Ел дегенде – елгезек

Созбақтайтын түгі де жоқ: қарымды қаламгер, сыншы, аудармашы Қуанышбай аға Құрманғали 75 жасқа толды. Әншейінде ол кісі қазақтың қалам ұстаған азаматтарының талайы туралы толғамды дүние жазған болатын, солардың бірі болмаса, бірі өз қатарласы туралы жылы жазба жазатын болар деп күткеніміз де рас. Өкінішке қарай ешкім ештеңе жазбады. Ұядай ресторанда 75 жылдығы аталып өтті. Жан шырайын келтірген жақсы басқосу болды. Сонда айттық: сіз туралы ешкім жазбады, біз бір ауыз сөз жазайық деп. Сол сөздің үдесі.
Фототілшілер жайшылықта талай сурет түсіреді. Өздері кадрға іліге бермей­ді. Қуанышбай ағаның жағдайы да тап со­лай. Өзі талай замандасы туралы, тіпті кейінгі толқын – біздердің де шығар­ма­шы­лығымызға терең талдау жасады. Тұстастарын аспанға шығара ардақтады. Қатарластарының бірін де қалдырған жоқ. Ізге ерген інілеріне де ілтипат білдір­ді. Ел дегенде – елгезек. Жұрт дегенде – жал­­пылдақ. Таза, тура мағына­сын­да. Сон­­дай елгезек азаматты елемей өту мүмкін бе?!
Қазақта «қоңыр» деген бір әдемі сөз бар. «Қоңыр әуен», «қоңыр салқын», «қо­ңыр күй» деп келе береді. Қуанышбай аға ту­ралы қолға қалам алғанда, неге екені белгісіз, осы бір сөз тіл ұшына ора­ла бер­ген. Ағаның қай түсті жақсы көре­ті­нін қайдам, маған осы «қоңыр» деген ол кісіге дәл келетіндей көрінеді. Асып-тасу деген жоқ, қашан да бір қалыпты, жайсаң, жайдары, көркем мінезді. Жұрт­қа болсын деп тұрады. Жазса – кілең жақсы райда, жылы шырайда. Демек, мерейтой иесінің жаратылысы, жан дүниесі жақсылыққа, ізгілікке құмартып тұрады деген сөз. Ел назарындағы ірі тұлғаларды ғана емес, қоңырқай тірлікте жүрген талай адам туралы ой толғапты ағамыз. Айна­ла­сын­да­ғылармен адами қарым-қатынасы мүл­тіксіз. Жеке басының қасиеті. Жанының тазалығы.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдары «Лениншіл жас» газетінде бір талантты топтың үркердей шоғырланғанын ел-жұрт біледі. Олар өздерін «Шерағаңның шекпенінен шыққанбыз» дейді. Әбіш Кекілбай, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей, Қалдар­бек Найманбай, Оразбек Сәрсенбай, Кәрібай Ахметбекұлы, Қуанышбай Құрманғалиев, Мұхтар Шаханов – барлығы жалындап тұрған жас шағында бір ұжымда жұмыс істеді. Қазақстанның әр өңірінде жүрген жандарды жастар басылымына тартқан Шерағаң. Әбіш қандай еді! Ақселеу аға асқар таудай еді. Фариза мен Оралхан әлемі ше?! Қаламы қарымды Кәдірбек Сегізбаев, домбырасы қолынан түспейтін Орысбай Әбділдаев, қалжыңы дайын Қуанышбай Құрманға­лиев, ақылшы-ақсақал Бағдат Жандосай, жауапты хат­шы Серік Әбдірайымов, талмай жаза­тын Әлімжан Әлімбеков, жазуы жүйрік Жақау Дәуренбеков. Толып жатыр. Бәрі – бір-бір тұлға. Қуанышбай аға да сол лектің жуан ортасында жүрді. Жетпісінші жылдарда осы толқынның тегеурінді үні толассыз естіліп жатты. Өмір­ге асқақ арманмен құлаш ұрып, ал­ғау­сыз қалам сілтеген, адал­дықты ар тұт­қан албырт жастар… Бі­рі­нен бірі үлгі алып, бірінен бірі оза ша­уып, ойлы мақа­ла­­лар жазу жарасымы дүрілдеп тұрған кез.
Адамды ортасы өсіреді. Осындай ортаға түскен Қуанышбай ағаның қа­лың­­қы тірлік кешуіне әдісі жоқ еді.
Өмірбаян жолдарына үңілсек, Қуаныш­бай ағамыздың өмірі қалам мен қағаз арқылы өрілгенін көруге болады. 1942 жылы 1 маусымда Қостанай облысы­ның Әулиекөл ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Қоржынкөл ауылында 1959 жылы бітіріп, Қарғалы кооперативтік техникумында оқып, 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналис­ти­ка факультетін тәмамдаған. 1976 жылы қазіргі «Жас Алашта» корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі және алқа мүшесі, 1976-1978 және 1989-1992 жылда­ры «Ақиқат» (бұрынғы «Қазақстан ком­му­нисі») журналында аға әдеби қызмет­кер, жауапты хатшы және бас редактордың орынбасары, 1978-1986 және 1990-1994 жылдары «Жалын» баспасында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орын­баса­­ры, бас редактор болған. 1986-1988 жыл­дары. Қазақ энциклопедия­сының бас редакциясында бөлім меңгерушісі, 1995-1996 жылдары Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығында бас маман және «Ел» баспасының бас редакторы қызметтерін атқарды. Одан кейін Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының вице-президенті – Республикалық баспа кабинетінің директоры, «Ғылым» ғылы­ми баспа орталығының бас директоры бол­ды. Тұңғыш өлеңдерінің тұсауы «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») 1960 жылы кесілген екен. «Арман аралы» («Жалын», 1981), «Қош, қалқатай» («Жалын», 1990), «Қоңыр күз күмбірі» («Санат», 2002) өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Б.Шубиннің «Доктор Чехов» («Жалын», 1979), В.Севостьянов,
Г.Анисилковтің «Жұмыр жердің перзенті» («Өнер», 1981), И.Стрелкованың «Шоқан» («Жалын», 1986), Ю.Балтушис­тің «Өмір өткелдері» романын («Жазу­шы», 1986) «Орыс халық ертегілері» («Жалын», 1990), Х.Андерсонның «Таңдамалы ертегілер» («Жалын», 1984) кітаптарын аударған.
Міне, арада жылдар өтті. Кешегі жас толқынның алды келместің кемесіне мі­ніп кетті. Қалғандары – ортамызда. Был­тыр Дулат Исабеков Қазақ ұлттық уни­верситетінде түлектер кешін ұйым­­дас­тыр­ған. Дулат ағамыз: «Біз мұны неге ұйымдастырдық? Бұл неге ойыма келді? Өмір деген мынау, бүгін – бар, ертең жоқ. Бізден кейінгілердің талайы кетіп қалды. Филология факультетін бітірген біз, курстастар, қайсымыз бар­мыз, кім тірі, кім келместің кемесіне мі­ніп кетті. Бардың басын қосып көрейікші, бұдан кейін біз, мүмкін, кездеспейтін де шығармыз. Жер басып жүргеніміз жиналайық, қауы­шайық, табысайық. Өлгендерге құран оқиық, тірілерге сала­уат айтайық. Тимирязев көшесінің бойын­дағы бүгінгі ҚазҰУ-де өткізсек пе деп ойладық. Бірақ маған осы ескі ғимарат ыстық. Өзім осында драматургия­дан сабақ беремін. Әлі күнге дейін дәліздің анау бұрышынан курстастарым шу етіп шыға келетін сияқты болып тұратыны бар. Осы жерге келген сайын жастық шағым, өткенім есіме түседі. Бірде тап осы аудиторияда Ғабиден Мұста­фин ағамызбен кездесу болғанда: «Мен алпыстан астым, бұрынғыдай самсап жеміс салмасам да, анда-санда оншақты алма салармын. Оған қанағат тұтыңдар. Бұрынғыдай бұрқыраған жемісті күтпеңдер» дегені бар-тын. Бәрі­міз де қазір Ғабиден ақсақал сияқты­мыз. Шамамыздың келгенінше бойымыздағы барымызды, нәрімізді бердік, енді бере­ті­ні­міз шағындалған шақтамыз» деген. Бір мұң бар еді…
Жазушы Бексұлтан Нұржекеев: «75 деген жас – ең әдемі жас. 75-ке келгенше 75 нәрсені біледі екенсің, жоқ дегенде. Соның өзі өмір, мол тәжірибе. Адам туғанда «жазушы болам» деп тумайды, әуелі адам болып өмір сүреді. Кейін бейімделіп, талантына қарай жетіліп, өзін-өзі шыңдаса бәріне қол жеткізуге болады. Енді біздің маңдайымызға жазу­шы­лық өнері бұйырған екен. Сезіммен жүріп, түрлі шығармаларды дүниеге әкелуге, қоғамға аз да болса, үлес қосуға тырысамыз. Кейде бір нәрселерді өзгерт­кі­міз келеді, сосын шабыттана отырып жазамыз» дегені бар.
Қуанышбай ағаның барлық саналы ғұмыры Алматыда өтті десе де болады. Жастайынан жетімдіктің зардабын тар­тып, жүре жетіліп, бойындағы бар қай­ра­ты мен білім-білігін қазағының кәдесіне жұмсап келе жатқан азаматтың өмірі елдің көз алдында. 75 жылдық мерейто­йын алты алашқа сауын айтып, желдетіп, жел­біретіп жасаған жоқ. Шағын дастар­қан. Сыйлас орта. Бұл да сөз басындағы «қоңыр» деген сөздің төркінінен бастау алар әдемі тірлік.
– «Жеті жетім» деген атты алған қазақтың жеті қаламгері өмірде өнегелі болды. Осы тұрғыдан алғанда, қазаққа «Жеті жетім» деген бір символикалық мәні бар ескерткіш тұрғызған артық болмас еді! Соғыс деген сұрапыл сұмдық­тың салмағын бесікте жатқанда сезінген, әкеден ерте айырылып, аналарының артынан қарайып ерген, тұрмыстың бар­лық ауыртпалығына көнген тұтас бір ұр­пақтың қайғы-қасіретін, арман-аңсарын, мұңы мен зарын, Мұқағалиша айт­қанда, «жылап жүріп жетілген жетім­дердің» бүткіл болмысын айшықтайтын әдемі ескерткіштің қажеттігі білінеді. Алма­ты­да, Көктөбенің басында әйгілі «Битлз» тобына да ескерткіш тұрғызған елміз. Оның қасында «Жеті жетім» кешенді ескерткіші қазаққа әлдеқайда жақын емес пе?! – деген ұсынысты тілексөз үстін­де ортаға тастадым.
Біздің бұл ойымызды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қаламы қуатты қаламгер Әлібек Асқаров та құптай кетті. «Бұл ескерткіштің нобайын жасауда «Жеті жетімнің» әрқайсысының түр-сипаты ерекшеленіп көрініп тұруы тиіс, мәселен, Бексұлтан Нұржекеұлын басын­да­ғы шляпасымен, Ақселеу Сейдімбекті сүйеніш таяғымен келтіруге болар еді… Қалай болғанда да бұл ескерткішке үкімет қаржы бөлер-бөлмес, халықтың, ел-жұрттың қолда­уымен тұрғызуға болатын әдемі бір дүние» деп ойын ортаға сал­ды. Әлекең Ресейде «Могущая кучка ком­­позиторов», «Передовые передви­жни­ки» деген ұғымдардың болғанын, сондай топқа кірген әйгілі өнер иелерін сана­ма­лап тұрып, тап сондай құрметті «Жеті же­тімге» көрсетудің орынды екенін айтты.
«Онда ортаға тасталар ұран сондай» деп ақын Төлеген Айбергенов жыр­ла­ған­дай, биыл 75 деген жастың желкесіне шық­қан қазақтың көрнекті қаламгерле­рі­нің құрметіне Алматыда «Жеті жетім» әде­би-мемориалдық кешенін тұрғызу туралы ойымызды қалың қазақтың қапе­рі­не сала отырып, азаматтарымызды ар­дақ­таудың осы бір жолы арқылы Елбасы­­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған­дай, ұлттық кодымызды сақтаудың, түгендеу­дің, бүтін­деудің қандай да болсын амалын жа­с­ау өз қолымызда екенін айтпақпыз.

Нұртөре ЖҮСІП

aikyn.kz

 

Мынаны да қараңыз

Қалдырған ізі мәңгілік…

(Қостанай жұртшылығы Ғазиз қажы Әмірханұлын еске алды) Жуырда Қостанай облысы Білім басқармасының ұйытқы болуымен ізгілікті ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *