Сафура ТӨЛЕКТЕГІ, Астана қаласы №76 мектеп-лицей директоры: Әр оқушыны өз мүмкіндігіне сай дамытуымыз қажет

 – Сафура Сейдуәліқызы, Жаңартылған білім беру мазмұнының оқушылардың білім деңгейіне ықпалы қандай?

– Білім мазмұнын жаңарту – білімнің қолданбалылық маңызын арттыруға бағытталған өзгеріс.  Жаңартылған сипатта берілетін білім бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін белгілі бір тақырып шеңберінде мазмұнды кеңейту,  бірнеше пәнге ортақ тақырыптарды белгілеу принципімен іске асады. Сонымен қатар, білімді игерту, оқыту, оқу процестеріне жаңа көзқарас және жаңаша әдіс-тәсілдер қалыптасты. Білімді игеру жолындағы білім алушының өзіндік әрекеті, өзіндік шағын зерттеулері, өзіндік ойлауы алдыңғы орынға шықты. Жаңартылған мазмұнда оқытылған 1,2,5,7-сыныптардағы білім сапасын өткен оқу жылдарындағы сәйкес сыныптармен салыстырмалы түрде қарағанда, биылғы оқу жетістігі әлдеқайда жоғары. Оқушылардың өз ойларын дәлелдеу, сыни пікір айту, бірін-бірі толықтыру дағдылары анық көрінеді.

Жаңартылған білім мазмұнының негізгі идеясы, жалпы тұжырымдамасы өте жақсы. Ал сол жаңа мазмұнды сапалы беру мәселесінде кедергілер бар. Тақырыптардың басым көпшілігі оқушының өздігінен ойлануына, шығармашылық әрекетіне және шағын зерттеу жүргізуіне бағытталғандықтан, әр оқушыны соған қажетті құралдармен, аудиоқұрылғылармен қамтамасыз етуде қиындықтар бар.  Тағы бір кедергі – ата-аналардың көзқарасында, нақтырақ айтсам, «олар оқығанда басқаша болғаны». Қазіргі білім мазмұны мен әдіс-тәсілді ата-ананың білуі немесе меңгеруі қажет те емес. Олар жалпы талаптарды білсе, баласын қолдаса және баланың өзіндік әрекетіне ықпал ете білсе – жеткілікті.

– Критериалды бағалау жүйесі қаншалықты тиімді?

Егер мектепті «дамытушы», «ынталандырушы» позициясынан қарастырсақ, критериалды бағалаудың тиімділігі жоғары.  Бұған дейінгі бағалау жүйесінде «2» бағасын көп қоймайтын едік, баланың қызығушылығын мүлдем жоғалтпау үшін және ол «2»-нің «сұрауы» болатын. Сондай-ақ «5» деген бағаны тек өте жоғары деңгейдегі жетістікке қоятынбыз. Сонда балалардың оқу жетістігі көбінесе «3» пен «4» арқылы бағаланатын. Оның өзінде мұғалімнің шешімі маңызды болатын, тапсырманы мұғалім қай деңгейде талап етсе, баға да соған тәуелді еді. Қазіргі жүйеде күнделікті сабақтардағы қалыптастырушы тапсырмалардың сауатты, сапалы жүргізілуі – жиынтық бағалауда оқушының жоғары ұпай жинауына кепілдік. Қалыптастырушы тапсырмалардағы оқу әрекетіне қалыптасқан оқушы жиынтық тапсырмаларды сәтті орындайды. Сонымен қатар, нақты критерилер, әр қадамды сипаттайтын дескрипторлар да оқушының еңбегін нақты бағалауға мүмкіндік жасайды.

Енді мектепті «рейтинг алаңы» позициясынан қарастырсақ, критериалды бағалау тиімсіз. Нақты критериилер бойынша жиынтық ұпай көрсеткіштері өте төмен болған жағдайда оқушының «2» алып, келесі сыныпқа көшпей қалу қаупі де бар. Тапсырма барлығына ортақ, бақылау тапсырмаларын қайталап алуға рұқсат етілмейді, модерация жүргізіледі, ұпайды бағаға электронды жүйе ауыстырады. Бұрынғыдай, бақылаудан «2» алып қалса, қосымша тапсырма беруге, мұғалімнің бағаны көтермелеуіне мүмкіндік жоқ.

Менің түсінігімде мектеп «рейтинг алаңы» емес, дамытушы, ынталандырушы кеңістік болуы шарт! Сондықтан келесі сыныпқа көшпей қалу, «2» алу мәселесінен қорықпай, әр баланы өз мүмкіндігіне сай дамытуға қызмет жасау керек.

Сіз басқарып отырған мектеп мұғалімдері мен ата-аналар BilimLand жүйесін толық меңгерді ме? Цифрлық технологияларды меңгеру мұғалімдерге қиындық тудырмады ма?

– ХХІ ғасыр. Цифрлық әлем. Ақпараттық кеңістік. Ендеше, заманауи өмірдегі әрбір азамат заманауи талаптарға сай болуы керек. BilimLand цифрлық ресурстар платформасын қолданамыз, оқушыларға да, ата-аналарға да қолдануға кеңес береміз. Біздің мектеп-лицейімізде «BilimLand» ресурстық орталығы бар. Мұғалімдер бағдарламаға сәйкес порталда бар ресурстарды қолданады, сол үлгілер бойынша өздері де ресурстар әзірлейді.

Мектеп-лицейдегі барлық оқу кабинеттері интернет желісімен және интерактивті құрылғылармен қамтамасыз етілмегендіктен, кедергі бар. Кейбір мұғалімдер ресурстарды интернет желісіне қолжетімді оқу кабинеттерінде, әдістемелік кабинетте, кітапханада орналасқан компьютерлер арқылы жүктеп алады, өзара кабинеттер алмасу арқылы қолданады. Астана қаласының Білім басқармасы 2018 жылдың соңына дейін барлық мектептерді  100% кеңжолақты интернет желісімен және компьютерлік техникамен қамтамасыз етуді  жоспарлап отыр. Мұғалімдерге осы жағдай жасалса, білім берудегі цифрландыру көп нәрсені жеңілдетеді.

Электронды журналдың, электронды оқулықтың енгізілуі мектеп үшін де, ата-аналар үшін де  өте тиімді өзгеріс. Биылғы 1-сыныпқа оқушыларды қабылдау да тек электронды жүйеде іске асуда.

– Мектеп бағдарламасына «Робототехниканың» қосылуына көзқарасыңыз қандай? Ашылған кабинеттер «мұражай» болып қалуы мүмкін деген сияқты пікірлер айтылып жүр. Сіз қалай ойлайсыз?

«Робототехника» курсы факультативтік курс ретінде енгізілген. «Информатика» пәнінің мазмұнына енгізілсе тиімдірек болар еді. Себебі, «информатика» пәнінің мазмұны ерте жастан ақпараттық кеңістікте еркін шарлап жүрген қазіргі оқушылар үшін қызықсыз, кейбір тақырыптар қазіргі күні маңызын жойған да шығар. Аталған пәннің мазмұнын осындай IT саласындағы әлемдік жаңалықтармен толықтыру қажет деп есептеймін.

Еліміздің индустриялық саласын қарасаңыздар, бізде өзіміздің елдің ғалымдары мен өзіміздің өнертапқыштар ашқан жаңалықтардан гөрі, басқа мемлекеттің жетістіктерін «көшірме жасау» көп көрініс табады. Осы кемшілікті жойып, отандық индустрияны дамытуға, ғылыми-техникалық шығармашылықты қалыптастыруға мектеп жасынан тәрбиелеу қажет. Сондықтан, бүгінгі мектеп партасындағы қазақстандықтардың  цифрлық шығармашылығын, программалау дағдыларын,  өнертапқыштық біліктіліктерін  дамытуға бағытталған білім мазмұны артық болмайды.

Тұрмыстық деңгейде қарасақ та, теледидарды, кір жуғыш машинаны, тіпті тамақ пісіретін пешті де бір тетікті басу арқылы қолданғанды ешқайсымыз жек көрмейміз. Ертеректе айлап, апталап хат арқылы хабар алатын жақындарымызбен ұялы байланыс арқылы қас-қағым сәтте байланыс орнатамыз. Осы кереметтерді біз басқалардан үйреніп, басқалардың жаңалығының игілігін көрудеміз. Ендеше,  басқалар үйренетіндей, өзімізге өзіміз заманауи құрылғылар ұсынатындай жолды таңдауымыз қажет.

Ал «робототехника»  кабинеттері «мұражай» болып қалады деген кәсіби маман тапшылығы бар жердегі әңгіме шығар. Ондай кабинетке қол жеткізсек, оқушылардың өздері де қарап отырмас.

Негізі, қала мектептерінде цифрландыру, робототехника мәселесі бойынша көп кедергі болмаса да, шалғайдағы ауыл мектептерінде жағдай басқаша. Сондықтан, аудандық, ауылдық мектеп директорларына әкімдіктер арқылы осы мәселені шешуге бас қатыру керек болады.

Мектеп басшылығындағы қызметіңізде жиі туындайтын қиындықтар?

Негізі «қиындық» деген сөзді ұнатпаймын, өмірде де, кәсіби еңбекте де… Ол сөзді «кедергі» дегенмен алмастырайықшы.

– Қалауыңыз білсін.

– Мен үшін әрбір кедергі – дамудың келесі кезеңіне баспалдақ. Кедергіні жою жолында іздейсің, ойлайсың, жоспарлайсың, әрекет етесің, талдайсың, үйренесің. Осылардың бәрі – дамудың негізгі компоненттері. Кедергіден қорықпау керек, керісінше, ол кедергіні жоюда іскерлік таныту керек.  Егер ол кедергі жиі  кездесіп жатса, менің даму жолымда бір осалдық болып тұрғаны. Ал, бір ұжымды басқарып, мыңдаған оқушыға үлгі көрсететін басшыға осалдық танытуға болмайды.

Басшылық жұмыстағы кедергілердің басым көпшілігі сыртқы талаптардың ішкі мүмкіндіктермен сәйкес келмеуінен болады. Төтенше жағдайлар қызметі, қоғамдық денсаулық қорғау қызметі сияқты құрылымдардың талаптарына кейде мектеп-лицейдің жағдайы келмей жатады. Бір сыныпта 25 оқушыдан аспау керек.  Одан артық бала қайда барып оқиды (оқу кабинеті жетпейді, сыныптар ашуға)?  Мектептегі барлық шығу есіктері ашық болу керек. Әр есікке қоятын тәртіп сақшысы жетіспегендіктен мектептегі қауіпсіздікті қалай сақтаймыз?  Міне, осындай талап пен мүмкіндіктің сәйкеспеуі болмаса, процесске байланысты кедергі бола қоймайды.

– Мектеп оқушыларымен қарым-қатынасыңыз қандай? Оқушылармен кездесулер өткізіп тұрасыз ба?

Менің директор ретінде басты ұстанымым: «Мектептің иесі – оқушы». Мұғалімдерге де,  қосалқы жұмыскерлерге де, ата-аналарға да осы қағиданы байлап бердім.  Әр оқушының мектепке қуанышпен келіп, бақытты болып кеткені керек. Сонда ғана оқу жетістігі артады. Өзінің мектебінде құрметке ие болған оқушы өзін-өзі құрметтейтін азамат болып қалыптасады. Танымдық қабілетінің сәл жеткіліксіздігі,  мінез-құлқында басқалардан ерекшеліктің болуы оқушының кемшілігі емес. Сол ерекшеліктерімен қабылдай отырып, дамытуымыз  керек, ол баланы.

Оқушылар жоқ уақытта – каникулдағы жұмыста ішім пысады. Олармен далада, мектепте, дәлізде, кабинетте, кез келген жерде сөйлесе беремін. Телефонмен де, әлеуметтік желіде де еркін сөйлесеміз.  Олар да сол қарым-қатынасқа үйренген. Үш жылдан бері «Апта оқушысы» деген жобаны іске асырып келеміз. Жобаның  басты мақсаты – мектептегі барлық (!) оқушының менімен бетпе-бет кездесуіне және өзінің сұрағын қоюына мүмкіндік тудыру. Олардың пікірлері, кейбір талаптарға қарсылығы, ұсыныстары, біз күтпеген әрекеттері – менің жоспарымның ең маңызды бөлімі.

– Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы жиі өткізіліп тұратын шығар?  

Ата-аналармен болатын кездесулерге «жиналыс» деп ресми ат берген дұрыс емес. Ол атау кеңестік кезеңдегі «жиналыс жүргізушінің» сөйлеуші, ал басқалардың тыңдаушы ретіндегі көрінісін ғана елестетеді.  Біз мектеп-лицейде ата-аналармен байланыс орнату, оларға ақпарат беру, ата-аналардың тәрбиелік функциясын белсендіру жүйесін сәл басқаша құрдық. Ата-аналарға арналған  шеберлік сабақтарында мұғалімдер білім саласындағы жаңалықтар мен бағдарламадағы өзгерістер бойынша белсенді тренингтер ұйымдастырады.  Ата-ана сағаттарында сынып оқушылары үшін ата-аналар тәрбиелік шаралар, тәрбие сағаттарын, кәсіби әңгімелер өткізеді. Ата-аналарға арналған ашық есік күндерінде ата-аналар бір апта шеңберінде өздерінің қалаулары бойынша сабақтарға қатысып, баласының оқу әрекетін, сыныптастарымен қарым-қатынасын бақылайды. Ата-аналар конференциясында арнайы белгіленген орында, белгіленген уақытта ата-аналар барлық пән мұғалімімен жеке кездесіп, баласының оқу жетістігі бойынша нақты ақпарат алады, мұғалімнің ұсыныстарын тыңдайды. Республикалық  деңгейдегі жалпы ата-аналар жиналысын да осындай белсенді формалардың бірі – панельдік пікірталастар формасында өткіздік. Ата-аналардың белсенділігі, мектеп-лицейге деген көзқарастары жақсы.

–  Мектептегі Қамқоршылық кеңесіне ата-аналарлың көзқарасы қандай?

Қамқоршылық кеңестің маңыздылығын ата-аналар күн өткен сайын түсініп келеді. Мектеп-лицейдің стратегиялық жоспарын құруға, оны іске асыруға, оқыту процесін тиімді ұйымдастыруға, оқушылар мен педагогтарға қолайлы жағдай жасауға мүдделі екендіктерін білдіріп, кеңеске мүшелікке өздерінің қалауымен кіретін күнге жеттік.

Біздің мектеп-лицейдің Қамқоршылық кеңесінің құрамында 19 адам бар. Оның жетеуі ата-ана, он екісі басқа мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, т.б. өкілдері.

– Ата-аналар, оқушылар тарапынан білім жүйесіне байланысты, мектеп жұмысына қатысты сын-пікірлер, ұсыныстар түсе ме? Түссе, қандай ұсыныс, пікірлер екенін атап өтсеңіз.

Әрине, ұсыныстар да, сын-пікірлер де, шағымдар да болады. Мүмкіндігіміз келген, білім беру қызметін реттейтін заңдық-құқықтық талаптар шеңберіндегі, басқаларға кедергі келтірмейтін ұсыныстарды қолдаймын. Сын, шағым бойынша ешкімді ретсіз кіналамай, негізсіз жазаламай түзетуге мүдделімін.  Оқушылар тарапынан асханадағы тамақтандыру, спорт залдың жетіспеушілігі, сабақ кестесіндегі сабақтардың қойылуы, түрлі шаралар ұйымдастыру бойынша ұсыныстар көп болады. Ата-аналар тарапынан ұжымдық саяхат, қосымша сабақтар ұйымдастыру, арнайы мамандардың шеберлік сағаттарын ұйымдастыру сияқты ұсыныстар болады.

– Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша биылғы көрсеткіштер қандай болды?

ҰБТ тапсырған 100 түлектің ішінен үш-төрт оқушымыз өзінің қабілетіне сай ұпайға қол жеткізе алмағаны болмаса,  көпшілігі өзінің дайындық деңгейіне және оқуға деген жауапкершілігіне сай ұпай жинады.

– «Алтын белгі» төсбелгісін иеленгендер саны ше?

1 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне,  үш оқушы үздік аттестатқа қол жеткізді. Жалпы мектеп-лицейдегі 2346 оқушының 503-і үздік оқушылар.

– Мемлекеттік грант мәселесіне келгенде «Алтын белгі» төсбелгісі мен аталған марапатты алмаған оқушылардың мүмкіндіктерінің теңестірілгендігі жайлы пікіріңіз қандай?

Осы шешім дұрыс деп ойлаймын. Төменгі сыныптарда екпінді болған, тіпті орташа оқыған кейбір оқушылардың 7-8 сыныптарда оқуға саналы түрде қарап, алдына үлкен мақсат қойып, төменгі сыныптардағы кемшіліктерін түзетіп, интеллектуалдық потенциалының артуы мүмкін екенін ешқандай педагог жоққа шығармайды. «Алтын белгі» төсбелгісін алмаса да, өте жоғары қабілетті оқушыларды да грантқа қол жеткізу мүмкіндіктерінен айырмаған дұрыс.

– Енді ҰБТ көрсеткіштері мектептің деңгейіне ықпал етпейді. Жаңа заң шыққалы оқушыларды сынаққа дайындау жұмысында өзгерістер пайда болды ма? Мысалы, басқа мектептерде мұғалімдер балаларды дайындаудан бас тартып, олар қосымша ақылы дайындықтарға бара бастады. Бұл дұрыс па?

– «ҰБТ-ға дайындау» дегеніміз – барлық деңгейде (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім) сапалы білім беру, жүйелі дамыту. Ал, 10-11 сыныпқа келгенде ерекше қарап, ҰБТ-ға дайындау дегенді қолдамаймын. Оқушы да осыны түсінуі және түйсінуі тиіс. «Білімді мыңды жығады» дегендей, білімді бала үшін әрбір сынақ – биікке бастайтын баспалдақ. Бастауыш сыныптан тиянақты оқыған бала ҰБТ ма, басқа ма қорықпауы тиіс. Дегенмен, балалықпен оқуда бір олқылықтар жіберіп алған балалар да күдерін үзбей, әр уақытты тиімді пайдаланғаны жөн. ҰБТ – оқушының өз өміріндегі өзі үшін үлкен жауапкершілікті сезінетін және дәлелдейтін кезеңі.  10 немесе 11 жыл бойы мемлекет тарапынан берілген тегін оқытуға немқұрайлы қараған соң, амалсыздан қосымша ақылы оқуға мәжбүр болады.

«ҰБТ көрсеткіштері мектептің деңгейіне ықпал етпейді» десек те, ҰБТ — мектеп қызметін тәуелсіз бағалау формаларының бірі. Оны ешқандай басқарма немесе министрлік арнайы есептеп, рейтинг жасамауы мүмкін. Дегенмен, әрбір сынақ нәтижесі өзіміз үшін көп нәрсе береді. Өзіміз үшін талдау жасаймыз, түзету, жетілдіру шараларын қарастырамыз.

 

Сұхбаттасқан

Аяжан МАХАМБЕТҚЫЗЫ

Кейіпкеріміздің директорлық қағидалары:

  1. МЕКТЕПТІҢ ИЕСІ — БАЛАЛАР
  • Оқушының мектепке қуанышпен келіп, қуанышпен кетуіне қолайлы  атмосфера қалыптастыру  керек;
  • Ешкімнің даусы (директордың, мұғалімнің, қосалқы жұмыскердің, ата-ананың) оқушының даусынан қатты шықпауы тиіс, яғни мектепте айқайлап сөйлеуге оқушыға ғана рұқсат етіледі;
  • Оқушылардың ортақ қызығушылықтары (жас ерекшеліктері мен ұлттық ерекшелігімізге сай) ескерілуі тиіс және соған сәйкес шаралар ұйымдастыру-басты шарт;
  • Оқушының пікірімен санасу керек. Оқушы таза көреді және шындықты айтады (өзін қорғау үшін «жалған» пікірлер білдірген жағдайда, оны ажырату қиын емес). Оқушының үнін тыңдай біл!
  1. ҰЖЫМ — СЕНІҢ АЙНАҢ
  • Егер ұжымдағы қызметкерлердің жұмысқа жауапкершілікпен қарағанын қаласаң, өзіңнің жауапкершілігің супержоғары болсын. Олардан жаңашылдық күтсең, өзіңнің оларға берер жаңалығың көп болуы тиіс.
  • Ұжымның әрбір мүшесі ең алдымен АДАМ екенін ұмытпа, адами құндылықты бірінші орынға қоя біл. Еңбектің өнімділігі мен сапасы – еңбек етушіге жасалатын  қамқорлыққа  көп байланысты;
  • Ұжымда  ортақ мүдде мен біртұтас жүйе қалыптастыра алмасаң – сенің жеңілісің!
  • Бірсарынды әрекеттер (сабақ, жиналыс, есеп беру) мұғалімнің  шаршауын жеделдетеді, кәсіби дағдарысқа түсіреді.  Мұғалімдердің  мотивациясын арттыруға және олардың серпілуіне ықпал ететін шаралар өте маңызды: спорт, театр, кино, мәдени шаралар т.б.
  • Егер, мектебіңде сені көргенде алыстан қашатын оқушы немесе мұғалім бар болса, сен әлі жақсы басшы емессің, сен оларға керек емессің! Ойлану керек…
  • Сен тек мұғалім немесе директор емес, қоғамның мүшесі екеніңді ұмытпа! «Дені сау» қоғам «дені сау» адамдардан құралады.
  • Егер, сен басқаратын мектеп оқушыларының басым көпшілігі репетиторлық қызметке жүгінсе, ойлану керек… Мектептегі мұғалімінен толыққанды білім алған бала репетиторға да,  түрлі орталықтарға да жүгінбейді.  Оқушылардың басым көпшілігінің білімді игермеуі — мұғалімнің осалдығы, ал сол осал тұсты анықтап, зерттеп, түзетуге әрекет жасамау-сенің осалдығың.
  1. БАРШАМЕН ТЕҢБЕ-ТЕҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
  • Оқушының да, мұғалімнің де, жұмыскердің де, ата-ананың да сенімен ашық, еркін сөйлесуіне жағдай жаса.  Олар — сенің тірегің!   Олар болмаса, кімге директорсың?!
  • Жұмысты жеңілдетемін, мектеп ұжымын табысқа бағыттаймын десең бәріне де еркіндік бер! Әрқайсысына сене біл! Еркіндік – шығармашылықтың бастауы, сенім – жетістіктің бастауы. Мектеп үшін ең бастысы – шығармашылық пен жетістік.
  • Жетістікті айқайлап айт – басқалар да соған жетуге тырыссын. Кемшілікті «сыбырлап» айт- басқалар білмей қалсын.
  • Орынбасарларың жазалағанды (мұғалімді және оқушыны) сен ақтауға тырыс, сол сияқты, сен жазалағанда орынбасарларың ақтап алуы керек.

tobyl-torgai.kz

Мынаны да қараңыз

«АХМЕТ ұшқан алтын ұя»: Жангелдин аудандық Тілдерді оқыту орталығы семинар өткізді

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралар шеңберінде ұйымдастырылған «АХМЕТ ұшқан алтын ұя» өңірлік семинары ...