Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының мәтіні жария болды

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына 2017 жылғы 31 қаңтардағы Жолдауының мәтіні Мемлекет басшысының ресми сайтында жария болды деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде болып отыр.

«Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын. Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды.

2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды. Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз. Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтіп жатыр.  Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам  спортшы мен делегация мүшелері қатысуда. Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз. Жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында, 2012 жылы халқыма ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектілігі арта түседі. Біз қиындықтарды уақтылы болжай алдық.

«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1 пайыз өсімін қамтамасыз еттік. Бұл қазіргі күрделі жағдайда айтарлықтай маңызды. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл — жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз», — дейді Елбасы Жолдауында.

Жолдаудың толық мәтінін мына сілтіме бойынша оқи аласыздар.

 

tengrinews.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *