Бауыры үшін қос баласын құрбандыққа шалған ана туралы

Баянаула – Ертіс жерінің Ақкөл-Жайылма аталатын аймағын Мұстафаның ата-бабасы әлімсақтан мекен етіп келеді.  Мұстафаның да бұл күнге жеткені кеше ғана емес, қоян жылы елде жұт болып талай мыңғырған малы бар небір байлар тақыр кедейге айналған еді. Сол уақытта Мұстафаның ата-анасы Керекуге барып жатақ болды. Бірнеше жыл қиындық көріп, кейін жағдайлары түзелген соң туған ауылдарына қайтып келді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей олар жұрт қатарына тез қосылып, біреуден ілгері, біреуден кеш өмір сүріп жатты. Заманында туған он алты бала бірінен соң бірі шетіндей берген соң кенжелеріне Мұстафа деп азан шақырып ат қойып, ұлан-асыр той жасады.

Ендігіде тіршілік білімде екенін түсінген соң Шырай мен Шоң Мұстафаны сонау Бұқарадан келген ишан-молдалардың оқуына берді, жас Мұстафа зерек, білімге ынталы болып өсті.

Ауыл арасындағы тойларда, жарыстарда өзінің тек әнші-күйші ғана емес, мықты күресші екенін де дәлелдеп жүрді. Талай қыздың арманы болды.

Осылайша, жастық шақтың дәурені жүріп жатты, әке-шешесі бетінен қаққан жоқ, тұмсықтыға шоқтырған емес.

Шоң бір таңғы ас үстінде баласына: «Мұстафа, не киемін, не ішемін демейсің, тамағың тоқ, уайымың жоқ, бірақ енді мына қартайған біздерді – ата-анаңды да бір мәрте ойлап қойғын, келіншек алып, бізді бақ, немере-шөберелеріміздің алақандарынан су ішейік» деді. Анасы Шырай отағасын қостап: «ботақаным» деп еміреніп қояды. Сөзден тосылып қалған Мұстафа біріншіден, осы уақытқа дейінгі балалық, бозбала дәуренінің күні біткенін түсінсе, екінші жағынан әке-шешесінің жағдайын бұрыннан ойламағанына налыды.

Әке сөзін құп көріп, Шідерті ауылындағы бұрыннан сөз байластырып жүрген Шынарға құдаларды жіберткізді. «Тең теңімен, тезек қабымен» деп баба халқымыз бекер айтпаған ғой, Сұлтанмұраттың отбасы да орташа дәулетті шаңырақ еді. Құдалық жасалды, дүркіреген той өтті.

Енді Шоңның дәулеті Мұстафаға қарап қалды. Дегенмен, Мұстафа өзінің пысықтығымен, еңбекқорлығымен мал басын жылдан жылға арттырып Ақкөл-Жайылманың атақты байларының біріне айналды. Отбасы жағдайы да жақсы болды, Шынар торсықтай жеті ұл, сүйкімді екі қыз тауып берді.

Сөйтіп жүргенде аласапыран заман басталып, бірде қызылдар, бірде ақтар жанға да малға да маза бермеуге айналды.

Бірақ, туған жерден қайда кетеді?! Ауыл арасында өз туысқандарына, жарлы-жақыбайларға қарайласып өмір сүре берді.

Кеңес Үкіметі орнап, олар әуелі байларға ауыз салды. Кешегі күні Ақкөл-Жайылманың 9 көлінің бойын жайлайтын Мұстафаның жылқыларын тартып алды, өзін итжеккенге айдап, құсалықтан шешесі Шырай мүгедек болып қалды.

Оны айтасыз-ау, 1931-1932 жылдардың ашаршылығында алты ұл да аштықтын қайтыс болды. Тек Маржан мен Меңсұлу, және үйдің кенжесі Кенжеғали тірі қалды. Әкесі Шоң қайтыс болғалы қай заман.

Әркім өзінің қайғысымен мұң.

Ақкөл-Жайылма жұртының халқының бірі Қытайға, бірі Омбыға қашты.

Қолдағы мал да жоқ, елмен бірге ілесуге де мүмкіндік болмады.

Осындай жағдайда Шырай біреуі он үш жасар, екіншісі жиырма жастағы Маржан мен Меңсұлуды шақырып алып былай деді:

«Айналайын боталарым, әкелерің Мұстафа Сібірден аяқ киімін беріп жібергенін білесіңдер, тірі болса бір келер, ал енді біздің әулеттің еркек кіндігі Кенжеғалиды тірі алып қалуларың керек. Шешелерің мен бауырларыңды ана дүниеден қайтара алмайсыңдар. Мені тастап кете беріңдер, қарайламаңдар» деді.

Амал қанша, елмен бірге Маржан да Меңсұлу да жолға шықты, әрине Меңсұлу екі жасар Кенжеғалиды қалай алып жүрмек, өзінің де емшектегі баласы бар.

Енесі мың болғыр кісі еді, Меңсұлуға: «келінжан, балам Сүлеймен екеулеріңнің бірге болуларыңды құдай қаламапты, бірақ артында баласы қалды, әйел адам болсаң да емшектегі балаңды маған тастай бер, тірі болсам өсіремін, бағып-қағамын, бауырыңды – бір әулеттің тұяғын жеткіз» деп батасын берді.

Әлі де ауыл ішінде қалып, су жағалап балық аулай берер ме еді, егер мынадай оқиғалар орын алмағанда?

Саманнан жасалған қазақы үйде енесімен бірге балық аршып отырған сәт еді, Меңсұлу біреулердің есікті тарсылдатып ар жақтан «аш, жаның барыңда аш» деген дауысын естіді. Кешқұрымда «бұл кім болды екен?» деп есікке тақап барса, осы ауылдың шолақ белсенділері Мәкен мен Алмабай екен.

«Не шаруаларың бар?» деген енесінің дауысына қараған да жоқ, боқтап, Меңсұлуға қарата «байдың қызы» тез сыртқа шық, «Үкіметтің тапсырмасын орындамағансыңдар» деп сүйреп алып кетті.

Сыртқа шыққан соң Мәкен «байың жоқ, өзің әдемі келіншек екенсің?» деп көздерін ойнақшытып, «маған көңілдес бол, басқа мәселелерді шешіп беріп отырамын» деді.

«Малғұн» деп Меңсұлу Мәкеннің бетіне шырт етіп түкірді, сол мезетте Алмабай Меңсұлудың бүйрегінен жуан жұдырықтарымен ұрып жіберді. Меңсұлу сұлқ етіп отырып қалды, тынысы тарылып кетті?

Мәкен: «қаншық ертең келеміз» деп Меңсұлуды бір теуіп кете барды.

Ертеңгі күні бұл жағдай тағы қайталанды, «қаншық мен саған күн көрсетпейтін» деп қоңыр күзде төбесінен суық суды құйып жіберді, бір уақыт тынышталған Меңсұлуды шелектегі суға да батырды.

Көзін ашқаны сол еді, келіншектің ыңғай білдірмегеніне одан сайын ызаланған Мәкен «ал, ендеше байдың сілімтігі» деп Меңсұлудың құлағындағы сырғаларын жұлып қалды. Екі құлағыннан қан сауғалап жатыр, жауыздар оған қарайтын емес, енесі «ойбайлап» дауыстан жатыр, бұл жауыздар «бүгінге осы жетеді» дегендей өз жөндерімен кете барды.

Міне, осы жайттар енді оның ауылдан қашып жатқан өзге де аштармен бірге кетуіне түрткі болды.

Туған баласын тастау кімге оңай болсын, екі көзі жасқа толды, Кенежеғалиды бауырына қысып, бір қолына Маржанды жетектеп «Омбы қайдасың?» деп алыс сапарға шықты.

Қанша күн жүріп келе жатқанын кім білсін, аштықтан көзі қарауытып кеткен, тіске басар ештеңе де қалмаған, Кенжеғалидың жылай-жылай дауысы да шықпай қалған, ал Маржан далада қырылып жатқан жұртты көріп одан сайын үрейлене түседі. Бар тілегі апайы оны тастап кетпесе екен.

Бірге бара жатқан ауылдастарының ішінде Сәкен-Шәкен деген ағайынды жігіттер де бар еді, бір  ауыл маңына келген соң, шұбырған жұртты тоқтатып, «Омбыға тақап қалдық, енді әркім өзі жетсін» деп жұртты бөліп жіберді, азан-қазан, алыс жолдан бірге келе жатқан жұрт енді бір бірлерін көрмейтінін түсінгендей «ах ұрады».

Тірі адам тіршілігін істеу керек, Омбыға да келді, мұндағы жұрттың жағдайы оңды сияқты.

Қысқаша айтқанда, осындағы жергілікті қазақтар оларға жағдай жасап, аштықтан аман алып қалды.

Ең өкініштісі базарға барған жерінен Маржан ұшты-күйлі жоғалды, қайда кеткенін, адам ұрлады ма, әлде өзі кетті ме ешкім білмейді, тек бір Аллаға аян? Меңсұлудың бір өкініші осы болды!

Қала маңындағы қазақ ауылдарының бірінің тұрғыны Мәртбекпен танысып, дәм-тұзы жарасып кетті, Мәртбек бұл уақытта отыз бестер шамасындағы жігіт болатын. Бұрынғы әйелі қайтыс болып, балалары қолына қарап қалған еді.

Мәртбек адам жанын түсінетін, қазақтың ақылды жігіттерінің бірі еді, көп ұзамай олар некелесіп, Сәрсенбек деген бала дүниеге келді.

Заман осылай жүре берді, Меңсұлу Мәртбекпен тату-тәтті өмір сүріп жатты. Бірақ Меңсұлудың дерті меңдеп, баяғы суықтары шығып, құныс болып қалды.

Сөйтіп жүргенде Ертіс-Баянауладан ұзынқұлақ арқылы Мұстафаның баласы, бір әулеттің тұяғы Кенежеғалидың тірі қалғаны туралы хабар жетеді.

Ел ақсақалдары етек-жеңдерін жиған соң: «Баяғы Мұстафадан тұяқ қалған екен, ендігісі ол орыс болып кетер, текті атаның баласы еді, оны елге жеткізейік» деп ұйғарып, Меңсұлуға кісі жібертеді.

Меңсұлу басын бірнеше күн жастықтай алмай, көз жасы көл болды.

Қайтпек керек, мына туған баласын не істейді, бауырын қалай жеткізеді, ойы сан-саққа жүгіреді.

Мәртбек не айтсын, момындау кісі ғой, үндемеді, енесі Әнипа: «қызымдай болған келінім едің, қазақтың бір тұяғын сақтап қалдың, ендігісі елің шақырып жатыр екен, Кенежеғалидың тек өзін жіберсең бірдеңеге ұрынып қаларсың, Сәрсенбекті бізге таста да жұртыңа бара ғой» деп ақылын берді.

Шамалы жолға қажет заттарын алып «Ақкөл-Жайылма жұрты қайдасың?» деп елге тартып отырды.

Туған бауырын жеткізді, елге келсе тағы бір қайғысы бар, баласы Сәлім оны танымайды, Алланың рақымымен тірі қалған екен, ал Омбыда Сәрсенбегі тағы қалды.

Сөйтіп, бір тұяқтан қалған бауырын жеткіземін деп денсаулықтан бір айырылды, қос баланың бірі елінде, екіншісі Омбыда қалды.

Кейін әрине, Омбыдан анасын іздеп Сәрсенбегі де келді, бірақ Сәлімі «анам-ау» деп бір еміренбей-ақ қойды.

Ал, Кенжеғали кейін үбірлі-шүбірлі болып үлкен тоғыз баланың әкесі атанып, бақытты ғұмыр кешті.

Бұл жиырмасыншы ғасыр зобалаңынан қаймықпай өткен қайсар қазақ келіншегінің басынан кешкен оқиғаларының бірі ғана еді.

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Суреттер Интернеттен алынды

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...