Ұлы ұстаз, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласында мектеп ашу ісі зор ықылас, қажырлы еңбек, қайтпас жігермен, көп қиыншылықпен келді. Көшпелі халықтың тұрмысында тұрақты мектеп салу оңай емес еді.
Патшалық Ресейдің отары болып, қаналып отырған қырғыз-қайсақтар (қазақтар) үшін оқудың маңызы тек сол орыс билігіне, шенеуніктеріне қызмет етіп, жергілікті халықпен арадағы тілмаштық, іс жүргізу қызметтерін жүргізу мақсатында ғана болған еді. Мұның алдында ашылған орыс-қазақ мектептерінде оқыған қазақ балалары осындай қызметті атқарып жатты. Ал жас Ыбырай да Орынборда ашылған орыс-қазақ мектебін бітіріп, атасы Балқожа бидің мақсатына лайық немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, шенеунік, орысша оқыған «төре» болып, жұрт арасындағы беделінің болғаны керек еді.
Ыбырай мұның ешқайсысын қаламады. Шамалы уақыт тиісті тілмаштық қызметін атқарды да, тиісті басқармаға арыздана жүріп мұғалім болуға бет бұрды. Ол елінің бүгіні мен ертеңін ойлады. Қайтсе де қазақ жұртының оқығанын, білім алып, өнер, білімі бар жұрттар қатарына қосуды арман-мақсат етті. Жай ғана мұғалімдік қызметін атқара жүріп, өзін жан-жақты көрсете түсті. Өзін жақтайтын орыстың зиялы қауымын тапты. Соның ішінде осы өңірдегі (Орынбор, Қазан губернияларындағы) оқымысты ғалымдар, білім саласының қайраткерлері болған Н.Ильминский, В.Катаринский, А.Мазохин, Ф.Соколов, А.Васильев, А.Алекторов секілді және басқа да орыстың зиялы қауымымен замандас дос болды әрі олармен ақылдасып отырды, олардың жоғарыдағы патша шенеуніктеріне ықпалын пайдалана білді.
«Ыбырай қашанда оқу жұмысымен айналысуды, қазақ халқын ағарту жұмысына атсалысуды көксейтін. Бұл оған бақыт, рақат сияқты көрінетін» деп жазды Н.Ильминский.
Ыбырай өз халқының арман-мақсатын ойластыра жүріп, Орынбор облыстық басқармасына үзбей хат жазып, мәселелерді көтере білді. Соның нәтижесінде 1860 жылы Орынбор облыстық басқармасы Алтынсариннің өтініштерін қанағаттандыруға мәжбүр болды, қазақ балалары үшін арнайы мектептер ашуға рұқсатын берді. Өзін келесі 1861 жылы сол Торғайға мұғалім етіп жіберді. Ыбырай Торғайға келіп, мұғалім болып, қыста өзінің шағын жер үйінде, жаз шыға киіз үйде біршама балаларды оқытып жатты. Оның үстіне бекініс комендантының аудармашы қызметін де қоса атқарып жүрді. Жергілікті билік рұқсатын бергенмен қазақтардың мектеп салып, бұл істі жалғастыра алатынына күмән келтірген еді. «Артын бағып көрейік, Алтынсарин не істей алар екен» деген де жымысқы ой жатты олардың ішінде.
Ыбырай болса, бұл іске «аш қасқырдай» кірісті. Жергілікті болыстар, діндарлар осы маңызды іске суық қарап, кедергі жасауға тырысты. Балаларымызды шоқындырып, діндерін бұзып, ата дәстүрімізден айырмақшы деген сықылды небір қарсылық әрекеттерін де жасап бақты. Елді қарсы қойды. Биліктегі шенеуніктер болса, қазақтарды бір-біріне шағыстырып қойып, миығынан күліп тұрды. Ыбырай бәріне төтеп берді. Халықтың, ұрпақтың болашағы жайлы өзінің бар білімін, шешендігі мен көрегендігін сарп етті. Елді өзіне қаратты. Оның мақсатын түсінген жақтаушылар да көбейе түсті. Алған мақсатынан қайтпай алдымен сонау шалғайдағы Торғай кентінен жеке мектеп ғимаратын салуды ұйғарды. Облыстық басқарманың рұқсаты болғанымен, мектеп салдыруға деген қаражат жоқ еді. Ыбырай халықты өзіне қарата отырып, өзін қолдаған елден жылу жинады. Олардың арасында, әрине, бай-қуаттылары да, орта дәулеттілері де, кедей-кепшіктері де барынша өз үлестерін қосты. Өзінің де, ағайындарының да біраз жиған-терген қаражаты мен мал-мүлкін салды. Жиналған қаражатқа жан-жақтан құрылыс материалдарын жинады, қаладан үй тұрғызатын ұста-шеберлерді шақырды. Сонау Наурызым орманынан шалғайдағы Торғайға апталап-айлап ат арбамен сүйретіп, бір-екіден қарағай бөренелерді тасудың да қияметі қандай еді. Осылайша, мектеп құрылысына қызу кірісті. Басы-қасында өзі жүріп, мектептің сапалы салынуына, жабдықтар мен құралдарды жымқыруға жол бермеуге дейін қатты қадағалап отырды.
Арада үш жылдан соң барып 1864 жылы 8 қаңтарда, қыстың ортасында салынып аяқталған мектепті салтанатты түрде ашудың сәті түсті. Осы сәттегі ұлы ұстаздың қуанышын айтып жеткізу де бір ғанибет қой. Ыбырай Алтынсарин өзінің Н.Ильминскийге жазған хатында қуанышын былайша жеткізеді: «8 қаңтарда көптен күткен арманым іске асып, мектеп ашылды. Оған қырғыздың (қазақтың) 14 баласы түсті. Бәрі де жақсы, зерек балалар. Мен балаларды оқытуға қызу кірістім».
Сол кездегі көзбен қарағанда, заманына сай зәулім мектепте оқу ісін жаңаша әдістеме бойынша оқытып-үйретуді енгізеді. Билік талабына сәйкес орысша оқытумен қатар, қазақша оқытуға да айрықша мән береді. Қазақша оқытудың өзін жоғары облыстық басқармаға, билік орындарына дәлелдей отырып, рұқсатын алуға қол жеткізеді. Өз қатарына мұғалімдік училищеде оқып келген жас мамандарды қабылдап отырады, оқушы балалар саны да жыл өткен сайын көбейе түседі. Осылайша, бұл мектеп қазақ мектебінің тұңғыш қарашаңырағына айналады.
Ыбырай мұнымен тоқтамады. Осындай мектептерді қазақ даласында кеңінен ашуға болатынын дәлелдеді. Ол осындай мектептердің стратегиясын, мақсаттарын жасап, мынадай түрде белгіледі:
«1. Мектеп діннің ешқандай ықпалын жүргізбей, жаңа адамдар, жаңа өмірдің күресшілерін тәрбиелеп шығару керек.
- Мектеп халық үшін орыс мәдениетін, ғылымын, жалпы отан тілі – орыс тілін меңгерудің бастамасы – әліппесі болу керек.
- Мектеп арқылы кең мағынада жаңа мәдени тіршіліктің үлгісі – жаңа әдет-ғұрыпқа, тәртіптілік, тазалық-денсаулық сақтаудың басты ережелеріне, қолөнер кәсіптерінің әртүріне қазақ халқын бастап үйрету керек.
- Мектеп жастарға көрнекі түрде, практика жүзінде зат туралы, айналадағы тіршілік және табиғат туралы ұғым беру керек. Тек кітап сөзін ғана пайдаланып қоймай, түрлі көрнекі құралдарды, коллекцияларды көрсетіп, демонстрация жасап отыру керек.
- Мектептің жанында тәжірибе егістігі – бақша, гүл егісі болу керек.
- Айналадағы халық үшін мектептің жақсы кітапханасы болып, сауатты қазақтар кітапханадан көпшілік-ғылыми кітаптарды пайдаланулары керек.
- Мектеп ашуда алдыңғы қатарлы орыс мектептерінің таңдамалы теориялық, практикалық табыстарының үлгісін толық пайдаланып, мектепті неғұрлым халықтың өз ортасына ұйымдастыру керек.
- Қазақ мектептері үшін таңдамалы, сыналған оқу құралдары мен кітаптарды қолданып, оқушыларға системалы білім үйрету керек.
- Мұғалім әрі тәрбиеші болуы тиіс. Істің табысты болуы мұғалімге байланысты, оның педагогикалық мамандығына, дайындығына байланысты, мұғалім өзінің қызметін мейлінше сүйетін адам болуы тиіс.
- Мектеп құру жұмысы – халықтың өз жұмысы, мектеп үшін қаражат та беретін халықтың өзі. Үкімет тек мектеп ашуға ерік берсін, мектепте ер балалар мен қыз балалар бірдей оқитын болсын».
Ы.Алтынсарин осы мақсаттарының бәрін дәлелдей отырып, жүзеге асыра бастады. Орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап екі оқу құралын – «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» жазып шықты. Ыбырайдың ағартушылық қызметінің бастапқы бұл кезеңдері билікпен де, жергілікті ағайындармен де ұзақ уақыт айтыс-тартыспен, түрлі жобалар жасаумен, жоғары билікке ісін дәлелдеумен өтті.
Ыбырайдың 1871 жылғы 31 тамызда Н.Ильминскийге жазған хатында:
«…жаңа мектептердің қандай негізде құрылатынын білу қызықты болар еді: қырғыз балалары орыс балаларымен бірге оқи ма, олардың мектеп сияқты болуы үшін қаржысы көбейтіле ме, жақсы мұғалімдер беріле ме, курсты бітіргендерге және мұғалімдерге қандай болса да артық мүмкіншілік туғызыла ма? Мұндай жағдай болмаса, әрине, мектептерден өнетін түк те жоқ. Мектеп қырғыздарға білім беретін негізгі серіппе, ал далада қалай болса солай салынған мектептер пайда келтіре алмайды, шынында барлық үміт осыларда, тек осыларда ғана, қырғыз халқының келешегі де тек осыларда. Артта қалған халықты қызықтырып, оларды мектептерге тарту үшін мектептерде жақсы білім берілетін болсын, курсты бітіргендерге қандай болса да артықшылық берілетін болсын, сонда ғана оқушылардың саны өте тез арада өсетіні даусыз; ал Ордада мұндай оқушылар көбейіп, ғылымды бойға сіңірсе, затқа деген көзқарасын түзетсе, олар бүкіл халыққа да әсер етеді; сонда фанатизмнің күл-талқаны шығады…», деп оның қолдауына сүйенеді.
Бұдан соң Ыбырайды билік өкілдері де амалсыз мойындады, оны 1879 жылы Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындайды. Бұл оның ағартушылық қызметінің өріс алуына және елдің басқа да өңірлерінде мектептер ашуына кең мүмкіндіктер берді. Әрине Ы.Алтынсарин үшін мұның бәрі оңайшылықпен келмеді, билік тарапынан да, жергілікті керітартпа қазақ замандастары тарапынан да талай кедергілерге ұшырады.
Ы.Алтынсариннің осы жылдары облыс губернаторына жазған баяндау хатында да жағдайды шырылдап тұрып жеткізеді, онда «…Сөйтіп облыс губернаторының бұйрығы бойынша болыстық мектептер салынбай қалайын деп отыр, қаржының жоқтығынан алдағы уақытта да салынуы екіталай. Осының салдарынан болыстық мектептердің салынбауынан Орск мұғалімдер мектебін бітірген 12 қазақ мұғалімі жұмыссыз қалмақшы. Жалғыз бұлар ғана емес, алдағы уақытта бітірген мұғалімдер де осындай жағдайға ұшырамақ, яғни жұмыссыз болмақ. Бұлай бола берсе, мұғалімдер мектебі үкімет және облыс халқының күткен зор пайдасын тигізе алмайтын болады. Алдағы жылы мұғалімдер қатары тағы да өспек. Болыстық мектептер бұдан былай ашылмайтын болса оларды қайда жібереміз?! Орталық училищелердің құрылысынан және соған байланысты жұмсалатын қалған қаражатқа 2-3 мектеп салынғанның өзінде, ол өңірдегі халықтың мұқтажын қанағаттандыра ала ма?…» деп күйінеді.
Торғай облысындағы 300 мыңға жуық қазақтарға арналған оқу орны небәрі 5 училище (екі кластық, 1 қолөнер) ғана екенін, яғни осынша халыққа арналған оқу орнының өте аз екенін, бұл училищелердегі оқушылар саны 200-ден аспайды деп атап көрсетеді. Алтынсарин болыстық мектептерді құру қажеттілігін осы түрде дәлелдей отырып, бұған керекті қаржының бар екенін, оны қалай табу керектігін де айтады. «Басқарушылар тарапынан осы жөнінде қарар бекітіп, оларды салу, мектеп жұмысын жүргізу сұралады» деп қорытады.
«Біздің заманымыз өте ауыр және жауаптылығы күшті заман; барлық істі тыңнан бастап орнатуымыз керек, күшіміз жеткенінше аямай, осындай жаңалықтарды қазақ халқы ортасына қондырып, оның игілікті, пайдалы іс екендігін жұртқа таныстыруымыз керек. Еш кешіктірмей мектеп ашу ісін қолға алып, қазақ халқының өз ішінде – уездерде орталық 2 класты мектептер ұйымдастыру керек, мектепті іргелі, орнықты етіп құру керек», деп жазады.
Ақыры билікті көндіре отырып, 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашуға қол жеткізді. 1887 жылы Елек уезіне қарасты Бөрте болысынан, Қостанай уезінің Обаған және Жітіқара болыстарынан қазақ балалары үшін 25 орындық интернаттары бар бір сыныптық мектептер ашылады. Ырғызда қазақ қыздарына арналған интернаты бар арнайы мектеп ашылғанда оның төбесі көкке жеткендей болды. Бұдан кейін де оның ұйымдастыруымен училищелер жанынан қыз балаларға арналған бірнеше мектеп ашылды. Ол мектептердің жанында интернаты болды. 1886 жылы мектеп-интернаттарда 211 қыз бала оқыды. Қазақ тарихында қыз балалардың мектепке барып оқуы көз көріп, құлақ естімеген ұлы жаңалық еді. Бұл арада Ыбырай ұстазымыздың еңбегі асқан ерлікке пара-пар деп айтуға болады.
Ыбырайдың уездік, болыстық, ауыл мектептерінің ашылуымен бірге көптен бері армандаған мақсатының бірі 1883 жылы Орск қаласында тұңғыш қазақ мұғалімдер мектебінің ашылуына қол жеткізуі еді. Онда қазақ мектептері үшін мұғалімдер даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Мұғалімдерді даярлау қазақ даласында оқу-білімнің таралуына жол ашар қайнар көзі бола бастады. Ашқан мектептерінің бәрінде өзінің жоғарыда белгілеген стратегиялық мақсат-міндеттерін қоя білді.
Дегенмен қазақ даласында Ы.Алтынсарин ықпалымен білім алуға деген халық санасы өсе түсті, олардың осы талпынысы жеңіске жеткізіп отырды. Қазақ елінің осындай ескілік дәстүрден көз ашпаған әрі орыс отарында бұғауланған дәуірінде заманына лайықты мектеп ашу қай елде болмасын ұлағатты ұлы іс атанған. Ұлы ұстаздың мектеп ашудағы жанкешті еңбегі осынысымен құнды болып қала береді.
Ерлан КҮЗЕКБАЙ,
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ
Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері
egemen.kz