Төлен ӘБДІКҰЛЫ: Ханның үстемдігі емес, заңның үстемдігі керек

– Төлен аға, әуелі сізді «Нұр Астана» жастар апталығы атынан ІІ республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауында «Ардагер» атты пьесаңыздың «Ең үздік драмалық шығарма» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алғанымен құттықтаймыз!

– Рахмет!

– Осы күнде «газеттерді ашып қалсаң, теледидарды басып қалсаң» бейнесі таныс қаламгерлерден көз сүрінеді. Бірақ сіз ондай ортадан төбе көрсете қоймайсыз. Неліктен?

– Баспасөз беттерінде, телеарналарда, жиі болмаса да, анда-санда төбе көрсететініміз бар. Қажетті жерінде болмаса, жоқ-барды сылтау қылып, жұрттың алдында көлбеңдей беруді ұнатпаймын. Алайда, ел тағдырына байланысты мәселелерде қаламгердің, егер айтар ойы болса, шындықты айтуға батылы жетсе, белсенділік танытқаны жөн. Ал бүгінгі күрделі заман шындығын жете түсінбесең немесе біле тұрып, айтқың келмесе, онда «бірлік керек, тірлік керек» деген секілді атүсті жалпақшешейліктің керегі жоқ. Сыртта ХХІ ғасыр, сол себепті орта ғасырда отырғандай сөз сөйлеу орынсыз. Білікті сараптама жасап, сол арқылы дәйекті тұжырым жасауға шамаң жетпесе, сені ешкім де зорламайды, жайыңа отырсаң болғаны.

– Жалпақшешейлік демекші, қоғамды жағымпаздық дерті жайлап бара жатқандай. Мұны өзі ауыздықтауға бола ма?

– Билік дәметіп тұрған кезде жағымпаздық дәуірлей береді. Ұлықтар жағымпаздарды көтермелеген сайын, жағымпаздық жарысы етек алады. Ол – әлеуметтік ауру. Негізінен тоталитарлық, авторитарлық режимнің көрінісі. Бұдан туатын жеке басқа табыну, қолдан миф жасау, құлдық сана – осының бәрі ұлттың дамуын ұзақ жылдарға шегіндіретін кеселді құбылыс.
Өткенде әлем жаңалықтарынан екі оқиғаның куәсі болдық. Бірі – Солтүстік Кореяның көсемі Ким Чен Ирдің қайтыс болуы, екіншісі – Чехияның тұңғыш президенті Вацлав Гавелдің қазасы.

Бірінші оқиғада «көсемдерінен» айырылған адамдардың жер сабалап, жер тепкілеп, өздерін-өздері жұлмалап, есінен айырылғандай жылап жатқанын көріп, шошынғандай едік. Жеке басқа табынудың адам санасын қаншалықты тұмшалап, кемтар қылатынын көріп шошыну еді бұл. Осыған ұқсас оқиға Сталин қайтыс болғанда біздің де қоғамның басында болған.
Екінші оқиғада өздерінің тұңғыш президенттерін салмақты сабырмен, парасатпен жоқтап тұрған чехтарды көрдік. Вацлав Гавел, турасын айтқанда, тек чехтардың емес, бүкіл өркениетті қауым үшін ортақ құндылық. Өйткені, ол бүгінгі заманауи президенттің озық үлгісін көрсетіп кетті. Өз елінде демократиялық принциптерді орнықтырды. Еске алған чех азаматтары: «Вацлав Гавел ұлтымызды өзгертті, оның сапасын көтерді», – деп бағалап жатты. Ел билеген азамат үшін бұдан артық мақтау болар ма!
Ал жағымпаздықты жою үшін демократиялық принциптерге, адамгершілік қағидаларға негізделген азаматтық қоғам орнатуымыз керек. Ондай қоғамда жағымпаздардың абыройы биік бола алмайды.

– Бүгінде халық пен биліктің арасындағы байланыс қандай дәрежеде деп ойлайсыз? Бір-бірінен алшақтап кеткен жоқ па осы?

– Билік пен халықтың арасы алшақтап бара жатқанын мойындауға тура келеді. Алшақтық болмау үшін халық биліктен үстем болуы керек. Билік халықты емес, халық билікті бақылап отыруы тиіс. Билік бір қолда болмағаны жөн, барлық өркениетті елдердегідей билік тиесілі тармақтарға бөлінуге тиісті. Сонда ғана азаматтық қоғам орнай алады.

– Қазақстандағы діни ахуал ушығып кеткендей. Оған түрлі діни ағымдардың жетегінде кетіп, өздерін жарып жатқан жастар дәлел. Діни фанатизмге ұрынбайтын халық едік, қандай күйге жеттік?!

– Махатма Гандидің: «Менің есік-терезем жан-жақтан соғатын барлық самалдарға ашық. Бірақ сол самалдардың дауылға айналып, менің үйімді қирата бастағанын қаламас едім», – деген сөзі бар. Біз, ең алдымен, Кеңес өкіметі кезінде қуғын көрген ислам дінін өз ішімізде орнықтырып алып, содан кейін ғана өзге діндерге есік ашуымыз керек еді. Ал бізде керісінше болды. Өзі ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалбыр байлаған тышқан секілді күй кештік. Толып жатқан күдікті секталарды топырлатып енгізіп алып, демократ болып көріну үшін, әлемге жар салып мақтанатынды шығардық. Енді ие бола алмай жатқан түріміз мынау. Оның үстіне әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, тағы басқа қиындықтар кейбір жастардың өзге дінге еніп, бұл мәселені ушықтыруына себепкер болды.

– Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанып келген дініміз бар. Бүгінде оған мойынсынбайтындар, «бұрыс жол» дейтіндер де пайда болды…

– Діннің өз даму заңдылықтары бар. Христиан, будда діндері әр түрлі халыққа тараған кезде сол елдің мәдениетімен, тарихымен қабысып, өзіндік сипат алған. Мұсылман діні де сондай. Бірі суннит болса, бірі – шиит. Сунниттердің өз ішінде де түрлі ағымдар жеткілікті. Біздегі Ахмет Ясауиден басталған діни дәстүр сан ғасыр бойына ұлттық мәдениетімізбен кірігіп, өзіндік сипатын қалыптастырды. Енді оған жаңалық енгізбекке тырысу – ұлтты бөлшектеу деген сөз. Мұның арты үлкен қасіретке әкелуі ықтимал. Ондай қасіретті бастан кешіп отырған халықтарды да білеміз. Сондықтан өз ішімізден отау тігіп, оған тіпті биік лауазым иелеріне дейін топырлап еніп, әр түрлі діни ағымдардан саяси күш жасамақ болып жүргендер халқымыздың түбіне жетуі әбден мүмкін.

Дін адам жанын тазарту үшін керек. Бес уақыт намазын қаза қылмай, жыл сайын қажыға барып, бірақ өтірік айтатын, екіжүзді, кісіге қиянат қылатын, мейірімсіз, қатыгез адамды мұсылман деп айту қиын. Ал діни жоралғыға аса ыждағатты болмаса да, жүрегі таза, жаны адал, кісілігі биік, мейірбан адам одан гөрі құдайға бір табан жақын болатыны анық.

– Діни ұстаным жайындағы түйінді пікіріңіз?

– Сөзіміздің түйіні: Халқымыздың жүрегінде ғасырлар бойына қалыптасқан ислам діні орнығу керек. Бірақ ол соқыр сенім болмауы тиіс. Санамен, жүрекпен түсіне отырып қабылданған шынайы сенім болуы қажет. Соның бір амалы – Құран Кәрімнен бастап, ислам дінінің негізгі қағидаттарына арналған шығармаларды аса ыждағаттылықпен, жауапкершілікпен ана тілімізге аудару. Әр халық Алламен өз тілінде тілдескенде ғана шынайы түсіністік орнайды.

Діни фанатизм жақсы құбылыс емес. Ол сананы тұмшалап, дамуға жол бермейді. Сондықтан дін зайырлы қоғам салтында қалыптасқаны орынды.

– «…Біз қанша ұнатсақ та, ұнатпасақ та, Американы жақсы көретін, онымен мақтанатын американ ұлтының бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал сол ұлтты жасаған күштер – мемлекеттік тіл және заңды құрметтеу менталитеті. Ендеше, біз де сол игі тәжірибені өз пайдамызға жаратайық» депсіз бір мақалаңызда. Жарата алып жүрміз бе енді?

– Мемлекеттік тілдің негізгі міндетінің өзі – халықты топтастыру, тұтас организмге айналдыру. Тіл туралы заңда да солай деп жазылған. Көне заманғы аңыз бойынша, Бабыл (Вавилон) қаласындағы әйгілі мұнараның бітпей қалуы жұмысшылардың әр тілде сөйлеп, бірін-бірі түсінбегенінен болған. Ортақ тілсіз америка ұлты да қалыптаспаған болар еді. Ал біздегі жағдай Америкадағыдан өзгешелеу. Біз әуелден қалыптасқан, мемлекеті бар, шекарасы бар ұлтпыз. Соның өзінде Ата заңымызда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыра алмай жатырмыз. Оған белгілі бір дәрежеде тарихи жағдайда қалыптасқан кедергілердің бары рас. Бірақ басты қиындық, меніңше, ол емес. Басты қиындықты жасап отырған биліктің өзі. Мемлекеттік тілді білуді жалпы халықтан талап ету – бүгінгі таңда өзекті мәселе емес. Ол уақытты қажет ететін ұзақ процесс. Қазіргі кезде мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілер білуге тиісті. Өйткені, мемлекеттік тіл мемлекетті басқару тілі болып есептеледі.

– Мемлекеттік қызметшілерде қандай қызығушылық болсын, кей министрлердің өздері ана тілінде еркін сөйлей алмайды емес пе?

– Мемлекеттік тіл – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден бір құрал. Ал министрлері мемлекеттік тілді білмейтін үкіметті Қазақстанның Үкіметі деп айтуға бола ма (Өткен жылғы басылымдарда осындай дерек жарияланды. Оған ешкім қарсы уәж білдірген жоқ)?! 2001-2010 жылдарға арналған Тіл туралы мемлекеттік бағдарламаның орындалмағаны, әлі күнге дейін мемлекеттік деңгейдегі жиналыстардың негізінен орыс тілінде өтетіні, көптеген министрліктің, облыстардың мемлекеттік тілге көштік деген ақпараттары өтірік екені жұрттың бәріне аян. Әріге бармай-ақ қояйық, іргедегі Ресейде мемлекеттік тіл – орыс тілін білмей, министр бола аласың ба? Әрине, жоқ. Ал бізде мемлекеттік тілді білмей-ақ кез келген жоғары лауазымды қызметке тұруға болады. Өйткені, ондай қызметке аларда мемлекеттік тілді білуді басшылық талап етпейді. Оны талап етсе, бүкіл саяси элитаның бала-шағалары, жақын-жуықтары далада қалуы мүмкін.

Жеке мүдделері ұлт мүддесінен жоғары тұр. Ешкім ешбір тілді жақсы көргендіктен үйренбейді, қажет болған соң үйренеді. Мемлекеттік қызметкер үшін мемлекеттік тілді білу міндет болса, кез келген адам әрі кеткенде екі-үш жылдың ішінде меңгеріп алады. 20 жылдың ішінде 20 сөз үйренбеген министр, бүгінгі жағдайда, енді 20 жыл берсең де ештеңе үйренбейді. Үгіттеудің қажеті жоқ, заңды талап ету керек. Ханның үстемдігі емес, заңның үстемдігі керек! Ұлттық мүддені тек заң арқылы ғана қорғай аласың. Басқа мүмкіндік жоқ.

– Төлен аға, енді әңгімеміздің ауанын әдебиетке қарай бұрсақ. Айтыңызшы, қазіргі қазақ әдебиетінде оқырманға ой салар, сөз өнерінің құдіретін мейлінше танытатын туындылар жазылып жатыр ма?
– Жақсы шығармалар бар. Бөліп-жарып атағым келмейді. Ең басты мәселе, көркем шығармалар халыққа жетпейді. Халық білмейтін шығарманы мақтадың не, мақтамадың не?..

– Ал өзіңіз қазір не жазып жүрсіз? Соңғы кездері әдебиеттің драма жанрына бет бұрғандай көрінесіз…

– Соңғы екі жылда «Тұғыр мен ғұмыр» деген повесть, «Ардагер» атты пьеса жазып бітіргенмін. Повесть туралы қаламгерлердің пікірлері жаман емес. Ал пьесам, әңгіменің басында өзің айтқандай, үлкен жүлдеге ие болды. Қазір «Өлара» романымның екінші кітабын жазу үстіндемін.

– Өз жаныңыздан шығарған бірнеше күйіңіздің бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Осы жөнінде айтып берсеңіз.

– Домбыра тартумен бала кезден айналысамын. Мектепте күй үйреткен алғашқы ұстаздарым – қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері Ағыбай Қапанов пен Әмірбек Қапақов. Ағыбай қайтыс болған. Әмірбек ағамызды Астанада анда-санда көріп тұрамын. Көзіме оттай басылады. Алматыға келгеннен кейін кәсіби домбырашы Сапар Мұхитовтан көп күй үйрендім. Нотаны өз бетімше таныдым. Нұрғиса Тілендиев алпысыншы жылдардың басында 200 адамнан қалалық оркестр ұйымдастырып, сол оркестр құрамында Абай атындағы опера және балет театрындағы концертке қатынастым. Өзім шығарған 5-6 күйім бар. «Төрт түтін» аталатын бір күйіме белгілі композитор-жазушы Ілия Жақанов ризашылық білдіргендей болғаны бар. Бірақ ешқайсысын жария қылған емеспін. Әуесқойлықтан туған нәрсе ғой.
– Әңгімеңізге рахмет, аға! Еңбегіңіз жана берсін!

Әңгімелескен
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

«Нұр Астана» газеті (2010 ж)

 

 

 

Мынаны да қараңыз

Андраш Жолт БИРО, Венгрия антропологиялық институтының профессоры: Кейкі батыр қазақ­­тың мүддесін қорғауды мақсат етті

Таяуда Венгрия антропологиялық институтының профессоры, Венгр-Тұран қорының төрағасы Андраш Жолт БИРОМЕН әңгімелескен едік. – Биро ...

Бір пікір

  1. Райхан

    Шын мəнінде билік басындағы кез келген адамға жалпаңдап, жағымпазданамыз. Өйтпесек тірлік бітпейді керек жерде тіпті ақша да сүңгітіп жібереміз»əбетіңіз»деп… Қашан үкімет халыққа жалпаңдайтын қоғам орнар екен бізде де.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *