Архимед Мұхамбетов Федоров ауданына барды

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барып, жаңа әлеуметтік нысанның ашылуына қатысты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі алдымен аудандағы өндірістік, әлеуметтік нысандарды аралады. «Промбаза 7» ЖШС өсімдік майын өндіретін зауыт 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 650 тонна зығыр, 380 тонна күнбағыс майы өндірген.

Архимед Мұхамбетов серіктестік басшылығына өндірісті биылғы көрсеткіштен түсірмеуді тапсырды. Жалпы, Федоров ауданында Елбасының тапсырмасымен қабылданған «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы аясында осы жылы екі әлеуметтік нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атаулы нысандарды облыс әкімі қарап өтті. Соның бірі – «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасы. Мектепке дейінгі мекеме биыл 32,8 млн теңге сомасына жөнделді. Бүгінде балабақшаға 120 бала барады. Екінші нысан – аудандық балалар кітапханасының қалыпқа келуіне 23,5 млн теңге жұмсалған.

Архимед Мұхамбетовтің жұмыс сапары аудандағы фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу салтанатымен жалғасты. Айта кету керек, ФАП (фельдшерлік-акушерлік пункт) салу жобасы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жүзеге асырылған.

«Ғимарат құрылысына 63 миллион теңге жұмсаған «Тұрар» ЖШС директоры Қайрат Оспановқа айрықша алғысымызды білдіреміз. Басқа да шаруашылық басшылары тағы 17 миллион теңгеге демеушілік көрсетіп отыр. Ең бастысы, ауылдық округке қарасты елді мекендердің 4 мың тұрғынға сапалы медициналық көмек көрсетпек. Жалпы, биылғы жылы Федоров ауданында атқарылған жұмыс аз емес. 1,3 миллиард теңгеге 40 шақырым жол салынған. Пешков ауылына ауыз су тарту аяқталып қалды. Келесі жылы Копыченка, Баннов, Чехов, тағы бірқатар ауылға су құбырын жүргізу басталады. Алты ауылға су тазалау-тарату қондырғылары орнатылды. Денсаулық сақтау мекемелерін жақсартуға, соның ішінде фельдшерлік-акушерлік пункттерді құрал-жабдықтармен жаңартуға 120 миллион теңге жұмсалды. 140 миллион теңгеге орталық аудандық аурухана ағымдағы жөндеуден өтті. Қолға алар шаруа әлі де баршылық. Ендігі жылы барлық саладағы жұмыс күшін арттырып, қаржыландыру жағын көбейтуді жолға қоямыз. Осы науқандарға кәсіпкерлер де өз үлестерін қосады деп сенемін» деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.

ФАП-та дәріхана, күндізгі стационар, зертхана, электрокардиограмма кабинеті, сондай-ақ жедел медициналық көмек пункті бар. Жалпы аумағы 312 шаршы метрді құрайтын жаңа нысанның кіреберісінде тіркеу орны, дәріхана орналасқан. Әрі қарай дәрігерге дейінгі, емшара кабинеттері, күндізгі стационар, зертхана, ересектер мен балаларды қабылдау, акушер, бөліп-тарату, санитарлық, стерильдеу, егу және жұмысшылар бөлмелері жұмыс істемек. Ғимаратпен жапсарлас жедел жәрдем көлігін қоятын тұрақ та салынған.

Облыс әкімі аталған фельдшерлік-акушерлік пунктке екі компьютер сыйға тартты. Сапар қорытындысы бойынша Архимед Мұхамбетов аудан басшылығына тұрғындардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...