Таранды қашанғы «тайраңдатып» қоямыз?!

Өзі туып-өскен ауданға Бейімбет Майлиннің есімін беруіміз қажет!

Қазақ әдебиетінде өзінің орнын ойып алған ірі тұлға Бейімбет Майлинді қазаққа таныстырып жатудың өзі де артық-ау. Өткен ғасырдың сонау 1930-жылдарынан бастап әдебиет есігін имене ашқан қаламгерлердің барлығы да алдымен Би-ағаның шекпенінен шықты. Оның шығармалары өткен ғасырдың ортасына дейін жазылса да, бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Шығармалары арқылы Би-ағаның өзі де бүгінгі кем-кетігімізге қарап, миығынан күліп тұрғандай әсерде жүреміз.
Иә, Би-ағаңды жалпы жұртқа таныстырудың қажеті болмаса да, ол туралы бәрібір айтқың келіп тұрады. Өйткені, халқымыздың рухани дүниесіне, әдебиетіне өшпес үлес қосқан жазушының рухы ешкімге жалтақсыз Тәуелсіз елімізде лайықты құрметтелмей жатқанына қарнымыз ашады. Сондықтан, ағайынға алдымен Би-аға туралы бір-екі ауыз сөз айтқанымыз артық болмас дейміз.

Бұрын қызыл идеологияның сал­қыны­мен Бейімбетті кедейден шықты де­ген сөз желеулетілді. Бейімбет текті жер­ден шыққан адам. Жазушының атасы Майлы да, әкесі Жармағамбет те аса байлықтың соңына түспесе де, қара қасқа, қу кедей де болмаған, жоқ­шылықты мойындамаған, барға қа­нағат қылған жандар екен. «Атасы Әйет өзенінің бойындағы елге сөзі өтім­ді, жұртты аузына қарата білетін тіл­мар, асыл сөзін сусын еткен білікті әрі шаруасына мықты кісі болыпты. Өз әкесі Жармағамбет те сөзге шебер, ақынжанды, сезімтал болған» деп көпті көрген көнекөз қариялар әң­гімелеп айтушы еді.

Бейімбет Майлин – әдебиет әлеміне ақ-қызыл, большевик-меньшевик, алашорда болып бөлінген аласапыран, тар жолда тайғақ кешкен аумалы-төкпелі тарихи кезең­де келген адам. Заманымыздың ғұла­ма жазушысы Мұхтар Әуезов: «Бейімбет Майлин шы­­ғармаларында те­рең шындық бар. Жа­лаң қиялға дес бермей, асқақ ро­ман­тикаға да еліктемей, қазақ жа­зу­­шыларының ішінде реализмге, шын­дықты суреттеуге, шығарманың көр­кемдік құндылығына мән берді, өмір шындығын, адамдардың типтік бей­не­сін жасауда Бейімбеттей ешбір жазу­шы шынайы суреттей алған емес» деп жазды. Ауыл өмірін жетік білген қа­ламгер өз замандастарының типтік об­раздарын жасап, прототип­те­рі өзі жақ­сы білетін ауыл азамат­тары мен замандастары болған. Жазушының көзін көрген замандас-прототиптері – Қошалдың Ақтамы, Қоянбайдың Ерғазысы, Тәшбайдың Асылбегі, Кен­шім­байдың Фазылы, Баймұрзаның Хасені, Баймұраттың Есенқұлы, Қазыбайдың Асаты, Кеңесбайдың Әбді­ғалиі деген ұлағатты кісілер ағы­нан жарыла айтатын-ды. Қырық үш жыл соқтықпалы жолда тартысты өмір сүр­ген Би-ағаның 1914-1937 жылдар ара­лығында 55 кітабы дүниеге келіп, оқырмандарын тапты. Жазушының шығармалар жинағы 6 том болып жарық көрді. Қоғамдық жұмыстары да бастан асып жататын. Аласапыранда өмір сүріп, халқына мінсіз қызмет істеген жазушы табиғатында шыбын өлтірмеген, кісілігі, адалдығы да қай ұрпаққа да үлгі еді. Ғабит Мүсіреповтің «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деген ашынған сөзі Би-ағаның халқы алдында да, ар алдын­да да таза азамат екенін дәлелдей түседі.

Ал енді сол «Бейімбет Майлиннің кін­дік қаны тамған өңірде аудан атын иеленіп отырған Лаврентий Таран деген кім?» деген сұрақ қабырғамызға батады. Қазақ энциклопедиясында Лаврентий Игнатьевич Таран 1892 жылы Қостанай облысы Фёдо­ров ауданы Назаров селосында туып, 1919 жылы мамыр айында Тор­ғайда өлген. 1919 жылы қаңтарда Қос­танайда өткен шаруалар мен жұ­мыс­шы­лар съезінің делегаты, соңынан Қостанай совдепінің басшысы болып, алашордашыларға қарсы күресті ұйымдастырған. 1919 жылы сәуір айының ортасында ақгвардияшылар Қостанайға таянғанда Л.Таран қала халқын ақгвардияшыларға қар­сы ұйымдастырудың орнына, бас сау­ғалап, жазалаушы отря­ды­мен Тор­­ғайға қашқан. Таран, Летунов, Миляев, Кельментьев, Жиляев, Иноземцев секілділер – Ресей импе­рия­­­­сының қазақ елін бодандаушы­лары. Олар Қостанай уезінің өзен-көлі, бар шұрайлы жерлеріне бекініс са­лып, империяның қазақ еліндегі сау­да­гері, бай-шонжарлары, олар қазақ ж­е­рін­де үстемдіктерін жүргізген келім­сектер.

Тағы да айта кетер жайт, осы Лаврентий Таран деген адам­ның біз­дің ауданға қатысы жоқ, ол ке­ше­гі алаштың көсемдері, ұлты­мыз­дың мақтанышы, тәуелсіздік үшін жа­­нын пида еткен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Ома­ров­ сынды саңлақтарымызға қар­сы кү­ресіп, қызыл империяның қол­шоқ­па­­ры болған адам.

Л.Таран қарақшылар отрядымен Торғайға бара жатып, жолшыбай қазақ ауылдарын тонап, мал, ат-көліктерін тартып алған, қарсылық көрсеткендерін өлтірген. Шегебай деген жерде болыс болған Қарымсақтың Ғалымының отыз жылқысын барымтамен айдап кеткен. Соңынан қуғын­шы болып барған Сейдахмет атамызды түз­де атып өлтірген. Осы тұста бір деректі айтуды жөн көрдім. Қазір Қостанай қаласында тұратын көпті көрген көнекөз ақсақал Сәрінжіп Дайырұлы (М.Дулатовтың туысы) есте­лігіне зейін қойсақ: «1919 жылдың мамыр айының ішінде Қызбел жерінде жайлауға көшкен Мадияр, Өтей, Шымболат руларының үстінен Қостанайдан Таран әскері келіп, жергілікті халықты қаруларымен атып, әйелдерін зорлап, елдің үрейін ұшырған. Өлгені өліп, өлмегені Қызбел тауының жықпыл-жыра қуыстарына тығылып, бір қанды қырғын болды» деп естелігін жазды. Сондай-ақ менің де Дәмәгүл әжем көзіне жас алып, өткен өмірінде көрген қорлықты ашына айтушы еді: «Ақ Колчак келді, малымызды алды, қызыл Таран келді, жанымызды алды», — деп зар илеп егілетін-ді.

1919 жылдың 17-18 мамырында Торғайға жеткенде Таран өлтірілген. Ажалы ашынған адам қолынан болған шығар. Бірақ оны кім өлтіргені жөнінде нақты дерек жоқтың қасы. Бар-жоғы қанқұйлы жазалаушы Таран отрядының қысқа тарихының шындығы ел есінде қалды. «Таранды алашордашылар азаптап өлтірді» деген кеңестік энциклопедиядағы дерек, бұл – қызыл империя идео­лог­тарының жалған жаласы деу кө­ңілге қонымды.

Қарусыз елді қанға бояған, қазақ халқының ар-намысын аяқасты қылған Л.Таранның үлкен аудан атын иемденуі санаға сыя ма, бұл қалай? Төл тарихымызды жаңа көзқарас тұрғысынан қарайтын, екшейтін кез әлдеқашан тумап па еді? Өзінің туған жерінде көше мен мектеп аты Би-ағаңдай тұлғаға аздық етер еді. Санадан қызыл империя саясатының уыты әлі кетпегендей. Кеңестік дә­уір­­де саясат шеңберінен шыға алмай жазылған энциклопедия, тарих, жал­ған әдеби шығармалар, іші өтірік­ке толы шикі кітаптар сөре-сөре бо­лып кітап­ханалардан орын теуіп, оқыр­ман­дардың санасын улағаны ақиқат. Кеңестік энциклопедия мен өткен тарихты сұрыптап, саралайтын мезгіл жетті емес пе? Халқымыз тарихын ақиқатпен жаңғыртсақ, бұл болашақ ұрпақ алдындағы парызымызды өтегеніміз болар еді.

Көптен бері толғағы жетіп, мораториймен шешімін таппаған үлкен ұсыныс тұр, бұл – ауданымызға қа­зақ әдебиетіндегі аса ірі тұлға, қа­зақ­­тың Би-ағасы атанған жазушы Бейімбет Майлин есімін беріп, тарихи әділеттікті қалпына келтірсек, Мәң­гілік ел болуымыздың бір лайық­ты ісі, көрінісі болар еді.

Би-аға бар қазаққа бірдей. Деген­мен, туған жеріндегі құрмет оған басым болуы керек. Қазір біздің алдымыз сексеннің сеңгіріне көтерілген, соңымыз жетпістің желкесіне мінген ақсақалдармыз. Төрімізден көріміз жақын қалған шағымызда Би-ағаның туып-өскен жеріндегі «Бейімбет Майлин ауданы» дегенді өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп кетсек, арман жоқ.

Қасымбек КЕҢЕСБАЕВ,
зейнеткер

Қостанай облысы,
Рудный қаласы

(түпнұсқадағы тақырып: «Бейімбет кім, Таран кім? немесе тарихи әділеттілік қалпына келсе дейміз «

egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері қызметтерінен кетті

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері өз өтініштері бойынша қызметтерінен кетті, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Қостанай облысының ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *