Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласы мен Амангелді, Жанкелдин аудандарында болды

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің оңтүстік аудандарға жасаған сапары Арқалық қаласында жалғасты.
Өңір басшысы Арқалықтағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Солардың бірі — «Жанұя» медициналық орталығы. Бұл мекемені осындағы «Арсенал» ЖШС-нің басшысы, жас кәсіпкер Сәбит Әбдікәрімұлы қала тұрғындарына сыйға тартып отыр. Жоба құны — 100 млн теңге. Оның тең жартысына медициналық аппараттар сатып алынған.
«Үш қабатты ғимарат барлық талапқа сай. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған денсаулық сақтау мекемесі бір ауысымда жүз адамды қабылдай алады. Енді жергілікті халыққа сапалы ем-дом қабылдау үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ» дейді Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғарин.
Осы клиниканың ашылуы нәтижесінде кардиолог, терапевт, невропатолог, гинеколог және көз дәрігері сияқты алты маманға жұмыс табылды. Оңтүстік облыстардан арнайы келген жас дәрігерлерге кәсіпкер Сәбит Әбдікәрімұлы өз есебінен 3 пәтер берген.
Бұдан соң Архимед Бегежанұлы қайта ашылған «Балдырған» балабақшасына ат басын тіреді. Мемлекеттік және жекеменшік әріптестіктің арқасында балабақша биыл күрделі жөндеуден өткен. Оған бас-аяғы 317 млн шығындалыпты. «Алюминстрой» ЖШС қайта ашылған білім мекемесіне жаңа микроавтобус сыйға тартты.
Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов қалада салынып жатқан ет комбинатының құрылысна да соқты. Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғариннің сөзінше, өңірдегі ең ірі ет комбинаты биыл тамыз айына дейін іске қосылады. Жоба құны 900 млн теңге. Қазір нысанда 60 құрылысшы жұмыс істеп жатыр.
«Алдағы уақытта комбинатта 120 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Бұған келешекте Арқалық маңындағы ауылдар мен Амангелді, Жанкелдин, Науырзым аудандарынан ет әкеліп тапсыратын болады. Сондай-ақ көршілес Қарағанды мен Ақмола облысының аудандары да қызығушылық танытып отыр» деді А.Балғарин.
Архимед Мұхамбетов 2020 жылға дейін облыстағы ет экспорты көлемін 6 мың тоннаға жеткізу керектігін баса айтты. Бұл тұрғыда өңірдегі тауар өндірушілердің қарқыны көңіл қуантады.
Айта кету керек, 2015 жылы Қостанай облысы шет елдерге небәрі 190 тонна ет жөнелткен екен. Белгілі болғандай, Жанкелдин ауданында да ет қабылдау пункті ашылмақ.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Әсіресе, нақты секторлардың дамуы жолында, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау саласында көптеген жұмыстар атқарылған.
Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қала экономикасының басты табыс көзі десе болады. Былтыр қала диқандары 148,7 мың тонна астық орыпты. Мал шаруашылығына өткен жылы 307 млн теңге көлемінде субсидия берілген. Өнімдердің жалпы ауқымы 7 млрд 505 млн теңгеге шақ келеді. Мұндай табыстың еселенуіне ұзын саны 2 мыңға жуық жұмыскері бар маңдайалды 10 кәсіпорын үлес қосып отыр. Дегенмен, өнімнің нақты көлемінің индексі былтырғыдан сәл төмендеді – 88,2%. Бұл, қала әкімінің айтуынша, «Қазақстан Алюминиі» АҚ ТБКБ-да боксит өндіру көлемінің 17%-ке дейін төмендеуімен байланысты болса керек.
Жиында тұрғындар тарапынан да сұрақтар түсті. Мәселен, Арқалықтан елордаға және Қостанайға әуе бағытын ашу туралы ұсыныс айтылды. Өз кезегінде Архимед Мұхамбетов бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Дегенмен, алдағы он жылда іске асырылуы екіталай.
«Бастама дұрыс. Бірақ әуелі әуежай салып алу керек қой. Ал біз қазіргі уақытта тек Қостанай әуежайын қалыпқа келтіруге қаржы бөлдік. Осы жылы жөндеу жұмыстары басталады. Қайта жөндеуден өткен соң ұзындығы 2,8 шақырым жолаққа ие боламыз» деді облыс басшысы.
Тұрғындар көтерген біраз мәселе сол сәтте шешімін тауып жатты. Мысалы, қаладағы №5 мектептің тым суық, жылу қазандықтары істе шыққанын айтқан ата-ана мәселесін облыс басшысы дереу шешіп беруді қала әкіміне тапсырды.
«Алдымен, ең қажетті жұмыстарды істеу керек. Болашақ үшін еңбек етеміз, бірақ балаларымыз тонып отырса, оның керегі не?! Сондықтан аталған мектепке шұғыл жылу тартыңдар» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
kostanaytany.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *