ҚАЙРАН ДОС-3

(Жұматай Сабыржанұлы этнограф, жазушы-сатирик Сейіт Кенжеахметұлымен бірге)

Жылжып тағы бір жыл өтті. 1972 жылдың 9 желтоқсан күні жазылған Жұматайдың керемет хаты Алматыға келіп жетті.Асығыс-үсігіс жалма-жан оқи бастадым.Үзінді оқиық:
«Үй іші аман ба? Әкем мен әжемнің денсаулығы қалай? Айың қасыңда ма? Той қашан? Жұмысың қалыпша ма? Мен де аман. Үйге барып бетімді ашып келдім. Жатса-тұрса айтатындары «қатын ал». Өз басымдағы жаңалық — Әминаның махаббатын жандырып жүрмін. Сұлу болмағанмен әйбәт! Топ-толық, балтыры бесіктей, төсі де уыс толатын төс-ақ! Уыз еміп торалып келе жатқан қошақандай фигурасы жұмырланып барады. Қылығы жігіт көрмеген қыздың қылығы. Қызуы тіпті ғажап! Өзі мені бұрыннан ұнатады екен, зерттеп жүріпті. Тұрақсыздығымнан басқа кінә қойған жоқ. Жүке, қалай ойлайсың, ақылсыз қыз емес. Неше балаға заказ берсең, сонша тауып бере алады. Денсаулығы тастай, штангі көтертсең де ұятқа қалдырмайды. Алайын ба?» деп менен ақыл сұраған.
Мен «мұндай қыздан артық қандай қыз алайын деп едің, тағы бірдемені бүлдірмей тұрғанда тездетіп үйлен» деп кеңес бергенмін. Жоғарыдағы хат жолдарын оқып отырып қалай таңдай қақпайсың. Неткен тіл! Қыздың мінсіз мүсінін әзілге сүйеп қалай-қалай суреттеп көз алдыңа келтіреді! Тіпті, мінезі мен қылығын, құрыштай шымырлығы мен темпараментіне дейін әдемі ойнақы тілмен тамсанта бейнелеп берген. Осындай ғажап стиль оның барлық шығармаларына тән.Қай әңгімесін алсаң да көңілденіп сүйсініп оқисың. Жұматай сөз ойнатудың хас шебері. Ол қолына қалам алғанда, сөздер оның мойнына асылған қыздардың ақ білегіндей оратылып, еркелеп,тіпті билеп ала жөнеледі. «Әминаның махаббатын жандырып жүрмін… Қызуы, тіпті, ғажап!» деген жолдарды оқып отырып: «Пах,пах! Ой, жарайсың, жігітім!» деп стадионда голға қол соққандай айғайлап жібере жаздайсың ғой. Көз алдыңа қос құшағы айқасқан қыз бен жігіттің бір-бірін өртеп, жандырып тұрған бақытты, сәулелі сәттері елестейді емес пе! Қайран сондай сәулелі сәттер-ай десейші!
Жұматайдың сол Әминасы кезінде оның «заказ берген» ұл-қыздарын тауып беріп, өсіріп, жеткізіп, қазір солардың қамқор анасы, панасы болып, немерелерінің қызық-қуаныштарына кенеліп отыр. Сыйласып, шақырысып тұрамыз. Жақында Жұматай туралы естелік жазып, Фейсбук әлеуметтік
желісіне жариялады, қызыға оқыдық. Жұматай маған әзілдеп: «Қызылордалық Сыр қызы маған бұйырмады, екеуміз бажа болатын едік. Құдайға шүкір, өзіміздің Торғайдың торы қыздары еш жердің қыздарынан кем емес. Оның есесіне:
Сені іздеп аралаймын Аралды да,
Соғамын Қорлан өскен Маралдыға.
Шыға келер екенсің қай арадан,
Туғандай жарық жұлдыз таң алдында?!
…Қайдасың, қайда менің аңсағаным?! –деген жырыңмен жар салып жүріп, Аралдың ақша маңдай ерке аруы, Сыр сұлуына сен қол жеткіздің. Ай жеңешем екеуіңнің бақыттарыңа шексіз қуаныштымын деп отырар еді төрімізде. Айзада да «Ай жеңеше деп тек Жұматай ғана айтады, басқаларың басқаша атаңдар» дейтін.
Сөйтіп: …Елітіп жастық дәурен қызғалдақ күн,
Жырымның тең жарымын қызға арнаппын.
Сонда да ұстағаным бір-ақ шабақ,
Ұшына жем ілсем де жүз қармақтың, — деп торғайлық ақын Шәміл Мұхамеджанов жыр еткендей, әрқайсымыз Құдай бұйыртқан бұрымдылармен бас құрап, мал-малданып, жан-жанданып дегендей тұрмыс толқынында құлаш ұрып кете бардық.

***

Жұматай Сабыржанұлының 55 жылдық мерейтойы 2002 жылы өзінің көзі тірісінде жарық көрген «Өкпелесең, өзің біл» атты кітабының тұсаукесерімен бірге Астана қаласында өткізілді. Оған Алматы мен Қарағандыдан, Қостанай мен өзіміздің Арқалығымыздан, Астананың өзінен респуликаға белгілі көптеген атақты ақындар мен жазушылар келіп, өз лебіздерін, ыстық ықыластарын білдіріп, Жұматайдың мерейін өсірді. Одан кейін көп ұзамай өзі қайтыс болды. Дегенмен, еңбегінің жемісін көзімен көріп, кітабына қаламдастарының берген жоғары бағасын өз құлағымен естіп кетті.
Сонымен бірге ұлы Саяттың Түркияда оқып, жақсы білім алып, соның нәтижесінде табысты бизнесмен болғанын, қыздары Айнұр мен Гүлнұрының құтты жерлеріне қонып, тұрмыстары түзелгенін де көріп, көңілі марқайды.
Иә, бұл жағынан армансыз болғанымен, жазып жатқан, жазылатын еңбектері көп еді. Бірақ өлшеулі өмір оларды аяқтауға мүмкіндік бермеді. Өкініш өзек өртейді, алайда, Алла ісіне амал жоқ.
Жалпы, жазушылар мен ақындардың еңбегі көп кітап шығарғандарымен өлшенбейді. Аз жазса да саз жазғанымен, бір кітап жазса да бірегейлігімен, маңыздылығымен өлшенеді. Жұматайдың«Өкпелесең, өзің біл» атты жалғыз том кітабы он томға татитын еңбек десек, еш қателеспейміз. Жұматайдың жазу стилі, яғни тәсілі ешкімге ұқсамайды. Ол оқырманын жалықтырмайтын, мейілінше қысқа да нұсқа жазудың асқан шебері. Сосын оқырманын өзіне ғана тән бірде ащы да уытты, бірде кісіні еріксіз күдіріп, көңілдентіріп, жымитып отыратын юморлы, тартымды көркем тілімен баурап алады.

…Мені Жұматайдың жоғары көркемдік талғамы қатты сүйсіндіреді. Мың-мыңдаған қара сөздің арасынан құмнан алтын түйіршектерін теріп алғандай ең көркемін, әсерлісін, әдемісін іріктеп-сұрыптап алып, солардан маржан моншақтай тізіп, көркем туынды туғызатын. Өлеңге деген талғамы мен талабы да аса жоғары болатын. Оның бойында табиғи сыншылық касиет болды. Оның бұл саладағы басқа сыншылардан ерекшелігі – алған объектісін, яғни, нысанаға алған шығарманы көп сөз етіп жатпай, қысқа қайырып, сықақ тілімен түйреп түсетіні. Кейде ащы әжуа, кейде тұщы әжуа, кейде кекесінді әжуа тәсілдерімен сынайды. Және ақынның қисынсыз, мәнсіз, мағынасыз бірер шумағын ғана іліп алып, қатесін дөп басып мысқылдайды. Ол сын жебесін қадаған ақындар мен жазушылар марқұм боп кетті. Сол себепті мысал келтірмей-ақ қоялық.
Жұматай қысқа сықақ сын ғана емес, байсалды әдеби сын жазуға да қабілетті еді. Оның бірі, мысалы, менің 1975 жылы жарық көрген «Нұрлы нысана» атты тұңғыш жыр жинағыма жазған «Шырайлы жырлар» мақаласы қай жағынан да әдеби сын талабына сай келеді. Әттең, Жұматай кәсіби сынға мойын бұра алмады. Оған уақыт таппады. Кәсіби сын оған өзіңді бүтіндей арнауыңды талап етеді. Мен сыншы бола жүріп, өлең де жазып жүрдім. Белгілі сыншы Сағат Әшімбаев мені өлеңнен қызғанатын. «Сынға бүтіндей беріл» дейтін. Мен кейін өлеңге бұрылып кеттім де, сыным жетімсіреп қалды. Сынды қазір сирек жазамын. Шынында, сынға аса көп уақыт керек. Жұматай да сол себептен сынға басы бүтін шыға алмады. Шіркін, бел шешіп шыққанда, қазақтың нағыз Белинскийі Жұматай болатын еді, сөз жоқ. Себебі, нағыз сыншыға қажетті табиғи талант пен ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын батылдықтың екеуі де Жұматайда бар болатын.

***
АЗАМАТТЫҚ ПОЗИЦИЯСЫ

Біз «ақын болу міндет емес, азамат болу парызың» деген орыстың ұлы ақындарының бірі Некрасовтың әйгілі қанатты сөзін құлағымызға құйып өскенбіз. Бұл ақындығың мен жазушылығыңнан азаматтығың бірінші орында тұрсын деген сөз. Яғни, қолыңа қалам ұстадың ба, алдымен халқыңның қамын ойлап, елің мен жеріңнің, ұлтыңның, отаныңның мүддесі үшін жан аямай , бел шешіп күреске түсуің керек. Ақын болсаң, өлеңіңді сол мақсатқа жек, жазушы, журналист болсаң, қаламыңды өткір қару етіп, елің мен жеріңді қорға деген мағынаны білдіреді. «Отан үшін отқа түс!» деп Бауыржан батырымыз да күндей күркіреп, патриот болуға үндеген. Бірақ Некрасов немесе Бауыржан айтты екен деп қаламгерлердің бәрі бірдей ел үшін, әділдік пен шындық үшін шырылдап, жанпидалыққа бара бермейді.
Әділдік үшір алысу, әлеумет үшін айқасу, күресу – ерлердің ісі! Қысқасы, нақтылап айтқанда, күрескерлік туабітті қасиет, яғни, ол да табиғи талант. Міне, осы табиғи қасиеттер Жұматайдың қанына сіңген, бойында бұрыннан болған. Қарапайым шопырлықтан бірден журналист болуы, жүйелі түрде алған жоғары теориялық білімі болмаса да республикаға белгілі сатириктік биікке көтерілуі сол табиғи қасиеттері мен тума талантының арқасы екені даусыз. Оның өзге сатириктерден басты ерекшелігі — қоғам қайраткері деңгейіндегі күрескер, саяси сатирик бола білгендігі.
Жай сықақшылар қоғам мен адамдар бойындағы кеселдерді шартты түрде, шартты кейіпкерлер арқылы сынап, сықақтайды. Сондықтан олар қудаланбайды. Өйткені, ешкімнің атын атап, түсін түстеп сынап жазбайды. Ал Жұматай «Өкпелесең, өзің біл» деп, аудан мен облыс басшыларын, министрлер мен атақты жазушыларды, тіпті, Президенттің өзін аттарын атап-атап сын-сықақтарының, сатиралық өткір сын-мақалаларының нысанасы етеді. Сонау 1994 жылы «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақстандағы қазақ мәселесі» атты сын мақаласы Ақмолада бомба түскендей дүмпу туғызған. Облыс әкімі Браун бастап, қалғандары қостап Жұматайға қарсы нағыз майдан ашқан. Бұл соғыс келесі жылдың қыркүйек айына дейін тура бір жылға созылған.
Жұматай бір өзі нағыз хас батырдай мыңмен жалғыз алысқан. Сөйтіп, сол шайқаста соттаса жүріп жеңіп шыққан. Қарсыластары кешірім сұрап құтылған. Лев Толстой мен Бауыржан Момышұлының бейбіт күндері жасалған азаматтық ерліктің оқ борап тұрған майдан даласындағы ерліктен бір де кем емес екені туралы айтқаны бар. Шынында, соғыста не жауды өлтіресің, не өзің өлесің, екінің бірі, таңдау жоқ. Сосын жастығымды ала жығылайын деп шайқасады ғой. Сөйтіп, ерлік жасауға еріксіз мәжбүр болады. Ал бейбіт күнде ше? Сені әділетсіздік пен шындық үшін күреске ешкім мәжбүрлемейді. Бетегеден биік, жусаннан аласа, қойдай жуас болып, жайыңа жүрсең, сенде ешкімнің жұмысы болмайды. Бейбіт күнде көп адам солай өмір сүреді. Ал Жұматай өз жанының тыныштығын ғана ойлап, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» болып тыныш отыра алмады. Әділетсіздікті ата жауындай көріп, өмір бойы онымен жауласып, айқасып-шайқасып өтті. Және, бір ғажабы, жауырыны жерге тимеген балуандай ылғи жеңіске жетіп отырған.
Жалпы, Жұматайдың журналистік, сатириктік өмірі мен әділетсіздіктерге қарсы күресі – нағыз бейбіт күндегі азаматтық ерліктің ерен үлгісі деуге болады. Шынында солай.
Адам бар жауын жаншып ұра білген,
Адам бар жақынға да бұра білген.
Алайда, шын азамат тек сол ғана,
Шындық үшін тіресіп, тұра білген!
Менің осы бір дара шумағым Жұматайға арналып шығарылғандай. Әділдік үшін алысу, шындық үшін күресу мен тіресу оған оңай болған жоқ. Қаншама қиындықтар көрді, жүрекке қаншама күш түсті, қаншама күйінішті күндерді бастан кешіріп, іштен тынды. Сондай қаны қайнаған сәттерде ашу-ызасын ащы сумен басқан кездері де аз болмаған. Мүмкін сыртқы жау мен аталмыш ішкі жау екеулеп іштей мүжіп, ағзасын әлсірете берген шығар. Кейістік іштен тындырып, апта мен айларға созылса, ол дертке шалдықтырып, адамды төсекке таңады. Әйтпесе, 55 жасында ажалға дес бермеген болар еді.

Жұматайдың жазып кеткен мынадай сөзі бар: «Ақылым жеткен жерге дейін әділін айттым, шама-шарқым жеткенше Шындық үшін шарпыстым. Бұл өмірде мен көрген бір ғанибет тірлік – сол!»
Бұл –мағынасы теңіздей терең, астарын түсінген адамға ой салатын аса салмақты сөздер. Әділін айтам деп азап шеккені, шындықты шыңғыртып жазғаны үшін әкімдер мен жандайшаптары өзін қалай шыжғырып, шырылдатқаны кітабында жан-жақты жазылған. Бірақ Жұматай көрген қорлық-зорлықтарына, шеккен қиянаттарына өкінбейді. «Отан үшін отқа түс –күймейсің!» деп Бауыржан батыр айтқандай, азап шексе де, әділдік деп алысқанын, өзін шыжғырып күйдірсе де, шындық үшін шарпысқанын өзі жасаған қысқа өмірінде көрген, бастан кешкен ғанибет іс деп есептейді. Ғанибет тірлік кешу – мағыналы-мәнді өмір сүру деген сөз. Демек, ол әділдікке ара түсіп, шындық үшін күресе білгенін бақытым деп білген. Ерлік жасадым демейді, сыпайылап ғанибет тірлік кештім дейді. Ал оның азаматтық ерлік екенін біз айтуымыз керек. Міне, айтып та отырмыз, әлі де айтамыз. Болашақта басқалар да айтатын болады.

(жалғасы бар)

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *