Бәрінен бұрын Білім министріне «обал» болды

немесе бұл ведомствоға Ерлан Сағадиевтің сіңірген еңбегі орасан

 

Күні кеше ел тұрғындарын елең еткізген оқиға болды. Нақтырақ айтсақ, 21 ақпан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті таратып, осы күнге дейін 10-шы Премьер-Министр болған Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев отставкаға жіберілді. 

Алайда, айтпағымыз бұл емес. Біздіңше, тура 3 жыл 11 күн Білім және ғылым министрлігін басқарған Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлына «обал» болғандай. Тұралап қалған ведомствоны алға сүйреп, күн-түн демей жұмыс істеген еңбегін көз көрген соң осылай деп айтып отырмыз. Өзге әріптестері орта жолдан «тастап кетіп» отырған қыруар жұмысты еңсеріп, бір бағытқа түсіргені анық. Министрліктің баспасөз қызметінде 3 жылдай қызмет істеген біз, Сағадиев білім саласындағы реформаны әрі қарай сәтті жалғастыра білді деп батыл айта аламыз. Ол аз ғана уақытта, тіпті, осы лауазымға тағайындалғанына 1 жыл толар-толмаста оқу жүйесін жаңартылған мазмұнға көшіру, ҰБТ-ны жаңарту, студенттер үшін гранттар санын көбейту, мұғалімдерді міндетінен тыс жұмыстардан босату, қағазбастылықтан құтқару, ұстаздарды қайта даярлау, оқушыларды 5 күндік оқу жүйесіне көшіру, үй тапсырмасының көлемін қысқарту… сынды бірқатар жұмысты батыл қолға алып, білім саласындағы жемқорлыққа тосқауыл қоя білді (Соңғы уақыттарда министрге кенеше жабысып, жұмыстарын «сынға» алып, «тырнақ астынан кір іздеп» отыратындардың көбеюіне қарағанда, оның соңғы жасаған қадамы кейбіреулерге ұнамаса керек деп ойлаймыз).

Ұстаз демекші, Ерлан Кенжеғалиұлы еліміздегі әрбір мұғалім мен мектеп директорларына жолданатын хатқа ұсақ-түйек ретінде қарамай, өзі жазып отырғанын көргенде, таңғалғанбыз. Ерекеңнің, тіпті, шайды да өзі құйып алып, баспасөз қызметінің біз секілді қарапайым қызметкерлерімен ашық-жарқын әңгімелескенін көргенде, несін жасырамыз, шалқамыздан түсе жаздағанбыз. Бұрын мұндайды шенеуніктер, әсіресе, басшылар тарапынан көрмесек керек. Хош.

Кім не десе де, өзіне дейінгі министрлердің батылдары жетпеген іске бел шеше кірісіп, талай жылдан бері әркімнің қолжаулығы болған мұғалімдерді бұл әрекеттен арашалаған, ұстаздардың жалақысының өсуіне үлес қосқан, мұғалім мәртебесін анықтауды көтерген, ЖОО ректорлары мен мектеп директорларын тағайындау, айта берсе атан түйеге жүк боларлық жұмысты атқарған Ерлан Кенжеғалиұлының ұстаз бен оқушыға жасаған еңбегі орасан зор деп білеміз. Сөз жоқ, өзінің мықты менеджер, іскер азамат екенін көрсете білді.

Ал енді ең жауапты орынтақ – Білім және ғылым министрлігіне келетін жаңа басшы іскерлігін танытып, осындай ауқымды жұмысты шатқаяқтатпай, одан ары жалғастырып әкете ала ма?..

Оны уақыт көрсетеді.

 

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

журналист

       

 

Мынаны да қараңыз

«АХМЕТ ұшқан алтын ұя»: Жангелдин аудандық Тілдерді оқыту орталығы семинар өткізді

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралар шеңберінде ұйымдастырылған «АХМЕТ ұшқан алтын ұя» өңірлік семинары ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *