Машақаты аз шаруашылық

Қазақстанда 1927 жылы 1,2 млн бас түйе болыпты. Кейін ұжымдастыру кезеңінде түйе саны біршама азайып, 1941 жылы 104,6 мың бас қана қалған. Елу жыл бойы осы көрсеткіш сақталып, тек тоқсаныншы жылдары өсім байқалады. 1994 жылы еліміздегі түйе басы 150 мыңға жетті. Өндіріс құлдырай бастаған кезге дейін (1995 жыл) жыл сайын 5-9 мың тонна түйе еті, 4,5-5 мың тонна шұбат, 700-1000 тонна жүн өндірілетін. Кейін, ұзақ жылдар бойы түйе өнімдерін өндіру көлемі статистика кестесіне ілінбей жүрді. Ауыл ішіндегі алыс-беріс болмаса, сұраныс мүлдем жоқ еді.

Пайдасын, тиімділігін қайта түсіне бастағандаймыз. Қазір Қазақстанда күніне 500 литрге дейін шұбат өндіретін ондаған кәсіпорын бар. Демек, түйе шаруашылығы жолға қойылып келеді деген сөз. Әсіресе, түліктің бұл түрімен айналысатындар Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында көп.

Бүгінде республикада 200 мыңнан астам түйе бар десек, соның 200 басы ғана Қостанай өңіріне тиесілі. Тым аз. Мысалы, Маңғыстауда Ойсылқара тұқымы 63 мыңнан, Қызылордада 43 мыңнан асады. Алайда, біз ең соңғы орында емес екенбіз. Солтүстік Қазақстан облысында бар-жоғы 15 түйе дейді статистика. Павлодарда жүзден сәл ғана артық.

Қостанай облысында түйе өсіретін тұңғыш шағын шаруашылық былтыр күзде ғана ашылды. Өзбекстаннан келген қандасымыз Алмат Нұрмаханов (суретте) ойын жүзеге асыру үшін «Кәсіпкерлікті жергілікті қолдау» бағдарламасының көмегіне жүгінген. Жеңілдетілген пайызбен 4 млн теңге несие алып, оған Торғай жақтан (600 км) бес түйе сатып әкелді. Өзі де там-тұмдап қаражат жинап, тағы бір-екі түйе алды. Биыл көктемде үш інгені боталады. Қазір қолында барлығы – 11 бас (ботасымен қосқанда).

Алмат атамекенге 2003 жылы оралып, Рудныйдағы кәсіпорынға кенші болып жұмысқа орналасты. 2011 жылы қала маңындағы Юбилейный ауылына көшеді. Ондағы ойы – мал өсіріп, жеке шаруашылық құру. Түйе бағудың қыр-сырын бала кезден білетін. Ата-бабасы айналысқан іс. Сөйтіп, істің сәті өткен жылы түсті.

Түйе аса көп күй талғамайтын жануар. Ыстық, суыққа төзімді. Сиырға қарағанда, азықты да аз жейді. Үш ай қысқа әр бас үшін екі тонна жем-шөп жетіп артылады. Мәселен, екі тең (тюк) шөпті бір сиыр кешке дейін тауысып тастаса, 5-6 түйе оны бір күн талғажау ете алады.

– Бір жақсысы – таза, маңайын аса қатты былғамайды. Өйткені, көп тамақ жемейді, – деп жерлесіміз кәсібінің артық тұстарын әңгімеледі. – Қазір үш інгеннен күніне 5 литр сүт аламыз. Сүті аз болғанымен, майлылығы 7-8% дейін жетеді. Ал біздегі сиырларда әрі кетсе 3,5% болады.

Кәсіпкердің айтуынша, шұбатқа сұраныс артып келеді. Рудныйдан, Қостанайдан, жақын маңдағы ауыл-аймақтан сатып алуға келіп тұратын тұрақты клиенттері бар. Литрі – мың теңгеден.

– Түйенің зәрін сұрайтындар да хабарласып жатады. Онкологиялық ауруларға ем деседі. Түйенің сүтіне қосып ішіп, ауруынан айығып кеткендер жайында естіп жүрміз. Мен бірақ оны сатып жатқан жоқпын. Жүнін аламын дегендер болса, одан да пайда табуға болады. Мамыр айының аяғына қарай қырқамыз. Бір түйеден 5-7 келіге дейін жүн алынады.

Алматтың түйелері биыл қыстан аман шықты. Ешқандай ауру-сырқау жолаған жоқ. Тіпті, бурасы қоңын да жоғалтпаған.

Кәсіпкер келешекте қолдағы тұқымның саны мен сапасын арттырсам дейді. Аруана, нар, үлек деген түрлерін алып келіп, бір-бірімен будандастырып, нар өсіруді жоспарлап отыр.

Әзірге бір ғана көмекшісі бар. Түйе сауу жары Розаның міндеті. Қалған жұмыстарына мектепте оқитын ұлы көмектесіп тұрады.

Түйе өсірудің бір ғана кемшілігі – екі жылда бір төлдейтіні. Есесіне машақаты, басқа түліктерге қарағанда шығыны да аз. Үлкен түйелер 700-750 келіге дейін ет береді. Сосын бір жылға дейін сауа беруге болады.

Асыл ҚАСЫМ

Рудный

Мынаны да қараңыз

Қостанайлық 120 отбасы баспаналы болды

  Қостанай қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған көп қабатты екі тұрғын үй ел игілігіне ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *