Астықты өңірде нан бағасы қымбаттап кеткен

Архимед Мұхамбетов өңірдегі азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған tobyl-torgai.kz.

Республикадағы ұн өнімдерінің 30%-тен астамы Қостанай облысында өндіріледі. Соған қарамастан, облыста жыл басынан бері ұн өнімдері мен күріш, қарақұмық, картоп, сәбіз, картоп, жуа, сары май, ет, сүт тауарларының бағасы едәуір қымбаттаған. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының көтерілуі жұртты алаңдатып отыр.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аппарат мәжілісінде осы мәселе бойынша тиісті басқарма басшылары мен әкімдерге бірқатар тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Тәукеновтің айтуынша, ұн және сүт өнімдерінің қымбаттауына шикізат құнының өсуі ықпал еткен. Соңғы уақытта бидайдың бағасы тоннасына 60 мыңнан 75 мың теңгеге, сүттің литрі 90-нан 110 теңгеге өскен. Кейбір аудандар мен қала әкімдіктері бағаны тұрақтандыру шараларын дұрыс жүргізбей отыр. Мәселен, облыс орталығында бірінші сұрыпты ұн 163 теңге, Қамысты ауданында бірінші сұрыпты бір бөлке нан 85 теңге тұрады.

«Биыл облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауына жол бермеу мақсатында 376 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 5 мың тоннаға жуық өнім нарық бағасынан 15-20% төмен бағаға саудаланған. Қыркүйек айының соңында аудан шаруашылықтарының қатысуымен тағы бір жәрмеңке ұйымдастырылмақ. Бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірдегі азық-түлік өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындарға Қостанай және Рудный қалаларында 208 сауда орны мен 120 сауда сөрелері бөлінген. Бұл жергілікті өнімді ешбір делдалсыз тікелей тұтынушыға арзан бағамен сатуға қол жеткізіп отыр», — деді басқарма басшысы. Облыс басшысы азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына жол берген қала, аудан басшыларын сынға алып, Қамысты ауданында нан бағасын, Қарабалық ауданында сұйық майдың бағасын арзандатуға бір жеті уақыт берді.

«Бүгінде облыстың тұрақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті. Арзан ұн мен майды содан алу керек. Кейбір азық-түліктің бағасы өсіп барады. Бағаны тежеу үшін нақты, кешенді шаралар қолданылу қажет. Ең бірінші кезекте нан бағасын тұрақты ұстап тұру қажет. Биылғы қуаңшылық нанның қымбаттауына негіз болмау керек. Облыс 4 жыл бойы жақсы егін алды. Соның арқасында жергілікті диірмендер материалдық базасын нығайтып, едәуір қоң жинап алды. Енді, әсіресе, бірінші сортты ұнның қымбаттамауы соларға жүктелуі тиіс. Әр диірменге бір-бір ауданнан бекітіп, сол аудандағы нан бағасын тұрақты ұстап тұруды тапсыру қажет. Жалғыз ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру арқылы ғана бағаны тұрақтандыра алмаймыз», — деді облыс әкімі.

Архимед Мұхамбетов халық көп баратын ірі сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Түпнұсқадағы тақырып: «Архимед Мұхамбетов азық-түлік бағасының өсуіне жол берген әкімдерді сынға алды»

Мынаны да қараңыз

Астанада «Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр

Дөңгелек үстелді ұйымдастыруға «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры бастамашы болды. Әділеттілікті жақтаушылар қоғамның қоғамдық күн ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *