Абай мен Ахмет үндестігі

Абайдың  ұлы кемеңгер ақын екенін, дара тұлға екенін, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласындағы атақты ақын болғанын барлық әлем білетіні бізге аян. Абай өлеңдеріндегі тарихи шындықты, Абайдың аудармашылығы, сазгерлігі, қара сөзі туралы білмейтін халық, танымайтын қазақ жоқ.

Ұлы Абай атамыздың шығармаларын оқығанда, әрбір көзі ашық, көкірегі ояу адам оның жүрек соғысын, елім, халқым деп соққан сезімін түсінеді. Ол – бар болмысымен, шын жүрегімен жырлап өткен ақындардың ақыны. Сондықтан да, өзі өлсе де, өлеңдері, шығармалары халық жүрегінен қазіргі уақытқа дейін орын тауып келе жатыр.

Қазақтың  рухани  кемеңгері  Абай бұл күндері бүкіл адамзатқа ортақ тұлғаға айналып отыр. Данышпан Абай танымалдарының астарында оның туған елі – Қазақстанның бүтін дүние мойындаған егемендігі жатыр. Бұл, сірә, қолда бар алтынды кәделеп, елге, жұртқа көрсете білуімізден де  шығар.

Абайды насихаттап, еліне танымал етуде көп еңбек сіңіргендердің алғашқы шоғырында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Назипа Құлжанова сынды ұлы тұлғалар болды. Солардың ішінде Абай талантына тұңғыш рет аса жоғары баға беріп, ерекше аспанға көтерген Ахаң, Ахмет Байтұрсынов еді.

1913 жылы Ахмет «Қазақтың бас ақыны» деген көсемсөз жазды. Онда Ахаң: «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын есімі Ибраhим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», — деп бірден тұжырым айтады.

Әрине, бұлайша баға беру үшін Абайды жақсы танып, білу қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Міржақып Дулатов Абай шығармаларымен 19 жасында, 1904 жылдан танысқан екен. Сол Жақаң өзінің «Абай» атты көсемсөзінде Абай  өлеңдерінің жазбасын алғаш Омбыға барғанда Ахмет Байтұрсыновтан көргендігін айтады.

Сонда Ахаң Абай туралы былай деген екен:  «Естуімше, Абай өз өлеңінін басылып шығуын тілемейді hәм бастыруға рұқсат бермейді екен. Күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып Абайға сәлем беремін, танысамын hәм өлендерін бастыру жайымен сөйлесемін…»

Өкінішке қарай, Ахаңның бұл ойы орындалмайды. Абай сол жылы 23 маусымда дүние салады. Ахаң Абаймен таныса алмаса да, ақынның шығармаларымен жете танысқан, кейін тіл туралы жазған оқулықтарына кеңінен пайдаланған. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» оқулығына қажетті  жерлеріне мысалды Абай өлеңдерінен көптеп келтіреді. «Абайдың әйелді сымбаттауы, күзді суреттеуі, ән мен күйді сөзбен сипаттап танытуы» деген атаулармен ақын өлендерін оқулығына орынды пайдалануы арқылы оқушысына жеткізе де білген.

Абайдай ұлы адам өмірден «халқым», «елім» деумен өтті, онын болашағын, елдігін, тіпті  кеміс-кемдігін, ағаттығын жырлаумен болды. Абайдын арман-мұңын Ахмет те қайталайды.

Ахмет Байтұрсыновтың  «Жиған-терген»  деген өлеңі осы орайда Абайдың «Сегіз аяғының» жалғасы, жаңа көрінісі іспетті:

Қазағым – елім,

Қайқайып белің.

Сынуға тұр таянып,

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді, оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқын !?

А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» — И.А. Крыловтан аударылған өлеңдер. «Қырық мысалды» кезінде Мұхтар Әуезов: «Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі», — деп бағалады.  И.А.Крылов мысалдарын  Ахаңнан бұрын Абайдың  аударуында  үлкен мән жатыр,  мұны тіпті осынау ұлы тұлғалардың рухани үндестігі десек те болады. Ахмет те Абай ағасы сияқты әжуа мен мысқыл арқылы ұйқыдағы халқын сары маса болып шағып, білімге, еркіндікке оятуға тырысады. Мысалдардағы тіл шұрайлылығы мен аударманың жатықтығы, қазақи түйіндеу шеберлігі арқылы мысалды өзінің төл туындысы дәрежесіне көтеріп, халықтық қалыпқа дейін жеткізіледі. «Аққу, шортан hәм шаян» мысалын Ахмет аударма сөзінен тысқары былайша қорытындылайды:

Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,

Әуелі бірлік керек болсақ жолдас .

Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,

Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.

Ахмет Байтұрсыновтың елді бірлікке, «бас-басына түйе айдаған» ырың-кезекке емес, ынтымаққа шақыруды Абай ойларымен үндесіп-ақ тұр. Абайдың тарихи орнын, рухани болмысын қазақ оқырмандарына тұнғыш рет терең түсіндірген «Қазақтың бас ақыны» атты көсемсөзін Ахмет былайша аяқтайды: «Абайды қолымыздан келген қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай  кейбір өнегелі, өрнекті  сөздерін газетке басып, көпке көрсетпекшіміз». Еліміздің әдебиеті, мәдениеті мен өнеріне, ұлттық ойлау мен парасат әлеміне Абай мен Ахметтің қосқан үлесі зор.

Бұл мақсатты Ахаң мен Жақаң кезінде қолдарынан келгенше орындады да. Ал енді бүгінгі ұрпақ,  біздің міндетіміз – Абай – Ахмет –Міржақыптардың рухани  достығын, ұлы  ынтымағын жалғастыра  беру болмақшы, «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» кемеңгер  Абайды өзінің 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Ахаңмен үндестіре, қайыра оқу қандай ғанибет. Ендеше, Абайды да, Ахметті де ойлана оқиық, жамиғат!

 

Ардақ АБДУЛЛИНА,

аға оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі, АрқМПИ доценті,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық

мемлекеттік педагогикалық институты

Арқалық қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мынаны да қараңыз

Абсурдизм және Төлен Әбдіктің «Ақиқаты»

ХХ ғасырдың 70-жылдарындағы прозада шығармалардағы мекен мен мезгілдің нақтыланбауы, жазушылардың кеңістік пен уақыттық өлшемдерге басқаша ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *