ҚАЙРАН ДОС-2

…Бір хатында мынадай жолдар бар: «Көмір түсіріп беруге көмектестім. Жауынгердің семьясын қамқорлыққа алудың парыз екенін титтей де есімнен шығармаймын. Әлбетте, командирінің айтқанын солдат екі етпес болар». Алматыға кетер алдында Жұматайға кітапханамдағы кітаптардан және газет-журнал тігінділерінен бірінші кезекте қайсыларын оқу керек екенін айтып, өз білімін көтеруді тапсырғанмын. Соларды қалай оқып жүргені туралы: «Сенің универститутыңның 1-курсына түсіп, алғашқы семестрін аяқтадым. Қатынап оқу қиынға соғыңқырап тұр» деп жазғаны бар. Осылардан-ақ Жұматайдың маған әрі дос, әрі іні, әрі ұғымды шәкірт бола білгенін білеміз.
Жұматай мені әдебиетте ғана ұстаз тұтқан жоқ, әділетсіздіктерге қарсы, басшылар тарапынан қарапайым халыққа көрсетіліп жататын қиянаттарға қарсы журналистік күрес жүргізуде де ұстаз тұтты. Бұрнағы жылы Әмина «естелік жазсаң, керек болар» деп, Жұматайдың архивіндегі менің оған жазған бір бума хатымды өзіме қайтарып берді. Оның маған жазған хаттары да бір бума. Мен бір хатымда: «Алғашқы елеулі сын мақалаңды оқыдым. Өте сәтті жазылған, тамаша! Сол бетіңнен тайма! Сондай дүниелер жазып, түбегейлі мәселелер көтеріп жүру журналистік басты мақсатыңа айналсын» деп, қуана оқып, ақыл-кеңес беріппін.

Жұматай менің Алматыға бара салысымен тез көрінуімді тілеп, асыға күтті. «Көріне алмай жатырсың, тездет» деп асықтыратын. Алғашқы өткір әдеби сын мақалаларым републикалық газеттерде жарық көре бастағанда, оның да қуанышында шек болмады.

Алматыда жұмыс таба алмай алты айдай бос жүріп, ақыры белгілі сыншы
Зейнолла Серікқалиевтің көмегімен «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» журналына әдеби қызметкер болып орналастым. 1971 жылдың күзінде үйді Алматыға көшіріп әкелдім. Жұматай да сол университеттің журналистік факультетіне сырттай оқуға түсті. Жазда, қыста сессияларға келгенде мәре-сәре болып жататынбыз. Достығымыз шынайылық қалпында солай жалғаса берді. Ол өмірден озғанға дейін достығымызға көлеңке түсіп көрген жоқ.
Жұматай мектепте де, жоғары оқу орнында да жүйелі білім ала алған жоқ. Сол жайындағы хикаяларын өзі жазып кеткен. Жұматай бойындағы табиғи талант еді. «Іштен оқып туған» деп Жұматайды айтса болар. Әсіресе, оның сатирик, сықақшылығы – тума таланттылықтың жемісі. Оның хаттарын оқып отырудың өзі бір ғанибет еді. Хатты көбіне сықақ тілімен, юмормен жазатын. Мысалы, бір қызға қырындап жүргенін былай суреттейді: «Алтайы қызыл түлкіні «іші мұнан табылды, тысы қайдан табылар» деп, шоқытып қуып келемін. Атқа әзір қамшыны басқаным жоқ. Шаршатып соқпақ ойым бар. Інге кіріп кетіп, «түлкілік» жасамаса, бауырын жарқылдатып, соғармын-ақ (Құдай-ай, асылық айтып қойдым ба). Редакцияда пәлендей өзгеріс жоқ. Сақтаған досыңның да бас-аяғы бүтін, облысқа кетемін деп жұлқынып жүр. Иә, шат тұрмыс, шадыман өмір, шалқып жатыр». Оқып отырып қалай мәз болмайсың. Ішінде юморсыз бір сөйлем жоқ. Соңғы сөйлеммен Жұматай анау жақта жатып бүгінгі тұрмысымызды мысқылдап тұрғандай. Қазіргі үкіметтік газеттер мен телеарналар осылай сайрап әндетеді ғой. Иә, халқымыз даламызға сыймай, көбейіп кетіп, қыздарымызды қытайға ұзататын боп, жер мен қазыналарымыздан
әркімге үлес беретін боп, бензин мен тұрғын үйлер арзандап, күй күмбірлеп, ән қалықтап, тұрмыс «шалқып» жатыр емес пе. Бір ғана Қоянбаевтың «Түнгі студиясының» өзі не тұрады. Тіпті, Елбасымыздың өзі барып көңілденіп қайтты ғой. Жұматай тірі болғанда, осынау шалқып жатқан өмірімізді қалай-қалай мысқылдап берер еді, шіркін.

Сын-сықақтан мен де қара жаяу емеспін. Өзім істейтін «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналында «ҚҰҚ!» атты сын-сықақ бұрышын ашып, жүргізгенмін. Жұматайдың хаттарына мен де барынша юморлатып жауап жазатынмын. Бірде мынадай қызық болды. Жұматайдан кезекті хат келді. Ашсам, дәптердің әр парағын шаршылап төртке бөліпті де, хатты сол шаршы қағаздарға жазыпты. Сосын оларды ретімен номерлемей араластырып жіберген. Қайсысынан кейін кайсы келетінін білмейсің. Мағынасына қарай бораған шаршы парақшаларды салыстыра отырып зорға оқып шықтым.
Енді мен қандай айла тапсам екен деп біраз ойландым да қолыма циркуль алып, парақтың үстіне дөңгелек шеңбер жолдар салдым. Ерінбей-жалықпай қағазды айналдыра отырып, дөңгелек жолдарға хатты жазып шықтым.Оны оқыған адам да қолындағы парақты шеңбер бойымен айналдырып отырып оқиды. Жұматай өзі күлегеш болатын, әлгі менің хатымды айналдырып оқып отырып, «әбден күлкіге баттым, қалай ойыңа келді» дейтін.
…Арада бірер жыл өтті. Жұматай университетте сырттай оқып, сессияларға келіп жүргенде, қызылордалық курстас қызға ғашық болып, тағы да бір қызық хикаяны бастан кешті. Облыстық «Торғай таңы» газетінде бірге істейтін бір жолдасын ертіп алып, қызды алып келуге редактордан рұқсат сұрамай Қызылордаға тартып отырған. Ол кезде ұшақтар құрдай қатынайды әрі арзан. Ұшып барып, қызды алып, ұшып келе қоямыз деп ойлаған ғой. Бірақ қыз келіспеген. Жұматай тұрып қызға:

– Оу, қымбаттым, мұның қалай? Екеуміз сессияда танысып-табысып, сүйіп-күйіп жүрдік емес пе. Сүйем дегенің өтірік болғаны ма? – деп жауап сұрайды.
– Сүйем дегенім өтірік емес, шын. Сенің жігіттік алтын басыңды кемітпеймін. Қайта саған мен өзім тең емеспін. Шынымды айтайын, ауыр сырқатым бар, кеуде ауруына шалдыққанмын. Ертең келін боп түсіп, бірер айдан соң күркілдеп тубдиспансерге жатып қалсам, ата-анаң, туған-туыстарың «қырғын қыздың ортасында жүріп ауру қызды әкелгенің не» демей ме саған, кешір мені, – деп жылап-сықтап шығарып салыпты. Содан салы суға кетіп, иығы салбырап, қайтар жолда Алматыға біздің үйге келіп болған жағдайды баяндап берді:
–…Жағдай осындай, қыздан айырылғанымыз аздай, газеттегі қызметімізбен де қоштасатын қалпымыз бар. Редактордан рұқсат сұрамай кеткенбіз. Келіншек әкеліп жатсақ, көп ұрыспас деп ойлағамыз. Ендігі тревога жарияланып, іздеу салып, редактор ашуға мініп отырған шығар. Немен ақталамыз? Қызымыз ауру боп шықты десек, елге күлкі боламыз. Жүке, редакторымызды жақсы білесіз, ол да сізді жақсы біледі. Партияның орталық комитеті журналының білдей қызметкерісіз. Сыншылық атыңыз да елге жетіп жатыр. Редакторға телефон соғып, бізді жұмыстан шығармауды
сұраңыз, – деп қолқа салды. Ол кезде газет редакторы Мырзабай Кеңбейіловпен сырттай таныс болғанмен, жақын білістігіміз жоқ-ты. Ыңғайсыздау болса да телефон арқылы сөйлесіп, өтініш жасадым. Сөйтсе, менің онымен сөйлескенім бекер болыпты. Оған дейін бұл екеуінің жоқтығын редактор да, орынбасарлары да білмепті, ешкім іздемепті. Сол беттерімен барып, өз орындарына отыра қойса болады екен.
Содан редактор орынбасарларын шақырып алып:

– Бұл не деген бетімен кеткендік, редакцияның екі бірдей қызметкері неше күннен бері жұмыста жоқ. Олардың қайда жүргенін сонау Алматыдан сөйлескен Сомжүректен естіп-біліп отырмын. Қайда қарап отырсыңдар? –деп біраз шаңын қағыпты. Ал Жұматай мен «күйеу жолдас» ауызша сөгіспен құтылыпты. Міне, Жұматайға осындай оқыс оқиғалар үйір болатын.

Жылжып тағы бір жыл өтті. 1972 жылдың 9 желтоқсан күні жазылған Жұматайдың керемет хаты Алматыға келіп жетті. Асығыс-үсігіс жалма-жан оқи бастадым. Үзінді оқиық:
«Үй іші аман ба? Әкем мен әжемнің денсаулығы қалай? Айың қасыңда ма? Той қашан? Жұмысың қалыпша ма? Мен де аман. Үйге барып бетімді ашып келдім. Жатса-тұрса айтатындары: «қатын ал». Өз басымдағы жаңалық —Әминаның махаббатын жандырып жүрмін. Сұлу болмағанмен әйбат! Топ-толық, балтыры бесіктей, төсі де уыс толатын төс-ақ! Уыз еміп торалып келе жатқан қошақандай фигурасы жұмырланып барады. Қылығы – жігіт көрмеген қыздың қылығы. Қызуы тіпті ғажап! Өзі мені бұрыннан ұнатады екен, зерттеп жүріпті. Тұрақсыздығымнан басқа кінә қойған жоқ. Жүке, қалай ойлайсың, ақылсыз қыз емес. Неше балаға заказ берсең, сонша тауып бере алады. Денсаулығы тастай, штангі көтертсең де ұятқа қалдырмайды. Алайын ба?» деп менен ақыл сұраған.

Мен «мұндай қыздан артық қандай қыз алайын деп едің, тағы бірдеңені бүлдірмей тұрғанда тездетіп үйлен» деп кеңес бергенмін. Жоғарыдағы хат жолдарын оқып отырып қалай таңдай қақпайсың. Неткен тіл! Қыздың мінсіз мүсінін әзілге сүйеп қалай-қалай суреттеп көз алдыңа келтіреді! Тіпті, мінезі мен қылығын, құрыштай шымырлығы мен темпераментіне дейін әдемі ойнақы тілмен тамсанта бейнелеп берген. Осындай ғажап стиль оның барлық шығармаларына тән. Қай әңгімесін алсаң да көңілденіп, сүйсініп оқисың. Жұматай сөз ойнатудың хас шебері. Ол қолына қалам алғанда, сөздер оның мойнына асылған қыздардың ақ білегіндей оратылып, еркелеп, тіпті, билеп ала жөнеледі. «Әминаның махаббатын жандырып жүрмін… Қызуы, тіпті, ғажап!» деген жолдарды оқып отырып: «Пах, пах! Ой, жарайсың, жігітім!» деп стадионда голға қол соққандай айқайлап жібере жаздайсың ғой. Көз алдыңа қос құшағы айқасқан қыз бен жігіттің бір-бірін өртеп, жандырып тұрған бақытты, сәулелі сәттері елестейді емес пе! Қайран сондай сәулелі сәттер-ай десейші!

Жұматайдың сол Әминасы кезінде оның заказ берген ұл-қыздарын тауып беріп, өсіріп, жеткізіп, қазір солардың қамқор анасы, панасы болып, немерелерінің қызық-қуаныштарына кенеліп отыр. Сыйласып, шақырысып тұрамыз. Жақында Жұматай туралы естелік жазып, Фейсбук әлеуметтік
желісінде жариялады, қызыға оқыдық. Жұматай маған әзілдеп: «Қызылордалық Сыр қызы маған бұйырмады, екеуміз бажа болатын едік. Құдайға шүкір, өзіміздің Торғайдың торы қыздары еш жердің қыздарынан кем емес. Оның есесіне:

Сені іздеп аралаймын Аралды да,

Соғамын Қорлан өскен Маралдыға.

Шыға келер екенсің қай арадан,

Туғандай жарық жұлдыз таң алдында?!

…Қайдасың, қайда менің аңсағаным?! – деген жырыңмен жар салып жүріп, Аралдың ақша маңдай ерке аруы, Сыр сұлуына сен қол жеткіздің. Ай жеңешем екеуіңнің бақыттарыңа шексіз қуаныштымын деп отырар еді төрімізде. Айзада да: «Ай жеңеше деп тек Жұматай ғана айтады, басқаларың басқаша атаңдар» дейтін.

Сөйтіп:

…Елітіп жастық дәурен қызғалдақ күн,

Жырымның тең жарымын қызға арнаппын.

Сонда да ұстағаным бір-ақ шабақ,

Ұшына жем ілсем де жүз қармақтың, – деп торғайлық ақын Шәміл Мұхамеджанов жыр еткендей, әрқайсымыз Құдай бұйыртқан бұрымдылармен бас құрап, мал-малданып, жан-жанданып дегендей тұрмыс толқынында құлаш ұрып кете бардық.

***
Жұматай Сабыржанұлының 55 жылдық мерейтойы 2002 жылы өзінің көзі тірісінде жарық көрген «Өкпелесең, өзің біл» атты кітабының тұсаукесерімен бірге Астана қаласында өткізілді. Оған Алматы мен Қарағандыдан, Қостанай мен өзіміздің Арқалығымыздан, Астананың өзінен респуликаға белгілі көптеген атақты ақындар мен жазушылар келіп, өз лебіздерін, ыстық ықыластарын білдіріп, Жұматайдың мерейін өсірді. Одан кейін көп ұзамай өзі қайтыс болды. Дегенмен, еңбегінің жемісін көзімен көріп, кітабына қаламдастарының берген жоғары бағасын өз құлағымен естіп кетті.
Сонымен бірге ұлы Саяттың Түркияда оқып, жақсы білім алып, соның нәтижесінде табысты бизнесмен болғанын, қыздары Айнұр мен Гүлнұрының
құтты жерлеріне қонып, тұрмыстары түзелгенін де көріп көңілі марқайды.
Иә, бұл жағынан армансыз болғанымен, жазып жатқан, жазылатын еңбектері көп еді. Бірақ өлшеулі өмір оларды аяқтауға мүмкіндік бермеді. Өкініш өзек өртейді, алайда, Алла ісіне амал жоқ.

Жалпы, жазушылар мен ақындардың еңбегі көп кітап шығарғандарымен өлшенбейді. Аз жазса да саз жазғанымен, бір кітап жазса да бірегейлігімен, маңыздылығымен өлшенеді. Жұматайдың «Өкпелесең, өзің біл» атты жалыз том кітабы он томға татитын еңбек десек, еш қателеспейміз. Жұматайдың жазу стилі, яғни, тәсілі ешкімге ұқсамайды. Ол оқырманын жалықтырмайтын мейілінше қысқа да нұсқа жазудың асқан шебері. Сосын оқырманын өзіне ғана тән бірде ащы да уытты, бірде кісіні еріксіз күдіріп, көңілдендіріп, жымитып отыратын юморлы, тартымды көркем тілімен баурап алады.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК

(жалғасы бар)

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *