Андраш Жолт БИРО, Венгрия антропологиялық институтының профессоры: Кейкі батыр қазақ­­тың мүддесін қорғауды мақсат етті

Таяуда Венгрия антропологиялық институтының профессоры, Венгр-Тұран қорының төрағасы Андраш Жолт БИРОМЕН әңгімелескен едік.

– Биро мырза, ел аузында есімі «Кейкі батыр» деп құрмет­пен аталатын Нұрмағамбет Көкем­байұлының бас сүйегіне Венгрияда реставрация жасалғаны белгілі. Бір ғасыр бұрын мерт болған батырдың бас сүйегін антропологиялық тұрғыдан қалпына келтіру барысында қандай соны технологияға сүйендіңіздер?

– Мажарстандағы антрополо­гия институты – еліміздегі ең ірі ғылы­ми орталықтың бір бөлігі. Нақты айтқанда, Венгрия жаратылыс­тану ғы­лымдары музейінің антро­по­ло­гиялық бөлімінде 6 антр­ополог жұмыс істейді. Сол ғалым­дардың ішінде осы сала бойын­ша әлемдегі ең үздік мамандардың бірі – Агнеш Куштар есімді әйел. Ол бөлім жетекшісі және бас антрополог болып еңбек етеді. Міне, осы әріптесіміз қайта қалпына келтіру жұмыстарын жаңа әдіс-тәсілдермен жүргізеді. Мәселен, бас сүйекті алып қарайық. Оның өзіне тән қалпы, бітімі болады. Бұл қалып бойынша бұлшық еттің бедерін шығарады. Яғни, сүйек­тің сыртына қарай отырып, оны қаптаған бұлшық еттің көле­мін анық­тай аламыз. Әрине, бұған үлкен тәжірибе қажет. Бұл ретте сүйек­тің миллиметрлік өлшемдермен біртін­деп микросуреттері алынады. Осы суреттерге сәйкес, бұлшық еттің ерек­шеліктері беріледі. Сондай-ақ, заманауи технологиялардың бірі саналатын 3D форматымен компьютерлік томографиядан өткізеді. Компьютерлік өңдеуден өткенде 3D моделімен жа­сал­ған материяның бірін бас сүйекке, бірін силиконға ұқсас жасаймыз. Бұл екеуі де сүйектің өзі сияқты болады. Осылайша сүйектің жасанды көшірмесін жасап алып, бет-әлпетін толық шығарады. Сондай-ақ, тағы бір әдіс – кішкентай бөліктерден құрау. Түп­теп келгенде, антропология мен медицинаның заманауи технологиясымен жасалған бұл келбет түпнұсқаға 95-99 пайыз ұқсайтын болып шығады. Міне, осы технология бойынша біз Кейкі батыр­дың келбетін қалпына келтірдік. Сондай-ақ, бес жыл бұрын біздің институтымыз Әбілқайыр хан­ның да антропологиялық бет-әлпе­тін жасаған болатын. «Хан моласы» атанған Әбілқайыр ханның мазары Ақтөбе мен Торғайдың арасында орын тепкен. Бүгінде Мажарстандағы антропология­лық орталықтың озық технологиясы мен ғылымына әлемнің назары ауа бастады.

– Әлемдегі антропологиялық орталықтардан мажарстандық институттың ерекшелігі неде?

– Жалпы, дүние жүзінде антро­поло­гиялық орталықтар жетерлік. Бірақ осы іспетті заманауи техноло­гияға ие, сондай-ақ, зерттеу объектісі ретінде ауқымды сүйектерді жинақ­таған институт әлемде санау­лы. Өйткені, мұнда зерттелген сүйек­тер барлық ғасырды қамтиды. Оның ішінде орта ғасырлардағы дала­лық­тар, көне ғұндар, көшпелі мадияр­лар да бар. Мұның бәрі реконст­рукция жұмыстарындағы ғы­лы­ми тәжіри­бені кеңейте түседі. Өйт­кені, біз­де еуропалық түрлер ғана емес, ортаазиялық түр-келбеттер де көп. Бұл еуропалық және моңғо­лоид­тық түрлерді бір арнаға тоғыс­тыра­­ды. Осы тұрғыдан келгенде Еуро­­па­ның, Солтүстік Американың ант­ро­пологиялық орталықтарында орта­азиялық түрлерді қалпына келтіру тәжірибесі жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан, Қазақстан тарапы бұл жұмысты біздің институтқа сеніп тапсырды деп ойлаймын. Білікті антро­полог Агнеш Куштар бұл жұ­мыс­ты соңына дейін жеткізді. Бір ай бұрын біз бас сүйекті қазақстандық деле­га­цияға табыс еттік. Яғни, Кейкі батыр­дың бас сүйегі мен бет-әлпетінің антро­пологиялық қорытындысын Қазақ­стан­ның орта­лық мемлекеттік музейі­нің басшысы Нұрсан Әлімбай мырза қабылдап алды. Бұл бас сүйекті Ресей­ден Қазақ­станға алып кел­гені, одан рес­та­в­рация жасау үшін Вен­грияға жіберілгені белгілі.

– Реставрация кезінде күрескер батырдың бас сүйегі екені сезілді ме?

– Өмірде Кейкі батыр сияқты табанды адам өте сирек кездеседі. Ол қазақ халқының нағыз батыр, ержүрек перзенттерінің бірі. Оның елжандылығы қазақ халқының басына қиындық түскен күрделі кезеңмен өрілді. Сондықтан, Кейкі­дей қаһарман ұлдардың күрес­ке толы өмірінен алатын өнеге аз емес. Ұлтқа қауіп төнген қатерлі шақта ол осы сыннан өтуді ғана емес, елдің еңсесін түсірмеуді, қазақ­­тың мүддесін қорғауды, намы­сын бермеуді, рухын биік ұстау­ды мақсат етті. Бүгінде мұндай жау­­­жүрек жігіттер аз. Біз реставра­ция жұмыс­тары барысында Кейкі батырдың бойын­дағы батыр­лық қасиеттерін қолы­мыздың табы­нан ғана емес, санамыздан да өткіз­гендей болдық. Ол шын мәнінде нағыз батыр тұлғалы адам болған. Міне, осы қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі арқылы халықтың жігерін жанитын үлкен ескерткіш мүсінді сомдауға әбден болады деп ойлаймын.

– Сіз бірнеше жылдан бері қазақтар мен мажарлардың туыс­тық қарым-қа­ты­насын зерт­­теп келесіз. Екі халықты қан­­­­дай ортақ дүние байланыс­тырады?

– Біріншіден, Қазақстан өте үлкен аумақта орналасқан. Қазақ халқы түрлі тайпадан, рудан құралады. Сондықтан, ерте уақытта бұл аумақта этникалық оқиғалар көп болды, көптеген ұлыстар мекен етіп, бір-біріне құрамдас ретінде орнықты. Мадиярлар оңтүстік Оралға жақын маңда көшіп-қонып жүрді. Жал­пы, халықтардың этногенезіндегі тілдік айыр­машылықтарды қалпына келтіру өте қиынға түскен болар еді. Өйткені, тіл алмасады, өзгереді. Көшпенділер тілі де осы күйді өткеріп, заманға сай дамыды. Алайда, біз тарихқа генетика мен антропологиялық дәлелдер арқылы терең бойлай аламыз. Этногенез ілімі ғасырларды аттап өтеді. Венгрияның орталық антропологиялық институтында 600-ден астам бас сүйек IX ғасырға, яғни көшпенді мадияр­лар Кавказға келіп, алғашқы қаға­наттықтарын құрған кезең­ге тиесілі. Бұл сүйектер Ор­талық Азиядан табылған сүйек­терге жақын. IX ғасырдағы мадиярлардың антропологиялық мінездемесі кейіннен біртұтас қазақ ұлтын құраған сол кездегі түрлі ұлыстарға өте ұқсас болып келеді. Арал мен Балқаш теңіздері арасында және Алтайға дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрген халықтың түр-сипаты мен болмысына осыдан мың жылдан астам уақыт бұрынғы мадиярлар қатты ұқсайды. Бұл олардың ортақ тарихы мен этногенезі болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, хромосомалық талдауларға қарасақ та, генетикалық еңбек­терге көңіл аударсақ та қазіргі мадияр жерінде ортаазиялық тұр­ғындарға тән көптеген мұралар сақталып қалған. Қазақ халқы да осыдан 1500-2000 жыл бұрын қазіргі әлпетінен сәл басқашалау болған.

– Мәселен?

– Мәселен, осыдан 1 мыңдай жыл бұрын қазақ жеріне солтүс­тіктен моңғол тектес көптеген халықтар келді. Ертедегі қазақтар мен мадиярларда аса алшақтық болған жоқ. Кейіннен мадиярлар батысқа кетті де, еуропалық нәсілмен көрші тұрып, сондағы мәдениетпен алмасты. Десе де, мадиярлар өздерінің бағзыдағы келбетін сақтап қалды. Ал қазақтар сібір мен солтүстік-шығыстан келген халықтармен араласып кеткендіктен, қазіргі түрі басқашалау реңге ие болған. Дегенмен, қазақтардың әр өңірге тән ерекшеліктері бар екенін де ұмытпауымыз керек. Қазақтар өте қуатты мәдениетке ие ел, тіпті, байтақ территориясына қара­мастан, диалектілер мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан үлкен халық ретінде ру-тай­паларының бір-бірінен ге­нети­калық, ан­тропологиялық ерек­ше­лі­к­тері болғанымен, жалпы алғанда, бір­тұ­тас ел екені көрініп тұрады. Ал ру-тай­па ше­жі­ресін білетін, ана тіліне же­тік адам қазақы қал­пын сақтайтыны да осы елдің ерекшелігі бол­са керек. Орта­лық Азиядағы көптеген ха­лықтар түр­лі жағ­даймен Батысқа жылжыд­ы. Олар­дың ара­сында мадиярлар да бар. Ата-ба­ба­ла­ры­мыз бір-біріне өте жақын болды. Біз бір­ге, көрші тұрдық. Сондықтан, мә­де­ниетімізде ғана емес, генетикалық тұр­ғы­дан туысқандығымыз да ұқсас. Бұрынғы тарихымыз оны берік байланыстыратын.

– Сіз Мадияр-Тұран қорына жетек­ші­­лік етесіз. Аталған қор немен шұғыл­да­­нады?

– Мадияр-Тұран қоры екі ба­ғытта жұмыс істейді. Бірін­шіден, ғылыми бағытта генетика, антропология, тарих, этнография және халық музыкасын зерттеушілермен бірге еңбек етеміз. Екіншіден, көне мадияр­лар өркениетіне тән ат ойындарымен, көкпармен, садақ атумен, қару-жарақ және киіз үй жабдықтарын жасаумен, ха­лық музыкалық аспаптарында ойнаумен, ұлт­тық билерді билеушілермен бірге жұмыс істей­міз. Яғни, құрылтай сияқты үлкен іс-ша­­ра­ларымызда мамандарымыз жиынның тұ­­жырымдамасын бекітіп берсе, екінші мамандарымыз ғылыми кеңесте кесіп-пішілген дүниені жұрт­шылықтың назарына шы­ғарып ұсынады. Мен өзім Ма­жарстанда тұрамын. Біздің қорымыз Будапешт қаласында тір­кел­ген. Осы қоғамдық ұйым арқылы күллі түр­­кі дүниесінің құндылықтарымен танысамыз, өзімізді де таныстырамыз. Осы бағытта бір жыл бұрын Алматы қаласы әкімдігімен бірге «Ұлы Дала рухы» атты шара өткіздік. Онда көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен көрсетілімдер болды. Сондай-ақ, ғылыми бағытта Қазақстанның барлық музейлерімен байланыс орнатып, ондағы сүйектерді зерттеп, бірыңғай антропологиялық базаға жинақтаудамыз. Бұл өте маңызды жұмыс. Мұндай база Мажарстанда бар. Онда әр ғасырға сәйкес жекелеген ұлт­тар мен ұлыстар бойынша мәлі­меттер жинақталған. Осы не­гізде Орталық Азияның антропо­ло­гиялық базасын түзудеміз. Биыл Астанада өтетін ЭКСПО-да көне мадиярлар өркениетін көрсетуді көздеп отырмыз.

Әңгімелескен Думан АНАШ

Түпнұсқадағы тақырып: «Кейкінің күрескер келбеті көрінді»

egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері қызметтерінен кетті

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері өз өтініштері бойынша қызметтерінен кетті, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Қостанай облысының ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *