Бейбіт Атамқұлов торғайлық ақсақалдармен кездесуге уәде берді

Торғай даласын зымыран бөлшектері құлайтын алаң ретінде пайдалану мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті деп хабарлайды tobyl-torgai.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 
«Бұл мәселе әлі түбегейлі шешімін таппаса да қоғам арасында көп көтеріліп жатыр. Жергілікті биліктен де бұл мәселеге қатысты хабар келді. Шынымды айтсам, жер бізде 120-шы аудан деп есептелінеді. Ал жердің көлемін нақты айта алмаймын. Себебі зымыранды ғарышқа ұшырар кезде оның бүкіл траекториясы, бөлшектері қай жерге түсетіндігі есептелінеді. Бұл өте ауқымды жұмыс болғандықтан зерттеу шаралары аяқталғаннан кейін ғана зымыран бөлшектері құлайтын ауданның көлемін есептеп шығарамыз», — деді ол. Министрдің дерегінше, әр зымыранның 2 сатыда жерге құлайтын 4 бөлшегі болады. Мәселен, 60 жылдың ішінде 1 500 зымыран аспанға көтерілген. Яғни, осы жылдардың ішінде зымыранның 6 мың бөлшегі жерге құлаған. Оның ішінде бірінші сатыдағы бөлшектер ғана Қазақстан жеріне түседі. Екінші сатыда бөлшектер Ресейдің Алтай, Сібір аумағына құлайды. Жерге түскен зымыран бөлшектері бір күннің ішінде жинап алынып, жойылады.
«Жалпы, бұл мәселе менің бақылауымда. Өткенде сол аудан ақсақалдарынан хат алдық. Қазір нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Себебі, бұл — Үкіметтің жері, оны «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны уақытша жалға алған. Қазір біз ол жер қалай пайдаланылып жатыр, қанша пайда әкелді деген мәселелердің бәрін есептеуіміз керек. Мәселен, биыл 6 айда «Байқоңырды» жалға беруден 18 млрд теңге ақша бюджетімізге түсті. Өткен жылдың соңында 12 млрд түскен еді. Демек, бір жылдың ішінде 30 млрд теңге алдық. Мұның барлығы еліміздің бюджетіне түсіп, экономикамызды көтеруге жұмсалуда», — деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, зымыран бөлшектері құлауы мүмкін аудан егіндік, суармалы жер емес.

«Көктемде, жер көктегенде мал жайылуға шығады. Ал мамыр айынан ол жердің шөбі күйіп кетеді. Төңірегінің бәрі тұзды. Қазір біз сол жерді кім, қалай пайдаланатынын зерттеп жатырмыз. Менің орынбасарым Нұрғожин жұмыс тобын басқаруда. Мамандарымыз сол жерді зерттеуде. Содан кейін өзім барып, халықпен, ақсалдармен кездесемін, түсіндіремін», — деп уәде берді министр.

tobyl-torgai.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Бір пікір

  1. Дұрыс болды! Бірақ министр мәймөңкелеп жіберіпті. Енді әлгі ақсақалдар Атамқұловтың ығына жығылып кетпесе болды.

Erzhan жазбасы үшін пікір қалдыру Отменить ответ

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *