Қостанай облыстық ауруханасы науқастарға неге қырын қарайды?!

Қостанай облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасына қарасты Қостанай облыстық ауруханасына шағым айтқан Жанкелдин ауданы Торғай кентінің тұрғыны Ләззат Жармақ өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазба қалдырды. Онда ол облыстық аурухана қызметкерлерінің сорақы қылығына ашынып, жанайқайын жеткізеді. Әңгіме түсінікті болу үшін басынан бастайық.

Денсаулығы нашарлап, Қостанай облыстық ауруханасына барған Ләззат Жармақ ондағы медицина қызметкерлерінің, нақтырақ айтсақ, гинеколог-дәрігер Шавелеева Альбинаның ауруының асқынғанына қарамастан, өзіне жүрдім-бардым қарап: «сіздің направлениеңіз жоқ» деп қабылдамай қойған.

Шамасы, қосымша қаражат табамын деп асығып жүрсе керек. Өйткені Альбина Михайловна Жеке медицина орталығында да жұмыс істейді екен. Мейлі, бірақ адам жанының арашасы болар кісінің бұл қылығы тіптен түсініксіз екен. Оқиға қазанның 15 күні болған. Хош дейік, сонымен, 500 шақырымдағы ауылынан «направлениесін» қалай алады, оның үстіне Ләззат тамыздың он үшінен бері осында оқуда жүрген. Сөйтіп, 10 қарашада қатты ауырған Жармаққа жедел жәрдем шақырылып, екпе салынып, жаны аман қалады. Мемлекеттік медицинадан көмек болмаған соң Ләззат ақылы емханаға қаралып, қызмет алады. Бирюкова деген гинеколог оны облыстық ауруханаға қайта салып жібереді. Мұнда келсе, «Баяғы жартас — бір жартас». Шавелееваның бастығы Ли мырза қабылдағысы келмей, Жармақтың талап етуімен амалсыз ауруханаға алады.

Сонымен, Ләззат Жармақ Альбина Шавелееваның алдына қайта келеді, ал ол баяғы «әніне» қайта басады.

(Альбина Шавелеева деген гинеколог-дәрігер — осы)

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзіне сенсек, медицина саласында бәрі керемет, бәрі жақсы. Ал Ли мен Шавеелева деген «ақ халаттылардың» істеп отырғандары мынау. Сонда бұл бассыздыққа кім жауап береді?!

«Тотема мен Норколут бізде жоқ, сатып алыңыз» деді Альбина Шавелеева ханым. Ал енді осы жақтан біржола емделіп кетейін, Торғайдағы гинекологқа хабарласып, «направлениені» беріп жіберіңіз» десем, «жоқ, өзіңіз келіңіз. Қағаздарыңызға қарап, сосын беремін» дейді ол. Сонда мен анда-мұнда сабылып жүре беремін бе?! Бұл қандай түсініксіз жүйе?! Сау адам түсініп болмайды! Облыстық аурухана Ли мен Шавелееваның жеке меншігі болып кеткен бе, әлде Жанкелдин ауданы Қостанай облысының құрамына кірмей ме? Әйтпесе, бұл не бассыздық?!» дейді ашынған науқас.

Қоғамның ең басты құндылығы адам дейтін болсақ, барша қоғамның алдындағы өзекті мәселенің бірі – азаматтардың денсаулығын сақтау емес пе еді?!

Әлде аурухана дәрігерлері Ли Вячеслав пен Шавелеева Альбинаға бұл сөздер жүрмей ме?

Қалай болғанда да tobyl-torgai.kz сайты осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен Қостанай облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабын күтетінін естеріңізге салады.

P.S. Осы мәселеге байланысты ақпараттар алу үшін Қостанай облыстық ауруханасының сайтына кіргенімізде, олардың науқастарға ғана емес, мемлекеттік тілге де қырын қарайтындарын түсіндік. Тек орысша ақпараттар ғана берілген. Қазақша жазылған бір сөзді емге таппадық…

tobyl-torgai.kz

 

 

 

Мынаны да қараңыз

Ғафудан қалған сөз еді

Мен қазақтың қанатты ақыны Ғафу Қайырбековтің өмірдегі, өлеңдегі інісі ретінде де, бір өзеннің суын ішіп, ...

3 пікір

  1. Мынау сұмдық екен! Денсаулық сақтау басқармасы жауап беруі тиіс!

  2. Батырбек, Қостанай

    Аурухана басшылығы, сонда мекеменің сайтына тек орысша білетіндер ғана кіреді деп ойлайсыздар ма? Неге мемлекеттік тілге орын жоқ? Сіздерді сотқа беру керек!

  3. ҚОСТАНАЙДА ОРЫС ТІЛІН БІЛМЕГЕНДЕРДІ ЕШКІМ КЕРЕК ҚЫЛМАЙТЫНЫН ВЛҒИ КӨРІП ,ЕСТІП ЖҮРМІЗ.ƏСІРЕСЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ ОСЫНДАЙ МƏСЕЛЕ ӨТЕ КӨП.СОНДА ХАЛЫҚТЫ ОНЫҢ ТІЛІН КЕРЕК ЕТПЕГЕНДЕРДІ КІМ ТАЙРАҢДАТА БЕРЕДІ ?

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *