Шалғайдағы ауылдарға электронды күнделікті, барлық пәндер бойынша үздік видео-сабақтарды қолжетімді ету міндеті тұр. Бұл туралы Мәжілісте білім саласындағы цифрландыру тақырыбында өткен Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мектептердің инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Қазір мектептердің 99 пайызы интернетке қосылған, бірақ оның ішінде тек 62 пайызы жылдам интернетке қосылды. Бүгінде 2,5 мың мектепке немесе 35 пайызында wi-fi тартылды» деп тоқталды министр.
Бұдан бөлек Е. Сағадиев 2016- 2017 жылдары жыл сайын 14 мыңнан астам мультимедиялық жиынтық сатып алынғанын атап өтті. Осы жылы республикалық бюджеттен 6 млрд теңге трансферттер бөлінді. Сонымен қатар үшінші жыл қатарынан әкімдіктер қосымша 10 мынан астам жиынтығын алып жатыр. Алдағы мақсат — ауылдағы және қаладағы мектептердің видеоқұралдарын 80 пайызға жеткізу.
«Ол мұғалімнің орнын баса алмайды, бірақ бұл мұғалімге әрі оқушыға үлкен көмек. Онда физика, химия, биология және тағы да басқа пәндер бойынша Қазақстанның және әлемнің үздік видеолары жинақталған» деді ол. Сонымен бірге, Елбасының Жолдауына сәйкес, барлық өңірде оқушылар сарайының базасында қажетті инфрақұрылымы, компьютерлік лабораториясы, 3D-принтер бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларын құру жұмыстары басталды.
«4 мыңнан астам мектепте электрондық «Күнделік» енгізілді. Сонымен қатар, сол сияқты «Bilimal» және «Mektep» компанияларының электрондық күнделіктері косымша 600 мектепте бар. Бұның бәрін шамамен үш жарым млн адам қолданады. Олар: мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар. Мен бұған дейін айтқандай, ең алыс ауылдарға электронды күнделікті, барлық пәндер бойынша үздік видеосабақтарды қолжетімді ету міндеті тұр. Қазір бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз» деді Е.Сағадиев.
фото: albawaba.com
inform.kz