Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі қашан өтеді?

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой рингте қай салмақ дәрежесінде өнер көрсететіні белгілі болды. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.

Даниярдың әкесі әрі жаттықтырушысы Марат Елеусіновтің айтуынша, әзірге келіссөздер ғана жүргізілген, ал келісімшартқа ақпан айында қол қойылады.

«Кәсіпқой бокста бәрі басқаша. Спортшы бір ғана кездесуге дайындалады. Бір тәулік ішінде салмағын өлшеп, қайта қалпына келу жұмыстарымен айналысады. Ал әуесқой бокста таңертеңгі уақытта бір рет өлшенсең, кешке таман жекпе-жек өтеді. Кәсіпқойдың тағы бір ерекшілігі – өлшеуден өткеннен кейін, яғни, кездесудің басталуына бір-екі күн қалғанда жеті-сегіз келі салмақ «тастау» үшін жаттығу жұмыстарымен айналысады. Ал әуесқойда бұл мүмкін емес жағдай. Енді алда не боларын уақыт көрсетеді» деді Даниярдың әкесі.

«Біз әлі нақты бір салмақ дәрежені таңдаған жоқпыз. Бірақ 66 кг дұрыс болар деп топшылап отырмыз. Мұнда спортшылар 80 келіден 69 келіге дейін салмағын азайтып жатады. Сол үшін Даниярдың үйреншікті 69 келісін таңдамаймыз деп шештік. Жаттығу кезінде ол 72 келіде дайындалады» деді Марат Елеусінов.

Промоутерлік компанияны таңдауда MJA Entertainment’s-ке түсті.

«Келісімшарт, сондай-ақ, алғашқы жекпе-жек жайлы ашып айта алмаймыз. Бәрі ресми түрде жүзеге асқаннан кейін хабарлайтын боламыз. Негізі Ресейден де, АҚШ-тан да ұсыныстар түскен. Бірақ бұл промоутерлік компания бізге тиімдірек жолдарын ұсынды» деді ол.

Дебюттік кездесуінің алдында оған өз стиліне айтарлықтай өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.

«Данияр жаңа кезеңге қадам басайын деп отыр. Кәсіпқой стильге көшуі үшін америкалық жаттықтырушының қол астында жаттығады» деді.

Бәрімізге белгілі Даниярдың ағасы Дәурен де кәсіпқой бокста өнер көрсетеді. Әкесінің айтуынша, ол да аталған промоутерлік компаниямен жұмыс істейді.

«Дәурен бұрынғы компаниямен келісімшартын бұзып, MJA Entertainment’s-ке қосылды. Әрине, оның ұсынысы Даниярдыкімен бірдей емес, бірақ бұрынғысынан жақсырақ. Қанша дегенмен Данияр Олимпиада чемпионы ғой» деді Марат Елеусінов.

Еске сала кетсек, бұған дейін сайтымызда Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің кәсіпқой боксқа ауысқандығы хабарланған. Сондай-ақ жақын арада оның қатарына аса ауыр салмақта өнер көрсететін Иван Дычко да қосылуы мүмкін.

vesti.kz

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *