«Кnockout… No comment…»

Апақ Сапақов бүгін айрықша толқулы. Қолайнаға құмар бола бастаған бойжеткендей, «айфонын» алақанына алып, айнала әуреге түсіп жүр. Толқитындай реті де бар, өйткені, ең қымбатты адамының туған күні! Жүрегінен жарып шыққан ізгі тілегін әлеуметтік желі арқылы жеткізбек. Алайда, көкейін кернеген керемет сезімі, телефон пернетақтасына тере бергенде, жез шылапшыннан желге қарата төккен судай шашырап, Апакеңнің әбден берекесі қашты. Ал «ұққанға арзан, мәкпасқа маржан» дайын дүниені интернеттен көшіріп ала салуға ары жібермеді.

Апақ туралы анықтама бере кетсек, бұл кісі ата-анасының жер ортасына тақағанда бас дәрігерге бие, акушерге ат беріп жүріп туған атұстары. Қысқаша айтқанда, медицинаның соңғы жетістігінің «жемісі». Тұқымын жалғар тұяғы туғанда атасының қалай қуанғаны түсінікті шығар, сондықтан шілде той жайлы сөз шығындамай-ақ қояйын. Әйтеуір, апта бойы аудан көлемінде «аламан» өткені анық. Қазанның түп күйесіндей, өзінен аумай қалған немересі Сапекең ақсақалдың көзіне аппақ болып көрініпті. Сол сәтінде-ақ нәрестенің есімін Аппақ қоюға шешім қабылдайды. Бірақ басы толық жазылмаған бас маманның апақ-сапақта толтырған төлқұжатында Апак Сапаков болып кетіпті. Құжатқа қарайтын қазақ Сапекең бе, куәлікті екі бүктеп қалтасына сала салған… Кейін «ес жиғасын» да қатені түзеуге уақытын «қор қылмапты». Қайта көмірдей қара «жаман немесіне» Қарағандының «қара алтынын» тапқан жанның есімі бұйырғанын жақсы ырымға балап, қуанған екен, жарықтық.

«Насыбайлы» тұңғыш немере ата-әжесіне басыбайлы болатыны белгілі. Апақ та ата-әжесінің бауырында өсті. Ол кісілер о дүниеге кеткесін, туған әке-шешесіне отыздан асып барып «бұйырған» байғұс бұл. Апақтың бой десе бойы, ой десе ойы бар. Табақтай екі дипломы тартпасында жатыр. Табысы шаш-етектен. Аздап ақкөңіл демесең, парасаты патшайымды тамсантқандай. Бетінде қызылы бар қыз біткеннің бәрі басқан ізін аңдып жүр. Соған қарамастан, қамал алар жасқа тақаса да, әлі бойдақ. Шөбере көруден күдер үзе бастаған әке-шешесінің бар арманы – тым құрығанда бір шикіөкпенің борбайынан «насыбай ату». Апақтың қанша тырысса да, қиюын келістіре алмаған «шаруасы» осы… Ал, үлкен кісілердің жасарып келе жатпағаны мәлім.

Айтқандай, бүгін анасының туған күні. Жетпіс жасқа толмақ. Елде жүрсе елпілдеп жетіп барар еді, қырсыққанда шетелге іссапарға шығып кеткенін көрмейсің бе?! Он ойланып, жүз толғанған Апекең өзін өмірге әкелген аяулы жанға айтар ақ тілегін былайша өрді.

«Ардақты ана! «Бұл балам аяқ астынан неге бүлінді» деп ойлайтын шығарсыз. Білем, шал-кемпірдің «шапағатымен» жеңге санап, осы күнге дейін атыңды атап келдім. Оқыған жұрт оспадарлық дер, бірақ, оған менің кінәм жоқ!»

Осынау үш сөйлемге үш сағат уақыт жіберген жігіт, ең маңызды сөзді айтып болдым деп есептеп, әрі қарай студент кезінде судыратқан жаттанды тілектерін қалай шұбырта жөнелгенін білмей қалды.

«Мен Сізге мөлдір махаббат, ашық аспан, таусылмас дастан, қабыландай қайрат, арыстандай айбат, қырандай қанат, талмас талап тілеймін. Мінгеніңіз джип болсын, қуғаныңыз киік болсын, мәртебеңіз биік болсын! Көңілі желпініп, өндіртіп тастағандай көрінген Апақ соңында мына сөздерді де қосып жіберді: «Өмір деген қызық ғой. Қызық жерін сызып қой. Өмір – теңіз, біз – қайық, жүзіп келе жатырмыз. Біз – балықшы, қыз – балық, сүзіп келе жатырмыз. Құрметті ана, жетпіс жасыңыз құтты болсын, немереден шөбере сүйіп, әкеммен қол ұстасып, бар мақсатыңызға жетіңіз, жүз жастан асып кетіңіз! Игі ниетпен, балаң Апақ Сапақ!»

Өзінің «өлең құрайтын қабілеті ашылғанына» қуанып кеткен Апекең көп ойланып жатпады, «шешендік нақылмен өрілген» «шедеврін» желіге жариялап жіберді. Жарты сағаттан соң анасы былай деп жауап жазыпты: «Жарығым, жаным, жалғызым, Апақ, аппағым-ау! Ақыры «ана» деген сөзіңді естідім-ау, тәуба, тәуба, тіфа, тіфа! Мөлдір махаббат тілепсің, құлыным, жарты ғасыр жұбымыз жазылмаған әкең екеумізді енді адам айырмасы анық. Менің аспаным да, дастаным да, қайратым да, айбатым да Өзіңсің! Жетпістен асқан шағымда қанат бітіп, қайда талап қылармын?! Әйтсе де, ниетіңе ризамын, ботам! Жасым келген шағымда джип мініп, киік қуып мерт болатын жайым жоқ, сен жақсы жүрсең, менің жұлдызым әрқашан биікте! Өмір, рас, қызық, бірақ қызық екен деп сыза бергеннің несі жақсы. Айналайын-ау, қайыққа мініп, кайфта жүре бермей, ұстасаңшы бір «балықты». Қармағың Қазақстаннан қаппаса, несібең мұхиттан бұйырып қалар, әкелші бір өзі «акула» болса да. Аппағым-ау, сенен басқа сенерім жоқ, өзің «қимылдамасаң» немере-шөбере маған аспаннан түсе ме? Жүз жаса дегенің жақсы-ау, алайда, адам ұрпағымен мың жасайтынын ұмытпа! Өмір бойы қайным санап келгесін бе, қарағым, сөзім осылай өрілді. Әзіл емес, шыным, әр сөзімді ұғын!»

«Бұрынғы жеңгесінің» жауабын оқыған Апақ нокаут алған боксердей «былқ» ете қалды. Тек бұны онға дейін санап «оятатын» ешкім болмады. Сүт пісірім уақыттан кейін есін жинаған ол, басқа амал таба алмай, әлгі комментарийге сақ-сақ күліп тұрған смайлик баса салды.

«Нөу коммент… Мұндай нокаут күтпеп едім-ау» деп күбірледі ол.

Ұялған тек тұрмас деген осы.

Абылай МАУДАНОВ,

Қостанай

Тобыл-Торғай-ақпарат

Мынаны да қараңыз

Жантық пен Тантық

Жантық пен Тантықтың жатарға төсегі бөлек демесең, айтарға өсегі де, киетін киім-кешегі де, қыртқаны мен ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *