Соғыстан қайтқан солдаттар…

22 маусым – адамзат тарихына миллиондаған адамдардың өмірін қиған сұрапыл соғыстың басталған күні ретінде қара таңбамен жазылып қалғанына да 77 жыл уақыт өтті. Адамзатқа қарсы жасалған қан-қасапқа қарсы тұрып, төрт жылға созылған соғыста қолынан қаруын тастамай, жеңіске жету жолында жан аямаған сарбаздардың алдыңғы қатарында қазақ қаламгерлері де болды. Солардың бірі – соғыста ел қорғаған, соғыстан кейін қолына қалам алып, бейбіт күннің ұлылығын жырлаған тұлғалы ақын Сырбай Мәуленов еді.

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы аласапыран жылдарда буыны бекіп, жаңа заманға ілесе әлемдік әдеби үрдістен өз орнын алуға талпынған қазақ көркемсөзі жолына жыландай иіріліп жатып алған сталиндік репрессияның кесірінен біраз құрбандық беруге мәжбүр болды. Өздері «Желкілдеп өскен құрақтай» көзге түсіп, сөздері «Сылдырап аққан бұлақтай» тазалығымен көкейге қона бастағанда елдің жүрегінің жырындай, көзінің нұрындай талантты қаламгерлердің үлкен тобы қыршынынан қиылып, бір кезде қазақ рухы аспандаған алаңда саясаттың ұранына айналған жалаң тақпақтардың даусы қаттырақ шыға бастады. Алайда осы бір сүреңсіз жылдар ұзаққа созыла қоймай, аяқ астынан басталған екінші дүниежүзілік соғыс – әдебиеттің еңсесін езіп, рухын таптаған таптаурын сарынды өзгертуге едәуір әсер етті.

Ендігі әдебиеттің аттаны – елді қорғауға, ел қорғағандарға тірек болу үшін тылда аянбай еңбек етуге үндеді. Бұл тақырыпта және соғыс кезінде отан қорғаушылардың ерлігін мадақтауға арналған шығармалар соғыс біткенше жиі жазылды. Соғыс біткеннен кейін әдебиетте бұрынғыдай «жауды қыр, көзін жой, басқыншыларға өлім» деп келетін әсіре пафосты шығармалар тоқтап, ендігі кезеңде соғыс шындығын, жауынгерлер ерлігін шынайы оқиғалармен өрген шығармалар дүниеге келе бастады. Оны жасаушылар, әрине, соғысты көзімен көрген қаламгерлер еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама қандастарымызды қыршынынан қиып, халқымызды селдіретіп тастағанымен рухымызды тұншықтыра алған жоқ, керісінше, соғысқа дейінгі кезеңде қудалауға ұшыраған ұлттың ұлдары қан майданда өздерінің қайсарлығын дәлелдеп, елдің еңсесін көтерді. Бір жоғалту екінші бір нәрсені тауып беретіні секілді, соғыс біздің рухымызды шыңдады: батырларымыз – батыр ұлттың ұрпағы екенімізді танытса, ақындарымыз – от ауызды, орақ тілді елдің ертеңінің кемел екенін дәлелдеді.

Соғыстан соңғы дәуірде қазақ жырына серпін берген Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев, Мұзафар Әлімбаев, Тайыр Жароков, Дихан Әбілов, Жұмағали Сайн, Тоқаш Бердияров секілді ақындармен бірге Сырбай Мәуленов те шыншыл да, сазды өлеңдерімен әдебиетте өз соқпағын салды. Майдан шындығы, жауынгерлер ерлігі, отанға деген махаббат, туған жерге сағыныш – осының бәрі Сырбай жырларына арқау болып, өзгеше өрілгенде, әдебиетімізде жетпей жүрген бір тыныс ашылғандай, бұлттан шыққан күннің жылы шуағы шашылғандай болды. Қасаңданып қалған қазақ поэзиясына қайта қан жүріп жатқан шақта, бұл құбылыс халықтың жүрегіне жылы тиді.

Иә, бәріміз Мұхтар Әуезовтің Мәуленовке берген «Сырлы сазды Сырбай» деген бағасын білеміз. Бірақ Сырбай ақынның жырлары саздылығымен ғана емес, ашып айтуға бола бермейтін заманда дәуір, заман тудырған шындықты сөз астарына сыйғыза алған шеберлігімен де жүрекке жететін.

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат баласына өмірдің қымбат екенін танытты, өмірді сыйлауды үйретті. Тұтас елді, ұлтты құртуды мақсат еткен адам баласының қолымен жасалған қылмыстың қаншалықты ауыр болатынын санаға сіңірді.

Өзі де, сөзі де от пен оқтың арасында ержеткен Сырбай Мәуленовтің майданда жазған жырлары – өмірдің өзінен алынған шындық бола тұра, соншалықты көркем, соншалықты әсерлі. Ол «Құлын» атты өлеңінде өмірдің өрлігі мен ерлігін суреттеп жатпай, қаз-қалпында беріп-ақ үлкен ойды ұқтырады:

Шаршаған жол батып

Волховтың батпағында,

Жатыр бие толғатып

Зеңбіректің арт жағында.

Фугас бомбасы

Жерді өртеген қиын күнде,

Тіршілік жолдасы

Бүлкілдейді биенің бүйірінде.

Адамдай жапа шегіп құса-мұңнан,

Сәби бір үн сағынған.

Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап,

Солдат оның сипайды құрсағынан.

Шашыраған көк жалынын бүркіп темір,

Орманның іші үрейлі.

Ал оттың ортасында –

Шіркін өмір

Құлын боп кісінейді.

Ырғағы еркін, оқиғасы тосын осы бір шағын жырда қандай қиын шақта да өмірдің жалғаса беретіні айта қаларлықтай анық, әсерлі берілген.

Соғыстың алғашқы жылдарында ауыр зеңбіректерді сүйреп жүретін басты көлік жылқы болды. Сондай жағдайға тап болған буаз бие от пен оқтың арасында құлындап жатыр. Бір жақтан ажал оғын сеуіп жау тұрғанда, екінші жақта жаңа бір тіршілік иесі дүниеге келмек… Демек, адамзатқа қарсы бағытталған қандай соғыс болса да өмірді мүлде жоя алмайды екен, жарық дүние есігін ашу – тағдырдың қалауымен болатын іс.

Шынын айту керек, С.Мәуленовтің «Құлыны» – сол тұстағы қазақ поэзиясы үшін тосын да өзгеше өрнекті жыр болды. Ал жырды тіліне тиек еткен сөз шеберлері өлеңнен әрқайсысы өзінше сыр тауып жатса, оның жұмбағы – «Құлынның» астарындағы шындықтың сан түрлі мағына беріп, сан түрлі ойға шомдыратынында болса керек.

Соғыста өліп кету бар, тірі қалу да бар. Алайда тірі қалғандардың талайы аяқ-қолдан айрылып, өмірлік мүгедек болғаны рас. Олардың рухы биік болғанмен, соғыс салған жара жүректеріне жүк болмады дейсіз бе?.. Ақынның өзі де соғыста бір қолдан айрылып қайтқан. Демек осынау жарым көңіл, жоғалтқан мүшенің сыры оған да мәлім өмір. Сондықтан оның «Түбір» деген өлеңі жүректі сыздатар болмысымен оқығанға ой салады:

Көрінеді

Орманнан

Түбірлер.

Айырылған

Аяқ-қолдардан

Түбірлер.

Мүгедек солдат секілді

Түбірлер.

Оқ жұлғандай етімді,

Жүрегім тулап дүбірлер,

Кезеріп ернім күбірлер.

«Соғыс не?!

Менен біліңдер», –

Деп тұрғандай түбірлер.

Адамның өзін кесілген ағаш түбіріндей сезінуі қандай қиын, қандай қасірет… Бірақ бір жағдайды, екінші бір жағдай еске салмай тұрмайтын мына дүниеде болғанды ұмыту мүмкін емес. Сондықтан ол:

Мен ағаш қол солдатпын –

Оң қолыммен шүріппе басып оқ аттым,

Мен ағаш аяқ солдатпын –

Аяқ барда жорық жолын шаңдаттым.

Мен көзім жоқ солдатпын –

Көзім барда қас жауларды көздедім.

Мен сөзім жоқ солдатпын –

Тілім барда ұшты оқтай сөздерім.

Мен қолымды көміп кеттім майданда,

Мен аяқты беріп кеттім майданда,

Мен күнімді беріп кеттім майданда,

Мен тілімді беріп кеттім майданда.

Әй, дүние,

Зағыптарды тыңда сен.

Әй, дүние;

Алыптарды тыңда сен.

Әй, дүние,

Олар қолын, аяқтарын бермесе,

Әй, дүние,

Сен түрегеп тұрмас ең.

Олар соғыс әулиесі – көріп кел,

Тыңда сөзін, дүние енді берік бол!

Тыңда, дүние, жаныңда тұр жау деген

Бейғам қалып қаусамасын сау денең, – деп ескертеді бейғам ғаламның бейғам ұрпақтарына.

Соғыс деген біз ойлайтындай, адамға ерлік жасауға мүмкіндік берілетін алаң емес. Онда: «Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін, я өліп, я болмаса өлтіретін. Жүректе жұлдызыңды жанып тұрған, жандыратын, болмаса сөндіретін. Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін, кеудеңмен қорғап қалу жердің бетін. Жас қаның туған жерге босқа ақпасын, Онсыз сен көре алмайсың елдің бетін», – деп Сырбай айтқандай, адам өлмеу үшін күреседі. Демек, ақынның:

Соғыста қорықпағандар –

Соғыста болмағандар,

Жорықта жортпағандар –

Кек оғын жонбағандар, – деуі шындық.

Әр ақынның ақындық стихиясы болады. Ол – ақынға етене, сыры мәлім жағдайлар. Сондықтан ақын өз стихиясына жақын нәрсені жырлағанда шешіліп, желдей есіп кетеді. Сан салалы Сырбай шығармашылығындағы соғыс тақырыбындағы жырлардың ерекше болуына әсер еткен заңдылық та осы. Егер ақын көрген соғыс оның ақындық стихиясына айналмағанда небір ғажайып жырлар тумай қалуы әбден мүмкін еді.

Жаутаңдап қарап дала тұр,

Көз жасын сүртіп жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға

Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?

 

Кешікпей жарым келер деп,

Төрінен сайлап орынды.

Батысқа қарап елеңдеп,

Ару жүр тосып жолыңды.

Көтерді бәрін ауырдың

Азамат болып арды ақтар.

Көрдің бе жарын арудың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?

 

Кетерде солдат жарының

Ішінде қалған ана жыл.

Көкемді айтпай танырмын

Деп бір сәби бала жүр.

Қайрылмай қалай кетесің

Хабарсыз қалай ол тоқтар.

Көрдің бе оның көкесін,

Соғыстан қайтқан солдаттар?

 

Қаралы қағаз жіберіп,

Қаншама қайғы салды оқтар.

Барады үнсіз түнеріп,

Соғыстан қайтқан солдаттар!

Ақынның бір деммен толастамай төгілген жырының әр шумағы сұрапыл сұрақтарға келіп тірелгенде оның соншалықты ауыр екенін жүрекпен сезіп, жаның түршігеді. Жалғанда ең жаманы – жауабы жоқ сұрақ. Тірі қалғандар өлгендер үшін жауапты емес, бірақ оларды ұмытпауға міндетті. Өлең философиясы осыған саяды.

Кейбір шындықтар адам жанына айықпас дерт жүктейді. Сондықтан жүрекке салмақ түсірер қасіреттердің кейде жасырын қалғаны да керек. Жоғарыдағы ақынның «Соғыстан қайтқан солдаттарында» қаптаған сауалдарға жауап берілмей қалуында да бір мән бар. Егер ақын қаласа қойылған сұрақтарға жан жұбатар жауап беріп, қайғыны жеңілдетуге күш салар еді. Бірақ үзілмеген үміттерді аяған ақын жүрек диалогқа айналғалы тұрған өлеңді монологқа айналдырып, белгісіздік бесігіне бөлейді. Белгісіздік те кейде құлазыған көңілге қорқыныш сыйламай дәтке қуат берер күш.

Жатыр қабір тас бекіне

Даланың бір төбешігі.

Жазылмапты тас бетіне

Ең болмаса ер есімі.

 

Кім болды екен қайран боздақ

Күткен көптен бір хабарын.

Шашын теріс жайған боздап,

Жалғызы ма бұл ананың.

 

Күнде жоқтап зар жылаған,

Батқан мұңы елге біздің.

Күте-күте қалжыраған,

Жары ма бұл жеңгеміздің.

 

Қасымда жоқ адам бөтен,

Тұрдым көп сыр түйіп ішке.

Қандай айла табар екем.

Удай ащы күйінішке.

 

Білмеген де бір есептен

Жақсы шығар бұл жігітті.

Хабар күткен келешектен

Сөндірермін бір үмітті.

Соғыста мерт болған белгісіз солдаттың бейітіне қарап, жүрегі жыр толғаған ақын осы белгісіздіктің өзіне («Жазылмапты тас бетіне, ең болмаса ер есімі») қуанады. Әрине, ол қуаныш біреудің қаза тапқанына шаттанған қара ниет арсыз қуаныш емес, соғыстан оралмай қалған боздағының демі үзілгеніне көзі жетпей, сарғайып жүрген бір пенденің үзіле қоймаған үмітіне медеу болар жайтқа деген пенделік жұбаныш… Өйткені жылату қаталдық болса, жұбату – мейірім. Оны:

Мың қолдар сау болсын деп, –

Мен бір қолымды бердім.

Мың жолдар жалғансын деп, –

Мен бір жолымды бердім.

 

Мың гүлдер солмасын деп, –

Гүлдей жастық күнімді бердім.

Мың ақын толғансын деп, –

Мен бір жырымды бердім, – дейтін ақын-жүрек жақсы біледі.

Соғыс тақырыбына жазылған жырлары – Сырбай Мәуленовтің мейірімге толы үлкен жүрек иесі екенін танытатын құбылыс. Соны жете түсінсек қана ақын меңзеген бір қиырды қасиетін сезініп, шуағына ынтық боларымыз анық.

Ақын, Лермонтов айтқандай, «ардың құлы». Сондықтан ол қандай қоғамда, қандай қысымда өмір сүрсе де өз ұлтының ұлылығын – дулы да шулы тарихын, ана сүтімен бойына сіңген ана тілін, жүрегіне рух берген өнерін, болмысын өзгешелеп тұратын дәстүр-салтын мақтан етпей, елінің ерлігі мен өрлігінің, халқының қайсарлығы мен құдіретінің мерейін көтерер жыр туындатпай өмір сүрмек емес. Сұрапыл соғыста рухын шыңдап, сөзін түзеп қайтқан Сырбай Мәуленов те бір кезде өзі азаттығын қорғаған елдің бір бөлшегін – қасиетті атамекен – Қазақстанды жанындай сүйіп, ұлылығын асқақтата жырға қосты:

Тауды көрсең күн көзімен таласқан,

Аспан көрсең Ай мен Күнге жол ашқан,

Менің байтақ республикам таулары –

Менің көгім мөлдіреген сол аспан.

Дала көрсең көкжиекпен ұштасқан,

Көлді көрсең секілді бір түскі аспан.

Менің байтақ республикам даласы,–

Менің көлім теңізбен қол ұстасқан.

…Тұлпар көрсең желдей ұшып заулаған,

Сұңқар көрсең бұлтта қанат самсаған,

Менің байтақ республикам тұлпары,–

Менің құсым көктің жүзін шарлаған.

Қызыл бұлттай көрсең қырдың гүлдерін,

Көрсең ашық Алатаудың күндерін,

Жерінде гүл, көгінде күн бір жүзген

Ұлан-байтақ республикам бұл менің.

Бәрімізге орта мектептің «Әдебиет» оқулығы арқылы таныс осы бір өлең қазақтың талай ақыны жазған патриоттық шығармаларының алғы сапында тұрып, жас ұрпақтың бойына отансүйгіш сезімді дарытпады деп кім айтар? Ұрпақ тәрбиесі деген «Жаман болма, жақсы бол» деп, күніне мың қайталана беретін жалаң ақыл емес, ол рухтандыруды тілейтін, жігерлендіруді қалайтын әлем. Сол әлемге қызмет етуде танылған саңлақтардың бірі Сырбай болса, оның ұлт көркемсөзі тарихында өз тұғырына қонғаны.

«Теңіз дәмі тамшысынан білінер» демекші, шығармашылығы көл-көсір Сырбай Мәуленовтің санаулы өлеңдерінен-ақ оның дариядай кең көңілі мен өнегесі мол өмірін тани алуға болады. Өйткені ол ақын ретінде тұтасқан әдеби әлем иесі. Бұл турасында Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбай: «Біз бала кезімізден бастап Сырбайша оқуға, Сырбайша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұмтылып өскен ұрпақпыз. Қазіргі әдебиеттегі алпысқа келгендер мен төменгі буынның барлығының әдеби болмысында Сырбайдың рухы, Сырбайдың әсері бар десем, асыра айтқан болмаспын. Сырбай – тек өз мектебі бар ақын ғана емес, қазақ поэзиясын жарқыраған жаңа кезеңге көтеріп бере алған кемел тұлға. Бұл тұрғыдан келгенде, Сырбай – қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі. Классик деген ұғым кез келген кісіге айтылуға тиісті емес. Кез келген дарынды, талантты адам классик бола алмайды. Тек қана өзі емес, бүкіл ұлттық әдеби болмысқа өзінің ізін, өнегесін тастаған адам ғана осындай атқа лайық болуға тиісті. Бұл реттен келсек, қазіргі қазақ поэзиясының көш басындағы сарбаздары Сырбайды да алдымен ауызға алады деп ойлаймын», – деген екен. Анық баға, әділ сөз осы болса керек.

Ахмет ӨМІРЗАҚ,

ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері

turkystan.kz

Мынаны да қараңыз

АЛАШ АРДАҚТЫСЫНЫҢ ҰРПАҒЫ

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді атам қазақ. Бұған қоса жақсы адамның артында қалған жал­ғыз ...