Туристер санын төмендетіп отырсыздар… — Архимед МҰХАМБЕТОВ

Қостанай облысына келуші туристер қатары 13 пайызға артты. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде айтылды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қостанай облысы әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Горяннаяның сөзіне қарағанда, 2018 жылы облыста туризм саласының өсу үрдісі байқалады. Туристік салада көрсетілетін қызметтер көлемі 14,7% артқан. Бұл бағытта 1,7 млрд теңге жұмсалды.

«Облысқа келген шетелдік туристердің қатары 13,1% көбейген, орташа есеппен 20,4 мың адам тіркелді. Сонымен қатар өткен жылы туризм саласы бойынша жобалық басқару моделі енгізілді. Оның шеңберінде «Негізгі капиталға инвестициялардың өсуі», «Жалпы қосымша құнның өсуі», «Еңбек өнімділігін арттыру», «Жұмыспен қамтылған халық саны» атты 4 индикатор анықталды. Былтыр Қазақстанның ТОП-50 өңірлік деңгейдегі туристік картасына Қостанай облысы сауықтыру және аңшылық-олжалық туризм аймағы ретінде бекітілді. Осыған байланысты біз тиісті жол карталарын әзірледік» деді ол.

Роза Горяннаяның айтуынша, кейбір жергілікті әкімдіктер туризм мәселесіне немқұрайлы қарайды. Басқарма жұмысынан бөлек, жергілікті туристік өнімдерді жылжыту бойынша ұсыныстар жоқ. Әкімдіктердің сайттарында аймақтың көрікті жерлері туралы сапасыз фотоматериалдар орналастырылған. Тиісінше, бұл шетелдік туристердің қызығушылығын арттырмайды.

«Сол себепті, қалалар мен аудандар әкімдіктері өздерінің интернет-ресурстарында туристік объектілер туралы, осы бағыттағы іс-шараларды орналастыруы тиіс. Өңірдің көрікті жерлері туралы ақпаратты жаңарту және өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Ағымдағы жылдың мамыр айында біздің басқарма аймақтық туристік көрмесін өткізіп, ақпараттық тур ұйымдастырды. Бұл іс-шараға Қазақстан мен Ресей Федерациясының бизнес өкілдері қатысты. Сонда меймандар бірнеше игі тілегін, ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ ағымдағы жылы Білім басқармасымен бірлесіп «Еуропа — Азия» атты халықаралық туристік фестиваль өткіземіз. Ауқымды шараға дайын болуымыз керек» дейді Роза Горянная.

Ал Архимед Мұхамбетовтың атап өтуінше, өңірдің туристік әлеуетін көрсететін орындарда жұмыстарды сапалы әрі тұрақты түрде жүргізу қажет.

«Жалпы, облыс бойынша туристер саны артқанымен, Федоров, Алтынсарин, Науырзым аудандарына келушілердің қатары кеміген. Бұл аудандардың әкімдеріне сараптама жүргізуді тапсырамын. «Сосновый бор» демалыс аймағы, Науырзым қорығы бар. Бұлар облыс туризмінің басты құндылықтарына жатады. Ал сіздер туристер санын ұлғайтудың орнына, төмендетіп отырсыздар. Бәлкім, меймандарға жақсы жағдай жасалмаған шығар. Оны да қараңыздар. Бұдан бөлек, әр аудан мен қалалардың туристік әлеуетін көрсететін ақпараттық материалдар дайындаңыздар» деп тапсырды Архимед Мұхамбетов.

 

Фото Бағдат Ахметбековтікі

 

Мынаны да қараңыз

Елордада жоғалған бала Ұзынкөл ауданынан табылды

Ұзынкөл ауданының полицейлері Нұр-Сұлтан қаласында жоғалып кеткен 9 жасар баланы тапты деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оқиға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *