Астананың автобустары неге «адасып» жүреді?

Биыл қаңтарда елімізде қоғамдық көлік пен такси қызметін пайдаланғандар саны 1,8 миллиард адамға жеткен көрінеді. Бұл туралы таяуда ranking.kz жазды. Сайттың хабарлауынша, бұл – өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Сондай-ақ жолаушылардың 75,5 пайызы автобусқа мінгенді жөн көрген.

Елімізде, соның ішінде астаналық ағайын да қоғамдық көлік қызметін жиі пайдаланады. Алайда, күткен автобусың кейде уақытында келмей, зықыңды шығарады. Оны айтасыз, елордада бір жерге жетуіңнің өзі кәдімгідей мұң. Жо-жоқ, обалы не керек, автобустар ағылып жүріп жатыр. Бір қызығы, қоғамдық көлік көп болғанымен, дәл сен баратын көшеге әлгі автобустардың бірі де қатынамайды. Мысал керек пе?

Сол жағалауға жеткенше сорың қайнайды

Мәселен, елордадағы Абай даңғылымен қиылысатын Жұбанов, Брусиловский, Бейсекбаев, Сембинов… көшелерінің тұсынан, құдды келісіп алғандай-ақ, сол жағалауға ешқандай автобус жүрмейді. Тек Кенесары көшемен сол жағалауға жалғыз №40 автобус қана қатынайды. Алайда, қаланы түгел аралап, шамамен 1 сағатта әрең жетесің немесе №70 автобусқа мінесің. Алайда, ол үшін Уәлиханов көшесіне жетіп алуың керек (қос бағыттағы қоғамдық көліктердің ескі екені, тұрғындарға қолайсыз екені – бөлек әңгіме).

Ал №40 автобустың «тасбақа жүрісіне» шыдамайтын, №70 автобусқа жете алмайтын кей тұрғын не істейді? Амалының жоқтығынан №60 автобусқа жүгіреді. Оның өзінде жоғарыда аталған көшелерден «Отырар кітапханасы» орналасқан Пушкин көшесіне жаяулап баруың керек. Әйтпесе, «әкелерінің құнын сұрап» жүретін таксистерге жүгінесің. Олар сол жағалауға 1000 теңгеден төмен бағаға өлтірсең де апармайды. Айтқан бағаға келіскен күннің өзінде жолай бірнеше адамды салып алып, саған шекесінен қарайды…

Сондай-ақ «Жастар», «Целинный» аудандары мен Уәлиханов көшесінен Абай-Брусиловски, Абай-Жұбанов көшелеріне ешқандай қоғамдық көлік жүрмейді. Ол үшін бірнеше автобусқа мініп жетуің керек.

Жылы аялдаманы жылдап күтесің

Автобусты ауызға алған соң, аялдама туралы айтпай кете алмайсың. Бүрсең қаққан жолаушылар елорда әкімдігінің «жылы аялдама салып береміз» деген уәдесін күткеніне аз болған жоқ. Енді, міне, көктеммен көрісіп жатыр. Алайда, обалы не керек, сол жағалау көшелеріне жылы аялдамаларды жайнатып қойған. Ал оң жағалау тұрғындары, әдеттегідей, бүрсең қағып жүр.

Былтыр қазан айында Астана әкімдігінің өкілі Руслан Әбдуәлиев бірнеше миллион теңге тұратын жылы аялдамалардың қолданысқа қашан берілетіні туралы айта келе: «Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр тоғы әлі тартылмағандықтан, ол аялдамаларда әзірге жылу жоқ. Дәл қазір оны іске қосу турасында «Энергосбыт» және АРЭК-пен келісіп жатырмыз. Біз олармен қажетті барлық жұмыстарды жүзеге асырғаннан кейін павильондар ашылатын болады…» – деген-ді.

Алайда, әкімдіктің әдеттегідей жауабына елорда тұрғындары бүгінде күле қарайтындай…

Ұзын сөздің қысқасы, қаланың жоғарыда мысалға келтірген көшелері орналасқан Байқоңыр ауданының автобус бағыттарын қайта қарайтын кез жеткен секілді. Әйтпесе, әлгі ауданнан сол жағалауға баратын тұрғындардың соры қайнап жүргені анық.

Ал әкімдік «жылы аялдамаларымен» биыл да жарылқамай-ақ қойса болады. Күн жылынып келеді, алайда, «жылы аялдама» мәселесі сол күйі «мұздап тұр»…

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ    

 

 

 

Мынаны да қараңыз

Жеріміздің қалай уланып жатқанынан еш хабарымыз жоқ…

1 микрограмм гептилдің 1 литр суға ерітіндісінің өзі адамды сеспей қатырады. Гептил синиль қышқылынан 6 ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *