Алматыда футзалдан әлем біріншілігі өтеді

Бұл жолы қай ел футболшыларының бағы жанады?

Алматы шаһарында 19-26 тамыз аралығында футзалдан студенттер арасындағы әлем біріншілігі басталады. Бұл жарыста 16 ерлер және әйелдердің 9 командасы сынға түседі. Дүбірлі доданың салтанатты ашылуына  FISU Бас хатшысы Э.Сентрон, ҚР Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиев, ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, ҚР Студенттік спорт федерациясының президенті Қ.Закирьянов, FISU вице-президенті Мариан Димальски, студенттер арасындағы әлем чемпионатының директоры Пауло Феррейра және халықаралық командалардың өкілдері қатысады.

Қарсылас командалар – кіл мықтылар

Еліміздің атынан өнер көрсететін футболистер «В» тобында Беларусь, Жаңа Зеландия, Чехия сынды құрамалармен кездеседі. Ал бұл командалар еш осал емес. Оңай шағыла қоятын жаңғақ деп ойлау – қате. Талай додада жеңіс дәмін татып, желкілдеп жүрген мықтылар.

Мәселен, 2014 жылы Испанияда өткен студенттердің әлем біріншілігінде Беларусь футболшылары қола медальді жеңіп алған болатын. Чехия құрамасы да 2016 жылы Бразилияда ұйымдастырылған бәсекеде қолаға қол жеткізген еді. Ендеше біздің студент футболшылар бұл жолы бар өнерлерін көрсетулері керек-ақ.

Енді өзге командаларға кезек берсек, «А» тобыда Ресей, Франция, Аргентина және Словакия футболшылары ойнайды. «С» тобында Таиланд, Германия, Украина және Хорватия құрамалары өнер көрсетеді. Ал «D» тобы Португалия, Израиль, Қытай және Польша спортшыларының еншісінде. Еске сала кетсек, студенттер арасындағы әлем біріншілігінің тұсауы 1984 жылы Бразилияның Сан-Паулу қаласында кесілген болатын. Бұл дүбірлі додада Бразилия құрамасы жеңіске жеткен еді. Финалда олар Парагвай футболшыларын 5:4 есебімен ұтса, қола медаль Испания құрамасына бұйырды. Үшінші орынға таласқан Пиреней түбегінің спортшылары Италия құрамасын 7:6 есебімен жеңді.

Айта кетейік, осымен 15-ші мәрте ұйымдастырылып отырған жарыста Бразилия футболшыларының бағы жанып жүрді. Олар 1984, 1996, 2000, 2010, 2016 жылдары бес рет бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сол сияқты бразилиялықтардың қоржынында 3 күміс және 1 қола медаль бар.

Көрші Ресей ойыншылары да осал емес, екінші орында тұр. Орыстар 1994, 2002, 2006, 2014 жылдары төрт мәрте топ жарып, бес рет финалда сүрінген екен. Тағы екі жарыста ресейліктер үшінші орыннан көрінді. Сондай-ақ үздік үштіктің қатарында Украина жастары тұр. Олар 1998, 2004, 2012 жылдары үш рет алтыннан алқа тағып, 1 күміс және 3 қоланы олжалаған.

Испания 1990, Италия 1992, ал Португалия құрамасы 2008 жылы бір-бір реттен жеңіс дәмін татып көрген. Бұған дейінгі әлем біріншілігі 2016 жылы Бразилияның Гояна қаласында ұйымдастырылса, бұл жарыстың ақтық сайысында алаң иелері Ресейді 2:1 есебімен ұтқан болатын. Ал қола медаль үшін болған бәсекеде Чехия құрамасы Франция футболшыларын 11:3 есебімен тізе бүктірген еді.

Әйелдер арасындағы жарыстың да өз көрермендері, жанкүйерлері аз емес.

2008-2016 жылдар аралығында дүниежүзілік дода бес рет ұйымдастырылды. Солардың барлығында да Бразилия арулары айқын басымдыққа ие болды. Жүлделі орындардан көрінгендер арасында Португалия (2 күміс+1 қола), Испания (2 күміс), Ресей (1 күміс+2 қола), Қытай (1 қола) және Иран (1 қола) сынды елдердің студент футболшылары бар.

Алматыда жалауы желбірейтін бұл жолғы жарыста еліміздің әйелдер құрамасы «В» тобында өнер көрсетеді. Португалия, Франция және Жаңа Зеландия құрамалары біздің аруларымызға қарсылас болмақ. Ал Ресей, Канада, Украина, Израиль және Польша құрамалары «А» тобында өзара бақ сынайды.

Еске сала кетсек, Ұлттық студенттік лига 2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен құрылған болатын. Ұйымның басты мақсаты — студенттер арасында саламатты өмір салтын насихаттау және оларды бұқаралық спортқа тарту, шетелдік студенттер ұйымдарының әлемдік үрдістері мен тәжірибесіне сәйкес жоғары және кәсіби деңгейде спорттық іс-шараларды ұйымдастыру.

Бүгінгі күні лига — Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары мен колледждерін, республиканың барлық студент жастарын біріктіретін ұйым. Ал, студент жастар арасында белсенді түрде дамып келе жатқан және танымал спорт түрлерінің бірі — футзал.

Айша БЕКҚЫЗЫ

Тобыл-Торғай-ақпарат

 

 

 

Мынаны да қараңыз

Қостанайлық спортшылар Әлем чемпионатына қатысу үшін ақша таппай жүр

Қостанайлық спортшылардың әлем чемпионатына баруға ақшасы жоқ. Мұндай келеңсіз жағдайға кір тасын көтерушілер қалып отыр. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *