1937 ЖЫЛ: ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ МЕН ҚАСІРЕТІ

Шығармашылық қызметтегі қазақ зиялыларының рухани-моральдық дағдарысы 1937 жылғы қуғын сүргін жылдарында айқын көрінді. 1937 жылы әдеби көркем шығармаларымен елге танылған қазақ зиялыларын айыптау мен қуғындау бұрынғыданбетер күшейіп, өзінің шарықтау шегіне жетті. Олардың шығармаларының әр жолынан, айтылған ой пікірлерінен ұлтшылдық пен байшылдықты, кеңес үкіметіне қарсылықты, теріс ниеттілікті көруге тырысушылар шықты. Тарих саханасынан кеткен алашордашыларды айыптау, бұрындары азды көпті байланыста болғандарды және оларға жылы қабақ танытқандарды алашордамен байланысын үзбеген, алашорданың агенттері, ниеттері бір деп кінә тағу қалыпты іске айналды. Жазушылар шығармаларынан күмәнді деген ой-пікір тауып, партия бағытынан, тап жолынан ауытқыды деп айыптады. Сыншылар осылай жасау арқылы, бір жағынан, тап жауларын, халық жауларын әшкерлеуге үлес қосты. Екіншіден, партия саясатын, бағытын қолдау үстінде деген өзі жөнінде жағымды пікір туғызу мақсатын көздеді. Тап жауларын әшкерлеу ісінен, жалпы елді қамтыған науқаннан қарапайым халықтан бастап, өкімет билігіндегі тұлғалар да тыс қалмады.
Бұрынғы көзден таса бола бастаған «алашордашылар ісі» 1937 жылдың басында тағы көтерілді. Қазақ КСР Халық ағарту Комиссары, Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі Т.Жүргеновтің «Мәдениет майданын талқандалған ұлтшылдықтың қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартайық» [1] деген мақала жариялауы, мәдениет саласында әлі де ұлтшылдардың қалдықтары мен оларға ниеттестер бар деген пікірдің жандануына себепші болып, ұлтшылдарды, олардың сарқыншақтарын іздеуді онан сайын күшейтті. Араға бір апта салып Р.Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейік» [2] атты мақаласының жарық көруі әдебиеттегі ахуалды ғана емес, ел ішіндегі саяси-идеялық ахуалды да одан сайын ушықтырды. Р.Жаманқұлов алашордашыларды «тап жауы» деп атады. Сонымен қатар, олардың агенттері әлі де бар деп жазды. Бұл «тап жауы» алашордашыларға ниеттес, пікірлес, үндес ақын-жазушыларды іздеу мен әшкерлеудің жаңа қарқынды кезеңін бастап берді. Қазақ Өлкелік партия ұйымының да ұстаған бағыты мен іс шаралары бұл іске екпін қосты.
«Көркем әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестігін түп-тамырымен құртайық»[3] деген тақырыппен шыққан мақала әдебиетшілер ішінен ұлтшыл жауларды іздеуге жаңа қарқын қосты. Ақиқатында, мақала алашордашыларды қалыптасқан тәртіппен аяусыз сынағанымен, негізінен олармен ниеттес, пікірлес, көзқарастары бір, буржуазияшыл-ұлтшылдармен ауыз жаласқан «ұлтшыл-фашистер» деп Сәкен, Ілияс, Бейімбетті айыптады.
Сәкен, Ілияс және Бейімбеттің күні өте бастағанын сезді ме әлде әдебиет сахнасынан біржола шығарып тастау мақсатын ұстанды ма, үшеуіне қарсы жазылған мақалалар баспөзден түспеді. Осы кезде редакция тарапынан жазылған «Көркем әдебиеттегі қателер мен сапасыздықтар туралы»[4], «Қазақ жазушылары арасындағы дерттерге қарсы [5] деп аталған мақалаларда, «… жазушылар шығармаларында қателіктер бар, жұмысшылардың, колхозшылардың өмірін білмейді, ескі тақырыптан шыға алмай жүр, халықтың дұшпаны Троцкийді мақтайды» деген кемшіліктерді үшеуінің бетіне басты [6, 210 б]. Сәкеннің 1923 жылы жазылған «Қара бүркіт» (Арыстан Дәуітұлы – Лев Давидович Троцкийге) деп аталған өлеңі [7,113 б] үшін ұзақ жылдар бойы оны үздік создық кінәлау, айыптау тұрғысында бір басылып, бір көтеріліп жалғаса берді. Елден аластатылып, шетелге кеткен Троцкийге арналған өлең Сәкен үшін ескі жараның орнындай болды. Қайта қайта сыздап, жанына батты. Сәкен шығармашылығына сын айтқан сыншылар ұмытыра беріп Троцкийге қайта соқты, қайта еске түсірді. Бұл жай Сәкенді де мазасыздандырды.
Осы уақыттағы ел ішіндегі саяси-идеялық ахуал шығармашылық интеллигенцияны рухани дағдарысқа душар етті. Бір біріне сенбестік орын алып, олар бір біріне ғана емес, өз шығармаларына да күдіктене қарады. «Қашан, қалай айыптауға түсуіміз мүмкін» деген қорқыныш пен үрейдің жетегінде жүрді. Үрей мен қорқыныш, жалтақтық олардың белсенділігін төмендетті. Саясат жөнінде сөз айтудан қашқақтады. Шығармашылық жұмысқа селқостық туды. Партия мен үкімет тарапынан берілген арнайы тапсырмаларды орындаумен шектелді. Бірақ, бұл да қырағы сыншылар назарынан тыс қалмады.
С.Сейфуллин өз өмірінің осы тұсын былай сипаттады: «Мен дәл осы кезде саясат туралы сөйлесуден бездім, тіпті кейбір жолдастармен жолығысудан қашқақтайтын болдым. Жалғыз ақ әдебиет мәселесімен араласқым келді. Мұнан да бірқадар шықпады. Бұл жолым да бірте-бірте мені сыртқа шығарып, ешнәрсеге араласпай қалуға айналдырды. Бұл сарыуайымшылдық пен упадничествоға икемдеді. Менің бұл халіме Кеңес өкіметінің жаулары «шоқ, шоқ» деп табалап масаттанып тұрғандай көрінді. Осы ойлар мені төмен тартты, дұшпандардың қыңқыл сөздері мені сарыуаймшылдыққа салды. Менің кейбір шығармаларымда партия жолына қиғаш кеткен жерлер тап осы кездің, осы секілді жағдайдың жемісі еді», – деп жазды [8,138–139 бб].
Ақын-жазушыларды шығармаларынан, жеке бастарынан ілік табу арқылы кінәлау, саяси-идеялық айыптауға ұласты, науқанға айналып кетті.
1937 жылдың мамырында «Социалистік Қазақстан» газеті бірнеше рет баспасөзде жариялағандай С.Сейфуллинді 5-7 сәуірдегі қаламгерлер шығармаларындағы кемшіліктерді жою жөнінде өткен жазушылар жиналысына қатыспады, осылай істеу арқылы жазушылар арасындағы қателіктерді жою ісіне араласпай отыр деп кінәлады.
Жазушылар Одағы бастауыш партия ұйымының есеп беру сайлау жиналысына қатысып сөйлеген сөзі де өз басына қиындық туғызды. Жиналысқа қатысқан Сәкен, Ілияс және Бейімбет өз шығармашылықтары мен сыншылар сынына іліккен жіберілді делінген қателіктер жөнінде сөйледі. Әбден сынға ұшыраған Сәкен ақталып: «Бандитке (бұл арада Л.Д.Троцкий айтылып отыр) Сәкен өлең арнады дейді. Ол уақытта ол бандит емес еді, политбюро мүшесі еді. Оның бандит екенін білсем жазам ба? Сыншыларымыз осы жағын ескермейді. Сонымен қатар «Домбыра» туралы сөз болды. «Банды» деген кінәні жуу үшін 1924 жылы «Домбыраны» Троцкийге арнап бастым. 1928 жылы қате екенін айтып өзім мақала жаздым. Журналға да жаздым. 1932 жылы КазПИ-де айтылды. 1932 жылы Жаманқұловтың баяндамасында да айтылды. Партия сайлауында да биыл арыз бердім. Қысты күні Крайкомға да арыз бердім. Сондықтан сыншылар датаны ескеруі керек еді. Енді сол үшін ұра беруі керек пе» еді деп ашына айтты [6,211 б]. С.Сейфуллин жан даусы шығып, әділетсіз сыннан ақтала сөйледі. Бірақ, байқағанымыздай ілік іздеген сыншылар осы жиналыста сөйлеген сөздерінде «Сәкен жолдас күні бүгінге дейін өз қателіктерін көрмей отыр» деп алған беттерінен қайтпады.
Ілияс пен Бейімбет істің бет алысы ушығып кеткелі тұрғандығын байқандықтан да болар. Өз қателіктерін мойындады. Бейімбет «Менде үлкен қателер болғаны рас. …Түзетуге шаралар іздеймін» деуге мәжбүр болды. Жиналыста қабылданған қаулы баптарына үшеуіне жеке жеке баптар арналып, егер алдағы уақытта осындай қателіктер жіберілетін болса, қатаң шара қолданылатындығы ескертілді. Қаулыға олардың (Ілияс, Бейімбет, Сәкеннің) зиянды кітаптарын таратудан алып тастау жөнінде бап енді [9].
Маусым-шілде айларында да Сәкенді айыптаған бірнеше мақала жарияланды. «Хлестаковтың көркем әдебиеттегі тәсілін» қолданып өз бейнесін «революция ісі жолындағы күрескер» ретінде көрсетіп, «халық жаулары» өз достары Рысқұлов, Нұрмақов, Садуақасов, Асылбековты жағымды жағынан көрсетіп жазды. Өзін-өзі және жауларды көкке көтеріп мақтау мақсатында «Тар жол, тайғақ кешу», «Домбыра» т.б. – «контреволюциялық шығармаларын» жариялады, – деп айыптады [10]. Сәкенге ашық түрде «революцияға қарсы» шығарма жазды деп айып таға бастады. «Ұлтшыл-фашист» деген атауға да ілікті.
Сонымен қатар, сыннан көз ашпаған Сәкенді «шығарма жұмысы шабандап кетті, соңғы жылдары көрнекті ештеңе жазбады, жұртшылықпен қатынасы азайды» деп айыптады. Қазақ зиялылары, оның ішінде жазушылар арасында бірін бірі саяси-идеялық жағынан айыптау, кінәлау күшейіп қарқын алған кезде, өзі сыналып жатқанына қарамастан Сәкен, «халық жауы» деп айыпталғандарға қарсы ештеме жаза қоймады. Бірақ, бұл да назардан тыс қалмады.
«Сәкен жолдас халық жауларымен күнделікті күресудің орынына, олардың қылықтарына шектен асқан шыдамдылық істеп үндемей отыр. Қазірде, қазақ ұлтшылдығы ең басты қауіп болып отырғанда, бұрынғы уклондар, партияға қарсы жіктер бір арнаға құйылып, ұлтшыл-фашистке айналып отырғанда, Сәкеннің тым-тырыс үндемей отырғаны, партия ұйымына жәрдем бермей отырғаны – партиялық міндетін толық атқармай отырғаны», – деп айыптады [11].
Осы кезде оң солын әлі толық танымаған, өзіндік ой-пікірі, дүниетанымы мен көзқарасы қалыптаспаған, жас ақын-жазушылар ғана емес, қазақ әдебиетінің танымал тұлғалары да әлсіздік көрсетті, пендешілік жасады. Сонау, 1928 жылы басталған С.Мұқанов пен І.Жансүгіров арасында өзара сын, пікір айтудан туған жай, 1937 жылы шиеленісіп, ушығып кетті. Сәл шегініс жасасақ, 1928 жылы Қазақ баспасының бас редакторы С.Мұқанов баспадан шығарған І.Жансүгіровтың өлеңдер жинағына «Беташар» жазып, «таптық беті айқын емес» деп сын айтты. Оған наразы болған Ілияс «Бетім анадай емес, мынадай» [12] деп көлемді мақала жазды. Бұдан кейін де бірнеше жыл бойы үздік создық бірін бірі сынаған, кінәлаған бірнеше мақалалар жазылып, екі жақ та бірін бірі жікшіл, ұлтшыл деп айыптады.
Бірақ, замана бетінің қайда бұрылып бара жатқандығын байқады ма, Сәбитпен түсінісу ниеті бар екендігін білдіріп І.Жансүгіров «Қателесуге қарсы большевиктік сынды күшейтеміз» [13] деген мақала жазды. Мақалада «өз өлеңдерінде байшылдыққа, кейде үмітсіздікке салынғанын, кейде жаңа өмірдің жақсы жағын көре алмаған қателіктерін мойындады. Сәбиттің өзінің қателіктерін көрсеткенде артық кеткенімен бірге, дұрыс айтқандары да болды деп онымен түсінісуге қадам жасады. Өзара салқындық лебі сейілген секілді болғанда, 1937 жылы зұлмат басталғанда С.Мұқанов И.Жансүгіровке қайта тиісті, аяусыз шүйлікті. Шығармашылығы ғана емес, жеке басы да талқыға түсті. «Тарихи қаулыдан кейін» [14] деп аталатын мақаласында «Жансүгіровтың редакциясымен 1935 жылы Сүйінбайдың ұлтшылдық кітабы шықты. Ол кітаптың ішінде қазақты қырғызға өшіктіріп айдап салды» деп оның шығармашылығына айып тақса, жазушылардың жиналысында «…Жансүгіров екі баласымен әйелін қоя берді. Жіберіп қана қоймай, балаларына тиісті заңды ақшасын төлеп тұруды міндетім деп те білмеді» [15] деп оның жеке басына, отбасылық ісіне араласып кінә тақты. Бұл аздай-ақ С.Мұқанов «Кировтың өліміне арнап жазған өлеңінде саяси қате жіберді. Ол қатенің өзі де анау мынау қате емес, үлкен қате» деп саяси айып тағып, Ілиясты бұл қатесін жөндемеді деп сынады [16].
І.Жансүгіровті айыптау саяси сипат алып, оның шығармаларынан жаулық көзқарас іздеудің күшейгені соншалық, көркем шығармалары да бұрмаланып талқыға түсті. Кәріжан Дәукенов деген І.Жансүгіров жинағына ерекше шүйілікті. Ол: «Жинақтың ішіне ерте кезде ұлтшылдық идеологиясында жазған «Мерген мен бөкен» деген әңгімесін кіргізіп Жансүгіров қазақ еңбекшілеріне совет үкіметін жамандап, құбыжық етіп көрсетеді… Қазақ ұлтшылдарының ықпалына Жансүгіров те мықтап түскен. Сөйтіп қазақ еңбекшілерін «бөкен», совет өкіметін «мерген» етіп суреттеген. Сөз жоқ, бұл – барып тұрған контрреволюциялық, совет өкіметі мен қазақ еңбекшілерінің арасына дұшпандық отын жақпақшы болған алашордашылардың әрекетінен туған нәрсе.
Бұл кітап оқушыларымызға ешбір пайда бермейді, пайда беруі былай тұрсын, оқушыны теріс пікірге, алашордашыл контрреволюциялық идеяға қарай тартады. Мұнымен қатар партиямызға жау элементтерге құрал болатын жинақ», деп жазды [17]. Мақала І.Жансүгіровты совет өкіметіне қарсы, контрреволюциялық шығарма жазып алашордашыл идеяны халық ішінде насихаттап отырған сенімсіз күдікті адам ретінде ғана емес, беті ашық «халық жауы» ретінде көрсетті. Бұл сол зұлмат жылдары өте ауыр саяси айыптау еді. Ілияс жар шетінде тұрды. Арада екі апта өткенде тамыздың 13 інен 14 не қараған түні Ілияс тұтқындалды.
Қазақ әдебиетінің дамуына азды көпті үлесін қосып белгілі болып қалған көрнекті ақын жазушыларды, енді қадам басқан жас әдебиетшілерді де тап жауларына іш тартады, тап жауларымен байланысын үзбеген, шығармалары зиянды, кеңестік қоғамға жат деген сипатта баспасөзде әшкерлейтін мақалалар жаңбырша жауды. Оған жазушылардың өздері де белсене араласты.
Жас жазушы Қалмақан Әбдіқадыров М.Әуезовты: «Мұхтар совет жазушылары қатарына кіргелі 5 жыл болды. Совет жазушысына істелінетін жәрдем оған түгел берілді. Мұхтар үш төрттеген тәуір еңбек те берді. Сонымен қатар, ескі уақытта, ұлтшыл, алашордашыл пікірде жүріп жазған зиянды шығармаларын жинақ қылып басқызып отыр. Ол туралы өзі жұмған ауызын ашқан жоқ. Сонымен қатар, бұрынғы алашордашыл ұлтшылдар фашизмнің агенті болып беті ашылғанда, солардың сырын ашарлық іс істемей, үндемей отыруының өзі – күдік. Меніңше, олардың көп сырын Мұхтар білуге тиіс еді. Беті ашылған жаудың тамырын қопара ашуға Мұхтар ат салысуы керек еді. Бірақ, оны Мұхтар істемей отыр» деп бұрын алашордашылармен бір болған, олардың сырын білетін Мұхтар, айыптап ештеңе жазбай, үнсіз отыруына күдік келтіріп сынады [18].
Осы мәндес мақала арада шамалы уақыт өткен соң, «Қазақ әдебиеті» газетінде редакция атынан тағы басылды. «Әуезовтың сөзі мен ісі неге бір жерден шықпайды» деп алды да, «Әуезовтың советке келгеніне, совет жазушысы болғанына бес жылдан аса уақыт өтті. Бірақ, Әуезовтың бүгінге дейін шын советтік бағытта жазылған іліп аларлық бір шығармасын көре алмай отырмыз. Ол әлі 1932 жылғы уәдесін қайталақтап, «мені істе сынаңдар, мен ұлтшылдық, байшылдық пікірден мүлден қол үзген адаммын» деумен жүр. …Әуезовтың 1932 жылдан бері жазған шығармаларынан іліп аларлық, советтік дерлігі …«Түнгі сарыны» да сол бұрынғы «сарынын» совет сахнасына шығаруға тырысқандығы. Ал… «Алма бағында», «Тас түлек» пьесалары барып тұрған совет жастары өміріне жала жапқандық. Совет шындығына, жастар жұртшылығына суық қол сұққандық… Әуезов бұл пьесаларында астарлап отырып, совет жастарына күйе жағып, жаудың сойылын соғуға тырысатындығы айқын көрінеді. Бұл бұрынғы ашық байшылдығының, ұлтшылдығының бетін бүркемелеп, советтік шығарманың атын пайдаланғандық… Әуезов бірлі-жарым шығармасында ғана «қателесіп» отырған жоқ, совет жұртшылығына, совет жастарына жала жауып, ескілікті дәріптегенін оның барлық шығармаларынан көреміз» [19]. Бұл – М.Әуезовты бұрынғы алашордашыл бетінен қайтпаған, бұрынғы ұлтшылдық сарыны, бір сарын, өзгермеген деп, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов басқа да ұлтшыл, алашордашыл деп таңба таңылған қазақ зиялылары артынан жіберуді көздеген мақала еді.
С.Мұқанов С.Сейфуллиннің «қателіктер жіберіп, сүрінгенін», Майлин мен Дөнентаевтың революцияның алдыңғы жылдарында халық жауы алашорданы мақтап қателесуін, «Майлиннің қатесі Сейфуллиннен тереңірек» болғанын, ал «Сәбит Дөнентаев алашорда мәселесінде Майлиннен де ауыр адасып», совет әдебиетіне келгендігін айтып келеді де, … былай тұжырымдайды:
«Мұхтар Әуезовтың советтік тарих алдындағы кінәсі бұлардан әлдеқайда ауыр. Егер оның 1932 жылы баспасөз бетінде жарияланған хатына сенсек аталған жылға дейін ол марксизм-ленинизм жолына саналы түрде қарсы боп, сол жолдың өркендеуіне бөгет болуға тырысқан кісі» деген пікірді ұстанды [20,119 б; 192-194 б.].
Айыптаған, сынаған мақалалар газет-журналдарда күн құрғатпай басылды. Дихан Әбілев те «…Зиянкес элементтерден баспасөз орындары әлі де түгел арылып біткен жоқ» деп зиянкестердің атын атап, түсін түстеді [21]. Сонымен қатар ол «Мұхтар өзінің «Ескілік көлеңкесінде» деген қате әңгімелер жинағын бастырып, ірі қате жасады. Бұл қатесін Мұхтар ісімен түзетуі керек» деп М.Әуезовты да сынап өтті [8,83 б].
Х.Жүсіпбеков те қырағылық танытты. «…Соңғы кезге дейін Жазушылар ұйымының, көркем әдебиет баспасының саяси бейқамдығын, ашықауыздығын пайдаланып, халық дұшпандары Сұлтанбеков, Жұмабаевтар көркем әдебиет аудармасын алып келген. Уалиахметов, Қоңыратбаев, Айсариндер бір кезде Жазушылар ұйымының басқарушы ісіне дейін араласып жүрген. Беков, Гатаулиндер әдебиет маңында болып келген. Осы жауыздардың көркем әдебиетке істеген қаскүнемдіктері аз емес. Сондықтан біздің ең басты міндетіміз – контрреволюцияшыл қазақ ұлтшылдығымен, оған ымырашылдық жасаумен ешбір аяусыз күресіп отыруымыз керек» деп ұлтшылдарды әшкерлеу ісіне араласты [22].
Заманның ызғарлы желінен қорқып белсенділік танытқысы келді ме, әлде басқа ішкі есебі болды ма Жұмағали Саин одан да қатты кетті. «Халық жаулары, фашизмнің қарғылы төбеттері шаруашылық, мәдениет құрылысымыздың бір ғана бөлігіне зиян жасап қойған жоқ, олар өздерінің екіжүзділік сұрқиялылығын пайдаланып, әр жерге-ақ қанат жайғысы келді. Олардың сұр күшіктері Тоғжанов, Жансүгіровтер осы күнге дейін көркем әдебиет майданында орын алып келді» деп Тоғжанов пен Жансүгіровты ашық түрде «халық жауы» қылып шығарды [23].
30 жылдардың екінші жартысында қазақ әдебиетіне өзіндік қол таңбаларын қалдырған көрнекті тұлғалардың өзі рухани моральдық дағдарысқа түсті. Бұрын бірін бірі шығармаларындағы таптық, саяси-идеялық көзқарастары бойынша сынаса, енді бір біріне ашық түрде жала жапты, кінәсіз екендігін біле тұра айыптады. Ақиқатында, әрқайсысы өз қара бастарын қорғауға жаналасты. Бұл адамдар арасындағы жаман қасиеттерді принципсіздікті, жалтақтықты, жағымпаздықты, жаны ашымастықтықты өршітті. 1937 жылғы репрессия бұрыннан бықсыған шаланы үрледі. Бұрынғы жікшілдік, жершілдік, рушылдық, бақталастық жаңа сатыға көтерілді. Енді өз қызметтестеріне саяси айып тағуға, қуғындауға тікелей араласты. Репрессияны қолдады, жазалау шараларына баспасөзде үн қосты. Бүгін біреуді айыптағандар, ертең өздері айыпталды. Оларды ұсталамын ау деген, үрей мен қорқыныш биледі. Адамды басқалар не болса о болсын, қалай болса да тірі қалсам ау деген құлдық психология жеңді. Әсіресе, «жалақорлар … бассауғалау қамында болды. «Қырағылығың кем» деген айыптауға ұшырап, креслодан сыпырылып қалармын деп қорықты. Атақ үшін неден болса да тартынбады, адал адамдарды жәбірлеуге, жылатуға, айдатып, аттыруға барды. Басқаларды әшкерлеп, еңбек сіңіріп жүрген адам ретінде көрініп, қолды болмауға, лаузымынан айрылмауға тырысты. Сөйтіп, өз бастарының амандығын қарастырды» [24,92 б]. Айыптау мен жазалау шаралары қазақ интеллигенциясын әбден үрейдің жетегіне жекті. Олар қиянатты көре тұрса да үндемеді, бірін бірі кінәсіз еді деп ақтауға, қарсылық білдіріп дауыс көтеруге қорықты. Академик, тарихшы Р.Б.Сүлейменовтың «30-шы, 50-ші жылдардағы репрессияның табы бүгінгі күнімізден де сезілетіні – шындық. Жөнсіз, жосықсыз қудалау біздің интеллигенцияны зәрезеп қылғандығы сонша, үрейдің өзі мұра сияқтанып, бір ұрпақтан екіншісіне жалғасып келеді [25]» деп жазғаны тарихты таразылау ғана емес, ақиқат екендігі де талас тудырмайды. Ғ.Мүсіреповтың өзіне «Жиырмасыншы-отызыншы жылдар … оңай соқпаған тәрізді. … бүгін болмаса – ертең, ертең болмаса – бүрсігүні айдалып кетемін деп ойлаған. Сондықтан, бір-екі пар таза киім, беторамал, шұлық, ұстара, сабын, тарақ және басқа аса қажет дүниелер салынған жол чемоданын босағаға сүйеп қойып, екі көзі есікте болған. Ерте ме, кеш пе – ұстала қалған күндері тергеушілер жармасады-ау деген туындыларынан алдын ала бас тартып, күнделікті жазбаларында өз пайдасына шешілетін пікірлер жазып отырған. Бір ғажабы, ешқандай дау туғызбау үшін, бұрмалап аудармау үшін кейбір пікірлерін, «мойындауларын» орыс тілінде жазған. Мысалы, латын әріпімен басылған «Қыз Жібек» драмасының үшінші бетінде өз қолымен жазылған мынадай сөздер бар: «Прошу всех, мужчин и женщин, настоящих и будущих , т.е. ныне здравствующих и будущем рождающихся, если эта глупейщая вещь попадает кому-нибудь в руки, не читайте ее дальше этой страницы. Написаны мерзко, глупо, бездарно, даже бессовестно!» Автор Мусрепов» [26,42-43 бб]. Бүгін болмаса ертең ұсталам деген қауіп пен үрей тек қана Ғ.Мүсіреповтің емес, барлық қазақ зиялылары басынан өтті.
Ақиқатында, 30 жылдары жазалау шаралары қарқын алғанда жалпы қазақ интелигенциясы, оның ішінде шығармаларымен танылып көзге көрініп қалған, айыптау нысанасына іліккен шығармашылық интеллигенция қорқыныш пен үрейдің жетегінде жүрді. Қайтсем аман қалам деген пенделік сұрақ басты орынға шықты. Сонымен қатар, шынымен «халық жауы» шығар, партия мен НКВД қателеспейді деген түсінік те болды. Содан да, шығар троцкишілерді айыптауға қазақ интеллигенциясы өкілдері де үн қосты.
Москвада 1937 жылдың 23-30 қаңтарында «Антисоветтік троцкистік орталық» ісі бойынша Пятаков, Сокольников, Радек т.б. соты өтіп, олар атылу жазасына кесілді. Осы кезде І.Жансүгіров Пятаковтың өлім жазасына кесілгенін қолдап:
Бәрекелді, халқым соты, жақсы айттың!
Билігіңмен жұрт ашуын жұбаттың.
Халқым сүйген Сталинді атпақ болған
Әсіресе Пятаковты жақсы аттың! – деп өлең жазды [27]. Ал, арада шамалы уақыт өткен соң І.Жансүгіровтің өзі де «ұлтшыл-фашист» деп айыпталып тұтқындалды.
37 жылдың дүрбелеңі кезінде «халық жаулары» ұсталып, дүркін дүркін сот өтіп жатқанда баспасөзде бұл шараны қолдаған мақалалар, өлеңдер жиі жарияланды. Халық жауларын әшкерлеу мен жазалауды партия саясаты деп түсінген интеллигенция қалыс қалмады, қолдауға мәжбүр болды. Ж.Жабаев «Кекті ашу» деп аталатын жырында Троцкий, Зиновьев, Каменевтерді «ит, қара бет, қасқыр» деп не бір сөздермен төпелесе, жырдың соңында оларды «атылсын!», «Жасасын күнім Сталин» деп аяқтады. Ал, «халық жауларын» тауып жазалаған, кейін өзі де осы жазалау машинасының құрбаны болған сталиндік Нарком Ежовқа өлең арнады:
Гүл жайнап, сән түзеген қала, дала
Алтын зер шапан киген сай мен сала.
Сүйеді Сізді бәрі Ежов жолдас,
Елінде Қазақстан қарт пен бала.
Мұның өзі тоталитарлық кезеңнің ащы шындығы болумен қатар, қазақ зиялыларын тағдыр талқысына, әрі тәлкегіне салған тарихтың қасіретті бір кезеңі. Әрине, біз 37 жылдың зұлматына байланысты қазақ зиялыларының бірін ақтау мен екіншісін кінәлау, айыптау мақсатын қойып отырған жоқпыз. Солай болғанмен, тарихтың доңғалағы кері айналмайды. Тарихтың өткенін таразылау, одан сабақ алу бүгінгі күннің еншісінде. Сонымен қатар, өткен 30-шы жылдардың қаралы тарихынан азды көпті хабары бар жан «неге, бұлай болды» деген сұраққа жауап іздейді. Бізде қосыламыз.

Әдебиеттер:
1. Жүргенов Т. Мәдениет майданын талқандалған ұлтшылдықтың қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартайық // Казахстанская правда. 1937, 11 қаңтар.
2. Жаманқұлов Р. Қырағылықты күшейтейік // Қазақ әдебиеті. 1937, 18 қаңтар.
3. Редакция тарапынан. Көркем әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестігін түп-тамырымен құртайық // Әдебиет майданы. 1937, №3.
4. Редакция тарапынан. Көркем әдебиеттегі қателер мен сапасыздықтар туралы // Қазақ әдебиеті. 1937, 9 сәуір.
5. Редакция тарапынан Қазақ жазушылары арасындағы дерттерге қарсы // Социалистік Қазақстан. 1937, 28 маусым.
6. Бейісқұлов Т. Жанталас өмір. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008.–320 б.
7. Махат Д. Қазақ зиялыларының қасіреті. –Алматы: «Сөздік-Словарь», 2001. – 304 б
8. Қожакеев Т. Қым-қуат іздер. –Оқу құралы. Алматы, «Санат», 1999. –400 б.
9. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты. қ.708. тізбе 1. іс.931.
10. Редакция тарапынан. Көркем әдебиеттегі ұлтшыл-фашисттердің зиянкестігін түп-тамырымен құртайық // Әдебиет майданы. 1937, №7.
11. Абдіқадыров Қ. Біздегі болған қателер // Қазақ әдебиеті. 1937, 13 тамыз.
12. Жансүгіров І. Бетім анадай емес, мынадай // Еңбекші қазақ. 1928, 5 сәуір.
13. Жансүгіров І. Қателесуге қарсы большевиктік сынды күшейтеміз // Социалды Қазақстан. 1932, 12 ақпан.
14. Мұқанов С. Тарихи қаулыдан кейін // Қазақ әдебиеті. 1937, 26 сәуір.
15. «Өзара сын және «ұсақ» жан туралы». Редакция мақаласы. Қазақ әдебиеті, 1937, 23 мамыр.
16. Редакция тарапынан. Бас мақала. Жазушылар ұйымының көркемөнер комитетінің елеусіз қалған жұмыстары // Лениншіл жас. 1937, 12 сәуір.
17. Дәукенов К. Барып тұрған зиянды контрабанда // Қазақ әдебиеті. 1937, 30 шілде.
18. Редакция тарапынан. Әдебиеттегі троцкийстік-бухариншіл ұлтшыл – фашист зиянкестерін жеріне жеткізе құрту керек // Қазақ әдебиеті. 1937, 13 тамыз
19. Редакция тарапынан Әуезовтың сөзі мен ісі неге бір жерден шықпайды // Қазақ әдебиеті. 1937, 20 қазан.
20. Кәкішев Т. Шығармалары. – Алматы: «Ана тілі» баспасы. –2007. – 336 бет; Кәкішев Т. Ескермейді естелік. –Алматы: Жазушы, 1994. –432 бет.
21. Әбілев Д. Баспасөз орындағы шірік либералдықты құрту керек // Қазақ әдебиеті. 1937, 23 тамыз.
22. Редакция тарапынан. «Жинақтар» туралы немесе алашорда контрабандының тағы бір // Қазақ әдебиеті. 1937, 14 шілде.
23. Саин Ж. Жастарға теріс идея беретін кітаптың түкке де керегі жоқ // Қазақ әдебиеті. 1937, 31 тамыз.
24. Зауал. Мақалалар, естеліктер. –Алматы: жазушы, 1991. –272 бет.
25. Редакция тарапынан. «Тарихтың әр парағы қымбат бізге». дөңгелек үстел материалдары // Социалистік Қазақстан. 1988, 25 тамыз.
26. Мырза Әли Қадыр. Иірім. – Алматы: Атамұра, 2004. – 360 б.
27. Жансүгіров І. Кек // Социалистік Қазақстан. 1937, 2 ақпан.

Құрманғали ДӘРКЕНОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек. Облыс халқының саны – 864 500 адамды құрайды, бұл ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *