Қостанайлық отбасы Орынборда жоғалған қызын 83 жыл бойы іздеуде

Үш жасар Ағияшты 1933 жылы ата-анасы Орынбордағы балалар үйіне қалдыруға мәжбүр болған. Түйме мен Мақсұм Қасеновтер қызын іздеп келгенде интернаттың тарағанын және барлық баланы алып кеткендігінен хабардар болады. Содан бері бұл отбасы үмітін үзбей, Ағияш Қасенованы іздеуде деп хабарлады inform.kz «Оренбуржье» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Өткен ғасырдың 30-жылдары осындай оқиғалар өте көп болған, сондықтан әр отбасының бастан кешірген оқиғаларының астында бір ұрпақтың тағдыры жатыр. Қазақстаннан келген бұл хат Орынбор ауданындағы «Сельские вести» газетінің редакциясына жолданған. Оның авторы Сана Манабаева көп жылдан бері қандай да бір жауап алу мақсатында газеттерге де, телеарналар да хат жазған.
Барлығы 1933 жылы басталған болатын. Оның әжесі Түйме Қасенова ашаршылық нәубетінен аман қалу мақсатында жолдасы мен үш баласын алып Ақтөбеден Орынборға жаяу аттанады.
«Түйме өз балаларын аштықтан құтқару үшін уақытша балалар үйіне беруге мәжбүр болады, — деп айтады Сана Манабаева. — Біраз уақыт өткен соң оларды пойызға мінгізіп, Қостанай облысына жөнелтеді».
Ата-анасы өзімен бірге тек екі баласын алып қала алады. Үш жасар Ағияш әкесін күту үшін балалар үйінде қалады. Қасеновтер жаңа жерге орныққан соң, отағасы қызын үйіне әкелмек болып Орынборға барады. Алайда, балалар үйі жабылып, ондағы балалардың қайда жіберілгенін анықтай алмайды. Кейіннен соғыс басталады. Ал Ағияш Қасенова сол күйі табылмайды. Анасы ұзақ жылдар бойы қызынан хабар күтіп, орталық телеарнаға, танымал «От всей души» бағдарламасының жүргізушісі Валентина Леонтьеваға хат жолдайды. Ешқандай жауап келмеген — Леонтьеваның өзі көмек бере алмаған сыңайлы. Түйме Қасенова өзінің Ағияшын күтіп, өмірден өтеді. Оның өмірлік аманатын немересі Сана жалғастырады.

«Менің өзім 65 жасқа келдім, — дейді Сана Манабаева. — Алайда, әжеміз бізді өсірді, жетілдірді, демек, оның қызын және менің әпкемді табу — менің міндетім. Ол өмірінің соңына дейін іздеді. Ол кездері орыс тілін ешкім жетік білмейді, бірақ соған қарамастан барлық жерге жаздық. Жауап келмегендігіне қарамастан, әжеміз бір сәт те үмітін үзбеді».

inform.kz

Мынаны да қараңыз

«Қазір адамдар күн сайын көз жұмып жатыр»: қостанайлық дәрігерлер жұмысқа шығудан бас тартты

Бүгін Қостанай облысында індет жұқтыру жағдайы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп, бір күнде бірден 48 ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *