Торғынбек Әміров, боксшы: «Жеңісімді Торғай жұртына арнаймын»

MTK Global промоутер компаниясының алтын келісімшартын жеңіп алған боксшы Торғынбек Әміров ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатында жекпе-жектері туралы айтып, жоспарларымен бөлісті.

Күні кеше Алматыда қазақстандық боксшылар танымал MTK Global промоутер компаниясының алтын келісімшартын жеңіп алу үшін өзара бақ сынасты. Турнирде алғашқы жеңісті Торғынбек Әміров (3-0, 0 КО) қанжығасына байлады. Ол төрешілер шешімімен Әлімжан Тұрсыновтан басым түсті. Торғынбек Әміров келісімшарттан бөлек, екі чемпиондық белбеуді жеңіп алды. Олар — WBC (ABC Silver) және WBO Asia Pacific.

«Бұл жеңісімді жерлестеріме, бүкіл Торғай өңіріне арнаймын. Арқалық қаласы мен Амангелді ауданындағы ағайындар хабарласып, құттықтап жатыр. Тілекші болған барлық қазақстандықтарға алғысым шексіз. Сонымен қатар жекпе-жектеріме дайындап, ақыл-кеңестерін айтып отыратын Болат Жұмаділов, Марат Сейітмағамбетов, Дамир Әбдіреш сынды бапкерлеріме ризамын. Бұл жеңіс солардың еңбегінің тікелей жемісі», — деп ағынан жарылды боксшы.

Торғынбек Әміров – Қостанай облысы Амангелді ауданының тумасы. Спортшының жастық шағы Арқалық қаласында өтті. Спортқа жастайынан қызығып, боксты жанына жақын тұтты.

«Тоғыз жасымнан бастап бокспен айналысамын. Жетінші сыныпқа дейін Арқалық қаласында білім алдым. Кейін Қарағанды қаласының спорт мектебіне түстім. Оны жақсы аяқтап, кәсіби спортшы жолына түстік. Жетістіктеріміз де жаман емес. Бастысы ерінбей еңбек етіп, еліміздің атын әлемге таныта білу ғой», — дейді Торғынбек Әміров.

Спортшы MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясымен келісімшартқа отырды. Ендігі мақсат – байрақты бәсекелерде ел намысын қорғау.

 

Мынаны да қараңыз

Нәзипа Құлжанова. Оның жеке іс қағаздары қайда?

Қазақ руханиятының тарам-тарам салалары біртіндеп зерттеліп жатыр. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси-әлеуметтік оқиғалар мен тарихи ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *