Жомарт НҰРМАНОВ. ТЕМІРҚАЗЫҚ, ҮРКЕР және ЕСЕКҚЫРҒАН

(Деректі хикаяттан үзінді)

Бірі – әлжуаздау талдырмаш, екіншісі – шымыр денелі 15-16 жастар шамасындағы екі бозбала су жағалап келеді. Бұл – Байғабыл өзені. Қолдарында тал-қармақ, ат қылынан есілген тұзақтары бар. Сірі кеткен етіктері өкшелерін қажамауы үшін жалаңаяқтанып, иықтарына асып алған. Лақтырып кетуге бар, бірақ тозығы жеткен болса да, мұндай аяқкиім қайдан табылар?

Екеуі де бидай өңді, тумысынан ақсары екенін балақ-жеңдерін түрмесе, аңғара алмайсың, әбден күнге күйіп тотыққан, қолдарын күс басқан, табандары тілім-тілім.  Үстеріндегі сәтен көйлектерінің күнге күйгені сондай, бояулары өңіп кеткен. Бұлар балдыр арасында шабақ күтіп, жусаған шортан-шорағайды көздерімен сүзіп келеді. Ертеректе шоршып жататын балықтар да судағы өмірлерінен түңілгендей, ешбір белгі бермейді. «Өзен жағалайдының өзегі талмайдысы» қайда, қармақтарына соқыр балық та ілікпей, әбден шаршады.

Екі балаға бұлай өзен жағалап, серуендеу қайда, екі күннен бері қалың нөсер жаумаса?!  Жерге қақ тұрып, езіліп кетті де, өгіздер  сазға тілерсегінен  батып, ылғал шөпті  маламен тарту ауырлаған соң  бригадир амалсыздан демалыс берді. Бұрындары Байғабылдың суы кемеріне лық толып, бұйра толқындары жағадағы құммен аймаласып, шөп-шөп сүйісіп жатушы еді, бұл күнде айдыны орта түсіп кеткен; түсі де қошқыл-көк тартып, елдің көңіл-күйіне үн қосқандай, тұнжырап жатыр.

– Кел, Барлық, мына талдың түбінде аздап тынығып алайық, – деді Әбдісадық. Екеуі мойын дорбадан  қатып қалған қара нанды, кепкен құртты суға салып кемірді. Етіктерін басына жастап, жантайды.

– Бұл соғыс қашан аяқталып, көкелеріміз қашан елге оралар екен?

– Немістер мысықтабандап, шегініп жатыр дейді ғой…

Ұйқысы шала, ашқұрсақ балалардың әбден діңкеленіп жүргені көзге ұрып-ақ тұр. Бұлар шөп шабу науқаны басталғалы таң бозарып атқаннан  шалғы сүйрейді, мала  тартады. «Өк» дегенді түсінбейтін, ши темірмен ұра-ұра терісі көн болып кеткен өгіздер санына айыр тықсаң да аяғын баспайды-ау, баспайды. Екі танауы делдиіп, ентігіп  тұрып алады, мелшиген жануарлар. Ызақор Әбдісадықтың бірде өгіздің құлағын шап беріп, тісі шықырлап, жағы шатынағанша шайнағаны бар. Мүйізін қағып алайын десе, бұған дейін біреу алдын орап, мұқыл ғып қойған.

Күні кеше  шөп шабу науқаны қыз-келіншектер  бозторғаймен жарыса ән салып, жастар бір-бірімен алысып-жұлысып, қызық өтеуші еді. Көк майса үстінде шабын шөптен көтерілген жусан мен жалбыздың жұпар иісі араласқан боз тозаң кең алқапты жібек шымылдықпен күркелегендей дала көрінісі көңілге ерекше сән беретін. Бұл күнде жұмысқа қамтылған әйелдер мен бала-шағаның, егде тартқан еркектердің қабақтары қатулы, жүздері ашулы. Сіркесі су көтермей жүргендерге сөз айтудың өзі қиын, «шап» ете қалады. Бригадирлер анау, астындағы жаман атын шоқырақтатып, қамшысын шоштаңдатып, әкіреңдеп жүрген. Ылғи шал-шауқан, қатын-қалаш, бала-шағадан құралған шалғышыларға солар әкіреңдемегенде, кім әкіреңдесін?.. Аудан орталығынан келген өкілдер де бір байпатша «норма, норма» дегеннен басқа сөз білмейді. Басқарма солардың алдында «жантайып жастық, жайылып төсек» бола қалады. Шамасы астындағы атын сыпырып алып, майданға айдап жібереді деп қорқады.

Колхозшылардың шетінен өңі сынық. Байғабылдың арғы бетіндегі тары еккен диқан-мұраптардың, мал баққан ауылдардың, сауыншылардың көрген күні де қып-қызыл бейнет. Қол күші жетіспейді. Содан мектептегі оқу тарасымен бала біткен колхоз жұмысына тартылған. Емшектегі баласы бар әйелдерге дейін күндіз-түні жұмыста. Жүздерінен күйзеліс табы, түрлерінен жүдеу-жадаулық аңғарылады. Сұрапыл соғыстың салқыны ғой.

Міне, үш жыл болды, ауылдағы Барлық пен Әбдісадық құрбылас балалар, негізінен 1926 жылдың перзенттері және одан бірер жыл бұрын-кейін туғандар Тараудан бастап Аяққа дейінгі Байғабыл, Торғай-Тоқанай, Қабырға өзендерінің қолтық-қойнауынан пішен шабады, шөмеле салады, мала тартады, егін орады. Қасіреттің ызғары мал екеш малға да тигені-ау, отарлы қой, сиырлар табынымен Жаман қала дей ме, қасапханаға айдалып кетіп жатыр.

Жұмыстан шаршап келгенде тоя жейтін тамақ та жоқ. Байғабылдың суынан балық та қаппайды. Сөлдері құрып, ішегі шұрылдап келген Әбдісадыққа апалары Бибіғайша мен Айғанша сүт-қаймаққа ши жүгіртіп жалатады. Сүтті кеселеп ішу қайда? Үкіметке, «маслопромға» өткізу керек. Тексеріс қатаң. Ағайын-көршілердің өзіне сенім жоқ, керек жеріне жеткізіп қояды. Әбдісадықтың әкесі – мал фермасының меңгерушісі Баймұқанның да жетісіп жүргені шамалы. Тексеріс пен талап күшті. Бір тілім ет, бір түйір дән, бір тал жүн болса да – бәрі майданға. Әбдісадықтың апалары, көрші-көлемдегі әйелдер түні бойы ыңылдай отырып, майдангерлер үшін жүн шұлық, биалай, жылы киім тоқиды. Мұңды әндері мен әуендеріне құлақ түрсең, сағынышқа толы  үміт  пен уайымды естисің.

 «Езілмес жүрек бар ма ел дегенде,

Қан жұтып, жан қиямын сен дегенде.

Қара-құзғын фәшисті жеңіп келіп,

Оралсын көкелерім туған жерге.

 

Мұң басты Байғабылды — ауылымды,

Қараймыз күнге тосып жауырынды*.

Тезірек оралса екен туған елге,

Сағындық майдандағы бауырымды…»

*Қазақтар сойылған малдың жауырынына қарап келер күннің ауа райын, болашақты болжаған.

 Ошақ басындағы оттың жарығымен майдангерлер үшін жүн түтіп, шұлық тоқып отырған ауыл-үйдің қыз-келіншектерінің жүректі шымырлатқан әндері құмығып шығады, арасында  Әнуза мен Әпуза, Айғанша апайлар, қаршадай Гүлсім, Әбдісадық пен Барлықтың жақсы көретін жеңгелері бар.

1942-1945 жылдардағы ауылдағы көңіл-күй, елдің хал-ахуалы осындай болатын.

– Түнде мал күзетіне шығамыз ба?

– Жарайды, – деп ынтасыз жауап берді Барлық.

Айлы түнде арба үстінде жатып, мал күзетудің жақсы жері –  Әбдісадық пен Барлық таң бозарып атқанша жұлдыз санайды, екеуінің біреуі қалжырап, ұйықтап кеткенше әңгімелеседі.

Жұлдыз ағып түссе, екеуі бірдей: «Біссімилла, біссімилла, менің жұлдызым жоғары» деп жарысады. Үлкендердің айтуы бойынша, көк аспандағы бір  жұлдыз сөнсе, майдандағы тағы бір жауынгердің ақ өліммен шейт болғаны, негізі  жаман ырым. Онсыз да майданнан қаралы қағаз келіп, қара жамылып қалғандардың саны қисапсыз.  Шағын ауылда ойын-күлкіден гөрі, шашын жайып, зарлаған аналардың, асыл жарынан айрылған жесірлердің жоқтауы жиі естілетін заман болды.

Әбдісадық бұрын арқа сүйеп жүрген аталас ағалары Әбдіхамитты, Қостемір мен Шынтемірді, Шоңғал мен Жәкенді есіне алды. Соғыстың екінші жылында Кеңес елінде жаппай мобилизация жарияланып, ауылдағы 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтардың бәрі майданға алынды. Бригадир болып жүрген Жәкен аға Әбдіхамит  інісін Мұқырға дейін шығарып салып келгені сол еді, келесі күні өзі де майданға аттанды. Елдің ендігі  тілегі – ауылдастарының аман-есен оралуы.

Барлықтың да ағалары – Ғазиз, Тұрман мен Сәдірен де майданда. Ұрыс даласынан ара-кідік құсқанат хаттар келіп жетсе, бұл ел үшін  үлкен жаңалық, ерекше  қуаныш. Әдетте, бұл хаттарды оқып берушілердің озаты да Әбдісадық пен Барлық. Екеуі де арабша  төте, латынша, орысша қаріп таңбаланған жазбаларды саудыратып оқи алады. Кейбір кейуаналар майданнан келген хатты күніне оншақты рет оқытып, сағыныш сазын басады.

– Күн бұлтты ғой деймін, жұлдыздар  көрінбейді.  Барлық, сен аспан денелері  туралы қандай аңыздар  білесің?

Барлық жасы кіші болса да, білмейтіні жоқ зерек. Кітапты көп оқыған.

Әбдісадық та осал емес. Қазақ батырлар жырын, ертегілерді, соның ішінде «Қобыланды», «Шора батырды» жатқа біледі. Дүние кең заманда талай рет ауылдас ағайындарға оқып берген. Руы Шора қаз Қыпшақ болған соң, Қобыланды мен Шораны өзіне туыс, баба санайды. «Мен де солардай бес қаруым бойымда, ақсауыт киіп, жауға шапсам, дұшпанымды жапыра жайратсам…» деп армандаушы еді 7-8 жасында. Әбді баланың басына  мұндай қайсарлық мінез бен қатігез ойлардың келуі заңды. Ол бес жасқа келгенде асыл анасы   Балкеннің аялы алақанынан айрылды. Бәтен   қаншама іш тартқанымен, туған анасы көз алдынан кетпей қойған Әбдісадық өгей шешенің риясыз  мейірімін қабылдай  қоймады. Әбдісадыққа анасынан айрылғаннан кейін елдің бәрі өзін мүсіркеп тұрғандай көрінуші еді. Бірақ,  ол жетімдік көрді деуге болмайды, себебі, Баймұқан әке Бәтен шешейге үйленіп, ол кісіден «үріп ауызға салғандай» екі қыз – Күлаш пен Күлмайран туды.   Апалары Бибіғайша мен Айғанша қолдарынан келген қамқорлығын аямай, кішкентай Әбдісадыққа анасын жоқтатқан жоқ. Мұның сыртында әкесінің інілері Хамзаның, Нұрманұлы Әбдіхамиттың үйіне емін-еркін барып, тел өсті. Тек Хамза ағасы елден ертерек, жыраққа, сонау Жетісу жеріне кетіп қалды. Бала кезден естігені: Хамза ағасы үлкен қызметте – ГПУ аталады. Ал «ГПУ», «НКВД» деген сөзді естісе, халықтың түсі бұзылып, үрейі ұшатын. Бұл үрей орынды да еді:  күні кешегі 1928 жылы елдегі бетке ұстар беделді тұлғалар, ру басылар, арасында аталасы Сәуірбайдың Нұрманы мен Бияны бар, тұтқындалып кетті. Оларды еске алудың өзі қорқыныш. Нұрман әке ауырып жатқанда, орнына 16 жастағы Әбдіхамит көкесін алып кетіп, Әбекеңнің  бірнеше жыл сергелдеңге түскенін, Шайдақ ағайдың  Жетісуға бас сауғалағанын естіген. Алматыдағы  Хамза ағаның үйінде жатып, алғаш рет мектеп табалдырығын аттағанын, тентектеу болғаны: мектепке алып барғанда, сабаққа кірмей, теректерді тасалап, Мәлике анасынан қалмай, үйге қайтқаны, сонда Хақаңның ұрысқаны есіне түсті. «Сен немене? Үйіңді сағынып жүрсің бе? Мәликені анаңдай көр. Айтқанын тыңда. Анаң болмаса, Бәтен шешең, Бибіғайша мен Айғанша бар. Сенің әкең Баймұқан екеуміз біріміз — 16, екіншіміз  12 жаста тұл  жетім қалғанбыз. Адам боламын десең, еш нәрсеге алаңдамай, оқуыңды оқы, еркелігіңді қой!» деп зекіп тастаған-ды, мінезі тік кіші әкесі. Әбдісалық осындай ойлардың жетегінде жатқанда:

–  Әне, Темірқазық көрінді, – деді Барлық.

– Темірқазық Тәңірінің құдіретімен аспанға қағылған, ат байлайтын алтын қазық. Ол дүниенің кіндігі есептеледі. Оған Ақбозат пен Көкбозат арқандаулы тұрады, олар түнімен Темірқазықты айнала оттап жүреді. Ал, шөміш пішінді Жетіқарақшы болса, олардың соңынан аңдиды екен.

Барлыққа сөз бастап берсең болды, оны тоқтату қиын. Әбдісадық:

–   Үркер қайда, көрсетші, кәне, білгіш болсаң? – деп еді, Барлық:

–  Үркер жаздың қысқа түнінде көзге көп көрінбейді. Қазақ халқында аспандағы ерекше көзге түсетін жұлдыз шоғырын “үріккен үйірлі жылқыға” ұқсатып, содан “Үркер” атауы шыққан.  Ел арасында Үркерді “жұлдыз ағасы” деп есептеген. Үркер аспандағы Күн мен Айдың орбитасына жақын тұрғандықтан, оған қатысты Күн мен Айдың орналасуына қарап, қазақ халқы түнгі бағытты, жыл, түн мезгілдерін және ай тоғыстарын   анықтап отырған.

– Жо-ға. Үркердің Үлпілдек деген қызы болыпты. Жетіқарақшы Үркердің Үлпілдек атты сұлу қызына ғашық болып, ұрлап кетеді. Қызын қарақшылардан құтқарып алу үшін Үркерліктер әлі де Жетіқарақшыны қуып жүр екен дейді. Жақындап қалғанда, ылғи да таң атып қала береді екен. Ең жарқырап тұрғаны – қарақшылардың бастығы, оның жанындағы көмескіленіп көрініп тұрған сол – Үлпілдек дейді.   Қой, таң бозарып қалыпты. Бәрі бір Үркерді көре алмаймыз, көз іліктіріп алайық, – деді Әбдісадық.  Одан әрі:

– Үркер күз басында іңірде – күн шығыстан, қыс басында іңірде – төбеден, көктем басында күн батыстан көрінеді. Ал шілде айында Үркер күннің жанында болып, түнде көрінбей кетеді. Тамыз айының басында   Үркер көтеріледі де таңға жақын шығыстан көрінеді. Шаруалар «Үркер көтерілген соң мал көтеріледі, егін көтеріледі, қозы-лақ көтеріледі» деген ұғыммен жұмысты ерте бастаудың белгісі еткен, – деп әңгіменің нүктесін қойды.

Сөйтіп, екі бала Махамбетше айтқанда: «Темірқазық жастанбай, Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме?» – дегендей, біреуі өмірден ерте озған анашын, біреуі қан майданда жүрген ағаларын түсінде көріп, ұйықтап кетті. Ол екеуі таңның атысымен колхоз жұмысына барады, шөп жинап, шөмеле басады, өгіз жетектеп, мала тартады. Сөйтіп,  олар қол еңбегімен, бәрінен бұрын, ерік-жігерлерімен, қайсар қайратымен, ертеңге деген сенімдерімен, ізгі ниет, таза пиғылдарымен  білім алсақ, елімізге қызмет етсек деген асқақ армандарымен Ұлы Жеңіске тағы бір күнді жақындатады.

Шала ұйқылы, санасын мазалаған ауыр ойдан ашулы Әбдісадық таңертең жұмысқа жеткені сол еді, көк шөпті сілекейі шұбыра бұралай асаған мұқыл өгізді көргенде, тіпті ызаланып кетті. Жер шарын шарпыған соғысқа осы өгіз кінәлідей, ашуын «мұқылдың» тершіген танауынан бір теуіп алмақшы болып еді, оған «мыңқ» өгіз жоқ, қайта өзінің бақайы ауырып қалды. Сол сәтте Барлық:

–  Әбеке, осы сен неге Алматыда қала бермедің? Алматының көк терегі көк тірейтіні рас па? – деп тіл қатты.

–  Алматы әсем қала ғой. Манаураған Алатауы бар. Көше бойы алма, өрік, шие  ағаштары, биік-биік шынарлар. Төбеңді күн теспейді. Халық көп. Ұйғыр да, өзбек те көп, бірақ сөздерін түсінесің. Көше толған базар. Қарының тоқ жүреді. Әй, бірақ біздің ауылға жетпейді! Алматының өзендері қызық. Енсіз бірдеңе. Тас домалатып, сарқырап ағып жатады. Біздің Байғабылды айтсайшы, кең тыныстап жатқан жалпақ айдын!

– Қостанай да жақсы қала, Бірақ орыстары көп. Маған ұнағаны –  кітапханасы мен кино көрсететін клубы бар, – деді Барлық.

Осылай екеуара әңгімелесе жүріп, бұлар ауыр бейнетке толы  тағы бір күнді батырды.

Бұл – 1943 жылдың күзгі салқыны сезіле бастаған, шөп басына изен талшық иірілген  мезгіл еді. Сары белден сарғайып таң білінді. Ұясына қонған күнге тәубе айтып, арайланған әр таңға үміт артқан Байғабыл ауылың да күнделікті күйбең тірлігі басталды.

Жұмысқа жиналған Әбдісадық Барлықты да оята кетейін деп, Садықтың үйіне бұрылғаны сол еді, жер тырнаған сабалақ жүнді сары төбет  абалай қарсы алды. Күнде көріп жүрсе де, әдеті сол, Әбдісадықты жақтырмайды. Себебі, ана жолы түнгі қой күзетіне  барғанда түні бойы ұлып шыққан бұл итті «қаңқ» еткізіп, құрықпен ұрғаны бар Әбдісадықтың. Бұл жолы да қолындағы шыбыртқыны үйіріп қалып, төбеттің аяқтарын тұсап тастап, тоңқалаң асырып еді, әупілдек төбет қылғына ырылдады, жылаған баладай қыңсылады.  Иттің жалынышты дауысын естіп, үйден Жылқыбай әке шықты.

– Әбдісадықпысың? Итте нең бар еді, балам, – деді жайымен, бұл баланың кейбір телі-тентектігі мен өжеттігін  естіп-көріп жүрген ақсақал.

– Өзі ғой, қайдағы жоқты шығарып…

– Әй, Әбсалық-ай, осы сенде «жүген» бар ма? – деді Жылкең ренжіген кейіппен.

Ашуы әлі тарқамаған бозбала:

– Жүген көк биенің басында, менде жүген де жоқ, ноқта да жоқ, – деп қыңыр жауап берді.

Сол кезде екі көзін уқалап Барлық та шықты дорбасын арқалап. Әдетте, дорбаның ішінде бүйірі майысқан бидонға құйылған қара көже, жарты күлше   болады. Осы елдің несібесі болар, 1942 жылы Қаратартпаға салынған егіннің түсімі керемет мол болып, әр үй тары мен бидайды қап-қанарымен қорлап алғаны бар. Соны үнемдеп, қазанға қуырып, әр үй қол диірменмен ұн тартады, келіге түйіп, ақтап-сөктеп алады, әзір дастарханнан нанмен қоса талқан үзілмей келеді.

Бұл екеуі шабындыққа бет алғаны сол еді, соңдарынан қарқара жаулығы қақырайған егде әйел дауыстады:

– Ей, Әбдісадық, тұра-тұр. Мына хатты оқып бер, – деп майданнан келген үшбұрышты хатты қолына ұстатты. Әп сәтте бұл жаңалықпен бөлісуге айыр-тырмаларын иығына сүйей көтерген  шөп жинаушы әйелдер, көрші-көлем, таяққа сүйенген шалдарға дейін жинала қалды.

– Үйде Жамал жоқ еді, мына хатты танитын тірі жан табылмады, Барлық па, сен бе, тезірек оқып бер, – деді өктем үнмен Сандуғаш кемпір. Бұл кісінің сөзін жерге тастауға болмайды, Сандуғаш пен Орынтай – кешегі дәулеті тасыған Нұрман-Биян әулетінің тұтқалары, Шұқыршада отырған шіли-шора ауылының ұйтқысы болып отырған кемеңгер аналар. Ал, Жамал апай Нұрманқызы – көзі ашық, оқыған адам. Қостанайға жиі барып, ел тұрмысына қажет іне-жіп, кесе-аяқ, түйме-ілгек сияқты бұйымдарды саудалап келетіні бар.

Хатқа көз жүгіртіп еді, оның сыртындағы жазуға қарап, бұл сәлемдеменің ауылды қалай тауып келгеніне таңғалды Әбдісадық. Жазудың ерекшелігі – жіпке тізілгендей қаріптер көлденең жолға емес, тігінен төмен өрілген. Әбдісадықтың  бұрын да оқып бергені бар, бұл хат Нұрманұлы Шаймерденнен келіпті.

Әбдісадық хатты алды да, қағазды  тілімен бір жалап шығып еді, сия қарындашпен жазылған көмескі жазулар бадырайып шыға келді.

Хат жаздым, қарындашпен ақ қағазға,

Кетіп ем қан майданға былтыр жазда.

Аман ба туған елім, Байғабылым,

Мың сәлем ағайынға, қалың Қазға, – деп басталыпты үшбу хат.

Кейбір әйелдер хаттың соңына дейін шыдай алмай, көздеріне жас іркіп,  «қайтсін-ай!» деп «аһ» ұрады.

– Тыныш, тыныш! Біздің Түсіпті кездестірді ме екен ана жақта?

– Шынтемір мен Қостемір қайда жүр екен, — дейді Мағзұмның кемпірі.

– Әрі қарай оқы, не жазыпты?

Шаймерден аға өзінің Солтүстік Кавказ майданында жүргенін, бомба деген «пәленің» түскен жерін қопарып, ойрандатып кететінін, жауынгерлердің блиндаж бен окопта жата қалып, бас паналайтынын, өзінің ондай қауіптен әзір аман екенін, қызыл әскердің жаудың бетін қайтарғанын, құдай қаласа, түбі фашистерді өкшелей қуып, өз апанына тығатынын жазыпты. Ауыл үйдегі ағайындардың, жеңгелерінің, іні-қарындастарының бас-басы атын атап, амандық сұрапты. Ағалары Шәкеңмен де, Әбекеңмен де хабарласа алмай жүргенін айтады. Хамза ағасының қайда жүргенін сұрайды. Әбдісадыққа ауылдың хабарын, туыстардың амандығын түгендеп, хат жазып тұруға өтініш білдіріпті, сөз соңында. Бұл енді үйреншікті тапсырма, ауылдағы басты «писірлер» – Әбдісадық пен Барлық болатын. Хат оқимыз деп біраз алаңдап қалған Барлықтарды іздеп, Жапар бригадир келіп еді, түсін суытып, оның екпінін Сандуғаш кемпір:

–  Немене, жау қуып келе ме? Тарт, әйда, аттың басын, – деп басып тастады.

– Әбдісадық, сен Барлық екеуің мектепке отын дайындауға Шақпаққа барасыңдар. Өгізді, қамыт пен маланы, айыр-арқанды Сақаба мен Сақыпқа тапсырыңдар, – деді Жапар.

Бұл екі жігіт үшін күтпеген хабар болды. Ала жаздай мезі болған жұмыстан құтылып, тоғай арасынан тал шабуға екеуі де қатты қуанды.

–  Ағай, не? Биыл оқу бастала ма? – деп сұрап жатыр әлі мектеп бітірмеген қыздар.

–  Оны Опадан сұраңдар, – деп қысқа қайырып, жүріп кетті Жапар біргәдір.

 (жалғасы бар)

фото: turkystan.kz

Мынаны да қараңыз

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. Қаратаудың қара бекетіндегі қыс

(әңгіме) Бұл – 1917 жылдан кейін болған оқиға. Қаратаудың солтүстігіндегі Бетпақдаланың арғы бетіндегі көтерілістің у-шуы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *