Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаз

Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнер, оның ішінде ою ойып, өрнек салу, сондай-ақ, құрақ көрпе тігу оңай іс емес. Елімізде өнердің бұл түріне қызығатындар аз емес, бірақ Қостанай облысында, дәлірек айтсақ, Тобыл қаласында бұған сұраныс жоқтың қасы көрінеді. Бұл туралы бізге сол қалада тұратын Анар Дәулетова есімді қолөнер шебері айтты. 

Маталардың тігісін үйлестіріп, ою ойып, әсемдеп іс тігу асқан шеберлікті қажет етеді. Кейде тапсырыстар қабылдап,  көрпе-жастықтар тігемін. Көбіне кəдесыйға тапсырыс береді. Бағасы қолжетімді. Бір көрпені 10 мың теңгеге бағалаймын. Маталар да арзан емес. Бірақ тұрғындар бұл бағаны қымбатсынып, алмай қояды. Жасыратыны жоқ, біздің өңірде бұл өнерге деген сұраныс төмен. Бірақ мен бұл іспен өзге үшін емес, өзім үшін айналысамын, — деді қолөнер шебері бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, құрақ көрпе тігуді жастайынан меңгерген. Бұған әжесі себепкер болыпты.

Бүгінде Ауыл шаруашылығы колледжінде дәріс оқимын. Мамандығым бойынша ветеринариялық-санитарлық сарапшымын. Магистратураны да оқып, бітіріп алдым. Бала кезімнен әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Ол қолына ине ұстаған сайын мені қасына отырғызып, тігін тігудің қыр-сырына үйрететін. Осыдан бірнеше жыл бұрын бала күтімімен үйде отырғанда әжем үйреткен қолөнерді қайта қолға алып, ізденіп көрдім. Қолдан келетін сүйікті ісіммен шұғылданғаннан керемет ләззат аламын. Алматыдан арнайы тігін машинасын алдырттым. Қазірде қолым қалт еткенде сүйікті ісіммен айналысып жүрмін, – дейді ісмер.

Қолөнер шебері матаның сапасы мен үйлесімді болуына көп мән береді екен.

анар2.jpg

Халқымыздың қандай қолөнер түрі болмасын, ою-өрнектер пайдаланылады. Соның ішінде құрақтан жасалған бұйымдар да қолданылған. Құрақ, жапқыштарға, жастықтарға тігілетін ою-өрнектердің барлығын қиялыма ерік беріп, ойдан жасаймын. Әрі сапалы материалдарды қолдануға тырысамын. Көбінесе велюр маталарды, астарына  сиса маталарды қолданамын, –  дейді Анар Дәулетова.

Сондай-ақ ол қолөнер білім мен дағдыны, шыдамдылықты, табандылықты, көзбен дұрыс шамалауды, түс пен стильді ажырата білуді қажет ететінін айтады.

Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан ұлы өнерді ұлықтап, кейінгі жас буынға үйретсем деп те ойлаймын. Алайда бұл өнерге қызығатын жастар аз секілді көрінеді. Әйтпесе, ғасырлардан ғасырларға жетіп, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан төл өнеріміз ғой. Қиыстырып құрақ қию, одан бағалы бұйымдар жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Құрақтан жасалған заттар ұзатылатын қыз жасауына еніп, дүние-мүліктің ажарын кіргізеді, үй ішіне ұлттық рең беріп, адамның рухын асқақтатады, — дейді кейіпкеріміз.

Осы орайда біз «Жас оқырмандарымыз үшін «құрақ» сөзіне анықтама беріп кетесіз бе?» деп сұрадық.

анар4.jpg

Әрине. Құрақ – төрге төсейтін көрпе. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектерден құралған көрпені «құрақ» немесе «құрақ көрпе» деп атайды, – деді Анар Дәулетова. – Әлімсақтан қонақжай халқымыз қонақ отыратын төрде қасиетті орын санаған ғой. Естуімше, ерте кезде балалары шетінеп кете беретін отбасы тіл-көзден аман болсын деген ырыммен қырық құрақ құрап, баласын соған орайтын болған.

Оның айтуынша, қазақтың қолөнерінің өмірге келуі халықтың көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Тігіншілік, етік тігу өнері VII-VIII ғасырларда сауда-саттық дамыған кезде әр халықтың өнері араласып, ұлттық құрақ түрлері пайда болған.

Құрақ дегеніміз ерте заманнан келе жатқан өнер, – дейді Анар Дәулетова. – Мәселен, Каирдің Булат мұражайында қарақұйрық терісінен құрап тігілген өрнектер, ал Токио мұражайларының бірінде Майома Адонің (1569-1867) асыл тастар мен түрлі маталардың қиындыларынан құрап тігілген киімі әлі күнге дейін сақталған. Ғасырлардан ғасырларға жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнер бабамыздан қалған мәдени мұрамыздың ең асыл қазынасының бірі. Құрақ құрау – нағыз өнер, мата қалдықтарын үнемдеп тігудің ерекше түрі. Құрақ  өнері – бүкіл елге белгілі өнердің бірі. Құрақ құрау көптеген халықта бұрыннан бар өнер. Ең көне бұйым болып табылатын пэчворк техникасы, ең алғаш рет шыт отаны – Үндістан елінен табылған. Ерте заманда құрастырылған киімдерді кедей, нашар тұратын адамдар киген. Ал қазіргі таңда құрастырылған киімдерді авангард стилінде пайдаланады. Орта Азия халықтары қазақ пен қырғызда – «құрақ», Ресейде – «мозайка» немесе «ляпочка», ал ағылшынша «квилт», Жапон халқында «сашико» деп аталады. АҚШ, Германия, Швеция сияқты елдердің музейлерінде құрақ бұйымдарының коллекциясы бар. Сондай-ақ қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін бірқатар бұйым Ә.Қастеев мұражайында да сақталған.

Сонымен қатар кейіпкеріміз ою-өрнек өнерінде біздің ежелгі даламызды мекендеген көшпелі тайпалардың тарихы, салт-дәстүрлері айқын көрінетінін мақтанышпен айтты.

анар5.jpg

Андронов мәдениеті мен сақтар, ғұндар және үйсін тайпаларының өнер мұраларының бұйымдарында ежелгі ою-өрнектердің элементтері бар. Бұйымға қандай да бір ою-өрнек сала отырып, өткеннің ұлы мұрасын сақтай отырып, оның мағыналық мәнімен танысуым қажет, — дейді ісмер.

Осы орайда біз Анар Әлібекқызының жұмыстарымен танысу мақсатында оның instagram-дағы korpe_kst парақшасына кіріп көрдік. Ол жерден байқағанымыздай, қолөнер шебері құрақ көрпеден бөлек шабадан, жастық тысын, жабқыштарды, үстелдер мен орындықтарды ұлттық оюлармен безендіріп, тіпті, көлік орындығының тысын көздің жауын алатындай етіп безендіретініне көз жеткіздік.

Былтыр көктемде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсы бойынша оқудан өттім. Өзімнің жеке тәжірибемде мен ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге арналған бағдарламаның пәрменділігіне көз жеткіздім, — дейді Анар Дәулетова.

Болашаққа жоспарлаған көптеген идеясы бар екенін айтқан ісмер мұнымен тоқтап қалмайтынын аңғартты.

Маған қолөнерді – төл өнерді үйреткен әжем Бәтенге, жақсы тәрбие берген ата-анама, әрдайым қолдау білдіріп отыратын сүйікті жұбайыма, туыстарыма, достарыма және менің өмірімді жағымды энергиямен толтыратын барлығына алғыс айтамын. Бұйыртса, халқымыздың ұлы өнерін ұлықтап, насихаттай беремін, — деді Анар Дәулетова.

 

                                                               Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ 

Фото Бағдат АХМЕТБЕК

baq.kz

 

Мынаны да қараңыз

Қорқор шегетіндер коронавирустан қорықпай ма?

Елімізде COVID-19 індетіне сенбейтіндер, өкінішке қарай, азаймай тұр. Күніне, тіпті санаулы минуттарда коронавирус жұқтырғандардың саны ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *