Қазақ күресіне қатысты мектеп бағдарламасы әзірленіп жатыр — Ерлан Естек

Қазақ күресі соңғы жылдары кең көлемде насихатталып, олимпиадалық ойындар қатарына енгізу үшін бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазақ күресінен екі дүркін Әлем чемпионы, қазақ күресінен Ұлттық құраманың Бас жаттықтырушы Ерлан Естек «ҚазАқпарат» тілшісіне елімізде осы спорт түрімен шұғылдануға қандай жағдай жасалып жатқанын, болашақ жоспары қандай екені туралы сұхбат берді.

— Туған жеріңіз, отбасыңыз туралы айтсаңыз.

— Мен Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келгенмін. Алты ағайындымыз. Әжем маған спорт саласына баруым керек екенін айтып, бағыт берген. Туған інім де қазақ күресімен айналысып, республикалық туринирлерде топ жарып жүрді. Жалпы барлық бауырым осы қазақ күресіне қатысып, кейін әркім өз жолымен кетті. Өзім Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтта оқыдым. Одан кейін Алматыда магистратураға түстім. Педагогика ғылымдарының магистрімін. Өз отбасыма келетін болсам: екі қызым, бір ұлым бар. Үлкен қызым халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 1-курсына түсті. Екінші қызым төртінші сынып оқиды, ал ұлым төрт жаста.

— Қазақ күресімен қай жасыңыздан бастап айналыса бастадыңыз? Не себепті басқа емес, қазақ күресіне тоқталдыңыз?

— Бала кезімде еркін күреспен айналысқанмын. Арқалық қаласына оқуға келгеннен кейін 5-6 жыл бойы дзюдомен айналысып, жастар арасында Қазақстан чемпионатының күміс және қола жүлдегері болдым. Одан кейін елордаға көшіп келдік. Бұл жақта отбасылық өміріме көбірек көңіл бөліп, дзюдомен кәсіби түрде айналысуды жалғастыруға мүмкіндік болған жоқ.

— Қазіргі таңда өзіңіз қазақ күресінен Ұлттық құраманың Бас жаттықтырушысыз. Бұған дейін спорт саласында талай белесті бағындырғаныңызды білеміз. Ең алғашқы жеңісті сәтіңізбен бөлісіңізші. Ол сізді қандай әсерге бөледі?

— 2008 жылы Ресейде 66 келі салмақ дәрежесіндегілер арасында Әлем чемпионатына қатыстым. Алғашқы жеңісім сонда болды. Чемпионатқа екі автобус делегация болып бардық. Ол жерде айтарлықтай көп қарсылас болған жоқ. Одан бері біраз уақыт өтіп кетті, қандай әсерде болғаным нақты есімде жоқ.

— Жалпы, қарсыластарыңыз мықты болу, жеңу қиынға түскен чемпионат есіңізде ме?

— Азия чемпионаты мен Әлем чемпионатына жолдама алу үшін Қазақстан чемпионатына қатысу керексің. Мен үшін ең қиыны – Қазақстан чемпионаты, себебі қазақ күресін қазақтардан артық жақсы меңгерген кім бар? Әлем чемпионтаныа қырықтан астам мемлекет қатысса, Азия чемпионатына Азия құрлығындағы спортшылар ғана қатысады. Жақсы қарсыластардың бәрі Азия чемпионтатында кездеседі. Өзбек, моңғол, тәжік палуандары қазақ күресін өте жақсы меңгерген.

— Соңғы өткен Әлем чемпионатында өнер көрсеткен палуандарға бас бапкер ретінде қандай баға бересіз?

— Соңғы әлем чемпионаты Ақтөбе қаласында өтті. Ұйымдастыру жағы жоғары жеңгейде болды. Чемпионатқа мықты-мықты палуандар шақырылды. Бұрын сапа жағынан әлсіздеу палуандар келсе, қазіргі уақытта дайындығы жақсы, мықты палуандар келуде. Өзіміздің палуандарға келетін болсақ, былтыр ел чемпионатын ұтқан палуандар қатысты. Олардың бесеуі әлем чемпионы болды. Қалғандары да орынсыз қалған жоқ.

— Ауыл-аймақтағы қазақ күресін дамыту үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?

— Қазақ күресіне қатысты жақсы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мектеп бағдарламасына қазақ күресін кіргізу жоспары бар. 2-3 жылда қазақ күресінің сабақ нұсқасы шығады. Спорт мектептерінде де қазақ күресіне қатысты жақсы бағдарлама жазылып жатыр. Кәсіби түрде айналысатын спортшыларға арналған бағдарлама да жазылуда. Бұл бағдарламалар арнайы кітап болып шығады.

— Қазіргі уақытта өзіңіздің де жеңіске жетіп жүрген шәкірттеріңіз аз емес. Оларды қалай шабыттандырып, қалай мотивация бересіз?

— Ең бастысы – спортты жақсы көру керек, одан кейін үздіксіз жаттығу керек. Шын көңілмен беріліп істеген жұмыстың нәтидесі жақсы болады. Ұстазы не үйретеді шәкірті соны қабылдайды, демек шәкірттерімнің көбі менің әдіс-тәсіліммен күреседі. Қазақ күресінің алғашқы Әлем чемпионтаты 2006 жылы Алматыда өткен. Бүгінгі таңға дейін Әлем чемпионтаты, Азия чемпионаты, Әлем барысы, Еуразия барысы өтті. Ұлттық спорт түріне билік тарапынан жақсы қолдау болып жатыр. Қазіргі уақытта қазақ күресімен айналысамын дейтін балаларға барлық жағдай жасалып жатыр.

— Қазақ күресімен айналысуды, чемпионтаттарға қатысуды тоқтатқан кезде қандай сезімде болдыңыз?

— Қазақ күресі – мені алға жетелейтін күш болатын. Жарыстан жарысқа, оқу-жаттығу жұмыстарына қатысып, еркінсуге жол берілмейтін. Күреспен айналысуды тоқтатқан кезде өмір тоқтап қалғандай күй кешіп қалғаным рас. Бірақ орныңды жастарға беру де – өмір заңдылығы.

— Биыл ақпан айында Qazaq kuresi қауымдастығы құрылған болатын. Соның жұмысы туралы тоқталып өтсеңіз.

— Qazaq kuresi қауымдастығының президенті – Кәрім Мәсімов. Қауымдастықтың құрылу мақсаты – қазақ күресін әлемдік деңгейде дамыту, насихаттау. Жақын арада Қазақ күресі академиясы ашылып, қазақ күресіне қатысты ғылыми жұмыстың барлығы сол жерде қорғалатын болады.

— Сұхбатыңыз үшін рахмет!

***

Ерлан Естек – Қазақ күресінен екі дүркін Әлем чемпионы (2008,2013).

Азия чемпионы (2010), Әлем кубогінің жеңімпазы (2011).

Қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері (2017).

Шәкірттері: Сейтен Айбат – қазақ күресінен Азия, ҚР чемпионы.

Әшім Сағындық – қазақ күресінен ҚР чемпионатының жеңімпазы.

Ғани Сейділдаев – «Қазақстан Барысы» қола жүлдегері, Әлемнің екі дүркін, Азияның 3 дүркін жеңімпазы.

Бижанов Дархан – Азияның үш дүркін күміс жүлдегері.

Шегенов Талғат – ҚР чемпионы, «Көшпенділер ойыны – 20172 жүлдегері.

Зарина ҚАҺАРМАН

inform.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанайлық коньки тебуші Канада турнирінде күміс медаль иеленді

Канаданың Калгари қаласында өткен халықаралық турнирде қостанайлық Александр Кленко күміс медаль жеңіп алды. Халықаралық жарыста ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *