным саяси сатира емес, жай көрбай-жөрбай әңгіме еді ғой деп, жыларман болып, Жөкеңе бардым. Туғаннан тынымсыз неме, тұяғы желдеп, көшеге тартып бара жатыр екен, кабинетінің алдынан ұстап алып, қайта сүйреп кіргізіп, қоярда-қоймай ғаламторды ашқызып, порталдағы пікірлерді жайып салдым. Жөкең де жыланның ізін көрген жырынды ғой, әуелі ырқ-ырқ етіп күліп алды да:

— Пішту!  — деді. – Пішту, бұл дегенің – шепуқа. Менің астарлы әңгімелеріме айтылған пікірлерді көрсең ғой. Тұп-тура тоғыз бет. Қазіргі қазақтың, саясатты айтпаса, тамағынан ас өтпейді. Иттен де, малдан да, керек десең, тезектен де «терең саясат» табады. Басың аман болса, әлі талайды көресің, хе, хе, хе…

— Сонда, Жөке-ау, — дедім, жұтына алмай қалып, — баяғыдағы ботаникадан беретін Ботан ағайдың «жоқтан бар пайда болмайды» дейтіні қайда қалады?

— Сен қайдағы «жоқтан барды» көріп тұрсың?

— Енді мынау пікірлердің бәрі «жоқтан бар» емей немене?

— Ей, бала (негізі екеуміз құрдас едік), сен өзі саясаттан хабары жоқ сумұрын екенсің ғой! Ботан ағайдың айтқаны аксиома күйінде қалады. Оған бола маған көзіңді шақшитып, тісіңді ақситпа. Егер айтылған пікірдегі проблемалар болмаса, пікір жазушылар оны қайдан алды? Жоқ, өзің айтшы, қайдан алды деп ойлайсың? Зынашит, «бар нәрсе ешқашан жоққа айналмайды».

Үйге барып, баяғы сайтты қайта аштым.

«Сіз – нағыз ұлттың жанашырысыз. Біз, ұлтжанды жастар, тап өзіңіздей көреген көшбасшыға зәруміз. Сайлауға неге түспедіңіз? Халық Сізді қолдайтын еді!!!» деген пікір тұр.

Астапыралла!!!

Абылай МАУДАНОВ

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері қызметтерінен кетті

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері өз өтініштері бойынша қызметтерінен кетті, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Қостанай облысының ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *