Қостанай облысындағы қазақ мектебі жайы туралы

Ұлы жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезовтың «Ел болам десең,бесігіңді түзе» деген өте терең мәнді, әдемі нақылы бар. Мен оны әрі жалғастырып, бала тәрбиесінің отбасына, ошақ-қасына, ал білімінің мектепке де қатысы бар екенін айқым келеді. «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық интеллигент емес деуге болады. Себебі ол қандайлық мамандық білімі болса да рухани, ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады.» депті тағы бір сөзінде ұлы Мұхаң. Иә, мектеп, өмір айнасы, ал қазақ мектебінің жайы – бұл қоғамның белгілі бір пробламасы деп те айтуға болады. Мектеп мәселесі, әсіресе қазақ мектебінің жайы Қостанай облысында да күйіп тұр. Сөзіміз дәлелді болу үшін цифрларға тоқталайық. Облыста жалпы 529 мектеп бар екен, оның тек 120 ғана ана тілімізде білім береді, яғни, өңірдегі қазақ тілді мектептердің саны жалпы мектептердің 22,5 процентін құрайды екен, айтқандай тағы 121 мектеп аралас мектеп. Аралас мектеп дегенге өз басым қарсымын және мұнда білім алатын балалардың басым бөлігі орыс сыныптарында оқитыны түсінікті. Айтқандай, облыстағы мектептердің 68,7 % шағын комплектілі мектептер. Жалпы, Қазақстандағы мектептер бәрі қазақ тілінде болуы тиіс. Бұл дәл қазір бола қоймас, бірақ түбі құдай қаласа оған да жетеміз. Алдағы 10 жыл көлемінде Қазақстан халқының 90 проценті жергілікті ұлт болады екен. Біз қалайық, қаламайық, жағдай солай түбегейлі өзгереді. Демография осылай дейді. Бірақ, біздің Қостанай облысының Білім басқармасы, оның ішінде Қостанай қаласының Білім бөлімі олай ойламаса керек. Әйпесе, ойламаған жерден ата-аналармен және шенеуіктер арасында түсінбестік туындар ма еді?! Бәрін, басынан бастайын. Кеше қаладағы № 24 бастауыш қазақ мектебін қаланың өзге ауданына көшіру туралы мәселе туындап, екі тарап келісімге келе алмаған еді. Ата-аналардың уәжі былай («Қостанай таңы» газетінде жазылғандай): «Бұл мектеп өзімізге ұнайды, үйіміздің жанындағы мектеп, балалардың оқуына да оған жетуге де ыңғайлы. Жанымыздағы Балалар шығармашылығы сарайында би, вокал, сурет, аспапта ойнау үйірмелеріне және Павлов көшесінде орналасқан музыка мектебінде қосымша білім алуда. Мектеп білімі, үйірмелер мен қосымша оқудың арқасында оқушы балғындар қазір білім, өнер-мәдениет, спорт, басқа да салалардан республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары атануда. Өткен 2018-2019 оқу жылының өзінде білім саласы жағынан халықаралық байқаулардан 17, республикалық жарыстардан 8 жүлде еншілеп келген. Өнер-мәдениет саласынан да кенде емес. Бір ғана мысал, тек соңғы бір айда Балалар шығармашылығы сарайының «Алтынай» халықтық би ансамблінің жас бишілері Алматы мен Бурабайда өткен халықаралық би байқауынан 3 гран-при иеленіп келіп отыр.». Шалғай ауданнан оқытуға қарсы ата-аналар балаларды амалсыздан орталықтағы №1, №2 және Горький атындағы гимназияның орыс сыныптарына беруге мәжбүр болатынын да жеткізді. Әрине, ата-аналардың уәжі дұрыс, кім алыстағы мектепке баласын бергісі келеді? «Бұл мектеп, яғни № 24 бастауыш мектеп — 90 -жылдары қала ақсақалдары мен қоғам белсенділері билікпен жағаласып жүріп, күреспен зорға ашқан білім ордасы. Тәуелсіздікпен бірге келген күрес. Айтқандай, көшірмекші болған бұрынғы кәсіптік-техникалық колледждің де күйі жетісіп тұрған жоқ, қойма-қопсысы көп, күйі қашқан.» дейді Қостанай қаласының тұрғыны, профессор Алмасбек Абсадық ағамыз. Қарсы тараптың, Білім бөлімінің пікірін тыңдайық. Өз ауыздарынын есту үшін оларға қоңырау шалдым. Қостанай қалалық Білім басқармасының басшысы Айман Ибраеваның қабылдау бөлмесіндегі Диана атты қарындасымыз менің қазақша сөйлегеніме таң қалып тұр, обалы нешік, бірақ басшысымен қосты. Айман Елемановна Ибраева ханыммен (облыс сайтында солай деп жазылып тұр екен) сұхбатымыз одан әрі орыс тілінде өрбіді: «Қала бойынша 34 мектеп бар, оның 17-сі таза орыс тілінде білім берсе, тағы 10 мектеп аралас мектеп (сыныптардың нешесі қазақ тілінде, қаншаса орыс тілінде екендігіне әрине бірден жауап бере алмады), тек 6-ы ғана қазақ тілінде (оның ішінде, біз айтып отырған № 24 мектеп қазақ тілінде білім беретін бастауыш мектеп). Қазіргі ғимараты ескірген, біз оларды Бородин көшесі 138/1 бойында тұрған бұрынғы кәсіптік-техникалық колледж ғимаратына көшіру туралы ойлаған едік, Ата-аналар қарсы болып, тоқтаттық. Бірақ, ол жер де ыңғайлы, ата-аналар бекерге қарсы болып отыр» деп сөзін тәмамдады. Және сондай-ақ, қалада үш аусымда мектеп проблемасының да барын жеткізді, оның ішінде, бұл мәселе мысалы, манағы айтып отырған № 24 мектепке де қатысты екен. Шындығын айту керек, облыс әкімдігі тарапынан Қостанай қаласындағы мектеп пролемасын шешу үшін биылдың өзінде «Аэропорт» ықшам ауданында 900 орындық орта мектеп салынғанын, тамыз айында пайдалануға берілетінін айтты. Ол үшін республикалық бюджеттен 529,0 млн. теңге бөлінгенін де атап өтті. Сондай-ақ, «Юбилейный» ықшам ауданында 1 200 орындық орта мектеп құрылыс басталғанын да баяндады және ол үшін республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген екен.». Әңгіме барысында білдей Білім бөлімі басшысының қазақша білмейтіндігін бетіне басып, білім саласын қазақша түсінбей алға жылжыту мүмкін еместігін және мемлекеттік қызметкер ретінде және басшы ретінде қазақша білу міндетті екендігін ескерттім. Мамандығы орыс тілі мұғалімі екенін және жалпы, қазақша түсінетінін, тек еркін сөйлей алмайтынын айтып, ақталып жатыр. Кеңпейіл қазақпыз ғой, отыз жыл осылай келе жатырмыз! Ал, біздің айтпақ ойымыз, мынадай еді. Бірінші, білім жүйесінде де кешегі қасаң кеңестік түсінік және идеология қалыптасқан, ол туралы жоғарыда есімі аталған «Абай» сайтында қостанайлық профессор Алмасбек ағамыз жазған болатын. Бірақ, бізде билік алдымен шешім қабылдап, сосын жұртты шулатып, кейін шегіне бастайтын не әдеті екен? Талдау, зерттеу деген жоқ па? Айтқандай, Қостанай қалалық Білім бөлімінде 63 қызметкер жұмыс істейді екен, мынадай қызметкерлерім болса тас жарып, тау қопарар едім-ау! Білім бөлімі, егер көшіру не қалдыру мәселесін шеше алмайтын болса, онда сол аудандағы мектептерге оңтайландыру жүргізсін де, толық қанды қазақ мектебінің жұмыс істеуіне жағдай жасасын. Екінші, демография мәселесін де ойлап отыру керек қой, Қостанай облысында, оның ішінде Қостанай қаласында да қазақ жұртының саны еселеп артып жатқанын (шүкір деп қояйықшы) және оның ішінде қазақ тілді халайықтың көбейіп отырғанын әлбетте ескеру қажет. Ертеңгі күні қазақ мектептеріне қатысты бұдан да күрмеуі қиын проблемалар тумасына кім кепілдік береді? Айналып келгенде қаланың орталығында қазақ мектебін салу бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі, билік (бұл ретте, облыстық білім саласының басшысы Василий Цымбалюкке құлаққағыс) әр мәселені дер шағында шешіп отыруы керек, ал олар сол үшін біздің төлеп отырған салығымыздан нанын тауып жеп жүр ғой!
Мақала авторы — Амандық Қорғанұлы

Мынаны да қараңыз

«АХМЕТ ұшқан алтын ұя»: Жангелдин аудандық Тілдерді оқыту орталығы семинар өткізді

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралар шеңберінде ұйымдастырылған «АХМЕТ ұшқан алтын ұя» өңірлік семинары ...